Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Тарих 4310 12 пікір 21 Мамыр, 2020 сағат 15:03

Шығыс Түркістан күресіндегі Доскенов кім?

1944 жылы Шығыс Түркістан Республикасының құрылуы кезеңінде Кеңес одағынан жіберілген белді, беделді, батыр ұлдардың бірі Бәйділдә Доскенов болды. Іле, Тарбағатай, Алтай өңірінің ғасырлық жас жасаған қариялары күні бүгінге дейін аңыз қылатын Б.Доскеновтың кім болғаны?

«Бәйдiлдә Доскенов бүгiнгi Қызылорда қаласына жақын Қызылөзек елдi мекенiнде 1902 жылы туған... 1926 жылы өз еркiмен Қызыл әскер қатарына жазылып, солдаттық, сарбаздық қызметi зейнеткерлiкке шыққанша жалғасқан... 1931 жылы Омбы қаласындағы 3 жылдық әскери училищеде оқып, оны қызыл дипломмен бiтiргесiн арнайы бұйрықпен Чита облысындағы әскери бөлiмге жiберiледi. 1938-1939 жылдары Хасан көлiндегi ұрыста жараланады. Осы ұрыстағы батырлығы ескерiлiп, «Қызыл Жұлдыз» орденiмен марапатталады. Мұнан кейiн ол Батыс Украинаны жаудан босатуға және Ленинград қаласы түбiнде финдермен болған соғысқа қатысады әрi осында ауыр жарақат алады. Осы жолы омырауына екiншi рет «Қызыл Жұлдыз» орденiн тағады. Емделiп шыққан соң ол Харьков жоғары әскери училищесiнде оқиды... Ұлы Отан соғысы басталған шақта Кушка қаласындағы әскери бөлiмде эскадрон командирi болып Орта Азия әскери округының қолбасшысы генерал Курбаткиннiң бұйрығымен Қазақстанда ұйымдастырылып жатқан 105-iншi Қазақ ұлт атты әскер дивизиясының 2-шi полкiне командир етiп бекiтiледi...

Бәйдiлдә Доскенов басқарған батальон жауынгерлерiнiң ерлiгi жайлы «Отан абыройы үшiн» атты газеттiң 1943 жылғы 13-тамыздағы санында: «Капитан Доскеновтың гвардияшылары талай километр жердi басып өттi. Олар Украина жерiне үздiк ендi, олар әлi де iлгерi ұмтылып барады» деп жазған-ды. Сол сияқты КСРО-дағы бас газет болып табылатын «Правда» газетiнiң 1943 жылдың 13-тамыздағы санында: «Капитан Доскенов бастаған атқыштар батальоны асқан ерлiкпен тiке шабуыл жасап, жауды бiрнеше маңызды бекiнiстерден қуып шықты» – деп жазған. Курскi шайқасына қатысқаны жөнiнде жазушы Федор Селиванов «Курск шайқасы» (1956 ж) атты кiтабында: … «Қазақтар өз қанын төгiп азат еткен Украин жерiн басып келедi» – деп қазақ жауынгерлердiң ерлiгiн мақтаныш сезiммен жазған. Майдан даласындағы асқан ерлiгi үшiн Б.Доскенов «Қызыл ту» орденiмен наградталады. Курскi шайқасынан соң Б.Доскеновты Москваға алдыртып, ол М.И. Калининнiң қабылдауында болады. Бүкiл Ресей ақсақалы атанған Калинин және әскер басшылығы арнайы тапсырма жүктеп, Қытай асады...

Бiзге де Б.Доскеновтың Қытайда болған кездерi белгiсiз болып келдi. Өмiр-деректерiнде бұл турасында қысқа қайырып, «майданда болдым» деген сөзбен ғана шектелген. Бәйдiлдә Доскенов 1946 жылы желтоқсан айында Алматыға оралады» (Тынышбек Дайрабай, «Қытайдың батыры атанған қазақ». «Түркістан газеті» 29 Сәуір 2010)

Біз бұл мақаламызда жоғарыдағы баяндағы «Б.Доскеновтың Қытайда болған кездерi белгiсiз болып келдi» деген сөздің жұмбағын шешуге тырысамыз.

1939 жылдан басталған Өр Алтай ұлт азаттық күресі кейіннен Іле, Тарбағатаймен ұштасып, Шығыс Түркістанды азат ету шайқастарына ұласты.

«Ұлттық армияның бұл кездегі пайдаланған құралдары жаяулар мылтығы, автомат пен аздаған пулеметтер болатын. Ауыр қарулар жоққа тән еді. Ең мықты құрал – жауынгерлердің азаттыққа, еркіндікке ұмтылған жігер-қайраты. Солай да жауынгерлерді соғыс шеберлігіне үйретудің, партизандық соғыс тактикасын жетілдірудің маңызы зор болды. Сондықтан Кеңес одағынан әскери мамандар, тәжірибелі командирлер сұрауға тура келді. Бұл ұсыныс қабылданып, генерал Палинов, полковниктер Доскенов, Ғайса Дүйсенбеков, Ісламбек Әзезханов, майор Әбдірахман Орекенов секілді әр ұлттан құралған ондаған офицерлерді жіберді. Бұлар ұлттық қарулы күшті соғыс өнеріне жаттықтырумен айналысты». (Ғалым Нөкішұлы «Шығыс Түркістандағы дауыл» «Қазақ ұлт-азаттық қозғалысы», 12-том, Астана:«Астана полиграфия» АҚ, 2008.291 бет).

Шын мәнінде, «КСРО Компартиясы Орталық Комитеті Политбюросы 1943 жылы 4 мамырда Шынжаң үшін осындай ұйымдастырулар турасында шешім қабылдаған еді. Онда Шың Сысайды Шынжаңдағы билік және құқықтарынан аластату үшін бірқатар шараларды қолдану қажеттілігіне көрсетілді. Төңкерістік ұйымдар мен Шынжаң үшін төңкерістік кадрлар дайындау туралы қарар қабылданды. Сонымен бірге Шынжаңмен шекаралас Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстанда «ұлттық даму топтары» үшін арнайы басқарушылар мен келешекте Шынжаңдықтармен бірге жұмыс істейтін үгіт-насихат жүргізуші қайраткерлер дайындайтын бірнеше оқу орындарын ашу туралы да шешім қабылданған болатын». (L.Sheng. Çin’in Xinjiang Bölgesi Geçmişi ve Şimdiki Durumu, Xinjiang Halk Yayınevi, Urumçi 2006, s. 156-бет).

Сөйтіп, «Б.Доскенов 1943 жылдың соңғы күндері шекарадан өтіп, Шәуешекке барды. Онда аты алыптай болғанымен, заты нашар ұйымдасқан дивизияның кеңесшісі болып жолдама алды» (Сейдәлім Тәнекеев. «Доскен батыр» «Қазақ елі» газеті. 2005 жыл 27 сәуір және «Ақиқат» журалы 2006 жыл. 3 нөмер).

«1944 жылы наурыз айының бесі күні Моңғолия бас уәлиі, маршал Хорлоогийн Чойбалсан мен Шығыс Түркістан ұлт-азаттық қозғалысының қолбасшысы Оспан Ісламұлы кездескенде, КСРО өкілдерінен:

-И.А. Иванов – Моңғол еліндегі КСРО елшісі, КГБ генерал полковнигі. 2) И. Ковалев – Байкал әскери округінің командирі, генерал полковник. 3) А. Рубин – Әскери Министрінің кеңесшісі, КГБ генералы. 4) Лампанг – НКВД барлау бөлімінің бастығы, генерал майор. 5) Греднеев – Ішкі Істер Министрінің орынбасарының кеңесшісі, генерал майор. 6) Ф.С. Попов – Ішкі Істер Министрлігінің орынбасарының кеңесшісі, генерал майор» қатысқаны туралы дерек бар. (Жәди Шәкенұлы. Алтайдың ақиық батыры. «Оспан батыр»., -Алматы, 2007 жыл).

Шынжаңдағы ұлт азаттық тақырыбы сөз болғанда А.Татанайұлы, П.Сүгірбаев, Қ.Доқасұлы, т.б. еңбектері мен естелік деректерден Доскенов есімін көп кездестіреміз.

Шынжаңдық қарт жауынгер Қожай Доқасұлының естеліктерінде мынадай бір әңгіме шертіледі:

1945 жылы 11 наурыз «Іле жақтан бір әскери джип машинасы отряд штабының алдына келіп тоқтай қалды. Машинадан басына сәлде ораған, сом денелі, жасы қырықты еңсеріп қалған ұзын ақ шапанды бір кісі түсті. Лескин оған қарап: «Құрметті Әлихан төрем! Сізді қызу қарсы аламыз», – деп құрмет жасады.

Ол қасындағы оққағарлары мен хатшыларын ертіп Лескиннің кеңсесіне кіріп, істі отряд бастықтарын жинап жиын ашты. Бұйрық бойынша барлығымыз дәрет алдық. Ислам дініндегілеріміз сапқа тұрып, Әлихан төремен бірге бесін намазын оқыдық. Намаздан соң Әлихан төре ұзақ сөз сөйледі.

– Кеңсай партизандары орыс ұлтының қаһарман ұлы Лескиннің қолбасшылығында жау әскерімен төрт рет сұрапыл соғыс салып, Кеңсай, Сантай, Утай, Бұраталаны азат етті. Жаудың мыңнан астам әскери күшін жойып, мың жарымнан артық қару-жарақ олжалап, орасан зор еңбек көрсеттіңіздер. Біз, Шығыс Түркістан үкіметі – сіздердің партизандарыңызды Кеңсай үшінші атты полкі етіп құрдық. Полк командирі – Лескин, – деп жариялады.

Онан соң полисе жасыл түсті туды табыс етті. Лескин табыстап алған туын аташқа байлап тігіп қойды. Жасыл ту көктем самалымен желбіреп тұрды.

– Үшінші полк – орыс елінен келген қаһарман офицерлер мен солдаттардың көмегінде тарихтан өшпес орын аласыңдар. Партизандарымыз, орыс, қазақ туысқандарымызды негіз етіп құрылған батырлар еді. Қазірден бастап армия болып құрылдыңдар. Ертеңнен бастап әскери киім таратылады. Үстілеріндегі көне киімдеріңді тастап, әскери киім киіп, әскери тәрбие аласыңдар. Жақсылап білім алыңыздар, жақсы білім алғандарға, соғыста ерлік көрсеткендерге орден, әскери шен беріледі, – деді Әлихан төре.

Оның әр сөзіне ду қол шапалақ соғып: «Алға! Алға!», – деп айғайлап тұрмыз. Оның сөзінің соңында:

– Сендер Тарбағатай, Алтай аймақтарын азат етесіңдер. Дайындық көріп, аттаныңдар. Біз сендердің жеңістеріңнен қуанышты хабар алып тұратын болайық, – деп сөзін ұранмен бітірді Әлихан төре.

Лескин орысша сөйледі, аудармашы қысқартып аударды. Ұққанымыз: ол Әлихан төреге Алтайды азат етеміз, – деп уәде берді.

Полк командирі – Лескин, орынбасары – Денисов, комиссары және ақылшысы болып – Доскенов тағайындалды. Полк бес эскадроннан құралды» (Қ.Доқасұлы «Офицердің қойын дәптерінен». Бейжің. Ұлттар баспасы. 1996 жыл. 139-140 бет).

1945 жылы маусымда Кеңес Одағы коммунистік партиясы Орталық Комитеті саяси бюросы мынадай бір ерекше қаулыны қабылдады: «Шығыс Түркістан әскери қосынын бекемдеу үшін, Шынжаңға 500 қызыл армия командирі мен 2000 сержант және жауынгерлер жіберіледі. Бұл қызмет жедел орындалсын, сондай-ақ ішкі істер халықтық комитеті бөлімінің бастығы Берия Министрлер кеңесі төрағасының бірінші орынбасары, сыртқы істер халықтық комитетінің мүшесі Молотовқа қағаз жүзінде мәлімет жасап тұрады. Зеңбірек, оқ-дәрі, тасымал автомобилі және әскери істер хабарласу, қолбасшылық ету жабдықтары, түрлі жұмсалатын заттарды қамтыған қару-жарақтар Шынжаңға тасып әкелінеді. Кейбір шешуші сипат алатын күрестерде Кеңес Одағы армиясы көтерілісшілермен тізе қоса соғыс жүргізеді», – делінген... Шың Шысай заманындағы сияқты, форма жағынан алғанда, Кеңес Одағының үш аймақ көтерілісіне қатынасқан және қолдаған барлық шаралары Әлихан төре қайта-қайта жіберген «...Кеңес Одағының Шығыс Түркістан республикасындағы әр ұлт халқын қолдауын үміт етемін» деген талабына сәйкес-ті. Қару-жарақ жабдығы және неше мың жетекшісімен ғана шектелген жоқ, көтеріліс туындаған бірнеше әкімшілік өңірлердегі тұрғындар солтүстіктегі көршілерінің недәуір зор мөлшерде заттық жақтан үздіксіз қолдауына ие болды... («Жұңго Шынжаңның тарихы және қазіргі жағдайы», Үрімжі, «Шынжаң халық баспасы», 2006 ж. 284-бет).

Кеңес одағынан Шынжаңға көмекке барғандардың бірі Бекішев Хакім Нұрғалиұлы (1910-1989).  1942-1945 жылдары орыс-герман соғысына қатысып, 39 және 11-армиялардың құрамындағы 101-ші дербес бригадасының 1-ші атқыштар батальонының командирі болған. 1945-1946 жылдары Шығыс Түркістанның азаттығы үшін күреске қатысып, подполковник шенінде әскери қолбасшылық істеген. Х.Бекішевтің «Азаттық мұраты» атты естеліктер кітабы 2018 жылы Алматыда жарық көрген.

Ол кісі Доскенов туралы былай дейді: «Доскенов Байділда менен екі жас үлкен еді. Жастай әке-шешесінен жетім қалып, балалар үйінде өсіп, тәрбиеленген. 1928 жылы қазақтарды бірінші рет әскерге алған. Содан бері үздіксіз армия қатарында болған, ақылды, екпінді, бірсөзді, таза, адал ниетті коммунист еді. Партия қайда жіберсе де сөзсіз барып, тапсырманы мүлтіксіз орындаған. 1971 жылы 60 жасында дүние салды. Артында тұяқ қалған жоқ» («Азаттық мұраты», құраст: Х. Хакімұлы. Деректі хикаят. Алматы: «Сеп» баспасы, 2018 жыл. 33 бет).

Мұндағы «артында тұяқ қалған жоқ» деген баян зерттеуді қажет етеді. Себебі, «Доскен батыр атанған – Бәйділдә» кітабында «Бәйділдә Доскеновтың ата-тек шежіресі» атты бөлімде: «Руы қыпшақ тайпасының Алтыбас руынан... Доскеннен – Нұрділда, Жанділда, Байділда; Нұрділдадан – Сәрсенбай, Бейсенбай; Жанділдадан – Ермек; Байділдадан – Сламбек туған» («Доскен батыр атанған – Бәйділдә». Құраст: Т.Дайрабай. Алматы: «Орхон» баспа үйі, 2018жыл. 135 бет) дейді.

Өзімен бірге саптас, майдандас болған Б.Доскенов хақында Х.Бекішевтың аталған естелігінің көп жерінде ауызға алынады.

«1945 жылдың июнь айы... Қытай әскері-Гоминьданнан босату жорығына әзірлік жасала бастады. Екінші атты әскер бригадасы Алтай, Тарбағатай елдерін босатуға бағытталған болатын.

Бригадаға командир етіп Лескин Фатей Ивановичты, оның орынбасарлығына мені тағайындады. Бригадада үш атты полк құрылып: I-атты полк командирі етіп Корташев, II-атты полк командирі болып Юнич Алтухан, ұлтты татар, III-атты полк командирлігіне Қожахметов, ұлтты ұйғыр, штаб бастығына Салайдинов бекітілді. Бригаданың саяси кеңесшілері болып Доскенов Байділда мен Шығыс Түркістан үкіметінен Сүгірбаев Дәлелхан бекітілді» («Азаттық мұраты», құраст: Х. Хакімұлы. Деректі хикаят. Алматы: «Сеп» баспасы, 2018 жыл.10 бет).

Осылайша, тарих парағының бір бетіндегі тақырыбымызға себеп болып отырған Б.Доскенов Кеңес одағы армиясы құрамында он неше жыл қан кешті ұрыстарды бастан кешіріп, ендігі өмірінде Шынжаң халқының азаттық күресінен бой көрсетеді.

Бәйділдә Доскенов 1944 жылғы Шынжаң тарихындағы аса ірі оқиғаға куә болып, Шығыс Түркістан Республикасын құрушылардың қатарында Құлжадағы күрестерде жетекші әскери қызметтер атқарды. Құлжа азат болғаннан кейінгі Үрімжі-Манасқа қарай беталған қосын мен Тарбағатай-Алтайды азат етуші қосындар құрамындағы негізгі тұлғаның бірі болды.

Аталған ұрыстар төңірегінде өз естелігінде Қ.Доқасұлы: «Шәуешек азат болғанда гоминдаңның әскерлері мен әкімшілік мансаптылары, ханзу бұқаралары Кеңес шекарасына қарай қашты. Лижыншың деген гоминдаң офицері 200-ден астам (екі эскадрон) ұлттық әскерді бастап, ақиқатқа қайтқан екен. Сол әскерлерді қосып 6-қазақ атты полкі болып құрылыпты. Полктің адам саны – 850, полк командирі – Қайса Дүйсенбеков, осы полктің құрылымына 92-і офицер қатынасыпты. Бұлардың дені – кеңестік қазақстандықтар екен, бұлардың келу себептерін бұрыннан қазірге дейін екі түрлі пікірде айтады.

Бірінші пікірдегілер: 1944 жылы қарашаның 16-сы күні Ысқақбек пен Александров – орыс, қазақ, қырғыз, татар ұлттарынан ұйымдастырылған бір атты батальон әскери-офицерлерді бастап, Кеңес елінен Қорғас арқылы Құлжаға келіп, Құлжа қаласын толық азат ету күресіне қатысқан, солардың бір бөлегі. Олар полковник Доскенов бастаған Кеңсай 3-атты полкімен бірге Сантай, Утай, Кеңсай, Арасан, Бұратала, Жынды азат етіп, Тарбағатайды азат етуге барған дейді. Екінші біреулер: олар – Бақты шекарасынан бір түнде жасырын өткен кеңес әскері – деседі. Кеңес елінен келген әскери көмек күші қайсы жолмен келсе де, «Үш аймақты» азат етуде, ұлттық армия құруда, әскери тәрбие жүргізуде, соғыс тәжірибесін үйретуде үлкен үлес қосып, өз елдеріне 1946 жылы шілде айында қайтты» (Қ.Доқасұлы «Офицердің қойын дәптерінен». Бейжің. Ұлттар баспасы. 1996 жыл) деп баяндайды.

Жорыдағы деректерге қарай отырып біз Кеңес одағынан Шығыс Түркістанға көмекке барған кеңестіктердің бірнеше дүркін, әр мезгіл, әр бір жолдар арқылы кіргенін аңдаймыз. Соның ішінде Б.Доскеновтың барлық күресте бастан-аяқ болғаны көрініп тұр. Шынжаңдағы ұлт-азаттық күресіне қатысты жазылған әдебиеттердің барлығы да соны растайды.

«Шағантоғай, Дөрбілжін, Тартас, Тиірмен, Ақсу сияқты жерлерге гоминдаң бір полкін шашыратып орналастырған екен. Онысы бізге өте қолайлы жағдай тудырып берді. Айбынды қосынымыздың келе жатқанын көрген Шәуешектегі гоминдаң әскерлері бет-бетімен қашып кетті. Шәуешек азат болысымен жергілікті үкімет құрылды. Басбай – Тарбағатай аймағының уәлиі болып тағайындалды. Ұлттық армияның қосыны кеңейтіліп құрылды. Майлы партизандары негіз етіліп, алтыншы полк құрылды. Дөрбілжінде төртінші полк құрылды және Сібе атты батальоны үшінші полкке қосылды, монғол дербес атты екінші бригадасы құрылды. Бригаданың командиры – Палинов, комиссары – Доскенов болды. Біздің полк командиріміз – Лескин болды, комиссарымыз – Кәкім Бекешұлы болды» (Қ.Доқасұлы «Офицердің қойын дәптерінен». Бейжің. Ұлттар баспасы. 1996 жыл).

«Дербес атты әскерлердің Алтайға бет алған 600 адамдық бұл бөлігі Кеңес Одағынан келген әскери ақылшы Доскеновтың басқаруында 11 тамыз күні Қобық ауданына жетті. Екі күннен соң Жеменей және Қобық партизандарымен бірлесіп Қобық қалашығына шабуыл жасап, онда бекініп жатқан гоминьданның 11-ші атты әскер дивизиясының 31 полкі мен горнизон отрядының қатты қақтығысына тап болады. Ұлттық армия бірнеше дүркін шабуыл жасаса да қаланы ала алмады. 17 тамыз күні ұлттық армия ауыр минометтер алдырып, жау бекіністерін ұдайы атқылағандықтан қалашықтағы жаудың жартысынан астамы жойылды. 21 тамыз күні түнде 31 полктің командирі Сюе Тинфон қалған бөлімдерін бастап, қоршауды бұзып шығып Сауанға қарай қашты. Сонымен дербес атты әскерлер бригадасы Қобықты алып, Алтайға баратын жолдағы үлкен тосқауылды талқандады.

Бұдан кейінгі жерде Ұлттық армияның дербес атты әскер бөлімі Алтай аймағына кіріп, Жеменей, Қобық партизандарының сәйкесуімен 3 қыркүйекте Ертіс бойындағы Буыршын аудан қалашығын алды. Онда тұратын гоминьданның уақыттық дивизиясының бір бөлігі мен 300-ден астам адамы бар гарнизон отряды қарсылықсыз тізе бүкті. 5 қыркүйекте Ұлттық армия Алтай аймағының орталығы Сарсүмбеден 18 километр қашықтықтағы Шеміршекке жетіп, Сарсүмбені қоршап жатқан Дәлелхан Сүгірбаев бастаған Алтай партизандар қосынымен қосылды». (Тұрсынхан Зәкенұлы,
«Ұмытылған республика» «Қазақ ұлт-азаттық қозғалысы», 12-том, Астана:«Астана полиграфия» АҚ, 2008.128-129 беттер).

Аталған жеңісті шерулердегі негізгі тұлғаның бірі біздің кейіпкеріміз Бәйділдә Доскенов екендігі айтпаса да түсінікті.

Сөйтіп, Өр Алтайдағы Оспан төңкерісіне моңғолия тарапынан және Іле, Тарбағатай арқылы көмекке барған кеңестік және жергілікті күштердің сәйкесуінде тұс-тұсынан жауға соққы беріп, 1945 жылы қыркүйекте Алтай аймағы азат болады.

Осы жайларға тоқталғанда, Х.Бекішев өз естеліктерінде Оспан хақында әңгімелерге ойысады:

«Сары-Сүме қаласы жəне бүкіл Алтай жері жаудан босағаннан кейін «Алтай елінің бостандық тойын өткізейік, тойға Оспан батырды партизандармен шақырайық» деген келісімге келді той бастаушылар. Оспан батырды шақыруға кімдерді жібереміз деген мəселені қарағанда бригаданың ақылшысы Байділда Доскеновты жіберуді ұйғардық. Оған Байділда разылығын берген. Байділда жанына 30-дай əскерді алып, Оспан батырдың аулына жүріп кетті.

Дəлелхан, Лескин, тағы сондай Алтай азаматтары болатын той мəселесін шешіп, қызу дайындалып жатты. Мен болсам бригаданың жауынгерлерін əскери соғыс əдісімен шынықтырудамын. Бір жеті жүріп, Байділда аман-есен қайтып келді. «Оспан батыр жанындағы нөкерімен жəне монғолдың генерал-майорымен бірге келетін болды» деген хабарды əкелді. Лескин, Дəлелхан мен Байділда үшеуі маған:

– Сіз Оспан батыр келгенде Сары-Сүме қаласына жетпей алдынан шығып, құрметпен, əскери тəртіппен қарсы аласыз, – дегенді айтты.

Мен ризалығымды бердім» («Азаттық мұраты», құраст: Х. Хакімұлы. Деректі хикаят. Алматы: «Сеп» баспасы, 2018 жыл. 87-88 беттер).

Осы тарихи деректі сол тұстағы оқиға куәгерлері де растайды.

«Әлихан төре, Ахметжан Қасыми, Сәйфидден Әзизилер қайтып келгеннен кейін, 1945 жылы қараша айының ортасында полковник Доскенов арнайы Оспанға барып оны Сарысүмбеге келіп, бастықтық міндетін тапсырып алу үшін үй ішімен көшіріп әкелді» (Пәтіхан Сүгірбаев «Алтай Арпалыстары». Үрімжі, 1995, 114-бет).

«1945 жылы қыркүйектің ішінде Доскенов Сарсүмбеге келгеннен кейін 20 адам ертіп, Қу Үйдегі Оспан аулына барып сәлем беріп, ол жерде бірнеше күн жатып Оспанды қалаға келуге көндірді. Доскенов:

– Сол кездегі жарнама, тоқтам барлығы өз күшіне ие. Бүкіл Шынжаң азат болғаннан Шығыс Түркістан Халық Республикасы құрылғаннан кейін сонда сол кездегі жарнама, тоқтам бойынша сол орынға барасыз. Қазір Іледе құрылған үкімет, уақытша өкімет болып отыр. Және өзіңіздің келісіміңіз бойынша уақытша үкіметтің бастығына Әлиханды белгіледік, – деді. Осындай қиюластырған тәтті сөздер арқылы Оспан қала ішіне көшіп келген еді. Және Іледен Әлихан төренің де:

– Әзірше Алтайды ұстап тұрғаңыныз жөн болар, – деп айтқан ақылына мақұл болды» («Азаттықтың өшпес рухы» – Нұрғожай батырдың естеліктері және Оспан батыр. Баспаға дайындап, ғылыми түсініктемесін жазған: Ә.Қара «Сардар» баспа үйі, Астана 2008 жыл).

«Оспан батыр 1945 жылы 10 қазанда 300 атты әскермен Сарсүмбе қаласына келді. Мекеме бастықтары және ақсақалдар, жалпы халық құттықтап, қызу қарсы алды». (Жаналтай Д. «Қилы заман қиын күндер». Алматы, 2000 жыл, 57-бет).

Х.Бекішев өз естелігінде Б.Доскеновтың: «ақылды, екпінді, бірсөзді, таза, адал ниетті», «ойын-сауыққа ебі бар, орыс ойын-сауықтарын жақсы білетін» ерекшеліктерін де тілге тиек етеді. Әрі Алтай ресми түрде азат болып, той тойлап, басшылық құрамы орныққан соң Бәйділдә екеуінің Алтайдан аттанып, Құлжаға беталғанын жазады. («Азаттық мұраты», құраст: Х. Хакімұлы. Деректі хикаят. Алматы: «Сеп» баспасы, 2018 жыл). Уақыт мерзімінен қарағанда бұл 1945 жылдың қазан айының соңғы күндеріне тура келеді. Осыдан кейін Б.Доскеновтың Шығыс Түркістанды құлатуға итермеленген кеңестік кұштер қатарында Құлжада қызмет еткені байқалады. 1946 жылы 17 маусымда Әлихан төренің тұтқындалуымен Шығыс Түркістан тақырыбы ресми түрде жабылады.

Осылайша, өзіне тапсырылған барлық міндетті жан-тәнімен ада етіп орындайтын Б.Доскенов 1946 жылы желтоқсан айында Алматыға оралады. Осы жылы оған подполковник әскери шенi берiледi. Алматы облысының Ұйғыр, Жамбыл аудандарында әскери комиссар болады. 1948 жылы Ленин орденiмен марапатталады. 1957 жылы Волгаград қаласының әскери комиссары қызметін атқарады.  «Онда ада ерекше  еңбегi ескерiлiп «Қызыл-Ту» орденiн алады. 1963 жылы құрметтi еңбек демалысына шыққанымен қоғамдық жұмыстардан шет қалмай, халықпен бiрге болды. Тiптi, Б.Доскеновтың атақты «Қыз-Жiбек» кинофильмiне әскери кеңесшi болғанын, Бекежан жасағының бiрi болып ойнағанын көпшiлiк бiле қоймауы ықтимал». (Тынышбек Дайрабай, «Түркістан» газеті, 29 Сәуір 2010 жыл).

1963 жылы Алматыға оралған ол 1974 жылы өмірден өтті.

Бәйділдә Доскенов туралы «Доскен батыр атанған – Бәйділдә»: Естеліктер мен мақалалар   (Құраст.: Дайрабай Т.- Алматы: «Орхон» баспа үйі, 2018 жыл. 152 бет) кітабы шықты. Мәлік Ғабдуллин сынды тұлғалардың қаламына ілікті. Өзі де көзімен көріп, қан кешкен соғыстары хақында азды-көпті естеліктер жазды. Өнегелі ұстаздық сабақтарын да берді. Аталған кітапта: «1944-1946 жылдарда Қытай демократиялық халық армиясының қаһарманы атанып, Қытай әскерінің бас қолбасшысы Чжу-Де-ден (Жу Ды – ред) алтын жалатқан семсер мен есімі жазылған алтын сағатты сыйға алған»(134 бет) деген жолдар бар. Шын мәнінде, зерттеуді қажет ететін бұл дерек шындық болса, онда Б.Доскенов қытайдың жапонға қарсы ұрысына да қатысқан болуы мүмкін деген болжамға жетелейді.

Оның есімін ардақтаған туған елі Қызылорда қаласынан көше атын берді.

Батыр ерлігі ақындар жырына да арқау болды. Бақытжан Абызов «Баһадүр Байділдә» атты жырында:

... Тұлғасы сымдай, тіп-тік жүрісі,

Қажымұқандай палуанның інісі.

Орыс пен қытай арасында жүрген,

Көрінбейтұғын майдан Момышұлысы.

 

От пенен судай тынбай қырқысқан,

Алтайды құрсап аш көз мың тұстан.

Азаттық туын желбіретіп ед,

Ұмтылып алға Шығыс Түркістан.

 

Таныған сонда жат пен жақынын,

От кешіп өтіп мың-мың шақырым.

Жолдары бірақ түйіспей кеткен,

Байділдә батыр… Оспан батырдың.

 

Олардан Мәскеу сескенді ме екен?

Қайтарған оны.

Санады-ау бөтен.

Алтай таулары, қазақ ауылдар,

Қол бұлғап қалған аяулы мекен… (Бақытжан Абызов «Баһадүр Байділдә». «Ана тілі газеті» 16. 08. 2017 жыл) деп толғады.

Тағдыр желі сан қиырға салған Бәйділдә Доскеновтың артында Алтай мен Атырау, Ертіс пен Сыр арасын аңызға бөлеген ерлік әпсанасы қалды.

Біз Б.Доскеновтың Шынжаңдағы күрес жолын толығынан қамти алмасақ та, баспа беттеріне жарияланған бір бөлім материалдарға шолу жасай отырып, азаттық ұрыстарында аянбай ерлік көрсеткен қазақ жауынгерінің жанкешті ғұмырынан үзіктерді тізбелеп шықтық. Әлі де болса зерттеуді, ұлықтауды қажет ететін, көзден кетіп, көңілден таса бола бастаған әрі сардар әрі сарбаз болған нар тұлғаның есімін ел есіне салғымыз келді.

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:

Тынышбек Дайрабай, «Қытайдың батыры атанған қазақ». «Түркістан газеті» 29 Сәуір 2010 жыл.

Ғалым Нөкішұлы «Шығыс Түркістандағы дауыл» «Қазақ ұлт-азаттық қозғалысы», 12-том, Астана:«Астана полиграфия» АҚ, 2008 жыл.

L.Sheng. Çin’in Xinjiang Bölgesi Geçmişi ve Şimdiki Durumu, Xinjiang Halk Yayınevi, Urumçi 2006, s. 156-бет.

Сейдәлім Тәнекеев. «Доскен батыр» «Қазақ елі» газеті. 2005 жыл 27 сәуір және «Ақиқат» журалы 2006 жыл. 3 нөмер.

Жәди Шәкенұлы. Алтайдың ақиық батыры. «Оспан батыр»., -Алматы, 2007 жыл.

Қ.Доқасұлы «Офицердің қойын дәптерінен». Бейжің. Ұлттар баспасы. 1996 жыл.

«Жұңго Шынжаңның тарихы және қазіргі жағдайы», Үрімжі, «Шынжаң халық баспасы», 2006 ж.

«Азаттық мұраты», құраст: Х. Хакімұлы. Деректі хикаят. Алматы: «Сеп» баспасы, 2018 жыл.

«Доскен батыр атанған – Бәйділдә». Құраст: Т.Дайрабай. Алматы: «Орхон» баспа үйі, 2018жыл.

Тұрсынхан Зәкенұлы, «Ұмытылған республика» «Қазақ ұлт-азаттық қозғалысы», 12-том, Астана:«Астана полиграфия» АҚ, 2008 жыл.

Пәтіхан Сүгірбаев «Алтай Арпалыстары». Үрімжі, 1995 жыл.

«Азаттықтың өшпес рухы» – Нұрғожай батырдың естеліктері және Оспан батыр. Баспаға дайындап, ғылыми түсініктемесін жазған: Ә.Қара «Сардар» баспа үйі, Астана 2008 жыл.

Жаналтай Д. «Қилы заман қиын күндер». Алматы, 2000 жыл, 57-бет.

Бақытжан Абызов «Баһадүр Байділдә». «Ана тілі газеті» 16. 08. 2017 жыл.

Жәди Шәкенұлы

Abai.kz

12 пікір