Жұма, 29 Мамыр 2020
COVID-19 ҚАЗАҚСТАНДА. Жұқтырғандар — 9576. Жазылғандар — 4900. Қайтыс болғандар — 37
Жауап 2172 18 пікір 22 Мамыр, 2020 сағат 12:02

Пір тұтам деп Зейнолла Сәнікті, өтірікке Жанатдағы дәнікті...

Күшік асырап ит еттім, Ол балтырымды қанатты...

Абай

Үстіміздегі жылдың 20 наурызда «Abai.kz» ақпараттық порталында Жанат Ақмадидің халық жазушысы Қабдеш Жұмаділовты қаралап жазған «Тағы-тағы сол баяғы Қабдекең...» атты мақаласы жарияланыпты. Портал редаксияның: «Мұндай ой жарсытырып, пікір алмастыруға әркім құқылы... Жекелеген азаматтар редакциямызға жауап беруге ниетті болса, олардың да пікірін беруге әзірміз», деуі біздің де қолымызға қалам алдырды.

Әр шөптің басын бір шалып, өткен кеткенді шиырлаған мақала авторының тірлігі оны жазушыдан гөрі «көшін тоқтатып қойып қоныс қараған», «қойын жығып қойып пышақ қайраған» ақылсыз біреулердің әлде қаңғыған «өсекшінің» деңгейіне түсірген. Олай дейтінім, «тырнақ астынан кір іздегендей» әйтеуір Қабаңа сын мақала жазыпты дегендердің арғы-бергі беттегісін түгел тізіп, олардың жазғандарынан цитата алып, тәуір-ақ, әуре-сарсаңға түсіпті. Мысалы: «Тыныбаев Нәби Әубәкірұлының: «Тәуелсіздік пен Президентті келемеж еткен роман» және «Қабдеш те өзі даттаған сол халықтың ортасынан шықпады ма» деген даусыз шындыққа құрылған мақалалары, газеттер қолымда сары майдай сақтаулы тұр. Қажет болғанда суырып аламын», дей келіп, «Қ.Жұмаділов жайында ел не деп еді, назар аударыңыздар» деп кезінде жазушыға тас атқан біраз адамның есімдерін тізіп шыққан. Жәди Шәкенұлы, Бегділда Алдамжаров, Б.Нұржекеев, Әбдеш Дайрабаев, Мыңбай Рәш, Шынар Күңгейұлы, Дауыл Күңгейұлы, Еркін Мергенбайұлы, Құманбек Әскерманұлы, Аман Құлбаев, Төкен Шотанбеков, Тұңғышбай әл Тарази, т.б...

Мақала авторына «қақырғаны қайма алтын, түкіргені түйме алтын» болып көрінген авторлардың шығармасымен де таныстығым бар. Жәди Шакеннің аталмыш мақаласы сатирик жазушы Қажытай Ілиясовтың «Пілге үрген қанден» атты мақалсымен-ақ, біржола тозаңға айналып кеткен-ді. Бегділдә Алдамжаровтың мақаласын оқып, аяғына шыға алмай қиналғаным бар. Неге? Ондай мылжың шығарманы оқу ми шаршатудан басқа түкте емес.

Мақала авторының жазып отырған Шынар Күңгей мен Дауыл Күңгей дегендердің Қабдекеңе жазған күйелі мақаласына келсек, әкелері Күңгей Мұқажанұлын ақтаудан басқа ештеңе емес. Ол Күңгей арызының басын алғаш Қажығұмар Шабданұлының көп томды «Қылмыс» романының бірінші томы шыққанда жоғары үкімет орындарына арыз жазып, өздеріңді ақша беріп боқтатып отырсыңдар, - деуден бастапты. Ендігі кезекте, Қабдештің үстінен арыз жазып, ШУАР автономиялы райондық үгіт-нәсихат бөліміне барып жүрген сапарында қолтығына қысып жүрген сумкасын дәретханаға кірген жерінде ұрылардың бірі сып еткізіп алып қашып кеткен, онысының ішінде 500 юаны болған дейді. Күңгей ақсақал сол жерде құлап түседі, қан қысымы көтерілген, жедел жардем шипаханаға жеткізгенімен құтқарып қала алмаған. Жазушы Қ.Жұмаділов өзінің жол естелігінде арызқой Күңгейдің осы тағдырын да қаламына іле кеткен-ді.

Күңгейдің қазасымен ақырласқан Қабдешке арыздың жайы туралы білгіңіз келсе Ақан Сейтқамзаұлының Күңгей туралы жазған мақаласына («Алтай аясы», «Іле айдыны» журналдарының 2007 жылғы сандары) назар аударған жөн. Өйткені, онда А.Сейтқамзаұлы әкесінің жолдасы Күңгейдің 80 беттік арызын бір сөзін қалдырмай қытай тіліне аударып бергенін, оны Алтай аймағының бірінші хатшысы Ли Дэнхуэйға қолекі бергенін айтып, «шетелдік» бір жазушының мақаласына Күңгейдің «туы айқын, отаншылдық рухпен» қарсы тұрғанын үлкен мақтанышпен еске алғаны бар.

Ол шетелдік жазушы кім дейсіздер ғой, ол Жанат Ақмади айтып отырған: «Тағы сол баяғы Қабдекең...». Мәселенің мән-жайы былай: 1989 ж. тамыздың соңында туған жері Шәуешекке барып қайтқан Қабаң «Көп жыл өткен соң» деген тақырыпта мақала жариялап, онда қазақтың ұлы жазушысы Қажығұмар Шабданұлын 20 жылға соттап, Тарым түрмесінде отырғызғаны аздық еткендей, тағы 15 жылға соттап жібергенін жазады. Сонымен бірге, Тарбағатайдың күнгей бетіндегі қатар жатқан ата қонысы Малдыбай, Жандыбай, Қорлыбай деп аталатын үш өзеннің тәбиғаты Қабаң шығармаларында суреттегендей болмай шығады. Сонау, жазыққа дейін созылып жататын Саятеректер түбірімен жоқ, ел жайлауға шыққанда тең-теңғып буған артық-ауыс жүктерді Саятеректерге шығарып бұтақтарына таңып кететіні қайда? Қараған-бұтада қалмай, тулақ сүйреткендей болған мына көктеу, күзеуі несі? деген қасына ертіп барған ұлы Арманнан сұрақ туады. Қабаң өзіне-өзі сенбей қалғаны мақалада сөз болған. Өйткені, 1962 ж. «Үркіннен» кейін (үкімет тілімен айтқанда Іле-Тарбағатай шекара оқиғасынан кейін) жапа-тармағай келіп жеткен, деміне нан піскен «тың игерушілер» қойсын ба, расында табиғат бұрынғысынан өзгеріп кеткен. Сол мақала барған-келгендер арқылы Күңгейдің қолына жеткен ғой.

Мақала авторының Қабаңа таққан тағы бір айыбы мынау: «Қабдекең «Жас Алаш» газетінің бетінде оралмандар туралы айта келіп: «Оралман дегенің кеше ғана бір елдің босағасында жанын жалдап, күн көріп жүрген бодан ғой. Құлдарда болатын жағымсыз мінез қандай? Сатқындық. Екі жүзділік. Жағымпаздық. Тағысын-тағылар. Сол құлдарда болатын мінез оралмандарда да жетіп артылады» депті (көрінекті етіп қара жазумен берген). Мен Қабаңның бұл мақаласын кезінде оқымаппын. Шынында осылай деген болса өте дұрыс жазыпты. Мұндай мінезді қоғамда көріп-біліп отырмыз. Қазіргі өзіміз көріп отырған қазақ қоғамында болып жатқан қытайшыл күштер мен қазақ ұлтшылдарының қырқысы бұған берілген жауап деп білемін.

Кезінде Қабдеш Жұмаділов Үрімжідегі «Шінжаң газетіндегі» қызметін тастап шекара бойындағы еліне келіп алуды күн ілгері жоспарлаған. Алматыда оқыған (ол кезде Орта Азиядан оқыған оқымыстылар деп айтқан) Қабдештің еліне деген ынтасы өте зор еді. 1962 жылғы үркінде Шәуешек (ежелгі бір үкірдай–аудан Дөртуыл елі) және онымен шекаралас Дөрбілжін, Шағантоғай аудандарына қарасты қазақтардың Қазақстанға үдере көшіп, аттылы-жаяу өте шығуы Қабаңның ықпалы екені шындық. Шекараға жақын Қобық ауданынанда, Шағантоғай ауданы мен шекаралас жатқан Боратала, оған жалғас Құлжа, Қорғас ауданындағы қазақтар бірінен-бірі естіп, айналасы 20 күннің ішінде шекарадан аттай салғанына ешкім көз жұмбайды. Ал, Шәуешек ауданы дөртуылдарының 70 пайызының, Шағантоғайдағы Мәмбет елі, ондағы бір зәңгі (ауыл) ел Тұмсық дөртуылдарының 80 пайызының шекарадан өтуіне Қабаң тіке себепкер болды. Алтай аймағы неге қозғалмады? Мәселе–онда Қабдеш болған жоқ. Күңгей секілді белсенділер мүлде басқа бағытта жұмыс істеді.

Біреуге мін айту үшін де, мін айта алатындай қарым-қабілет керек. Оның осы тізіп берген авторлары сын айтпақ түгілі, Қабекеңнің «Саржайлау», «Көкейкесті», «Соңғы көш», «Тағдыр», «Дарабоз», «Таңғажайып дүние» атты кесек туындыларының маңайына бара ала ма, тәйірі?! Қ.Жұмаділов ғұмыр бойы шындықты жазды, ұлтының тағдырын жазды, қайсы біреулерше қолдан тұлға жасап, ата-бабасын дәріптейтін арсыздыққа бармады, жар астынан шыға келіп, біреудің сойылын соғып, арзан ұпай, бес баттам бедел жинап, халықтың қарғысына қалмады. Абайша айтқанда қайбіреулердей: «заманға жаман күйлемек, замана оны илемекке» қалған жоқ.

Жалақорлар сол Қабекеңді талас-тартыссыз жүре алмайтын даукес біреу етіп көрсеткісі келеді. Тарихи тартысқа көп баратыны жазушының даукестігінен емес, тарихты өтіріктен тазарту міндетінен туған нәрсе. Басқасын айтпағанда, Қазыбекбек Тауасарұлының атынан жарияланған «Түп тұқияннан өзіме шейін» деген жалған кітапты әшкерелегеннің өзі неге тұрады? Бұдан басқа да Қ.Жұмаділов кімдердің өтірігін жария қылмады, кімдердің ініне су құймады, кімдердің ұрлығын ашпады? Ең соңында «сөз шынға, пышақ қынға» тоқтайды деген осы.

Жалпы, Жанат Ахмадидің ары-бері ойқастап, ер батқан аттай қайқаңдап, шөгір басқандай шөмшеңдеп жүріп айтпақшы болғаны: Халық жазушысы Қабдеш Жұмаділов атақты «Дарабоз» романын Зейнолла Сәніктің «Қабанбай батыр» кітабынан көшірген дегенге саяды.

Міне қызық, Жанат не дейді, әрмен қарай оқиық: «...Сізді бұлтартпайтын, сізге күрзі шоқпардай ауыр тиетін бір ащы шындық бар. «Дарабозды» кімнің еңбегі арқылы жазғаныңызды ішіңіз біліп тұрса да, оны жылы жауып қойып, жұртқа тиісетініңіз ғажап-ақ. Белгілі жазушы Зейнолла Сәнік Қытайдағы кезінде, сол жақтағы «Шалғын» деген журналға 1980 жылы «Қабанбай батыр» атты үлкен мақаласын жариялап, оны 1986 жылы сол атпен араб әрпінде кітап етіп бастырған. 1987 жылы З.Сәнік сол кітаптан Мәукен деген азаматтан 3 дана жіберіп, біреуін Жағда ағамызға, екіншісін өзінің інісі Төкен Шотанбековке, ал үшіншісін Мақсұт Шафиғиға тигізеді. Ал Жағда ақсақал көп кешікпей Төкенге “мендегі кітапты Қабдеш сұрап алды, оқып үлгерген жоқ едім, сен қолыңдағыңды маған бер” деп сұрап алады». Міне ендігі жерде Қ.Жұмаділов З.Сәніктің Қабанбай батыр «энциклопедиясынан» көшіріп, қазаққа әйгілі «Дарабоз»(«Жұлдыз» журналының 1991-92 жылдардағы санында толығымен басылым көрген) романын жазып шығыпты-мыс.

Жәке, сіз мүлде білмейді екенсіз, енді мен айтайын: «Қабанбай батыр» кітабының Шыңжаң халық баспасынан 1986 жылы тұңғыш басылымы, 1989 жылы екінші реткі басылымы аса мол данамен шықты. Есімде қалуынша, 270 бет төңірегінде. Бұл кітап құдайшылығын айтқанда З.Сәніктің жинап, зерттеп жазған кітабы емес. Оны жазған – менің ауылдасым, ақын, айтыс ақыны, «Қубас ат», «Естігүл мен Серік» атты дастандарың авторы, әйгілі фолкьлоршы Бейсенғали Садықанұлы деген шежіреші ақсақалымыз.

Сондықтан да, «Тарбағатай» журналының 1996 ж. №4 санында басылған «Айтыс саңлағы шежіре ақын Кәрібай Таңатарұлы жөнінде» атты зерттеу мақаламда әйгілі фолкьлоршы Бейсенғали ақсақал туралы тоқталып: «...Бейсекеңнің қаламынан «Майқы шежіресінің» үшінші бөлімін, «Қубас ат қисасын» және ешкімнің таласы жүрмейтін «Қабанбай батыр» кітәбін туғызды» деп жаздым. 2011 ж. Бейсенғали Садықанұлының дүниеге келуінің 100 жылдығына орай және «Мұра», «Тарбағатай» журналдарының қатысты сандарына «Халық фольклорының қара нары еді...» деген тақырыпта ол туралы арнаулы мақала жазып халқымыздың халық ауыз әдебиеті фольклорына қосқан үлесін жіпке тізгендей етіп, шырқыраған шындықты тағы жаздым. Қабанбай батыр туралы «Тарбағатай» журналының 1985-1986 жылғы сандарында «Тоқта туралы», «Ерасылдың кекке аттануы» қатарлы көлемді 10 мақаласы жарияланып, кітаптың тәмамдалғанын айтып, «Қабанбай батыр» кітабының талассыз Бейсенғалидың еңбегі екенін жаздым. Осынау жанкешті еңбегі үшін Б.Садықанұлы 1991 жылы шілдеде Бүкіл қытайлық тұңғыш реткі «Халық ауыз әдебиеті» мұраларын жинау, баспадан шығару жиналысында  «мемлекеттік үздік тұлға» ретінде марапатталғанын да атап өттім. Оқырманға ой салар мақалаларыма З.Сәнік қайткен күнде де бірдеме жазып тойтарыс беруі керек еді, өйте алмады, гәп осында. Өйткені, Шыңжаң халық баспасының қазақ редакциясында редактор болып тұрған Зейнолла Бейсекеңе «Қабанбай бәріміздің әкеміз, өзіңіздің атыңызда мен мұны үкімет жағынан баспадан шығартып, қалам ақысын бергіземін» деп кітап ақырласпай жатып, бүкіл қолжазбасын алып кетеді (Бейсекең түпнұсқаны қолдан шығармай елге ылғи көшірмесін беретін кісі. Құмырысқаның ізіндей ұсақ, аса шебер жазылған барлық қолжазбалары Өскемендегі ұлының қолында сақтаулы тұр). Артынша, кітаптың I бөліміне Зекең «Қазақтың батырлық жырлары және Ер Қабанбай» атты мақала жазып (1980 жылы «Шалғын» журналына «Қабанбай батыр» атты үлкен мақала жариялады дегені өтірік), өзі кітаптың бірінші авторы болып шыға келді. Бұған кезінде марқұм Бейсенғали қатты ренжіп, халық баспасының бастығына хат та жазған. Ол хаттың Зейнолланың өз қолына түсіп кеткенін сол кезде халық баспасында істейтін Қалиолла Нұртазин айтатын. Тағы Зекеңмен редакцияда бірге істеген Дәлелхан Сымайылұлы: «Қазақстанда шыққан атбегі туралы мақала бүгін Зейнолланың қолына түссе, ертең Зейнолла атбегі туралы мақала жазады, ертең құсбегі туралы мақала қолына түссе, бірсігүні Зейнолла құсбегі туралы мақала жазып басылымға бере қояды» дейтін. Зейнолланың асқан пендешілігінің бір мысалы мынау: 1993 ж. Мұқаншы ауданында Қабанбай батырдың 300 жылдық тойына қатынасуға Бейсенғали мен Зейноллаға шақырту барған. Бірақ, Зейнолла Бейсенғалиды ертпей жалғыз кетіп қалып, бар абыройды еншілеп қайтады. Мұнысы «айналайын» екен, 1986-1989 жылғы екі реткі басылыммен 1991 ж. Алматыдағы «Жазушы» баспасынан («Қара Керей Қабанбай» деген атпен) шыққан үш реткі басылымда бар Бейсенғали Садықанұлының аты-жөнін 2005 ж. Алматыдағы «ҚАЗ ақпарат» баспасынан «Хан батыр–Қабанбай» деп шығарған кітаптан мүлде алып тастайды. Онымен қоймай,  «Қабанбайдың Жәнібекті сынауы» делінетін нанымсыз бір аңыздарды қосып онысын тағы 1993 жылы құрастырылған Алматыдағы «Жазушы» баспасынан шыққан «Абылай хан» атты кітапқа да тықпалай қойыпты. Аңыздардың қайдан алынғанына еш сілтеме жасамапты. З.Сәніктің пендешілдігімен атаққұмарлығы 1993 жылы Бейсенғалиды ертпей, асқа жалғыз өзі кеткенінен-ақ көрініп тұрған жоқ па?

Ел З.Сәніктің кітапқа түрлендіріп қоя берген атынан да жаңылатындай болды. «Қазақ тарихындағы әйгілі адамдар» сериясы аясында шыққан кітаптардың қатарында З.Сәнік 2000 жылы «Хан батыр–Қабанбай» («Орталық ұлттар баспасы» Бейжиің–2000) деп эссе кітап шығарып, бір қырынан көрінгісі келсе де, ұсақ-түсек әңгімелердің үйіндісінен ары аса алмаған. Оны «Дарабоз» сияқты желі тартып тұрған сүбелі шығарма деуге келмейді. Баяғы сол «құрттың атын жаңылдырып малта қойған» дүниелер. З.Сәніктің Қытайда басылым көрген кітаптарындағы өмірбаяны басқа да, Қазақ елінде бастырған кітаптарына берген өмірбаяны мүлде бөлек. Онда: «...Үрімжідегі жастар баспасында 40 жылдай істеген» деп алады да «Қытайда жүргізілген «мәдениет революцияның» ауыр соққысына ұшырап, «Халық жауы» болып ауыр күндерді басынан кешкен» деп жазады. Қайсысына сенеріңді білмейсің. Қытайда «халық жауы» деген саяси термин жоқ, тек «тап жауы» делінеді. Бұл термин мал-мүлкі мүсәдіраланған (тәркіленген) байларға ғана қаратылған.

Шын мәнінде, «Қабанбай батыр» атты осы кітапша аса ірі тарихи роман да, көркем әдебиетте емес. Бар болғаны бір ақсақалдың алғашқы адымдағы ел аузынан жинап-терген аңыз-әңгімелері. Аңыз, әңгіме болған соң, оның ішінде артық-ауыс дүниелер де болады. Қабанбай туралы аңыз-әңгімелерді жасымыздан өте көп естіп өстік (бұл туралы ой-толғам «Тарбағатай өңірі таңғажайыптарға толы» атты мақаламызда айтылды), Тарбағатайдағы ел ішіне тараған «Ер Қабандай» қиссасын 12-13 жасымда жаттап алып, қонақтарға айтып беретінмін.

Сонда, Қабанбай туралы дерек тек қана З.Сәніктен ғана шығады, оны басқалар жазса Зейнолладан ұрлаған болады деу барып тұрған масқаралық қой. «Ерікті ауызға бөрікті бас сияды» деген осы болар. Байқаған шығарсыздар, «Қабанбай батыр» кітабының деңгейі қайда жатыр, ал, «Дарабозшы»? Ол кемінде қазақтың үш ғасырлық тарихын қамтып жатпай ма? Қабанбай туралы жазу үшін Қ.Жұмаділовтың Зейноллаға күні түсіпті деу барып тұрған сандырақ.

Жанат Ахмади Камал Әбдірахмановтың «Тектіден қалған тұяқ еді» атты мақаласынан үзінді келтіріп шырақшы Камалдың: «Зейнолла ағамыз шығармаларындағы деректерін «өзгелер» пайдаланып жатқанына кеңшілікпен қарайтын. Тек бұра тартып, ұрлап жатқанына аздап кейитін. Мәселен Зекең Қаракерей Қабанбай батырдың Ер Жәнібекті сынауын әдемі жазып еді» дегенін және З.Сәніктің өзіне мүңын шағып айтқан: «Дарабоз» романында осы оқиға бұрмаланып, романды жазған адамның бір батыр атасын сынаған болып кетіпті. Ең болмаса оқиға орнын өзгертіп, сөйлемдерін, тілін өзгертпеді ме екен?! Жол-жолымен көшіріп, аттарын ғана өзгерте салыпты. Ақыр ұрлаған екенсің, түрлендірмеуші ме еді?» дегенін «құран сөзіндей» көріп монтансиды. Бұған айтарым: Тарбағатай мен Іле жеріндегі Дөртуылдар өз ұраны Баймұрат батырды Қабанбай өсіп сынапты десе, Тарбағатайдың теріскей бетінде жасайтын Дәулетбайлар Дәулетбай батырды Қабанбай өстіп сынапты дейді. Ал, соңғы жылдары Керей Жаныбек батырды Абылай хан өстіп сынапты деп жазып жүрді. Көрдің бетін аштыру, жыланды жұтып жіберу туралы бұл аңызды Мәшһүр Жүсіп «Абылай хан дәуірі» атты сонау замандағы мақаласында Абылай ханның Балта Керей Тұрсынбай батырды сынағаны екенін аса нанымды етіп жазып қалдырған («Абылай хан» бірінші том, 313-314 бб, «Жазушы» баспасы–1993). Демек, бұл қазақ батырларына ортақ аңыз болса керек. Егер, З.Сәніктің айтқаны шын болғанда тырнақша ашып мен былай деп жазып едім, мына Қабдешті қарашы деп оның төл сөзін тырнақша ашып, ішіне әкеп қояр еді. Бірақ, олай істеуге факт жоқ. Тек білмеген біреулерге өзін білімді кісі етіп көрсетудің бақай қулығы ғана.

Жанат Ахмади Камал Әбдірахмановтың З.Сәніктің өзіне айтқан тағы бір өсегін жеткізеді. Онда Зейнолла Сәнік Камал Әбдірахманға: «Саған біреу тиісе береді ғой. Оныкі өз өтірігін жасырудың амалы ғана. Соңғы мақаласында мені де іле кетіпті. Әу баста маған: «Аға, сіздің кітабыңыз мен роман жазғанда өте үлкен көмек жасады» деп, көпшіліктің ішінде айтқан. Балаларым сөзін таспаға түсіріп алыпты. Сақтаулы тұр... Әлі хабарласамын деп еді, Зекеңнің дауысын соңғы рет естіп тұрғанымды қайдан білейін!» деген, қажыға опық жегізген арманын бөліскісі келеді. Иманы бар қажыға сенейік пе, сайтаны бар сыншыға сенейік пе?

Қ.Жұмаділов басқаны айтса айтар, дәл «Аға, сіздің кітабыңыз мен роман жазғанда өте үлкен көмек жасады» деп айтпасы анық. Зекеңнің Қаусылқан Қамажанұлы мені «фолкьлор ғылымының маманы» деп айтты, - дегені сияқты өзіне өзі жел беріп соға беретін қырық өтірігінің бірі. Себебі, ол бір ғылми орталық емес қой атақ беретін. «Балаларым сөзін таспаға түсіріп алыпты» дегенді егер Зейнолла айтқан болса өтірік. Шын болса, 2008 жылы Төлегетай атаның басында берілген аста Қ.Жұмаділов Зейнолланы «қытай тыңшысы шығар» деп сөз бергізбей қойған болса, Қабаң онда бірдемені жаны сезген.  1950 жылдардан бастап шығарма жазып, 60 жылдарда атақты «Соңғы көш» сияқты қабырғалы роман жазып жүрген талантты қаламгер 1980 жылдардың аяғында ес жинап, етек жауып, өтірікті шындай, ақсақты тыңдай шатты-бұтты бірдеме жазып жүрген Зейнолланы ағаламасы да, жағаламасы да бесенеден белгілі. «Тіршілігінде Зекеңе мойнында міні бар Қабдеш ағам сәлем бере алмайтын» деген сөздің орынын қаса-қана ауыстырып отырған жоқсыздар ма осы?!

З.Сәніктің өтірігінің шарықтау кезеңі «Башпай» романынан бастау алған. З.Сәніктің «тарихи роман» делінген «Басбай» романына баға берген «Шындықты шытынатып алғандаймыз...» («Шұғыла» журналы (2003, №7)  атты мақаламда романдағы өтіріктерге тоқталып, өмірде болған адамдардың атының ауыс-күйіс өрескел ағаттықтарын түзетуге ұсыныс берген едім. Алайда, Зекең от алып қопаға түсіп: «тырнақ алдынан кір іздеп», «артты шұқып», «сақалға жармасып», «ақ үрпік балапан», «ұлымдай бола тұрып» деп балағаттап мақала жазғанымен «Басбай туралы әңгіме-жырлар» («Ұлттар баспасы» 2006–Бейжиің) атты құрастырған кітабында мен түзету жасаған кісі аттарын қаз-қалпында малданғаны романмен салыстырғанға бірден көзге ұрып тұр.

Зекең өз өтірігін өрбіте берумен қоймай, өзгенің өтірігіне де күреп жол ашып жүрген кісі. Ғұмырында шығарма жазбаған Мәкен Баймоллаұлының елі атын естімеген Қонысбай және оның ұлы Тасболат атты аталарын «Ертөстік» етіп көрсетемін деп, суайттықпен жазған «Тарбағатай арпалыстары» («Шыңжаң жастар-өрендер баспасы»–2000) атты кітапқа редакторлық жасаған Зекең оны «ірі тарихи деректеме» деп соқты. Нәтижесінде, олардың тарихқа жасаған мұндай қиянатына қарсы «Аңызбен ақиқат арасында көмескі қалған шындық» («Іле айдыны» журналының 2004 ж, №3-4) атты мақала жазып өтіріктің жолын кестік.

З.Сәніктің өтірігінен игіліктенгісі келетін Шәуешектегі мәлім рудың пысықайлары Зекеңе ат мінгізіп, атан жетектетіп, ақша ұстатып «Қайрақбай» («Орталық ұлттар баспасы»–2007) атты эссе кітап жаздырды. Онда Зекең тексеріп-зерттемей солардың өтірігін тасқа басып берді. Өтіріктің желдей ескені сонша, қызды-қыздымен Қайрақбай «Қазақтың 62 қоңырынан» тартып 240 күй шерткен болып шықты! Мұнысы, «Бейсембі Дөненбайұлы 600 күй шығарыпты», «Әшім Дүңшіұлы 1000 күй шығарыпты» деп жазғандармен қара таластырып, сенен менікі кем емес дейтін қазақы бәсекелестік еді. Бұл туралы да кезінде күй алыбы Құрманғазының өзінде әреңге 72 күй бар, Динаның 38 күйі бар екен, қазақтың халық күйлерін бұл үшеуіне кім үлестіріп беріп еді, - деп мақала жазып әптігін басқан болатынмын.

Қайрақбай өмірде болған адам, мансапты болмаған, ол туралы тек сыбызғышы екен деген ғана дерек бар. Кейін біреулер оның немересі Заманбек домбырашы болыпты, атасының сыбызғы күйлерін домбыраға түсіріпті деп жазды. Қайрақбайды көрнектілендіреміз деп аталымш кітапта мынадай үш өтірікті батпитып отырып жазды: (1) «Жұмық руынан шыққан Бұтабай әйгілі Құнанбаймен шарға түсіп, Қайрақбайдың қолдауымен аға сұлтандықты ұтып алады». (2) Қайрақбай Бұтабайға кеңес құрғанда шертетін күйің болсын деп «Кеңес күйін» шығарып үйреткен. (3) Қайрақбай Бұтабайды қажыға жіберген.

Шын мәнінде, Бұтабай Шығыстағы аса ірі көрнекті тұлға болған. Заманында «Бұтабайдың кеңес күйі» және «Бұтабайдың шежіресі» деген шежіресі болыпты. Би болған, ұзақ жыл болыс болған, бірер кезек аға сұлтан болып 1896 жылы екінші реткі қажылығында 79 жасында Меккеде дүние салған. Әрхам Кәкітайұлы 1958 жылы жазған «Абай өмір баянына қосымша деректер» атты кітабында «Көктұма» съезінде болған бір оқиғаны Абайға атқосшы (көшір) болып барған Мүсірәлі Қожанұлы ақсақалдың айтуы бойынша былай деп жазады: «...Бұтабай Абайдың нұсқауынан бас тартқан жоқ. Тобықты, Уақ, Керейлердің жұмысын Абай ылғи Бұтабай алдына жіберіп, бітім жасатып отырды». Бұтекеңнің орынына көңіл айтып, құран оқи келген Меркіттің құлшегірі атанған әйгілі Жәке бидің де:

Ұшырған ұям Бәйжігіт,

Ұстазым менің Бұтабай.

Бәйтерек көлге жығылып,

Түбінде қалдық бұтадай.

Құзардан құлап қара нар,

Қорада жүрміз ботадай.

Саңқылдаған дауысыңды,

Тасқындаған ақылыңды,

Сағындым сізді Бұтабай...(«Алтай аясы» 1985 ж №4 119-120 бб) деп күңірене жоқтап, көңіл айтуы тегін емес.

Рушылдық індетін жұқтырып, өзін көтеру үшін өзгені кемсіту соңғы жылдарда қытайда тұратын қазақтар ішінде де өрескел өршіп кетті. Соның нақты мысалы осы «Қайрақбай» кітабы.

Тарбағатайдың күнгей беті–Дөрбілжін ауданында жасайтын Қазақбай, Әлмембет деген ру бар. Солардың бір атасының аты Құттыбай. Қазақбай руы делінетін осы рулы ел жоғарыдағы «Қайрақбай» атты эссе кітаптың ішіндегі  «Қырғыннан қалған бір тұяқ» атты З.Сәніктің мақаласына алданып, 2013 жылы 24 тамызда Құсты өзеніне таяу белдің үстіндегі тас зираттың басына мрамордан жардай тас ескерткіш орнатып, оның бетін толтыра: «Марқұм Қазақбай ұлы Қу дауысты Құттыбай би 18 ғасырда жасаған адам...» деп шімірікпей жазып қойыпты. Білмеген у ішеді, оларға сөгіс жоқ. Барып тұрып көрдім. Бастап жүргендерге «Өтірікке сеніп, мұндай қиянатқа барғандарың аруақтан ұят емеспе. Құттыбай деп мың жерден жаза бер, бірақ «Қу дауысты» дегендерің артық болған. Сенің атаң Құттыбай Ақтайлақтың арғы атасы Қу дауысты Құттыбай биден кемінде бір ғасыр кейін туған ғой, - дедім.

Қанжығалы Бөгембай батырдың қазасын қазақ ханы Абылайға естірткен Үмбетай жыраудың Қазақ баласына мәлім тарихи жыры бар. Онда:

Аруағыңа болысқан,

Әділ билік қылысқан.

Қашпаған қандай ұрыстан,

Шақшақ–ұлы Жәнібек,

Қаздауысты Қазыбек,

Қу дауысты Құттыбай,

Қаракерей Қабанбай,

Қанжығалы Бөгембай,

Абылай, сенің тұсыңда,

Сол бесеуі болыпты-ай!

Кейі батыр, кейі би,

Тәңірім берген сондай сый!

Ұмыттың ба соны, Абылай!, - дегендегі Қазақ хандығындағы әйгілі бестің бірі. Бұларың ұят болды, тіпті, ұрпақтан ұят дедім. Жоғарыда аталған «Шақшақұлы Жанібек» деген жолдың Қытайда «Керейде батыр Жаныбек» деп бұрмаланып кеткенінен де хабардар едік.

Зекеңе зер салсақ, өтірікке баратын жолдың омбы қарын омыраулап бұзып бара жатқан зәу атан елестейді. Тәсілқой Зекең тіпті қытай ақыны Ли Байды қазақ жасаушылармен ауыз жаласа кетіп, «Кім қанға қызбайды» (тақырыптың өзі дұрыс емес) деп сенатор Өмірбек Байгелдіге жазған хатын «Егемен Қазақстан» (2009 ж. 18 қараша) газеті басыпты. Онда не дегенін оқиық: «...Ия, Өмеке! Бәрімізде бір терінің пұшпағын уқалап, бір халықтың – Қазақтың өлгенін тірілтіп, өшкенінің отын жағу үшін арпалысып жүрген адамдармыз ғой. Бізден де тірілгеннің тірсегін қиям, жанған оттың жалынын үрлеп өшірем деп шыққандар болған...» деп сенаторды онан ары сендіріп жалманынан түсірген. Сөйтіп, онсызда билік басындағылар тым мүдделі болған Ли Бай синдромы күш бермей кетті. Мұның бәрі кешегі Қытай сайыттарының Қазақстанда  Ли Байдың ұрпақтары жасап жатыр, олар Отанымыздың (Қытайды айтады–авт.) құшағына қайта оралуды аңсап отыр дегендей сандырақтарының жариялануына «тарихи негіз» жасап берді.  «Ел қалай көшедімен» өмір сүретін, қара құрсағын  қазынаға балайтын талантсыз жазушы, тарихшысымақтардың ортақ бір қасиеті бар. Онысы амалын тауып көзге түссем, абырой биігіне көтерілсем деген пасық қулық. Сол үшін олар әлде кімдерді тауып алып, солардың қолымен өздері туралы жаздырады, болмаса, басқаларды күстаналап, сабан астынан су жүгіртеді. Қ.Жұмаділов «Дарабозды» («Жазушы» баспасы–1988) менің «Қабанбай батырымнан» көшірді дегені сияқты,  сол жалдамалы жазғыштары да Зекеңнің Шәміш Құмарұлы «Тұғырыл хан» романын менің «Тұғырыл хан» атты тарихи эссемнен көшіріп алыпты; Тұрсынхан Зәкен «Көк бөрілердің көз жасындағы» («Ел-Орда» Астана–2001) Тұғырыл Оң ханға қатысты кейбір эпизодтарды менің эссемнен пайдаланыпты деген ойдырмасына имандай сеніп қалса керек.

Мен білетін нақты бір шындық, Шыңжаң өлкелік байырғы шығармаларды жинау, зерттеу кеңсесінде қызмет істеген Т.Зәкен «Көк бөрілердің көз жасын» жазу үшін сонау 1985 жылы Шыңжаң университетінде оқып жүрген кезінде-ақ университет кітапханасынан қыруар деректерді оқып, естелік алып, 1991 жылдан бастап жазуға кіріскен еді. Бұл жерде кісілік тұрғысынан да осыны айтқым келеді. Зекеңе салсаң, оның білетін деректерін одан бұрын ешкім көрмеуі, оқымауы тиіс. Алда-жалда біреу оларды пайдаланса, өзінен көшірген немесе ұрлаған болып шығады. Бұдан өткен қызғаншақтық, бұдан өткен өзімшілдік болар ма тегі!?

Керісінше, ел Зейнолладан көшірмейді, Зейнолла елден көшіреді деу шындыққа жанасады. Біреу бірдеме жазады, Зекең тонын басқадан киізіп эссе қылып жаза қояды. Осының жанды бір мысалы, өзіне мүлде беймәлім Дөртуыл елінің үкірдайы (1860-1908) Демежан туралы тарихшы Жақып Мырзаханұлының: «Асқар Игеннің басылым көрген дайын шығармасы бар екен, сол жазсын» дегеніне қарамай, баспада қызмет істеген сақалын бұлдап, жоғарыдан келіп тұрған тиын-тебенді қармап қалу үшін «Демежан» атты эссе кітапты да жазуға кірісіп кетеді. Бұл да Қ.Жұмаділовтың «Тағдыр» романындағы деректермен менің «Демежан үкірдай және ол жөніндегі қиса-дастандар» («Іле тарихы мәтериялдары» №16 кітап–2000) атты бір жүз қанша беттік көлемді зерттеу еңбегімдегі материалдардың қосындысынан туған дүние. Қ.Жұмаділов өзінің «Таңғажайып дүние» атты ғұмырламалық романында «Тағдыр» атты тарихи романын жазуда Демежанның шабарманы болған Рақымбай қарттың аузынан материял алғанын және Демежанды бала кездерінде көріп, ол туралы әңгімелерді естіп өскен Мұхамади, Әбік, Нәби қатарлы көнекөздерден 1961 жылдың қысында құнды деректер алғанын жазады. Міне, осылай қазынаға толы ұлтанды елде туып, мол дайындықпен шығармашылыққа келген Қабаңа 1990-жылдарда әрең ес-ақылын жиған Зейнолланың несі таңсық.

Бейсенғали ақсақалдың «Қабанбай батыр» кітабында Дөртуыл Бітімбай ақын «бүйтіп айтты» деп, тарихи жырлардан көп цитата алады. Мен Бейсекеңнен Бітімбай ақыннан қашан жазып алғандығын сұрап ұққанмын. Барысы былай: 1942 жылы атақты Бітімбай Шалғынбайұлын іздеп Барлықтағы мекенінен жолықтыра алмай, Тарбағатайдың төсі–Сібеті жеріндегі күйеу баласы Қабдолланың үйінен жолықтырып үш тәулік қасыында болып Қабанбай туралы деректермен тарихи жырларды жазып алып қайтады. Кейінгі жылдары есінде қалған, тамтұмдап қағазға түскен дүниелерінің жүлгесінде осы «Қабанбай батыр» кітабын жазып шыққан. Әсет ақынмен үзеңгілес болған Бітімбай ақынның күйеубаласы Матайдың Қабдолласы Әсеттің «Өнер», «Құмай торы» дастанын 1933 жылы жатқа алыпты. Бұл екі шағын дастанды 1986 жылы Оразанбай Егеубаев жазып алып, 1987 жылғы «Мұра» журналының №1 санында жариялады (2015 жылы «Үш қян» баспасынан шыққан «Әсет мұрасы–асыл мұра» жинағының 321 бетіне қараңыз-авт.).

Зейнолла Сәнік марқұм қалам ұстаған 30 жылға жуық сапарында «Бақтиярдың қырық бұтағы» сияқты айлап айтса таусылмайтын бір талай өтірікті жазып кетті. Өтірігінің өрескел шыңы «Башпай» романының бас кейіпкерінің атын өзгертуден бастау алды. Шылғаубай, Дамбалбай, Ұлтарақ деп «жаман атқа жаман көз тимес» деп ат қоятын көне қазақы үрдіспен қойылған «Башпай» есімін жасанды түрде «Басбайға» өзгертті. Бұған да кезінде Мәмбет елінің білгіштері мен шежірешілері Башпайдың ата-анасының елдің «Бас байы» болсыншы деген күпірлікке саятын есімге бармағанын айтып күңкілдеді. Сонымен бірге «Ақын Сараға шүбә келтіру–арымызға сын» («Шыңжаң қоғамдық ғылымы» журналы 2004–№3) атты қисынсыз мақала жазып, Мұхтар Әуезев, Тұрағұл Құнанбаевтар соңғы нүктесін қойып кеткен жайларға сенімсіздік танытып, «Біржан–Сара айтысы» болған айтыс деп соқты. Өтірікке жаны төзбеген бір талай қаламгерлер Зекеңе қарсы шықты, солардың бірі – мына мен едім. Зейнолланың орыны толмас өтірігіне бола кезінде «Шындықты шытынатып алғандаймыз...», «Фактіні бұрмалау тарихқа қиянат», «Бір бөлім Әсет өлеңдері және оның айтылған жыл мерзімі жөнінде», «Ақын аманаты», «Хатқа түскен тарих бұрмаланбас», «Адасқанның алды жөн, арты соқпақ...», «Баяғы қулық бір алдау, қысылған жерде жаңжал-дау...», «Тарихи жүлгені түсіне алған адам ғана тарихи шығарма жаза алады» атты сын-зерттеу мақалаларымды З.Сәніктің орынсыз өтірігіне оқырманның арандалып қалмауы үшін жазған едім. Бүгін міне, Жанат Ақмәдидің аталмыш мақаласы тағы да еріксіз қолыма қалам алдырды.

Жанат Ахмади жазғандай «бұл қайдан шыққан тік құлақ» деп қалмасын мені де. Отыз жылдан астам қазақ ауыз әдебиеті мұралары мен тарихи-шежірелік деректерді тірнектеп жинап келемін. Осы еңбегімнің арқасында 2012 жылы өлке (ШУАР) деңгейінде «Қазақ фольклорын қорғауға, жинап-реттеуге сіңірген елеулі еңбегі үшін» номинациясы бойынша тұңғыш рет «Ата мұра сыйлығының» иегері болдым.

Қазақ хандығы құрылғандығының 550-жылдық торқалы тойына тарту есебінде Алматыдағы «Үш қиян» баспасынан авторлығымдағы зерттеу еңбектерімнен: «Сорап», «Айбозым», «Хатқа түскен тарих бұрмаланбас» атты үш кітабім; фольклорлық шығармаларды жинап, зерттеп, құрастырған: «Ой, дүние, жалған-ай», «Біржан–Сара», «Әріпжан Жанұзақұлы шығармалары», «Кәрібай Таңатарұлы шығармалары», «Ауған мен Күнболат шығармалары», «Әсет мұрасы–асыл мұра» атты көлемді жинақтарды халықтан алып, халқыма қайтып бердім. Аталған тоғыз кітапты Елордадағы «Президент кітапханасы» қатарлы үш үлкен кітапханадан, Алматыдағы «Республикалық ұлттық кітапханасынан», Алматы обылыстық «С.Сейфуллин атындағы кітапханадан», «М.Тынышбаев музейінен», «І.Жансүгір музейінен», ШҚО «А.С.Пушкин кітапханасынан», Зайсан, Ақжар, Мұқаншы кітапханалары мен «Әсет музейінен» алып оқуларыңызға болады. Мақаламды неміс ұлтының әйгілі перзенті Бисмарктің мына сөзімен аяқтағанды жөн көрдім: «Данышпандар ойлап табады, жангештілер атқарады, алаяқтар пайдаланады».

Асқар Игенұлы,

Фольклоршы–шежіре танушы.

Қосымша: Abai.kz ақпараттық порталы еркін ақпарат алаңы. Мұнда ой жарыстырып, пікір алмастыруға әркім құқылы. Жоғарыдағы спикердің пікірі редакция ұстанымын білдірмейді. Алдағы уақытта мақалада есім-сойлары аталған жекелеген азаматтар редакциямызға жауап беруге ниетті болса, олардың да пікірін беруге әзірміз. 

Abai.kz

18 пікір