Сенбі, 20 Сәуір 2024
Сауалнама 4764 28 пікір 22 Мамыр, 2020 сағат 14:13

Ұлттық кеңес қоғам алдында өзін дәлелдей алды ма?

Кеше Президент кеңесшісі Ерлан Қарин 27-мамыр күні ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысы өтетінін мәлімдеді. 

Ұлттық кеңестің алғашқы отырысы өткен жылдың қыркүйек айында өткен болатын. Онда кеңес мүшелері қоғамда қордаланған бірқатар мәселелерді ортаға салып, нақты ұсыныстарын жеткізді. Мәселен, сол отырыста саяси жаңғыру тобының мүшесі Айдос Сарым 5 заңға өзгеріс енгізуді, тіпті қайта жазып шығуды ұсынды. Ол: митингілер туралы заң, саяси париялар туралы заң, БАҚ туралы заң, Сайлау туралы және ҚР Парламент және оның депуаттары туралы заң еді.

Ал, екінші отырыс 2019 жылдың желтоқсан айында өтті. Кеңестің 40-тан астам мүшесі Тәуелсіздік сарайында төраға Тоқаевпен кездесті. Онда негізінен бірінші отырыста айтылған мәселелердің нәтижесі талқыланды.

Енді алдағы күндері сенім кеңесінің үшінші отырысы өтпек. Онлайн форматта өтетін бұл жиында қандай мәселелер көтеріледі? Біз бұл туралы кеңес мүшелерімен сөйлесіп, бірнеше сауал қойған едік.

Сонымен:

1. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысында қандай мәселелер көтерілуі мүмкін?

2. Кеңес осы уақытқа дейін қоғам үшін не істей алды және оның мүшесі ретінде сіз қандай рөл атқардыңыз?

3. Кеңес консультативтік құрылым ретінде қоғам алдында өзін дәлелдей алды ма?


Айгүл Орынбек, заңгер, ҰҚСК-нің мүшесі:

Білім және денсаулық мәселелері талқыланады

1. Бұл Ұлттық кеңес мүшелерімен алдын-ала келісіп жасалған жоба болғаннан кейін - ол жерде білім саласына қатысты мәселелерге көңіл бөліп отыр. Және, денсаулық саласына байланысты мәселелер көтеріледі деген ойдамын. Біз бұл мәселені алдын-ала өзіміздің әлеуметтік топ арқылы өзара талқылап, өзіміздің ұсыныстарымызды айтып, біздің атымыздан кімнің сөйлейтінін таңдап, барлығын сол кісі айтып шығуға келіскенбіз.

Өңірдегі проблемалар өте маңызды

2. Біз үш топ болып бөліндік қой: Әлеуметтік, экономикалық және саясат деп. Өзіңіз көріп отырғандай, бізде ең бірінші мәселе – саясат тобының мүшелері сөйледі. Ал бүгінге дейін кеңес не істей алды? Ең бірінші бізде заңнамаларға өзгерістер енгізіліп, журналистердің қудалануы бойынша 130-бап әкімшілікке ауыстырылды. Бұл арқылы бір үлкен өзгеріс жасадық деп айтсақ болады. Себебі, бізде өзіңіз білесіз, көптеген журналистер осы бап бойынша қудалауға ұшырап жатты. Қылмыстық іс қозғалғандар да бар. Бұл бап қазір БАҚ өкілдеріне де, басқа адамдарға да қатысты әжептіуір жеңілдетілді деп ойлаймын.

Екіншіден, митинг. Бейбіт шерулер туралы заңдарға өзгерістер енгізілді.

Менің көтеріп отырған мәселелерім - өңірдегі проблемалар. Жергілікті атқарушы билікпен халықтың арасындағы шешілмей жатқан мәселелер. Халықтың көптеген шағымын жоғарғы жаққа жеткізіп, бірнеше мәселелердің шешілуіне ұйытқы болдық. Оның бәрін тізіп айта берсең өте көп. Мәселен, мұғалімдердің беделі, берілмей жатқан айлықтар, дұрыс бөлінбей жатқан АСП-лар, аудан, ауылдардағы тендер бойынша көптеген жүргізілетін канализация жұмыстары, салынбаған жолдар, жарық жүргізілмеген жерлер т.б. Оның бәрін тізіп айта берсең өте көп. Енді мұның бәрі ауыл-аймақтағы майда жұмыс болып көрінгенімен, өте маңызды. Сондықтан, осының бәрін қазір жоғары жаққа жазып, жеткізу арқылы біртіндепі орындалып жатыр. Бұл өңірлер бойынша. Мен енді Түркістан облысы өңірінде болғаннан кейін осындағы көп халықтың шешілмей жатқан өте өзекті мәселелерін көтеріп жатырмыз...

Бізді шенеунік ретінде сынаудың қажеті жоқ

3. Бұл жерде әркімнің ойы әртүрлі. Менің ойымша, әр адам өз нәтижесін ісі арқылы дәлелдейді ғой. Бағасын халық беру керек. Енді мен өз басым ҰҚСК консультативтік кеңес ретінде өзінің дәрежесін көрсетіп, дәлелдеп берді деп ойлаймын. Себебі, қазір шағым айтушы, президенттің сенімді өкілісіз ғой, деп келіп жатқан халық көп. Әрине, сыни пікірлер болады. Азаматтық қоғам болған жерде солай болу керек негізі. Бізде біреу таққа отырса, сол адамға тек қана жағымпазданып, мақтау айтса деп отырады ғой. Негізі сын болған дұрыс. Бірақ, сынаған кезде де бізді шенеунік ретінде сынаудың қажеті жоқ. Біз ол жерде ешқандай айлық алмаймыз, ешқандай да пайда таппаймыз, ешқандай жеке бас мүддесі үшін барған жоқпыз.

Мәселен, біз кез-келген ауыл-аймақтарды аралап, шағымдарын тыңдаған кезде өзіміздің қаражатымызға барамыз, Астанаға да мен өзімнің қаражатыммен барып, халықтың шағымын жеткізіп жүрмін. Бұл бір жеке басымның мүддесін пайдалану емес. Бұл жерде азаматтық қоғамның дамып, мемлекеттің өркениетті ел қатарына қосылуы үшін қосып жатқан үлесіміз деп есептеймін. Ал, оны кейбіреулер дұрыс түсінбей жатыр. Көп адам хабарласып: «Сен неғып отырсың, саған Президент өстіп берді ғой», дейді. Мен: «Президент маған халық сеніп отырғаннан кейін осындай мүмкіндік берді. Егер сіздердікі дұрыс болса, сіздердің жанайқайларыңызды жеткіземін. Ал, өзіңіздің жеке басыңыздың мүддесі үшін болса, онда кешірерсіз, мен біреудің қолшоқпары емеспін. Тек қана қоғамдық, халыққа керек іс болатын болса ғана мен бұны жеткіземін», деп айтамын. Бірақ, көбісі өзінің жеке бас мәселесіне шешуге келгенде осындай ұлттық кеңес мүшелерін пайдаланғысы келетіні рас.

Асхат Садырбай, журналист, ҰҚСК-нің мүшесі

Талқы - білім саласы туралы болмақ...

1. Бұл кеңестің отырысы өткен жолғы кеңес отырыстарына қарағанда ерекше болады. Өйткені онлайн форматта өтеді. Екіншіден, біз бұл жолы білім тақырыбына, білім саласына көбірек ден қойып, осы мәселенің айналасындағы проблемаларды көтерсек деген ниеттеміз. Ақпан айында өзіміздің жұмыс тобының жиналысында бұл мәселе талқыланған болатын. Кеңес мүшелерінің көпшілігі сол кездің өзінде осы білім мәселесін көтерейік, осыған көңіл бөлейік деп ұсыныс айтылып, сол жерде өзара ақылдасқан болатынбыз. Сондықтан тақырып -  білім мәселесі. Бүгін ұлттық кеңестің хатшысы Ерлан Қарин мырза да ол жайында айтып өтті ғой.

Қазір не көріп отырмыз?

2. Ұлттық кеңес не істей алды дегенге келетін болсақ, ұлттық кеңестің осыған дейін екі отырысы өтті. Ең алғашқы отырысында бірнеше ұсыныстар айтылды. Сөз сөйлегендерді білесіздер. Бірнеше мәселелердің төңірегінде әртүрлі тақырыптар бойынша, әлеуметтік, саяси, экономикалық бағыттағы мәселелер төңірегінде бірнеше мәселелер қозғалды. Ұсыныстар да берілді. Одан бөлек ұлттық кеңестің мүшелерінің біразы Президентпен кездесуде болды. Олар да өдерінің ұсыныстарын, проблемаларын айтып үлгерді. Екінші кеңесте ұлттық кеңестің бірінші отырысынан кейінгі жұмыстардың нәтижесіне көп уақыт бөлінді.

Ал, қазір не көріп отырмыз? Саяси реформаларға келетін болсақ, бірнеше заң жобалары қазіргі таңда ұсынылып, қаралып, Президенттің қол қойылуы ғана күтіліп отыр. Ол бейбіт жиындар туралы заңдар. Тағы да баптарға байланысты мәселе. Одан кейін құқықтық заңнамалық кодекске байланысты, партия туралы заңға қатысты. Бұл да сол ұлттық кеңестің отырысында көтерілген еді. Осындай-осындай елдің саяси мәселесіне қатысты, экономикалық әлеуметтік мәселесіне қатысты көптеген мәселелер көтерілді. Енді олар осылай бірте-бірте шешімін тауып келе жатқанына қуанамын.

Одан кейін, мен не істей алдым дегенде келсек, бұл жерде ұлттық кеңестің мүшелері біз өзіміз бірнеше топқа бөлінгенбіз. Мен осы әлеуметтік-мәдени топтамын. Бұл жерде де біздің топта үлкен ағаларымыз, әпкелеріміз ұлттық кеңестік бірінші отырысында сөз алған болатын. Біраз мәселе айтылды. Енді бізде қазіргі таңда тек қана ұлттық кеңестің шеңберінде емес, жалпы елдегі өзекті мәселелерді көтеріп жатырмыз. Кейбіреуі жергілікті биліктің араласуымен, назар аударуымен шешіліп жатса, кейбіреулері әлі күнге назардан тыс қалуда деген сияқты. Енді әртүрлі. Біз бірінші отырыста да, екінші отырыста да өзіміздің нақты ұсыныстарымызды бердік. Ол мәселелер қаралып жатыр. Одан бөлек, біз министрлермен кездестік. Ол кезде де өзіміздің қоғамда мазалап жүрген бірнеше сұрақтарды министрге қойған болатынбыз. Ол жайында мен өзімнің әлеуметтік желідегі парақшамда жаздым. Біз қоғамда болып жатқан проблемаларды зерттеуге және оны көтеру, жеткізу, сол проблеманы шешудің жолдарын іздестіруге күш салып жатырмыз.

Әзірге баға беру асығыстық болар...

3. Кеңеске қазір баға беру қиын. Бұл консультативтік құрылымның құрылғанына бір жыл да болған жоқ. Сондықтан, меніңше әзірге баға беру асығыстық болар. Қазір жұмыстың нәтижелерін жайлап-жайлап көріп жатырмыз ғой. Әсіресе, мынау бірнеше баптарға қатысты... Сондықтан, күзге қарай, мүмкін осы жылдың соңына қарай біраз жаңағы көтерілген мәселелер шешімін тауып, болмаса нақты бір қадамдар жасалған кезде барып толыққанды баға беруге болатын шығар. Бірақ, осы атқарылған жұмысты да біз жоққа шығара алмаймыз. Оның да өзінің орны бар. Оның өзі де атап өтетін нәрсе.

Енді сыни көзқарас қашанда әртүрлі болады. Ұлттық кеңестің орнына басқа орган болса да, басқа мәселе болса да әртүрлі көзқарас болады. Өйткені біз құқықтық-зайырлы мемлекетте өмір сүріп жатырмыз. Бізде әрбір азаматтың еркін пікір білдіруге құқы бар. Сіздің де, менің де... Сондықтан, бұл жерде сын айтылды екен, болмаса мынандай пікір айтылды екен деп артымызға қарайлап тоқтап қалмай, қайта осы берілген мүмкіндікті пайдаланып, ел үшін маңызды жүйелердің өзгеруіне, осы мүмкіндік беріліп тұрғанда қол қусырып отырғанша, соны пайдаланып бірнәрсе істеуіміз керек деп ойлаймын. Сөзден іске!

Расул Жұмалы, саясаттанушы, ҰҚСК-нің мүшесі:

Көп нәрсе атқарушы орындар мен Ақордаға келіп тіреледі

1. Алдағы 27-мамырдағы кездесу онлайн форматта өтеді. Әзірге белгілі болған негізгі тақырыптардың бірі - білім беру саласындағы реформалар. Бұл кеңес ақырындап жүйеленіп келе жатқан құрылым ғой. Бірінші, екінші отырысында қандай мәселелер көтерілгені белгілі. Менің ойымша, осы бағытпен жүретін сияқты. Бұған дейін ішкі саясат, экономика, руханият тұрғысында бірталай мәселелер көтерілді. Атап айтқанда, алғашқы отырыста ең негізгі басымдықтар айтылып кетті. 2019-дың желтоқсан айында өткен екінші отырыста осы айтылған ұсыныстар, пікірлер жүйеленіп, олардың бірталайы Президенттің сөзінде, мәлімдемесінде көрініс тапты. Соның нәтижесінде нақты тапсырмалар берілді. Яғни, бірінші отырыс пен екінші отырыстың арасында жұмыс тоқтап қалған жоқ. Нәтижесінде, біқатар заңдарға өзгерістер енгізу керектігі айтылды. Оның бірқатары БАҚ-та, әлеуметтік желілерде таралды. Оны көрдіңіздер.

Мысалы, мен кіретін саяси топқа қатысты айтар болсам, бұл топ сайлау жайындағы заң, саяси партиялар туралы заң, митинг өткізу жайындағы заң сияқты мәселелерді көтерді. Ол бойынша нақты өзгерістердің енгізіліп жатқанын көріп отырмыз. Әрине, оларға қатысты сыни пікір де, көңіл толмаушылық та жоқ емес. Меніңше, осы мәселелер келесі отырыстың күн тәртібінде қаралатын сияқты. Дегенмен, бір жеңілдетулер енгізілді. Бірақ, орта деңгейде, атқарушылар деңгейінде. Әлі де бірқатар шектеулер, кедергілер сақталуда. Менің ойымша, осы мәселелер көтерілетін шығар.

Ұлттық кеңестің жұмысының өзі кеңес беру, консультативті орган ғой. Мұны да ескеру керек. Бұл отырыста барлық мәселені шешіп жібереді, тез арада еңсеріп жібереді деген де ағат пікір сияқты. Мұнда көп нәрсе атқарушы орындарға, биліктің өзіне, Ақордаға келіп тіреледі.

Ұлттық кеңеске қатысты менің өз ойым, көзқарасым – жоқтан бар жақсы. Осындай ұйымның болмағанынан болғаны дұрыс. Өзінің бар екендігін, өзінің қажет екендігін өте қарқынды деңгейде болмаса да, уақыт өткен сайын дәлелдеп келе жатқан құрылым. Әрине, қоғамды да, жекелеген азаматтарды да, азаматтық белсенділерді де түсінуге болады. Осындай өзгерістер, жаңа уәде етілген реформалар, оның ішінде саяси реформалар неғұрлым тез өтсе дегендей пікірлер айтылады. Неғұрлым шапшпаң жүргізілсе деген үміт-тілек те жоқ емес. Бірақ, өкінішке қарай саясатта реформалар популизммен, асығыс-үсігіс жасалғаны дұрыс емес. Қайта артық қылам деп тыртық қылады. Менің меңзеп отырғаным - саясатта реформалар байсалды түрде, шегінен шығып кетпей, оның ішінде тұрақтылық пен қауіпсіздікке нұқсан келтірмей, асыра сілтеушілікке ұрынбай жүргізілгені дұрыс. Дегенмен, қоғамдағы тезірек болса екен деген көңіл толмаушылықты түсінуге болады.

Бірақ, екінші жағынан саясаттың өз заңдылықтары, өзінің шындығы да осында. Менің негізгі айтып отырғаным - қоғамдық кеңестің болғаны дұрыс. Әрине, өзіміздің ішіміздегі кейбір дүниелерге көңіл толмаушылық бар. Мысалы, неліктен партия құру үшін 40 мың дауыстың орнына 20 мыңға дейін қысқарды. Одан әрі қысқартуға болар еді дегендей мәселелер. Я болмаса митингтер мен шерулерге қатысты бірталай әкімшілік кедергілердің көбіне ойдан шығарылғаны қалайша пайда болды деген мәселелер. Бірақ, қайталап айтамын, жоқтан бар жақсы.

Қайта, осы алаңның болғаны билік пен қоғамның арасында қосымша өркениетті пікір алмасудың бір мүмкіндігі болып отыр. Меніңше, оны  пайдаланып қалған дұрыс. Сондықтан орысша айтқанда «осторожный оптимизм» дейді ғой...

Тағы бір айта кетерлігі - қоғамдық кеңесте тек қана оның қоғамнан шыққан өкілдері ғана емес, биліктің өзі, оның ішінде төрағасы Президент те өзінің мәлімдемесімен, өзінің көзқарастарымен бөлісіп тұратыны белгілі. Сондықтан бұл жерде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та меніңше қосымша бір мәселелерді қозғайтын шығар.

Елдегі коронавирусқа, карантин шараларына байланысты қазір кеңестің жұмысы кішкене тоқырап қалды. Ол енді обьективті, түсінікті жағдай. Бірақ, қазір карантин әлсін-әлсін алынып жатыр ғой. Сондықтан Ұлттық кеңестің жұмыстарына да кішкене жан бітеді.

Бір-екі кездесуде барлығын қамту мүмкін емес

2. Енді кеңеске әу баста өзіңіз білесіз 40-тан астам қоғамның түрлі салаларының өкілдері енді. Әу баста біз келісіп алған болатынбыз. Бұл қоғамдық кеңес өзінің атына заты лайық болуы керек. Сондықтан кеңестің 40-тан астам мүшесі өзінің ғана көкейінде жүрген мәселелермен шектеліп қалмай, ұжымдық тұғырда болуы керектігі, сол арқылы ең негізгі басымдықтарда ортақ ой-пікірге келу қажеттігі келісілген. Соның нәтижесінде ұлттық кеңес дабыра ойлар, тек қана бір-бірімен келіспеушілік, дисбуттардан көз ашпау сияқты дүниеге бой алдырмай, нақты бір шешімдерге тоқталып отыр. Әрине, көкейде жүрген мәселелер әркімде жеткілікті. 40-тан астам мүше меніңше әрқайсысы он емес, жүздеген ұсыныстарды енгізуге мүддесі бар еді. Бірақ, десе де кез-келген құрылымның өзінің бір регламенті, шектеулері болады. Оның ішінде ұйымдастырушылық, уақыттық шектеулер. 24 сағат бойы кеңесіп отыру қайда? Сондықтан бар мүмкіндіктерді ескере отырып, сол 40 мүшенің өз ортасында үш топқа бөліндік. Соның ішінде өз басым саяси топқа түстім. Күн тәртібінде көптеген мәселелер бар. Бірақ, барлығын бір уақытта немесе бір-екі кездесуде қамтып өту мүмкін емес.

Біздің ортақ ұйғарымымыз – осы жүйе құраушы бірнеше заңға өзгерістер енгізу. Себебі, осы өзгерістер енгізілетін болса, олар қалған өзекті мәселелерді артынан сүйреп әкелгендей әлеуетке ие болар еді. Сондықтан  басқалардың алдында басымдық бердік. Сөз болып отырғаны бұл сайлау, саяси партиялар, баспасөз, өзін-өзі басқару және өзін-өзі жергілікті басқару және митинг, шерулер мәселесі. Олардың барлығы да кереметтей ескерілді, кереметтей іске асып жатыр деп тағы айта алмаймыз. Оның субьективті, обьективті себептері бар. Бірақ, ешнәрсе тындырылған жоқ деуге және болмайды.

Бұл жұмыс өткен жылдың қыркүйек айынан осы уақытқа дейін жалғасын тауып отыр. Оның нақты көрінісін ресми қабылданған, жария етілген шаруалардан байқауға болады. Оның ішінде енді шама-шарқымызша, әсіресе Астанадағы ұлттық кеңес өкілдері парламенттің жұмысына не болмаса үкіметтік мекемелердің кеңестеріне қатысып тұрды. Тек қана саяси мәселелер емес. Экономикалық мәселелер, жер тақырыбына қатысты, басқа да өзекті тақырыптар. Сол жерде өзіміздің ойымызды білдіріп, өзіміздің мүддемізді жеткіздік. Сондықтан бұл жерде мен нақты мен мынаны бітірдім, мынаны бітірдім деп айта алмаймын. Ұжымдық жұмыс болғаннан кейін барлығы ортақ. Бір айта кетерлігі, бұл жерде де әлі баяғы бір инерция күшін сақтап отыр. Реформаға онша барғысы келмейтін. Әсіресе атқарушы, орта деңгейдегі. Десе де соны түсіндіру, өмірдің өзгергенін, қоғамның талабының өзгергенін жеткізе отырып, жаңағыдай мәмілеге келу тұрғысынан меніңше әжептеуір қозғалыс бар.

Кез-келген мүмкіндікті пайдалану керек

3. Дәлелдеді, дәлелдеген жоқ деп менің баға беріп жатқаным кішкене орынсыздау болар. Себебі, өзім осы құрылымның мүшесі болғаннан кейін менің ойым кішкене субьективті болады. Сондықтан, бағаны қоғам беру керек. Екіншіден, уақыт өткеннен кейін жалпы халықтық көзқарас қандай болады? Нақты нәтиже берді ме, берген жоқ па? Меніңше кез-келген жоба болсын, бағдарлама болсын, құрылым болсын оның жұмысы нақты нәтижесімен анықталуы керек.

Әрине, әу баста құрылымға енесіз бе деген ұсыныс келіп түскенде, бірқатарымыз, оның ішінде менде бармын, күмәнданып, кіру керек пе, кірмеу керек пе, мұның пайдасы бола ма, сөзден аспайтын жай отырыс бола ма, деген ойлар болды. Себебі, бұған дейін демократия мәселелері бойынша комиссия, жер мәселелері бойынша комиссия көбіне сол сөзден шыға алмай, пікір-таластан аса алмай тоқырап қалған. Десе де жоқтан бар жақсы. Осындай мүмкіндік туғанда неге пайдаланып қалмасқа деген ұстаным өз басыма әсер етті. Әу баста айта кету керек, бұл құрылымға бірталай азаматтар кірмей қалды. Бас тартқаны бар. Мен сенбеймін бұдан бірнәрсе шығатынына деп. Бұл әрине өздерінің құқығы. Ол үшін оларды ешкім айыптамайды.

Бірақ, қайталап айтамын – осы кеңестен не шығады, болмай-ақ қойсын, бәрібір түк бітірмейді деген пікірге мен өз басым келіспеймін. Саясат мұның ең негізгі анықтауыштарының бірі. Саясат дегеннің өзі мүмкіндіктер алаңы. Бұл ұзақ мерзімді күрес. Кей кездері көзге көрінбейтін. Бұл пікірлер сайысы. Және өркениетті жолмен жүреміз десек, бұл жердегі кез-келген мүмкіндікті пайдалану керек. Осы тұрғыдан алғанда кеңестің құрылғаны оның құрылмағанынан, болмағанынан жақсы.

Елестетіп көрейік, кеңес болмаса?

Әрине, ешнәрсе құрдымға кетпес еді. Бірақ, мысалы осыдан бір жыл-бір жарым жыл бұрын ойлап көрдік пе митинг туралы заңға өзгерістер енетінін. Баспасөз туралы заң қайта қарастырылуы ықтимал екенін. Партиялар жайындағы да солай. Осыдан 1-1,5 жыл бұрын мүлде ешкім ләм-мим аузын ашпаған. Сондықтан бұл тұрғыда мен үшін жағымды тәжірибе. Кереметтей болмаса да, қателіктері болса да...

Енді қателеспейтін адам жоқ. Тек қана ешнәрсе істемеген, ешнәрсе бітірмеген адам ғана қателеспейді. Мұны да мойындау керек.

Ал, Ұлттық кеңес жайында, бұдан ешнәрсе шықпайды, бәрі бекер, бәрі сатылып кеткен, бәрі ҰҚК-нің адамдары деп отыра берсек, қоғамда ұйқылы жағдайда болады, билік те тоқыраған жағдайында қала береді. Арасындағы мәселелер шешілмейді. Күрделене береді, ушыға береді. Сондықтан, осындай тәуекелдердің арасында қоғамдық келісімнің пайда болғаны, өркениетті пікір алмасудың қосымша бір алаңының жасақталғаны мен үшін бұл жағымды жаңалық.

Дайындаған Нұрбике Бексұлтанқызы

Abai.kz

28 пікір