Сенбі, 20 Сәуір 2024
Дат 7056 26 пікір 18 Мамыр, 2020 сағат 12:59

Айтылуы қажет сөз артық болмас

Президент  Қ.К. ТОҚАЕВ  мырзаға!

                                                А Ш Ы Қ   Х А Т

Құрметті ҚАСЫМ-ЖОМАРТ!

Әкең Кемел ағамен Жазушылар одағымызда үшжарым жыл қызметтес болдым. Жас айырмашылығымызға қарамай әңгімелесіп те жүрдік. Бірде бұрынырақта шыққан «Түнде атылған оқ» хикаятынының жазылуы, басылуы, таралымы туралы «қызық-шыжықты» айтып бергені бар. Хикаяты жайында естіген әрқилы сөздің анығын өзінен естуді қалағанмын. «Өтті, кетті, қайтесің соны», дей салмады. Әдетінше сәл-пәл жымия отырып, ықыластана айтты.

Кемеңді көре қалғаным, аға тұтқаным себеп шығар, мына хатымды «сен» деп бастадым, түсінерсің, ренжімессің. Атамыз қазақ  би-болыспен де,  ағасұлтан-ханмен де «сен» деп сөйлескен ғой.

Өзің өскен советтік кезде алдына хат келген үлкен-кіші басшылар    иесіне бір аптадан кешіктірмей жауап қайтаруға міндетті болды. Ал «советтік солақайлықтардан құтылғанымыздан» кейін бізде ол тәртіп жайына қалды. Бұл жәйтке өз басымнан ғана мысал келтірсем: Нұрсұлтан Назарбаевты президент болуымен құттықтағаннан бастап, жылына 1-2 хат жолдап жүрдім. Өзіме ештеңе сұраған емеспін. Оның кейбір қадамдарының, қоғамдағы, еңбеккер қарапайым халық тірлігіндегі  өзгерістердің көкейіме қонбағанын жаздым. Мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаевтың тұсында ғана оның  қолымен  екі ғана жауап келді. «Алай ғой, былай ғой» деген әләулаймен. Екінші жауапты жаздырған  «Кешірімнің кінәсі не?» деген сауалмен 2009-жылы шілденің 19-ы күні жолдаған хатым болды. «Семей атом полигонына қарсы күресті ресми ашық, жанпидалықпен бастаған, полигонды жабуға бірден-бір себепші болған, КСРО үкіметінен 40 жыл бойы полигоннан зардап шегуші семейліктерге  материалдық көмек көрсетуді талап еткен, ол талабын орындатқан  Азамат Кешірім Бозтаев емес пе еді? Кешірімнің жасы 60-қа толғанда құттықтаған жедел хатыңызда, Нұрсұлтан Әбішұлы, сол еңбегін   атап, алғыс айттыңыз. Ал енді, Кешірім қайтыс болғаннан беріде, марқұмның  еңбегін әдейі ескермей, аруағынан аттап кетіп жүрген, қайда, қашан болсын полигонға қатысты сөз бола қалса, оны өзі, өздері жапқан етіп айтып та, жазып та жүрген досыңыз Олжас Сүлейменовке бір уақ неге: «Оның не? Ұят қой?!» демейсіз, немесе полигон жайын ең жақсы білетін өзіңіз Кешірімді неге ұмыттыңыз?» дегенмін.

Осымен алғысөзімді аяқтап, осы сайтта жасалған бастаманы құптап,   мен де өзіңе пошта арқылы жетуі екіталай пікірлерімді ашық хатпен айтайын (бұлардың біразы кезінде Н.Назарбаевқа жолданған болатын).

Алғашқы «реформамыз» ауыл шаруашылығымызды жекешелендіріп, берекесін кетіруден басталғанын білесің. Қазақтың тұрағы, азық-түлік қоймасы ғана емес, алтын бесігі болған ауыл азды-тозды. Көбінесе ауыл, аудан әкімдері бастаған пысықайлар жерді не ресми, не бейресми жолмен өзара бөліске салып, малымен жақ сақтаушы қарапайым еңбекші жұрт олардан қымбатқа шөп сатып алуға мәжбүр болды. Жұмыссыз жастары қалаларды жағалап  кетіп, зейнеткерлер мекенін айналған ауылға малын сатудан өзге жол қалмады. Бүгінде қолында, тым болмаса, бір жылқысы, бір сиыры, бес-алты қой-ешкісі бар ауыл тұрғынын табу қиын. Қылаяғы ауызсуға  жарымай отырған ауыл нешеу екенін білесің бе?

«Қолында тым болмаса...» дегенге қайырылып айтсам: 1988-1989 жылдары мал шаруашылығымызда бар 33 миллион қойдың санын алдағы     он жылда 50 миллионға жеткізу жайында ресми шешім, ұран болды. Сол 33 миллион қой қайда кетті?

Соңғы он шақты жылда үкіметте ауыл шаруашылығын қалпына келтіру мәселесі үш мәрте көтеріліп, оны парламент құптап, президент бекітіп, мемлекет бюджетінен жүздеген миллиард теңге бөлінді. Оң нәтижесі кәне?

Өнеркәсібіміз де, құрылысымыз да жекешелендіріліп, пәлен жылдан соң оны да көтеру сөз болды. «Оларды оңдау қаржысы барлардың ғана қолынан келедімен» шет елдерден байлар шақырылды. Оларға өзімізде пайда бола бастаған «іскерлер» қосылып, қазан-шөмішті иеленіп, іштері майланып, миллионер-миллиардер болып шыға келді. Бүгінде олардың    саны 60 шамалы. Солардың  қоластарындағы жұмысшыларымыз анда-санда: «Жалақымызды көбейтуді талап етеміз!» деп айқайлап  қойып, алданып жүр. Естіген құлақ жоқ.

Бізде: «Экономикалық дамуымыз әлемді таңдандыруда!.. Капиталистік бай пәлен елді, түглен елді басып озып, ең бай ондықтың қатарына қосылуға жақындап қалдық!» дегендей мәнсіз мақтан көпіршігелі қашан?!.

Экономикалық даму, меніңше, ең әуелі халықтың алдындағы асы, үстіндегі киімі арзандаудан көрінсе керек. Солай болды ма? Жоқ. Немесе пәтерақымыз, коммуналдық қызметке төлеміміз төмендеп көрді ме? Жоқ. «Арзандады» деген сөзді естуден күдер үздік  пе? Үздік.

Экономикамызды ноқталаушы «күш» - жемқорлық, парақорлық. Әу баста мұнай мен газ, түсті металл мен электр... мәселелерімізді шешіп      беруге кіріскен американдықтар біздің билік басындағыларға 82 миллион доллар асатып, ол  кейін «Қазақгейт» ісінде дәлелденгені есіңде шығар? Бірақ ақшамен жасалған қылмыс ақшамен жабылатынын сол жолы және одан беріде де сан көрдік емес пе?

Біздегі ашық та, астыртын да миллионер-миллиардерлердің кейбіреуі шет елдердің хан сарайындай ғимараттарын, көпқабатты үйлерін, виллаларын ондаған миллион долларға сатып алып,  демалыстарын, тойларын сонда өткізіп  жүргені  бекер ме? Олар соншама қыруар қаржыны қандай адал еңбегімен тапты? Әлде ата-бабаларынан әрқайсына ат басындай алтын мұра қалып  па? Өзіміздің тәуелсіз гәзеттер,  тіпті шет елдердің баспасөзі айқайлата жазса да, ол масқараға республиканың не заң орындары, не парламенті назар аудармады.  Ал сол «киелі» топтың  тойып секіруі қашанғы үдей береді?

Тоңып секіруші, тұрмыстың қымбатшылығынан тауқымет тартушы көпшіліктен,  мысалы,  мұғалімдер мен дәрігерлерді  бөліп айтуға тиіспін. Күні ертең халқына қызмет ететін ұрпақты адалдыққа, әділдікке тәрбиелеп өсіруші мұғалімдердің  ол ұлағатты іске  біліміне қоса қаншама жүйкесін жұмсап жүргендерін ескерген билік бізде болды ма, бар ма? Ал ол ұрпақтың денсаулығын қорғаушы, сақтаушы дәрігерлердің ше? Ауылдың мұғалімі мен дәрігерінің айлық еңбекақысы 50-60 мың теңгенің, қаланың жоғары оқу орнындағы оқытушылардың айлығы 90-100 мың теңгенің төңірегінде. Оларша жүйкесі тозбайтын парламент депутаттарының айлығы 700-800 мың теңге екен. Яғни 1 депутат 70-80 мұғалімнің,  дәрігердің айлығын алып отыр. Сорақылық па, жоқ па? Бұл сұрақты билік басындағыларға мен де мақалам арқылы бірнеше рет қойғанмын. Н.Назарбаевқа да, парламентке де жазғанмын. Ләм-мимсіз кете барды.

Былтыр көптен таныс депутатқа бірде: «Сендер жылына жүздеген заң шығарғандарыңды айтып шоқтықтанасыңдар. Білім-ғылым, медицина жайында да шығарған боларсыңдар. Мұғалім мен дәрігерге қамқорлық жасау, дәрі-дәрмектің саудаға түсуіне тиым салу  міндеттелді ме? Жалпы заңдарыңның қайсысы қалай орындалып жатқанын қадағалайсыңдар ма?» дегенімде ол: «Біздің міндетіміз - керек заңды шығару, оның орындалуын Үкімет қадағалайды» деді. «Сонда сендерде заңдарыңның өздеріңнен арғы жолын бақылайтын не комитет, не комиссия жоқ па?»  десем, қалаулымыз: «Оның бізге керегі  не, бақылайтын орган барын айттым ғой?» деді. Өз жұмысының  нәтижесіне  өзі назар аудармайтын парламенттен не қайыр?

Меніңше, парламентті «оның бізге керегі нешіл» салтанатшылдыққа бауыр басқан саясатшы, ақын, сазгер, әнші-бишілер ансамблінен арылтып, депутат санын шектеп, құрамын экономика, заң ісі мамандарының есебінен жаңартып, айлықақысын  дұрыс мөлшерлеу, тіпті екі шатырдың (палатаның) біреуін ғана ұстау   жөн болмақ.

Бұған жалғастырар  сөзім біздегі Халықтар ассамблеясына қатысты. Ол ұлт пен ұлыстардың арасында наразылық,  шиеленіс  болмауын алдын ала  қадағалау міндетін атқарады екен.  «Жә», делік. Ондай оқиғалар оқта-текте бола қалғанда деңгейіне қарай: ауылдық, аудандық, қалалық, облыстық әкімшіліктер дұрыс реттеп отырды. Олардан асып, ушығып, тиісті министрліктің, үкіметтің, парламенттің, президенттің алдына барғаны болған жоқ. Болғаны – былтырғы қазақ-дүңген қақтығысы. Егер Ассамблея міндетін тыңғылықты атқарып келе жатса, ол қақтығыс болмайтын еді, бола қалғанның өзінде дүйім жұртты дүрліктірген оқиғаға ұласпас еді. Яғни екінші парламентке ұқсас Ассамблея халыққа шынымен өте қажет пе? Мемлекеттік бюджетке салмақ салмай отыр ма?..

Халықаралық деңгейде қалыптасқан қағидалардың бірі: білім беру мен денсаулық сақтау қызметі ақылы мемлекет халықтық мемлекет емес делінген. Рас қой? Бізде тәуелсіздік бұйырғаннан беріде  бұл салаларда тегін ештеңе жоқ. Босап тұрған тісті жұлып тастаудың емханалық нарқы 2,5 - 3 мың теңге болып тұр.

Ал екінші қағидасы: мемлекет, үкімет басшылары мемлекеттік тілінде сөйлемейтін ел ұлттық мемлекет емес дейді. Рас қой?  Біз ше? Шет елдерге шыққандағысы былай тұрсын, шет елдерден ресми сапармен келген басшыларды қабылдағанда да Н.Назарбаев  тек орыс тілінде сөйледі. Құдды Ресейдің губерниясы сияқтымыз. Өзіміздегі межелі үлкен-кіші жиын-жиналыстарда да орыс тілінде сөйлеу «дәстүрге» айналды. Сол «дәстүр» бүгін де сақталуда. Мұны тию керек және Конституциямызда болған: «Орыс – тілі ұлтаралық қарым-қатнас тілі» деген бапты орнына оралтып, орыс тіліне  ресми тіл дәрежесін берген бапты алып тастау шарт. Мемлекеттік тілдің – қазақ тілінің 28 жылғы «жыры» енді неше жылға созылмақ?

Мәдениетіміз де мәз емес. Тоқ етері десек: сахналарымыз бен телеэкрандарымыз еліктеу мен солықтаудың, желөкпеліктің жайлауына  айналды. Әнші-биші қыз-келіншектер әуелде быртиып-тыртиып киініп, бет-ауызды баттитып бояп, одан соң шашты жайып жіберіп, енді ол шашын сабан түске бояп бұраңдап жүр. Шет елдердегі өнер байқауларына баруға жолы түскендері «Қазақстаннан келді» дегізер ұлттық нышаннан жұрдай.

Сахнаның көркемделуіне қарасақ, олардың  басым көпшілігінде  айбақ-сайбақ, ағыл-тегіл аламышты опай-топай, астаң-кестең  құбылыстар алмасып, сахнаны да, залды да «электр мылтықпен атқылау» жарысы жүріп жатады. Даңғаза музыка да қарқынды. Ән-күй тыңдап жадырап шығудың орнына көбінесе әңкі-тәңкі басымызды шайқап қайтамыз.

Радиоарналарымызда да береке шамалы. Ән дегені құрақ көрпедей «сазгерлер», көне әндерімізді, бертінгі қазақ композиторларының, тіпті Абайдың әндерін бұрмалап айтатын «әншілер» көбейіп барады. Бұрмалайтындар – «ән өңдеумен» мал табушылар. Ал әнді музыкалық аспаптармен сүйемелдеуге домбыра мен қобызымыз, сыбызғы мен сырнайымыз  қажет болмай қалды. Естіп жүргеніміз жүйкені шабақтайтын: таңқ-тұңқ, шаңқ-шұңқ, дүңк-дүңк, тоңқ-тоңқ еткен есірік дыбыстар. Осы өрескелдікті тоқтатуды ұсына «Жас қазақ», «Жас алаш» гәзеттері арқылы Мәдениет министрлігімізе ашық хат жаздым, «Егемен Қазақстан» гәзетінде  биыл мақалам шықты. Кеңес дәуірінде Мәдениет министрлігінде «Көркемдік кеңес» болғанын, оның ұйғарымынсыз сахнаға ешкімнің шыға алмағанын, ол өнердің ұлттық сапасын сақтау, шын дарынды анықтау болғанын айтып, сол Кеңесті қайтадан құру жөн болар дедім.  Билік жақтан оқыған, естіген тірі жан табылсайшы! Әл-Фарби бабамыз: «Сен жауыңнан қорықпа, қапыңды тапса өлтірер; сен досыңнан сезіктенбе, - қатты болса сатып кетер; сен немкеттіліктен қорық, түбіңе сол жетер» деген екен.

Ұлт рухын қуаттандыратын көркем әдебиет ауылымызға бір сәт қарасақ, одан да көретініміз – қанағаттанғысыз жәйттер. 1994-жылы билік басындағы мырзалар «шет елдерде творчестволық одақ дегеннің  жоғы» жайында «ғасыр жаңалығын» ашып, барша шығармашылық одақтарымыз мемлекеттік бюджеттен тыс қалдырылып: «Өз күніңді өз көр!» деген қисынсыз әмірге жем болды. Бұрында үкіметтің оң ниетімен 2-3 жылда кітабымыз шығып тұратын еді, енді кітабымызға жарық көрсетудің жолын іздеу керек болды. Табуға бейімділер тапты, бейімсіздер шет қалды. Сондай-ақ, қаламақыдан көз жаздық. Мысалы, Жазушылар одағы құзырындағы бір гәзет пен екі журнал     ол жағына «ұятты».

...Парламенттік оппозиция болуы керек» дегенді ести бастадық. Әрине, керек. Алайда жаңалық емес. Тәуелсіз республикамыздың Жоғарғы Кеңесінің Серікболсын Әбділдин төраға болған алғашқы құрамы «халықтың талабы бойынша» делінген далбаса себеппен таратылды. Өйткені онда демократтар, оппозиялық ниетті депутаттар басым еді. Ол, әрине, жекебилікшілдерге ұнамады.

Парламентке сайлана алған, сол Серікболсын Әбділдин  бастаған коммунист  депутаттар  оппозициялық ұстанымдарынан айнымай, халықтың көкейіндегіні  ашық  айтты, қойылуға   тиіс талаптарды батыл қойды. Сол үшін парламенттің  келесі сайлауында олар «халықтан жеткілікті дауыс ала алмады».

Оппозицияның билік үшін күресушілердің тобы емесін, биліктің ішкі-сыртқы саясатындағы ағаттықтарын уақтылы айтып, түзетуіне кеңес беретін, көмектесетін халықтық күш бірлестігі екенін  білесің. Бізде  сөзіне емес,  іс-қимылына халық сенген, құрметтеген оппозициялық партия болғанын, бірақ оның мемлекет және қоғам қайраткері дәрежесіндегі басшыларының қашан, қалай, қайда кетірілгенін, партияның жабылғанын, оппозияның солайша әлсіретілгенін  бек жақсы білесің, тәптіштеп айтпай-ақ қояйын және жұртшылыққа мәлім. Енді «Парламенттік оппозиция» бола қалса, оған, егер пәрменің жетсе, алдыңғылардың аяғын құштырмағын. Тәуелсіз баспасөзге жол ашқын.

Құрметті Қасым-Жомарт, сөзсоңы былайша: сонау бір жылдары КСРО Жазушылар одағына ресми жұмыс жайымен барып жүргенімде бірде Әнуар Әлімжанов жайында басталған әңгімеге ойда жоқта қатыстым. 5 жазушы отыр екен. Екеуін ғана білемін. Біздің Жазушылар одағымыздың басшысы Әнекең ол күндері АҚШ-та іссапарда еді. Мен алғаш көрген жазушылардың бірі,  кім екені есімде сақталмапты, танысқан маған жымия қарап: «Әнуарді үйдегі сіздерден гөрі Мәскеудегі достары - біз жиірек көреміз-ау деймін?» деді. Серіктері көңілдене құптап  күлді. Таныс ақын Роберт Рождественский тамағын кеней гүр  етіп: «Дүние жүзінің географиялық картасынан Әнуар болған елдерді іздеп табудан ол болмаған елдерді табу оңай», деп ду күлдірді. Сол есіме  түскенде   бізде көзі тірі Нұрсұлтан Назарбаев атында не барына  ден қоямын.

Бірінші президенттің, ұлт лидерінің, елбасының аты қойылған:  мектеп, кітапхана, гимназия, институт, университет, академия, мұражай, әуежай, парк, гүл... ондап саналады. Облыстық мұражайларда арнаулы бөлмелер бар. Ескерткіштері – өз алдына.

2018-жылы Алматыдағы «Д.Фурманов көшесі» «Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы» болды. Фурмановтың кінәсі «Бүлік» романында қазақтардың мүддесін жақтағаны ма?

Былтыр президенттік 1-нші жарлығыңмен Н.Назарбаевтың атын 14 көше-даңғылға қоюды міндеттедің. Ондай «тапқырлық» дүние жүзінің    бірде-бір елінде болған емес, боламайды да! Ал анау «қой аузынан шөп алмас» парламент пен ассамблея жақтан саған: «Мұның қалай?!» деген таңданысты сұрақ қойылмады. Баяғы шұлғуизм, мүлгуизм.

Ақмола қаласының аты «Астана» делінгенде түбі «Нұрсұлтан қаласы» болары сезілген. Ал сол тұстағы Жоғарғы Кеңестің төрағасы Әбіш Кекілбаев жария еткендей: «Республика астанасын Алматыдан шілде айының 6-сында көшіру  туралы  қаулы қабылдағанымыз, құрметті Нұреке, сіздің туған күніңізге силығымыз болды».

Менің ойым айтады:  ат қою науқаны жылдарындағы қаулы, жарлық қайтадан қаралуға, шектелуге тиіс. Қайсыбірінің күші жойылуы керек, бірінші кезекте: өзіңнің №1- жарлығың.

Есен-сауында өзіне мұншама «жақсылық» жасалғанына Н. Назарбаев ойланбастан қашанғы бейтарап жүре берер екен? Өте өрескел жағдаяттан арылуға, «ештен кеш жақсыға» жүгінуге батылдығы жетер ме екен?

Жаңа заманғы еліміздің алғашқы астанасы болған көне қаламыздың  «Ақмола» атын қалпына келтіру қажет, ол тарихымызды силау болады деп білем. Алақұйын Хрушев «Целиноград» деп өзгертті, ал одан  қайтадан Ақмола дегенімізді:  - Мәскеуде орыс жолдастар: «Ол қайдағы, қандай мола?» деп мазақ етті, - деген сылдыр себеппен «Астана» дей салдық (иә, кейін «жаңарта салу» үшін).

Азды-көпті бұл айтқандарыма өзің төреші болғайсың!

Осымен тәмәм. Лауазым-қызметің елдің мақсат-мүддесіне сай болуына тілектеспін!

Ғаббас Қабышұлы 

Abai.kz

26 пікір