Жұма, 26 Сәуір 2024
Білгенге маржан 14000 6 пікір 20 Мамыр, 2020 сағат 13:55

Сөзге абай болайық!

Айтқан сөз – атылған оқ. Сол оқтан жаралы болып жатқандар көп. Айтылмаған сөз – жарылмаған бомба. Іште көп сақтасаң жарылып кетуі де мүмкін. Сондықтан сөзге абай болайық!

Бір әріптің мағынасы

Сөйлемдегі сөзге бір ғана әріп қосып, БАС-ты ҚАС-қа өзгертуге болады. Бір ғана әріптің орнын ауыстырып, КЕЛ-ді КЕТ қылуға болады.Бір ғана әріпті алып тастап, ЖОҚ-ты ОҚ қылуға болады. Бір ғана әріпті өзгертсең, ЖОҚ ТОҚ-қа айналады. Бір ғана әріпті алып тастасаң, ҚАЗ АЗ болып шығады.

Өмір де сөз секілді күрделі. Қосып немесе алып, оны өзгертуге болады.

Қосымшаның  қасиеті

Мұндай да ғажап болады екен. Белгілі бір жоғарғы оқу орнының проректоры ректор болғанын естігенде қайран қалған жоқпын. Проректор – ректорға дейін бір-ақ қадам қалған лауазым. Ректор болса несі бар?! Кейінірек сол ректор білім саласындағы үлкен мекемеге директор болғанын естідім. 

Проректор. Ректор. Директор. Осы үш сөздің  жазылуына үңілсем, міне, ғажап, проректордың «про» деген қосымшасын алып тастаса болды, ректор болады екен. Ал ректорға «ди» деген қосымшаны қоссаңыз болды, директор болып шыға келеді. Яғни, маманның тағдырын қосымша шешеді екен. Тіршілікте мұндай жағдайлар жиі қайталанатынын көріп жүрміз.

Сөздердің жазылуына қарасаңыз, айран-асыр боласыз. Мәселен, жемқор деген сөзді алайық. «Жем»-ді алып тастасақ, қор қалады. Халықтың қоры. Қандай тамаша?! Ад жемқор деген сөзден «қор»-ды алып тастасаңыз – жем қалады. Ол біреуге жем болу деген сөз емес пе?! Пәлеқор, парақор деген сөздердің пәлесі мен парасын алып тастасақ, тек қана қор қалады. Бірақ, парақор, пәлеқор жемқорлардың әлегінен сол қор елімізге бұйырмай тұр ғой.

Аз сөз алтын, көп сөз көмір

«Ойдағымыз болды. Ортамыз толды. Төбедегi келдi. Төрелескенде де ренжитiн ретiмiз жоқ. Тек ұзағынан сүйiндiргей. Ақ жолдың алдындамыз. Үлкен тiлектiң үстiндемiз. Жан-жағымызға бiрдей әдiл, өткенiмiз бен ертеңiмiзге бiрдей сергек бола бiлсек болғаны. Өйткенi, бағзыдағыларымыздың аруағы жебегесiн, бүгiнгiлерiмiздiң тiлегi демегесiн, жетiп отырмыз бұл күнге». Халық жазушысы Әбіш Кекілбайұлы Республика Сарайында сөйлеген сөзінде тәуелсіздік жайында  осылайша толғанған болатын. Мазмұнға келсек, мақсат толық орындалған.

Әбіш ағамыздың сөз саптасына сүйсіне отырып, көрнекті қаламгерлер де кей-кейде қателік жіберетінін, лықсып келген сөз тасқынының жетегімен кетіп қалатынын аңғаруға болады. Осы үзіндідегі «бағзыдағыларымыздың» деген ұзын сөзді «баяғы бабалардың» деген секілді екі сөзбен де айтуға болар еді ғой. «Бүгінгілеріміздің» деген сөз де өте ұзын. Айтып болғанша тынысың жетпей қалады.

Аудармашылардың кейбірі жаңа сөз жасауға әуес. Сәтті шықса құба-құп. Жақында бір аударма кітаптан «шапағаттарын сыйлады» дегенді оқыдым. Осы тіркестегі  жалғау дұрыс қолданылмаған. «Шапағатын сыйлаған» деген сөзге көптік жалғаудың мүлде қажеті жоқ. Ал «дыбыстандырылып» деген сөз «дыбысын келтіріп» деген мағынада айтылған болуы керек. Бірақ, әлгі сөзді айтып шыққанша тілің күрмеліп қалуы мүмкін ғой. «Көріктендірілгендіктен» деген тағы бір сөз 22 әріптен тұрады екен. Айта бастағанда аяғыңа жету қиын. Дұрысы: «көрік бергендіктен» болуы керек. Екі сөзді бір сөз қылғаннан не ұттық?

Қазақтың сөзін ұзартып

«Қазақтың өзге жұрттан сөзі ұзын»   дейді Абай. Тележәшіктегі тілшілер қазақ сөзін ұзартуға тіпті құмар. Мысалы: кәсіби білікті олар кәсіби біліктілік дейді, Қашықтан оқытуды қашықтықтан оқыту дейді. Тыңдап отырсаң, құлағың сасиды. Туған күнді туылған күн қылғандар өріп жүр.Ұлағаты  ұлағаттары деп айтады. Не деген толып кеткен жұрнақ, жалғау, жапсырма?!

«Асыл арна» телеарнасындағы аудармашылар Құрандағы «жолға түсті» деген сөйлемді «жолға түсірілді» деп аударыпты. Кино аудармасы туралы әңгіме бөлек. Бәрін тізе берсек, біздің де сөзіміз ұзарып кетеді. Қазақ сөзін ұзартып, бетімізді қызартып жүргендер көбейіп кетті.

Бес елі туралы

«Бес елі» деген тіркес кір-қожалақ балаға байланысты «бетінің сатпағына бес ит тойғандай» деген мағынада немесе қатты жәбір көрген, қиналып жүрген адамдарға байланысты қолданылатыны белгілі. Яғни, «маңдайының соры бес елі» деген сөз тіркесі соры қалың, басынан қайғы-қасірет арылмаған деген ұғымды білдіреді. «Елі» деген өлшемнің өзі соны айғақтап тұр. Кейінгі кезде «маңдайының бағы бес елі» дегенді де естіп жүрміз. Ақын Тыныштықбек Әбдікәкімов: «Құдай үшін кәпірлер жоқ. «Маңдайының Соры бес елі»-лер бар. Құдай үшін мұсылмандар жоқ. «Маңдайының Бағы бес елі»-лер бар.»  деп жазады. Жас  ақын Толқын Қабылша: «Маңдайымның бағы білем, бес елі» –  деп жырлайды. Ендеше бақ пен сорды бірдей өлшеммен өлшегеніміз қаншалықты дұрыс?!

Тобыр

Табор деген сөздің мағынасы нені білдіреді? Орыстар ертеде әскери қосынды табор деген екен. Сығандар өз көшін табор деп атайды. Осман империясы кезінде олар армияның бір бөлігін табур деген. 

Қазақта тобыр деген сөз бар. Осы сөздердің барлығының түп-тамыры бір емес пе екен?

Тобырды орыс тіліне толпа деп аударуға болатын секілді. Пушкиннің «Цыганы шумною толпой по Бессарабии кочуют»  деген жолдары бар.

Тобыр  –  айтқанға көнетін, айдағанға жүретін топ болса керек.

Жаға және жең

Адам киіміне байланысты қолданылатын жаға мен жеңнің алатын орны бөлек, Соған орай ел арасында жағаға жармасу, жаға жырту, жең ұшынан жалғасу, қол сынса жең ішіне жасыру секілді бейнелі сөз тіркестері жиі қолданылады. Алайда, «бір жағадан бас шығару, бір жеңнен қол шығару» деген сөз тіркесінің мағынасы бұлдыр. Табиғаттың заңына сүйенсек, бір жағадан бір ғана бас, бір жеңнен бір ғана қол шығатыны белгілі. Бірлік, ынтымақ мағынасында айтылып келген осы сөйлемдер орнын тауып тұр ма?! Жоқ деп айта алмаймыз. Өйткені, айтылған сөз санамызға әбден сіңген. Оның түп-тамырына үңілген кім бар?! Үңілген кісі болса кез келген киімнің ең алдымен жағасы мен жеңі кір болатынын білсе керек еді. Кезінде бір көсем айтты деген шешен сөз өмірге кездейсоқ жолдама алады. Байыбына бармаған жұрт іліп ала жөнеледі.

Біздің айтпағымыз бұл емес. Ауыздан шыққан сөзді естігенге мәз болмай, мағынасына үңілейікші.

Атақ көп, білім аз...

Білім мен атақтың айырмасы көп. Білім бізге керек, атақ сізге керек. Оны ешкім жоққа шығармайды.Атақ әртүрлі: халықтық (көпшілігі халыққа қарсы), еңбек сіңірген (көпшілігі еңбегін бұлдайтындар), құрметтілер (абырой жинау үшін ғана), академиктер (шын мәнісінде ақшаның арқасында атақ алған жылмақайлар). Жалғастыра берейік пе?! Одан не шығады? Атақ көп, білім аз...

Орыс айтқан сөздің бәрі орынды емес

«Свобода слова» деген газеттен орыс тілінде жазатын қазақ журналисінің (Мұрат Уәли) «Но, вернемся к нашим баранам» (25 наурыз, 2010 жыл) деген жолдардан басталатын мақаласын оқыдым. Мақала туралы сөз еткім келіп тұрған жоқ. Әңгіме қой туралы. Өйткені, орыстар айтып жүрген осы тіркес қанатты сөз есебінде жиі қолданылады. Орыстың айтуы өзіне жөн десек те, сол сөзді қазақтың қайталап айтқаны көңілге келеді екен. Бұл сөздің түбі, әрине, қазақтан шыққан. «Қотанымызға қайтып оралайық» деген сөйлем баяғы бастаған әңгімемізді қайта жалғастырайық деген мағынаны білдіреді.

Шошқа баққан орысқа бөбегін «торайым» десе де жарасады. Ал олардың «баран» дегені қазақтың төрт түлігінің бірі қойға байланысты айтылуы сол қойды кемсіткеннен туған көзқарас екені де белгілі. 

Қой жәннатың малы деп есептеледі.Төлеужан Ысмайыловтың  «Қойшылар» деп аталатын өлеңінде «Аға, – дедік, – туымызды оң ұстар, «Баран» деді сонда бізді орыстар»  деген жолдар бар. Қойдан жуас қазақ басқа халықтың қай мазағына көнбеді. Бірақ, орыс айтты деген сөздің бәрі орынды емес екенін аңғаруымыз керек.

Сол орыста көкейге қона кететін қанатты сөздер де аз емес. Мәселен: «Доверяй, но, проверяй!». Қазақша мағынасы – «Сенген дұрыс, бірақ, тексеріп көрген дұрыс». «Можно, но, осторожно!». Қазақша мағынасы – «Болады, бірақ, байқа шамалы». Қазақтың «адамның дегені болмайды, Құдайдың қалауы болады» – деген сөзін орыстар «человек предполагает, Бог располагает» – дейді. 

Кездейсоқ  туған сөз тіркестері

Кейбір мақал-мәтелге ұқсас сөз тіркестері  өмірде болған әртүрлі жайларды көргенде туады. Аудиторияда дәріс оқып тұрғанымда кейбір студенттер  телефонымен әлек болды. Сонда «Ұяты барлар ұялы телефондарыңды өшіріп қойыңыздар»  деп айтқаным бар. Енді бірде  батысқа еліктеп, жыртық шалбар киген қыздарды көргенде. «Жігіттер, байқаңыздар! Жыртық шалбар киген қызды сүймеңіз!» - деп едім. Көк жәшіктен бір хабарды қарап отырсам сахнаға шыққанда жайнап кететін бір «жұлдызды» көрсетіп жатыр екен. Сахнада басқа, ал үйінде түсірген бейесі мүлде басқа. Содан қойын дәптерімді алып: «Боянған әйелді оянғанда көр!»  деп жазып қойдым.

Дүрдің не екенін білесіз бе?

«Дүр» деген сөздің мағынасы  «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде» жазылған мысалдарға қарасақ, (Алматы: «Ғылым», 1978 ж,211 бет)  атақты, даңқты, атышулы дегенге саяды. Жалпы алғанда, «дүр» деген сөз өзін жоғары ұстаған, немесе өзгеден биік болған, атағы зор кісілерге айтылады. «Болғанда өзің пілдей, сөзің дүрдей» деген өлең жолдары бар. «Ішім толған у мен өрт, сыртым дүрдей...» – дейді Абай.

Сонымен бірге «дүр көтерілді», «дүр сілкінді» деген тіркестер де ертеден айтылып келеді. Осы сөздердің астарына үңілетін болсақ, «дүр» деген сөз аса ірі жануарға, ал «дүр көтерілді», «дүр сілкінді» деген сөздер алып құсқа байланысты айтылған деген болжам жасауға болады. Тіпті «дүр етті» деген тіркес те әлдебір хайуанның дыбыс шығаруына, яғни, құстың қиқуына байланысты айтылуы ғажап емес. Адамға байланысты «дүрдиіп, дөң айбат жасады» деген сөйлемде де әлдебір хайуанның сес көрсеткенімен салыстыру бар. Қазақ «дүрдей» деген сөзді  ірі деген мағынада қолданады. «Дүрдиген ерін» деп ісіңкі ерінді айтады. «Дүрбелең» деген сөздің түп тамырында да елді шу қылды, қатты айқай шығарды деген мән бар.

Олай болса, слонды піл, мамонтты зіл деп атаған бабамыз дүр деп сол ерте замандарда өмір сүрген аса ірі қанатты құстарды айтқан болуы керек деп топшылаймын. Уақыт өте келе денезор (динозавр) секілді алып жануарлар, самұрық секілді алып құстар тып-типыл жойылып кетсе де, сөз қалған. Біздің бабаларымыз денезорды да, піл мен зілді де, дүрді де өз көздерімен көрген болуы керек. Көрмесе, білмесе, атам заманнан жеткен сөздер қазіргі қазақ тілінде қолданысқа түспес еді ғой.

Топ туралы

Көне сөздердің біразының мағынасын әлі күнге дейін білмейміз. Қазақта «топ ете қалды, топ ете түсті» деге тіркес ежелден бар. Осы сөйлемдердегі топ деген сөзді әуел баста түсінбей жүргенім рас. Жолым түсіп, Түркиядағы «Топқапы» деп аталатын мұражай-сарайда болғаным бар. Зеңбіректің оғы деп жүргеніміз зеңбіректің түп атасы болған катапульт – қамал қиратқыш тасатардың тобы екенін кейін білдім.

«Көркіне жұртты қаратқан

Сарайдың зәулім басты аты –

Қақпадан шыға оқ атқан

Топ ете қалған Топқапы» деген жыр жолдарын да сол жолы жазып едім.

Мұхтар Мағауин «Шыңғыс хан және оның заманы» атты шығармасының «Тынымсыз майдан» деп аталатын үшінші  кітабында тасатардың өзіндік «снаряды», яғни топ жайында жан-жақты баяндап: «Ескілікті Қытайда әуел баста атыс топтары – тас болған. Қиқы-жиқы емес, арнайы өңделген, лайықталған. Нақты тәжірибе үстінде ең ұтымдысы – шар кейіпті, домалақ топ болып шығады. Оқпанға ыңғайлы, әрі алысырақ ұшады» – деп атап көрсеткен.

Сөз зергері Бейімбет Майлиннің «Ел сыры» кітабындағы «Жаңбырлы күні» деп аталған өлеңде (Алматы: «Жазушы», 1994 ж) «Салдыр-күлдір көк жүзі, зеңбірек доп атқандай» деген жолдар бар. Редактордан немесе корректордан кеткен қате көзге ұрып тұр. Бұл арада әңгіме доп емес, топ туралы екені бесенеден белгілі. Зеңбіректен топ, яғни, снаряд атылады. Доп ешуақытта атылмайды. «Доп топ етіп түсті» деген сөйлемнің өзінде де топ секілді түсті деген мағына жатыр.

Құт және ырыс

Қазақтар жиі қолданатын «құтты қоныс», «құт дарыған», «құт қонған», «шопанның құтты таяғы», «қойны құтты», «құтты қонақ» деген сөз тіркестерінің негізінде үлкен мағына бар. «Құтты болсын!» деген игі тілек те осыдан шыққан. Малын күзеткен итіне де Құтпан деп ат берген қазекем құт деген сөздің киесіне сенген. Яғни, құт еркек мағынасында қолданылған. Ал қыздарына Ырысты деп ат қойғанына қарағанда, ырыс сөзінің түп-төркіні әйелге байланысты деп топшылауға болады. «Қонақты қусаң – құт, ырыс қашады», «Қонақпен еріп құт, ырыс келеді» деген мәтелдер де бар.

Шортанбай Қанайұлы өзінің бәйіттерінде түйенің құты бура, жылқының құты айғыр, қойдың құты қошқар, сиырдың құты бұқа деп атап көрсетеді. Өзімнің бір өлеңімде: «Аспан құтын төгеді, Жерден ырыс өнеді. Құт пен ырыс ежелден екі жолдас себебі. Түлік төлден өреді, ағаш жеміс береді. Құт пен ырыс ежелден екі жолдас себебі.» – деп жазғаным бар.

Шынында да күннің нұры, көктен жауған жаңбыр – құт. Ал  жерден өнген егін мен жеміс – ырыс. Ал «құт пен ырыс» деген тіркесті қосып айтқан қазақ олардың бір-бірімен байланысты екенін жақсы білген. Олай болса, елімізге құт қонсын, ырысымыз мол болсын деген тілек тілейміз.

Сайлау және таңдау

Орыстың «Выбор» деген сөзінің «сайлау» және «таңдау» деген екі мағынасы бар. Қазақ жеріндегі кейінгі өтіп жатқан сайлауды таңдау деп айта алмаймын. Таңдау жоқ жерде биліктің қалауы болып, олардың тағайындауы жүзеге асады. Елдің сайлауға деген сеніміне селкеу түседі. Олай болса сайлау көз бояу болып қалады. 

Ендігі үміт құлын-тайда!

Жазушылар одағын кемталанттар торып жүр. Ұялмаған өлеңші, ерінбеген жазушы болып жүр.

Даңғыр-дүңгірдің арасында өскен кісіден салдыр-күлдір шығады. Қаңғыр-күңгірдің арасында өскен кісіден балдыр-бұлдыр шығады. Кейінгі кезде біздің әдебиетіміз бен өнеріміз де осыған ұқсап барады. Ержегейлілер биікке шығып, алыптар еріксіз бұғып, қайшы пышақты менсінбейтін болды, ине тебенді көзге ілмейтін болды. Арқаннан жіп озды,  түбіттен жүн озды. Көсем серкенің орнына саулық келді, бөріктің орнына жаулық келді.

Қайран елім! Келдің қайда?
Ендігі үміт құлын-тайда!

Ақылбек Шаяхмет

Abai.kz

6 пікір