Жұма, 19 Сәуір 2024
Жаңғырық 7564 29 пікір 19 Мамыр, 2020 сағат 17:28

Тұрғымбаевтың командасы қазақша сөйлемей – реформа жасалмайды!

Әлгінде, ақпараттарды шолып отырып, мынадай бір дерекке көзім түсті. Қазақстан халқының 60 пайыздан астамы полицияға сенбейді екен. Ескі статистика деуге және келмейді. Биылғы ақпанның аяғында ақпарат. Литер гәзеті жазған. Енді кері шегініс...

2019 жылдың ақпаны. Қазақстанның Ішкі істер министрі ауысты. Қалмұханбет Қасымов сегіз жыл тапжылмай отырған креслоға Ерлан Заманбекұлы келіп қонжиды. Сөйтіп, Қасымовқа қош айттық та, Тұрғымбаевты төрге шығардық. Ел-жұртқа сүйеудей сүйкімі қалмай бара жатқан соң, Елбасы өзгеріс жасауды тапсырғанда, форма ауыстырғаннан әрі аса алмаған қазақ полициясына министрдің ауысуы оң әсер етер дедік. Өкініштісі, баяғы жартас – сол жартас күйінде қалды.

2019 жылдың маусымында ҚР ІІМ Ерлан Тұрғымбаев мырзаның атына қарата үшбу хат жаздық. Қазақстан полициясының, қазақ полициясының әпербақан, әкірең-мінезін сынадық. Ауыздарынан ақ ит кіріп, көк ит шыққан шоң шенділерден бастап, «Мы братва, мы банда» деген дөкейлерге дейінгілердің ерсілі-қарсылы әрекеттерін әшкерелеген болдық. «Қазақ полициясы азаматтардың құқығы мен қауіпсіздігін қорғайды. Қазақ полициясы құрметке лайық» деген мазмұндағы әлсіз агитация – қазақ полициясының имиджін көтеруге жеткіліксіз екенін айттық. Алайда, Тұрғымбаев тарапынан «ләм-мим» деген жауап болмады.

Тұрғымбаев командасындағы «ардагерлер» армиясын да сынға алдық. Зейнет жасына әлдеқашан жетсе де, қызметтік креслосынан түспеген министрлік қызметкерлерін жіпке тізгендей етіп жаздық. Рашид Жақыпов, Мұхаран Әміров, Қуат Оспанов, Бәділхан Камалханұлы, Аманжол Қабылов, Қадырбек Нұрғалиев, Жанболат Олжабаев, Хамза Үмбетқалиев, Ералы Жұмахановтардың аттарын атап жаздық. Бұл аталған азаматтар ҚР Заңында көрсетілген мерзімде зейнетке шықпағандар. Біз бірлі-жарымын ғана жаздық. Министрлік пен департаменттердің ресми сайттарын сүзіп шықсаңыз, әлі талайын табарыңыз анық. Қойшы, міз бақпас министріміз бұ жолы да жауап жазбады.

Естеріңізде болса, былтырғы жылғы жолдауында ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Еститін мемлекет» концепциясын ұсынған. Мәселені басып-жаншып, күшпен емес, диалогпен шешуді тапсырды. Бейбіт жиындар өткізуге рұқсат беруді айтты. Содан кейін де ел аумағында бірді-екілі бейбіт жиындар өтті. «Өзгеріп кеткен түгі жоқ, советтен қалған сол мектеп, мәртебесі зор мектеп» дегендей, Тұрғымбаевтың сақшылары екі білектерін сыбан келіп, тағы да ескі әдіске салды.  «Президенттің «еститін мемлекетін» министр Тұрғымбаев естімеген бе» дедік және.

Жә, одан да өттік. Енді міне... Қазақстан полициясына халықтың 60 пайыздан астамы сенбейді. Бұл деректі басқа-басқа емес, министрдің өзі айтыпты.

2019 жылдың 13 мамыры мен 22 маусымы аралығында ҚР Ұлттық экономика министрлігінің статистика комитеті «Құқық қорғау органдарына халықтың сенімі туралы» зерттеу жүргізіпті. Сауалнама қаланы да, ауылды да қамтыған. Қорытындыда полицияға толық сенім білдіргендер саны 38,3 пайызды ғана құрапты. Көрсеткіш пе? Көрсеткіш!

Қош! Қазір Тұрғымбаев басқаратын ІІМ сынның астында отыр. Қазақстан полициясына айтылар сын көп. Олардың ұрда-жық саясаты мен әкірең-мінез әңгіртаяқшыл, әлімжеттік әрекеттері туралы әлемдік ақпарат жазып, Халықаралық ұйымдар сынның төпесіне алып жатқаны өтірік емес. Оған себеп те жоқ емес! Қазақстан полициясының өзі – негізгі міндетіміз қылмыспен күресу деп қана түсінеді.

Полицияға сынның көбейуі, Халықаралық ұйымдар жақтан айыптаулардың жиілеуі, халықтың сенім кредитінің таусылуы, полиция қызметкерлерінде диалог мәдениетінің қалыптаспауы т.б. біраз мәселенің бірнеше себебі бар. Соның ең маңыздысы – мемлекеттік тілдің, қазақ тілінің қызметтік қолданыс тіліне айналмауы.

Бүгінгі ҚР Ішкі істер министрлігінің қызметтік тілі қай тіл? Әрине, ресми тіл! Көрші елдің мемлекеттік тілі! Орыс тілі!

Генарал Лепеха. Игорь Владимирович Лепаха ҚР ІІМ аппаратын басқаратын адам. Былайша айтқанда ІІМ ішінде кадр мәселесін бақылайтын дәу бастық. Қазақстаның Қарағандысында туып, Ресейдің ІІМ академиясында оқып келген генерал. Биыл 58-ге келеді. Еңбек өтілі – 1986 жылдан басталады.

Немесе генерал Калайчиди. 57 жастағы кіші министр Алексей Дмитриевич Калайчиди ССР-дың ІІМ академиясында, сосын Қарағандыда білім алған. Қызмет жолын қырғыздың Токмағында бастаған.

Енді осы аты дардай генералдар әрбір жиналысын қазақша өткізеді дегенге сіз сенесіз бе? Біздің білуімізше, Ішкі істер министрлігіндегі селекторлық жиындардың дені ресми тілде өтеді екен. Аталған ақпараттың анық-қанығын министрлік айта жатар. Біздің айтпағымыз, Тұрғымбаев басқаратын министрлікте жалғыз Калачайдилер қызмет етпейді. Шымкент, Түркістан секілді қазақи өңірлерден шыққан азаматтар да жоқ емес. Тек, орыс тілінсіз тәрбиеленіп, министрлікке келген бұл жігіттердің әрі қарайғы карьерасы орыс тіліне келіп тірелетіні өкінішті.  Есептік, қызметік құжаттар ресми тілде толтырылады-мыс. Баяндамалар және орыс тілінде жасалады. Бұл тіпті талап болмаса кәне... Осыдан кейін, жаңағы қазақ тілді жігіттер тіл бұрап, жақ талдырып, жан бағуға мәжбүр болады. Былайша айтқанда, қазақ тілді қазақ полицейлері өзге тілде өмір сүруіге мәжбүрленеді. Бұл қаншалықты әділдетті?

Бұл жалғыз Ішкі істер министрлігіне тән дерт емес, әрине. Ел халқының 70 пайыздан астамы қазақ тілді екені біраздан бері айтылып келеді. Бұл біздің ойдан іздеп, қырдан тапқанымыз емес, ресми статистика көрсеткен сандар. Былтыр, биыл солтүстіктегі сойы бөлек біраз жұрт шекара асып, азаматтық ауыстырғаны айтылды, өткенде. Олардың саны жүз мыңдап есептеледі екен. Ал биыл халық санағы. Демек, жоғарыдағы 70 пайыз 80 аспаса, кеми қоймайтыны да түсінікті.

Ендеше, Тұрғымбаев министрлігі қазақ аудиториясымен қай тілде сөйлескені тиімді? Әрине, қазақ тілінде! Өкінішке орай, кеңестік жазалау тәсілін қандарына сіңіріп, тоталитарлық жүйенің торына шырмалған бүгінгі Қазақстанның Ішкі істер министрлігі халықпен қазақ тілінде диалог орната ала ма? Күмәнді! Күн сайын көршінің тілінде сөйлеп үйренген министрлік қазақ тілді жұрттың проблемасын шешпек түгілі, сөзін түсінуге дәрменсіз. Екі тарап - екі тілді. Мұндай жағдайда әрине – диалог орнамайды.

Полиция – ел-жұрттың қорғаны дейді. Алайда, бүгінгі қазақ полициясы жайлы оң имидж жоқ. Болса да жоқтың қасы. Сондықтан да, Қазақстанның ІІМ-не реформа жасау туралы бастама сөз біраздан бері айтылып жүр. Бізше болса, ол үшін әуелі Тұрғымбаев та, Калайчиди де, Лепеха да қазақша сөйлеуі керек! ІІМ-не қазақ тілді кадрлар келмей диалог орнамайды! Бұл факт!

Сосын бұл салаға тиімді реформа жасау үшін алдымен зейнеткелер мен потенциалды зейнеткерлер, «на любой стрелке обосную» дейтін «братвалар» топтасқан көне-команда еңбек демалысына кетуі керек!

Және үшінші - егер де министрлік ішкі істер саласына реформа жасауға дайын болса, алдымен баспасөздегі әр сынға мардымды жауап беруі тиіс! Өйтпейінше өзгеріс те жасалмайды дегіміз келеді.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

29 пікір