Жұма, 19 Сәуір 2024
3307 11 пікір 21 Мамыр, 2020 сағат 14:34

Сенат сайлау мен саяси партиялар туралы заңдарды қабылдады

Бүгін Қазақстан парламентінің Жоғарғы палатасы (Сенат) «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңына толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заңы мен «Саяси партиялар туралы» заңына өзгеріс пен толықтырулар енгізу туралы» Заңдарды қабылдады.

Айта кетейік, аталмыш Заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселесі ҚР Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің екінші отырысында айтылған болатын.

Қазақстан президентінің кеңесшісі Ерлан Қарин желідегі жазбасында:

«Бүгін Сенат  сайлау және саяси партиялар туралы заңдарды мақұлдады. Онда саяси партиялар үшін тіркелу барьері екі есеге дейін азайтылып, партиялық сайлау тізімдеріне жастар мен әйелдер үшін 30 пайыздық квота енгізілген.

Аталған өзгертулер президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2019 жылдың желтоқсанындағы Ұлттық кеңестің екінші отырысында көтерілген болатын. Міне, бүгін сол жаңа нормаларды Сенат мақұлдады.

Аталған нормалар – бұл салмақты саяси бастама. Мысалы, мәслихаттардағы 3 335 орынның тек 740-ы ғана әйелдерге тиесілі болып келген. Ал 29 жасқа дейінгі бар-жоғы 53 жас депутат болған. Сенатор Ләззат Сүлейменнің айтуынша, оның 44-і аудандық мәслихаттың депутаттары. Ал облыстық мәслихатта тіпті жоқ десе де болады.

Сондықтан бұл нормалар елдегі қоғамдық-саяси процесстерге жастар мен әйелдерді одан гөрі белсенді араластыруға мүмкіндік береді», - деп жазыпты.

Ал ҚР Әділет министрінің міндетін атқарушы Наталья Пан:

«Жалпы, бүгінде әлемдегі мемлекеттердің басым бөлігі әйелдер мен жастардың сайлау процесіне тең қолжетімділігіне кепілдік беру үшін қажетті шаралар қабылдауда. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы атап өткендей, біз жастардың Парламентке және жергілікті өкілетті органдарына келуіне ықпал етуге тиіспіз. Сондықтан да, біздің қоғам үшін әйелдер мен жастар жақсы әлеуметтік және саяси әлеуетке ие», - дейді.

Еске сала кетсек, 2019 жылдың желтоқсанында президент Қ-Ж.Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің екінші отырысында, қолданыстағы саяси жүйені реформалауға бағытталған бірқатар ұсыныс жасаған еді. Онда партиялық сайлау тізімдерінде әйелдер мен жастарға арналған міндетті 30 пайыз квотаны қарастыру және саяси партияларды құру үшін тіркеу талабын 40 мыңнан 20 мың адамға дейін төмендету туралы айтылған.

Abai.kz

11 пікір