Жұма, 19 Сәуір 2024
Алаш арысы 7889 0 пікір 21 Мамыр, 2020 сағат 12:20

Абақтыдағы соңғы түн

«Мен егер, алдында бар шынымды айтпасам, оған себептер болды!
Так знайте: - Я из ханского рода,
отец мой хан, султан, полковник Тезек Торе Абылайханов...
Құдиярхан (Худаирхан) Тезеков-Аблайханов».
Сұрақ алу хаттамасынан. 79 жаста
1931 жыл. Алматы...

Абақтыдағы соңғы түн

(Құдиярхан Тезек Төреұлы репрессияда. 80-ге шығарында атылып, аты аталмай кеткен. 1916 жылғы көтерілісте Жетісудың бес болыс елі «Асылдың сынығы...» ретінде хан сайлаған. Нақты тарихи оқиғалар өз атынан, бірінші жақтан баяндалды...)

1

«Арғы атам Әділ Төре, Абылайдан,
Үш Жүздің баласына даңқын жайған...».
Бұны айтқан Тезек Төре, әкем еді,
Демеңіз, естідім деп, бұны қайдан.

2

Міне сол! Ұлылардың ұрпағымын,
Есімдері мәңгілік! Құртады кім?!
Олардай бар қазаққа сөз айтпадым,
Осы өкініш, жандырып, тұрғаны шын.

3

Ата-салтқа әкеміз берік еді,
Отызында мен туып көріп еді.
Ағаларым Батырхан, Болатхандар,
Жетісуда бар елге көрік еді.

4

Орыс, Қытай патшасы, Қоқан ханы,
Санасты әкемізбен, түгел бәрі.
Шен-шекпен, сыйлықтарын ұсынғанмен,
Бәрінен қымбат болды, қазақ жаны!

5

Жетісуды жаттардан тазалады,
Ұстамы патшаларды мазалады.
Хан көтерді, түгелдей Қазақ-Қырғыз,
Бұзақыны аяусыз жазалады.

6

Батырхан болыс болды, батыр ағам,
Тік мінезді қиындау, шатынаған.
Империяға онысы жақпай қойып,
Отаршы құртып тынды, басып алған.

7

Сүлеймен інімменен оқу қудық,
Молда-қожа айтқанға мойын бұрдық.
Сәл есейіп, арнайы орындарда,
Орыстың ғылымымен жалғастырдық.

8

Симағандай қазақтың даласына,
Білім алдым, Орынбор қаласында.
Жоғары гимназияда бес жыл оқып,
Қамқор болдым, аз қазақ баласына.

9

Жетісуда төтенше істер шығып,
Алаңдадым еліме, соны біліп.
Шақырып ақырында, алды әкем,
Балалықпен қоштастым, жүрген күліп.

10

Ел ісіне кірістім, содан бастап,
Оқуды жалғастырмай, кеттім тастап.
Елу сегіз жасында әкем қайтты,
Бұл тағдыр осылайша қойды, жасқап.

11

Барлық ел ханын жоқтап, күңіренді,
Бәрібір өмірден кім түңіледі?!
Жалғасын тауып жылдар өтіп жатты,
Ілесе алмағандар, сүрінеді.

12

Он алтыншы жыл келді, дүбірлеген,
Жарлықты естіп, бар қазақ дірілдеген.
Шыдамастан ақыры, қарсы шықты,
Ашу-ыза ішінде, күңіренген.

13

Тәуелсіздік аңсаған қазақ елі,
Тұяқ серпіп өлмекке бекінгенді.
Бес болыс Жетісудың жамағаты,
Хан сайлады, дәстүрмен, мына мені.

14

Бәрін де шешеді ғой қару-жарақ,
Білгенмін, бұйырмасын бізге ғәлаб.
Күшті жау, ішкі сатқын қосылған соң,
Тоз-тоз боп босып кетті, қырғыз-қазақ.

15

Жауыздар қырып-жойды, аямастан,
Жас-кәрі деп, ешкімді санамастан.
Генерал Фольбаумге алып барды,
Мені ұстап, қарсылыққа қарамастан.

16

Губернатор жекелей жауап алды,
Ел туралы түгелдей сұрақ салды.
Олардың жауыздығын айтқанымда,
Ойланып, неге екенін, тұрып қалды.

17

Босатты, қарсылықты тоқтат деді,
Артыма жансыздарын топтап берді.
Одан кейін төңкеріс, ақ пен қызыл,
Еліме нағыз зұлмат кезең келді.

18

Босқындық, қуғын-сүргін, ашаршылық,
Жан түсінбес, біреуді, біреу біліп.
Қолына қару алған, ұры-қары,
Өз елін жаудай шапты, күліп жүріп.

19

Адамды адам жеген, көзбен көрдім,
Қызылдың зұлымдығын анық білдім.
Сасқанымнан Қытайға бармақ болып,
Бар малымды таратып, елге бердім.

20

Әзиз көзім солайша жасқа толды,
Қытайдың басшылары түсінді оңды.
Сорлы елімді соларға асырмақ боп,
Талаптанып, көш бастау ойға қонды.

21

Қарғысты жыл! Күз еді қарасуық,
Ел қашуға қамданған белін буып.
Қызылдың отряды сап еткендей,
Алқын-жұлқын үйіме келді кіріп.

22

Елді атқызбай оларды тоқтатқыздым,
Сексен жасты сұмдарға боқтатқыздым.
Барлығын өз мойныма түгел алып,
Артта қалған туысты жоқтатқыздым.

23

Ол сұмдар бар ауылды тіміскелеп,
Құтырған иттей болып, иіскелеп.
Тонады ілер затты, кітаптарды,
Өртеді үйіп қойып, кімге керек?!

24

Тау асып, алып барды Қоғалыға,
Алланың салған ісі болады да!
Дікең-дікең! Адамдық қасиеті жоқ,
Ақыры, айдап кетті Алматыға.

25

Жауап алу! Зіркілдеп күшенеді,
Бірдеме айтсаң жынданып, тістенеді.
Фольбаум әлдеқайда адам екен,
Осындайда есіме түседі енді.

26

Бас жендеттің алдына барып тұрып,
Хабарладым шындықты жайып тұрып.
Орысша, мұсылманша білерімді,
Түгендедім, етпестен қауіп қылып.

27

Тексіздер жаза берді қағазына,
Шыдадым басқа салған азабына.
Жасымды, сақалымды сыйламады,
Бұндайды берме, Құдай, қазағыма!

28

Бүгін айтты, ататын үкімдерін,
Не үшін екен? Бәрібір түсінбедім.
Ел сыйлаған жан едім, қарақшы емес,
Қорлайтын, ай сұмдар-ай, кісің бе едім?!

29

Қаратабан тексізге жалынбаймын,
Елім үшін жанамын! Жалындаймын!
Мені өлтірсең, ертең-ақ, қайта шығам,
Өтірік Заңдарыңа бағынбаймын!

30

Қош елім! Кебінсізден кетті деме,
Түбіне «Төрелігі» жетті деме!
Арманым халық үшін өлу еді,
Шейіттік бұйырады, текті ерге...

Азкен Алтай,

Жетісулық.

Abai.kz

0 пікір