Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
46 - сөз 9243 4 пікір 25 Мамыр, 2020 сағат 13:13

Кеше ғана сайланған премьер сотталайын деп жатыр...

Израильде премьер-министр Нетаньяхудың үстінен қылмыстық іс қозғалып, ол сотқа тартылып жатыр. Ескеретін бір жәйт: отставкаға кеткен үкімет басшысы емес, дәл бүгін елді басқарып отырған, әлі де тағынан таймаған, бірнеше дүркін сайлауда жеңіп, тағы да премьер боп сайланған адам сотталайын деп жатыр!

Бізде болса, қызметте жүргенде жоғары шенділерге іс қозғауды былай қойғанда, олар туралы сөз қозғаудың өзі екіталай! Бізде басшылар тек лауазымынан кеткеннен кейін ғана істі болып жатады.

Израильдегі жағдай атқарушы билік пен сот билігінің бір-біріне тәуелсіз болуынан орын алып отыр. Біздегі ахуал бесенеден белгілі.

Иә, Израильдің саяси өмірінің өз заңдылықтары бар. Иә, бұл бір-бірінің артын шұқылап отыратын екі жақ бар саяси бәсекенің бір көрінісі. Иә, бұл қарсыластарының лас әрекеті болуы әбден ықтимал. Иә, бәлкім, ертең оған тағылған айып өтірік болып шығуы мүмкін.

Бәрі мүмкін.

Бірақ, қалыптасқан жүйенің заңдылығы сол: ел басқарып отырсаң да, сені соттауы мүмкін.

Және де егер еш кінәсі жоқ болса, премьер өзін ақтап алады. Оған да бар мүмкіндік жасалған.

Меніңше, коррупция мен жемқорлық қарсы күрестің ең басты бір шарты осы: биліктің үш тармағы - заң шығарушы, атқарушы және сот - бір-біріне бағынбай, дәл осылай қызмет атқару керек!

Сонда әрбір шенді ертең сотқа тартылатынын біліп, тартынып жүрер еді!

Ерте ме, кеш пе - біз де сондай жүйеге жететінімізге мен кәміл сенемін!

PS. Осындайда президент, премьер, министр, әкімдердің қызметтеріне жабысып, айрылмайтынының себебін түсіне беріңіз: қолындағы бюрократиялық, әкімшілік мүмкіндіктерінен жұрдай болатынын біліп, олар жылы орнымен қоштасқысы келмейді. Қызметсіз олар сот алдына барудан өлердей қорқады. Сондықтан да өздеріне "крыша" болған құбажық жүйе ішінде ана қызметтен мына қызметке ауысып, шенділік "иммунитеттен" қол үзгісі келмейді. Депутаттардың иммунитеті өз алдына бөлек әңгіме. Содан болар, кешегі әкімқаралардың бәрі депутат болуға ұмтылады!

Әміржан Қосанның желідегі жазбасы

Abai.kz

4 пікір