Жұма, 29 Наурыз 2024
Жаңалықтар 4840 0 пікір 29 Қазан, 2011 сағат 12:29

Лидер

Бағзы бабамыз: «Көш бастау қиын емес, қо­на­тын жерде су бар. Қол бастау қиын емес, шабатын жерде жау бар. Шаршы топта сөз бастау қиын», - деген екен. Төңкерілген мұхит толқынындай өзгермелі 21-ғасырда топ жарып, ел бастау оңай болмады. Бір жағы «ормандай орыс», екінші шеті «қиқымдай қытаймен» іргелес жатқан ұлысын ешкімге кіріптар қылмай, салиқалы саясат ұстай білу - кемел ойды, көсем мінезді қажет етті. Буы­ны қатаймаған мемлекеттің әр қадамын бағып отырған үй сыртында кісі көп. Табаның сәл тайып кетсе, іштей күлетіндер қаншама! Елбасының жанкешті еңбегіне тағы бір зер салайықшы. Алмағайып уақытта Егеменді елдің бас жібін бекем ұстаған халықты тығырықтан алып шыққан қажырының өзі неге тұрады.

Бағзы бабамыз: «Көш бастау қиын емес, қо­на­тын жерде су бар. Қол бастау қиын емес, шабатын жерде жау бар. Шаршы топта сөз бастау қиын», - деген екен. Төңкерілген мұхит толқынындай өзгермелі 21-ғасырда топ жарып, ел бастау оңай болмады. Бір жағы «ормандай орыс», екінші шеті «қиқымдай қытаймен» іргелес жатқан ұлысын ешкімге кіріптар қылмай, салиқалы саясат ұстай білу - кемел ойды, көсем мінезді қажет етті. Буы­ны қатаймаған мемлекеттің әр қадамын бағып отырған үй сыртында кісі көп. Табаның сәл тайып кетсе, іштей күлетіндер қаншама! Елбасының жанкешті еңбегіне тағы бір зер салайықшы. Алмағайып уақытта Егеменді елдің бас жібін бекем ұстаған халықты тығырықтан алып шыққан қажырының өзі неге тұрады.

Рас, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары халық қатты күйзеліске түсті. Алдымызда екіұдай жол тұр­ды. Бір жақсысы - Президентіміз өз ойын көр­шілерден жасырып ұстаса да, мақсат тұтқан жолдан тайған жоқ. Алысты болжай білетін көре­ген­ді­гін көрсетіп, сонау 1992 жылдың өзінде-ақ Қа­зақ­станның тәуелсіз мемлекет ретінде қалып­та­суы мен дамуының Стратегиясын жариялады. «Қазақстан - 2030» Стратегиясы соның дәлелі. Біз бүгін еліміздің әлем алдындағы абыройы мен мәртебесі, дәулеті мен сәулеті сай мемлекетке айналғанын осы стратегиядан бастасақ болады. Алыс­ты болжаған мұндай өміршең құжат әлем елдерінде некен-саяқ. Тәжірбиелері Малайзия, Қытай елдерінде ғана қалыптасқан. Алғашы елең-алаң шақта Елбасының өзі: «Халқым, осы нарық жолын таңдадым, бұл сапарда қиыншылық көп болады, төзуге тура келеді. Ал нәтижесінде біз тиімді экономикалық жүйе жасаймыз, соның негізінде тұрмысты жақсартып, өркениетті елдердің қатарына қосыламыз. Мен сіздерді осы жолмен жүруге шақырамын», деген болатын. Сөз-ақ десеңші! «Алдымен - экономика, сосын - саясат» деген даму сатысына аяқ салды.

Тәуелсіздік жылдары деп осы бағытты берік ұстап, экономикада іргелі реформалар жүргізіп, ха­лықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту мен ел тұр­мысын жақсартуға сатылап болса да біртіндеп қол жеткіздік. Ұлтжанды азамат алдымызда қан­дай асулар тұрғанын, ол белестерді абыроймен ба­ғындыру үшін үлкен мүдде қажет екенін сезіне білді. Күн-түн демей бейнет шегудің нәтижесінде елі­міз өрке­ниет­тің жолына түсті. Ғасырға бергісіз іс атқарылды. Оған шыдаған да бар, шыдамаған да бар

Сөзіміз нақты болу үшін дәлелге жүгінейік: 1994 жылы жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім жеті жүз доллардан сәл ғана асатын. 2011 жылдың 1 қарашасына қарай бұл көрсеткіш 12 еседен артық өсіп, 9 мың АҚШ долларынан асып түсті. Бүгінде Қазақстанның халықаралық резерві 60 миллиард долларға жуық қаржыны құрайды. Тәуелсіздік жылдарында ел экономикасына 120 миллиард доллардан астам шетелдік инвестиция тартылды. Біз әлемнің 126 еліне 200-ден астам өнім шығарамыз. Ұлттық әл-ауқат деңгейі жө­ні­нен әлем мемлекеттерінің рейтингінде Қазақстан өткен жылы 26-сатыға ілгерілеп, 110 ел арасынан 50-ші орынға көтерілді.

Тәуелсіздік алған елдің реформалары тек экономиканы дамытумен шектеліп қалмайды. Біз ашық қоғам құрып, либералды демократия­ны таңдадық. Соған сәйкес конституциялық реформа, саяси реформа шеңберін ұлғайтып, өз бағытымызды таңдап, тауып келеміз. Жүр­гі­зіл­ген реформалар өз жемісін берді. Өнер, ғылым, білім жолында үлкен жетістіктерге жеттік. Ұл­тымыздың айтулы азаматтары әлем сахна­сын­да өз жетістіктерін көрсетуді үрдіске айналдырды.

Жаңадан шаңырақ көтерген жас мемле­кет­тің алдында биік-биік асулар тұрды. Рефор­ма­ларды ұтымды жүргізу үшін озық елдердің тәжірибесін үйрену қажет те еді. Мемлекет басшысы шырқау Еуропаға құлаш ұрмай, Азия­да қоңсы отырған елдерге көз салдық. Соның бірегейі - Малайзия. Елбасы: «Өзінің халқы, этностық құрамы жөнінен және басқа да көптеген өлшемдері бойынша бізге ұқсас еді», - деп айтқаны бар. Малайзия бүгінде Оңтүстік-Шығыс Азиядағы ең дамыған және өркениетті, ауқатты ел. Және әлемдегі озық технологиялы, электронды өнімдерді аса ірі экспорттаушы мемлекет. Малай елінің бағын ашқан Махатхир Мохамад - 1997-1998 жыл­дардағы Оңтүстік-Шығыс Азияны шарпыған қаржы дағдары­сы­нан елін еңселі алып шыққан бірегей тұлға. Ол 22 жыл Премьер болған кезде малай елінде электроника, компьютер бөлшек­тері мен ең жаңа технологиялар өндірісінің жетекші орталығына айналды. Ол басқарған жылдары экономиканың даму үрдісі мен ха­лық­тың әл-ауқаты қауырт өсті, Халықаралық валюта қоры елді даму мен әлеуметтік тұ­рақтылықтың кепіліне айналдырды.

Бүгінде әлемде қуатты мемлекетке айналған    Сингапур елі де бізге жаңаша реформасымен үлгі болды. Сол елді дағдарыстан алып шық­қан, өркениет жолына түсірген ірі тұлға Ли Куан Ю. «Өмір үйренуден тұрады», - дейді. 30 жыл ішінде шағын жарты аралды экономикасы қуатты елге айналдырды. Мұндай көрнекті тұл­ғалар әр мемлекетте болды. Атап айтсақ: ұлттық мемлекеттің негізін қалаған Ұлыбри­танияда - Оливер Кромвель, Германияда - Бисмарк, отандастарын тар тығырықтан соны сүрлеуге, жаңа жолға сап алып шыққан АҚШ-та - Франклин Делано Рузвельт, Францияда - Шарль де Голль секілді озық ойлы қайраткерлер болған.

Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты жоғарыда айтылған көрнекті тұлғалармен салыстырған кезде Елбасының жаңа, тосын қыры ашыла түсері кәміл. Әйтсе де Президенттің өзінің ұстанған сара жолы бар. Тұралап қалған елді тығырықтан аман-есен алып шығу кез келген жанның маңдайына жазыла бермейді. Осы кезде ел тізігінін бекем ұстаған Елбасының сали­қалы саясаты ұлы көштің түзу жолда келе жатқандығын айқындап берді.

Біз келтірген "Азия асқарлары" кітабының түйінді тұсында былай делінген: "Әлемде қандай да бір елдің өркендеуін бір адамның есімімен тікелей байланыстыратын жайлар онша көп емес. Әдетте, олар өздерінің ерекше жа­ратылысының арқасында қоғамдық күштер­ді жаңа мемлекеттіліктің негізін құруға жұ­мыл­дыра алған және туған еліне әлемдік қо­ғамдастықта лайықты орын алып берген көр­некті тұлғалар болып келеді". Осынау тау тұлға Махатхир Мохамад біздің мемлекетімізді "ұлы ел" деп атайды, Елбасымызды "Ме­нің Нұрсұл­тан Әбішұлына деген сенімім зор. Ол өз елін қиындықтан алып шықты", - деп бағалайды, ал бәсекеге барынша қабілетті елу елдің қата­рына кіру мақсатымыз туралы: "Бұл міндет Қа­зақстанның қолынан келеді", - деп ашық айтады.

«Атаның баласы болма, адамның баласы бол» деген сөз бар қазақта. Сол сияқты нағыз басшы, шынайы көсем әуел баста өзі үшін емес, елі үшін туады, елі үшін өседі, елі үшін өмір сүреді, елі үшін қызмет етеді. Артқа бұрылып, жиырма жыл бұрынғы Қазақстанға көз салыңызшы. Жиырма жыл буыны қатпаған жас жігіттің жасы ғана. Өте аз уақыт. Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың еңбегінің арқасында түске кірмес жетістікке жеттік. Ауызға алмас асудан астық.

Сол уақытта алда жаңа мемлекет, жаңа заң, жаңаша өмір құру міндеті тұрды. Бұл үшін жоғары оқуды бітіріп, жоғары қызметтерде жұмыс істеу жеткіліксіз еді. Халқымыздың маңдайына көптен күткен тәуелсіздікпен бірге дүниеге келген өз ұлтының ұлтжанды ұлы Нұрсұлтан Назарбаевты тағдыр ел тізгінін ұстауға лайық деп шешті. Жаңа елге - жаңа басшыны тарих туғызады. Мысалы, Түркия көсемі Мұстафа Кемал Ататүрк.

Ататүрк өз халқын өрелі биікке шақырса, Назарбаев өркениетке шақырып келеді.    Ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында дөңге­лен­ген дүниені дүр сілкіндіретін жаппай қы­рып-жоятын қарудан құтылды. Қазақстан Семей ядролық полигонындағы ядролық қарудан бас тартып, бейбіт жолда өмір сүретін ел екенін әлемге әйгіледі. БҰҰ-ға мүшелікке өтті. Жаңа демократиялық Конституциясын қабыл­дады. Ұлттық валюта - теңге дүниеге келді.

Түркия тәжірибесіне тағы да зер салайық. Ататүрк өзінің алдындағы көсемдердің ел басқару ісіндегі қателіктерін толық ескеріп, алдымен ел экономикасын нығайтуды қолға алды. «Жаңа Түркия мемлекетін әлемде лай­ық­ты орынға көтеру үшін қандай жағдайда бол­сын, алдымен ұлттық экономикамызды түзеп алу керек», - дейді. Елдегі толқу мен көтеріліс, әлемдік дағдарыс Осман империясы кезіндегі сыртқы қарыз мөлшері жас мемлекетті тығы­рық­қа тіреген еді. Мұстафа Кемал Түркияны еуропаланған ел жасау мақсатында ең әуелі экономиканы көтеруге көп көңіл бөлді. Экономикасы нашар мемлекет үшін ең қажет нәрсе қаржылық тәуелсіздік екенін түсінді. Осылайша, 1923 жылдың ақпан айында Ізмір қа­ласында «Экономикалық конгресс» шақы­рылды. Конгресстің мақсаты ұсақ-түйек кәсіп­орындардан елдегі шикізатты өндіретін ауқым­ды өнеркәсіпке көшіп, мемлекеттік қаржы орталығын құруды көздеді.

Осыған ұқсас салмақты шешімді Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаев та қабылдады. 90-шы жыл­дардың басында ауылдағы жұрт малдан айы­рылып, қаладағы дүкен сөрелері бос қал­ған. Халық ахуалын көтеру ауадай қажет бол­ды. Жер байлығы мол болса да, оны өндіріп дамытуға қаражат жоқ. Елде мұнай қоры жеткілікті. Ал мұнай десе - АҚШ та, Еуропа да аяғынан тік тұратыны белгілі. Президент бір сө­зінде: «Әдетте мұнай не байлық әкеледі, не қиянат жасайды. Сондықтан елдегі мол мұнай қоры жүру үшін тек тарту құбырлары ғана емес, саяси шешімдер де керек», - деді. Елдегі мұнай көздерін шетелдік инвесторларға беруге бел буды. Күмәнді әрі жауапкершілігі мол шешім. Елбасының көрегендігі мұның да сәтті боларын алдын-ала болжап білгендей. Шетелдік инвесторлардың қойған бәзбір талаптарын ескеруге тура келді. Нәтижесінде сала жанданып сала берді, банкке қаржы құйылды, жағдай дұрыстала бастады.

Қазақстан қарыштап өскен сайын дамудың қиын сатысына аяқ басты. Еліміздің БСҰ (Бү­кіләлемдік сауда ұйымы) қатарына өтудегі ғаламдық ұмтылыстары ғажайып. Елбасы: «Ғаламдық әлемде бәсекеге қабілетті мемлекет болуымыз керек!», - деп 2011 жылғы Жол­дауында ғылым мен білімге басымдық беріп, баса назар аударуға шақырды.

Біртуар ұлағатты тұлғаларға қазақ кенде болған жоқ. Үлкен мектеп үлкен адамды жасау үшін қажет. Біздің мектептің негізін салушы ұстаздарымыз осыны ескерген болуы керек. Қазақ халқының басына тәуелсіздік бақытын сыйлаған, соңғы жиырма жылдың көлемінде көптеген оң өзгерістер дүниеге келді. Егеменді ел болып дүние жүзіне танымал болдық. Алғашқы асудан астық.

Тәуелсiздiктің арқасында бұрын жоғалтқан асыл қазыналарымызды таптық және өшкені­міз жанды. Қоғамның құрылымдық сипаты ғана емес, тұтастай ойлау жүйесі жаңғырды. Қазақ халқының ғасырлар бойы аңсаған асыл мұраты Тәуелсіздік келді. Ата-бабаларымыз қанын да, жанын да аямай, қанша арпалысса да жете алмай кеткен осынау қастерлі мақсатқа біздің ұрпақ ХХ ғасырдың аяғында қол жеткізді. Әлем жұртшылығы халқымыздың дербес елдігін таныды. Мұның өзі қоғамдағы орнықты саяси ахуал жағдайында халықтың басым көпшілі­гінің рухани жаңаруы арқасында жүзеге асты.

«Адамдардың ой-санасын бір сәтте өзгерту мемлекеттің қолынан келмейді, бірақ мемлекет өзгерістер процесін, маңызды ақпаратты ха­лық­қа жеткізу жолымен және де ең бастысы, өзіндік молшылыққа бағытталған әлеуметтік-экономикалық саясатты іске асыру жолымен жеделдетуге қабілетті. Адамдардың жаңа дү­ниетанымы қалыптасқанша ондаған жылдар қажет болады» - деген еді Елбасы.

XXІ ғасырда ғылымның қоғамдық маңыз­ды­лығы артты, жалпы орта бiлiм, жоғары бi­лiм, үздiксiз бiлiм берудi ғылыми әдiснамалық, әдiстемелiк тұрғыдан қамтамасыз ету қажет­тілік­тері пайда болған тұста, дүниежүзілік қауымдастықтың жасампаздық және ғаламдық тенденцияларын талдап, байыппен қарап, іс-тәжірибеге енгізу өзекті мәселеге айналды. Еге­мендікке ие болған жас мемлекеттің өзін әлемдік аренада көрсетуі мен өзінің күш-қуатын дәлелдеуі үшін бүкіл елді, мемлекетті басқаруда ерекше тұлға, Елбасы Н.­Ә.На­зар­баевтың мемлекет басына келуі ел үшін, халық үшін, болашақ үшін маңызды, қайталанбас тарихи оқиға болғаны аксиома.

Ғылым мен білімнің дамуы да осы ел тәу­елсіздігінен басталды. Тәуелсіздікке ие болған жиырма жыл ішінде Қазақстан мемлекеті жаңа сапалық деңгейге көтеріліп, өзгермелі әлеу­мет­тік-жағдайда жаңа қазақстандық қоғам дүниеге келді. Жалпыадамзаттық құндылықтарды, тарихи тәжiрибенi, сан ғасырлық мәдени дәс­түр­лер­дi ескере отырып, бiлiм беру мазмұнын жаң­ғыртуда, білім беру жүйесіне түбегейлі өз­герістер енгізуде Елбасының еңбегі орасан.

«Жұртқа білім, үйретумен, көрумен, білумен жайылады. Білімнің басты құралы - кітап. Қазақ ортасында білімнің жайылуына, әуелі оқу үйрететін орындары сай болуы керек, екіншіден, білім беретін кітаптар жақсы болуы керек», - деген еді ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсы­нов. Сол бір ұлағатты өсиетін ұрпағы ғасыр ауысқан тұста қайта жаңғыртты. Жоғарыда аталған университеттер қатары бізге де жетті, ондағы аты әлемге әйгілі ірі тұлғалар бізде де бар. Еліміздегі Президенттік университет шетелдік білім беру тәжірибесімен теңесіп, өзінің алғашқы түлектерін тәрбиелеп жатыр. Студенттерімен дидарлассаң, жанарынан жалын шарпыған алдағы күнге деген зор сенімнің ұш­қынын көресің, құдды болашақ Ньютон, әмбе жаңа заманның Архимедімен сөйлесіп тұрған­ға сенгің келеді. Жүзі бал-бұл жанған алғыр жастан - келешекте Альберт Энштейн, Галилео Галилей және т.б. секілді ұлы, ұлты сенген ұлағатты тұлғалар шықса деген арманым бар. Бүгін біз ғылым мен білімді әлемдік деңгейде қайта түлеттік. Елбасымыз 2011 жылғы Жол­дауында нұсқағандай, білім мен ғылымға баса көңіл бөлдік, соған қарап бұл арман орындалуы тиіс деп сенемін.

Мемлекет тәуелсіздігін алып, өз басына жеке шаңырақ көтерген тұста Елбасы қаншама ауыр міндетті арқалағаны белгілі. Соның барлығын аса үлкен қажырлылықпен атқарып, елді күйреуден гүлденуге алып шықты. Бұл жолда Нұрсұлтан Назарбаевты әлем ірі тұлға, үлкен саясаткер деп таныды. Елімізде осындай ірі тұлғалар қатары көбейсе деп ойлаймын.

Мемлекетті дағдарыстан алып шығудың жал­ғыз жолы экономикалық өрлеу мен білім­нің гүлденуі, деген Президент аталмыш сала­лар­ға баса назар аударды. Әлемнің дамыған мемлекеттерінің барлығы осы жолды ұстан­ға­ны рас. Тіпті қай заманда, қай ғасырда болсын, білім мемлекеттің басты қуаты болғандығы бү­гінде тарихтан белгілі. Сонау ескі замандардың өзінде қазақ даласынан құлдыққа сатылып барып Мысырда хандық құрған Бейбарыс сұл­тан өзі құрған мемлекетіне білімнің нәрін сеуіп, бүгінгі Сирияның негізін қалады емес пе! Ендеше, сондай мемлекет Бейбарыстың баба елінде гүлденуі ақиқат. Ерте кездердің өзінде да­мыған мемлекеттер мен патшалықтарда ең алдымен ілім-білімге, сонан кейін барып қор­ғаныс саласына орын берілген екен. Мемлекеттер тарихында алдымен қару сайманын сай­лаған ел еш уақытта алысқа ұзап көрмеген. Оған дәлел боларлық мысалдар тарихта жеткілікті.

Ахмет Байтұрсыновтың 1913 жылы айтқан сөзі ұлтымыз бен мемлекетіміздің іргесін бекемдей түсумен қатар, қарышты қадамға бас­тайтын жол. Осы жолды сабақтастыра отырып, білімі жағынан қарыштап алға кеткен мемлекеттерден үйренуді бастаған біздің ел ендігі тұста өзінің білім тұрғысынан алып қарағанда 20 жылда оң нәтижесін бере бастаған тәрізді. Бұл ретте Мемлекет басшысының бастамалары тың серпін берді. Президент тапсырмасы бой­ын­ша Қазақстанның барлық білім ошақтарын қайта жаңару ісінен басталған ірі жоба жоғары оқу орындарының білім сапасын арттырумен қатар, оқу орындарына білікті әрі білімді шетелдік ұстаздар тарту мәселесі қолға алынған еді. Сонымен қатар, әлемнің үздік оқу орын­дары­на жастарды көптеп жіберу мәселесі уа­қыт тезіне түсті. Осылайша сапалы білім мен за­манауи талаптар бойынша тәжірибе жинақ­таған жас мамандар қазірдің өзінде еліміздің түкпір-түкпірінде әр сала бойынша қызмет атқара бастады. Шет мемлекеттердегі жоғары оқу орындарымен студент алмасу жүйесі қолға алынды. Бұл жүйені мемлекет қолдап отыр. ТМД-ға қатысушы елдердің білім саласындағы ынтымақтастығы жөніндегі кеңестің төрағасы Василий Стряжиевтің сөзіне қарағанда, атал­мыш жүйе бойынша жұмыс жасауға қазірдің өзінде жеті мемлекет дайын екендіктерін айтуда. Сонымен, кез келген жоо студенті өзі таңдаған отандық университетте магистра­ту­раға түсіп, бір жыл білім алғаннан кейін келесі жылы қалаған білімін шетелдік университетте жалғастыра алады. Осылайша студент екі жерден білім алып, қос мамандық иесі атанбақ. Бұл жүйе бірнеше жылдың ішінде оң нәтиже береді деген нақты сенім бар.

Білім - экономиканың бастау бұлағы. Әрине білімнің өзі, ғылымның көзі. Елбасы тәуелсіздіктің алғашқы сәттерінен бастап бі­лім­нің болашағы ұлтымыздың болашағы деген қағиданы ту етіп, осы салаға ерекше қамқор­лық жасап келеді. Мемлекеттің енді ғана басын тіктеген сонау бір ауыр жылдардың өзінде «Бо­лашақ» бағдарламасын құрып, жастарымызды шет елдерде оқыту мәселесін қолға алған бола­тын. Президент жаңа технологияның небір кереметтерін жасап, алдыңғы қатарға шыққан мемлекеттермен ынтымақтасып, тізе қосып жұмыс жасау ісін қолға алды. Әрине, бұл құтты қадам.

2010 жылы Елбасының Корея мемлекетіне жасаған екі күндік сапары күтпеген жерден үш күнге созылып кеткендігі белгілі. Мұның себебі білім экономикасы. «Білім экономикасы» - дәл осындай атауға ие таңғы шық елінде министрлік бар. Құлаққа оғаш естілгенімен, ол мемлекеттің құпиясы да осында жатса керек. Сапардың үшінші күнін Президент Нұрсұлтан Назарбаев Корей мемлекеттік университетінің ұжымымен кездесуден бастап, ондағы білім саласындағы барлық жетістіктерді және мем­лекеттің қамқорлығы мен талаптары жөнінде егжей-тегжейлі мағлұмат алған еді. Беделі биік университеттің құрметті ғылым докторы ата­нып, кеудесіне алтын белгі тақты. Кездесу ба­ры­сында Нұрсұлтан Назарбаев «біз алдағы кезде екіжақты экономикалық ынтымақтастықта, негізгі назарды ғылымды қажет ететін иннова­ция­лық жобаларды жүзеге асыру ісіне ауыс­тырмақпыз. Бұл ретте Оңтүстік Кореядағы университеттер мен қазақстандық жоғары оқу орындарының зерттеу институттары орталық­тары­ның өзара тығыз іс-әрекет етуі маңызды», дей келе Президентіміз кореялық ғылыми қоғамның назарын Астанадағы Жаңа университетпен ынтымақтаса жұмыс істеу мүмкін­дігіне аударды. Елбасы Астанадағы университетте әлемнің көптеген елдерінен мамандар дәріс оқитындығын ескеріп, олардың қатары­нан Корея профессорларын да көргісі келетіндігін айтқан еді. Бүгінде сапар барысындағы келіссөздер өзінің оң нәтижесін берді.

Бүгінде таңғы шық елінің жоғарғы оқу орын­дарында жүзден астам қазақстандық жастар білім алуда. Былайша қарағанда аз да емес. Алайда Президент «Болашақ» бағдарламасы­ның аясында Кореяда білім нәрімен сусындай­тын жастар санын екі есеге арттыратынын айтты. Ол жақта жастар тек ағылшын тілінде білім алуы болашақтағы отандық білім сала­сының бір ізге түсуіне өзіндік септігін тигізбек. Әрине, бұл мемлекеттік тілді ысырып тастап шет тіліне бір жола көшу деген ұғымды білдірмейді. Керісінше, қарышты дамыған мем­лекеттердің қатарына қосылу үшін солардың тілінде ілім ізде деген сөз. Бұл туралы ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов «тіл - құрал» деп бір ауыз сөзбен тұжырым жасады емес пе. Міне, сол себепті де Назарбаев Университетінде дәріс тек ағылшын тілінде өтеді.

Ал тағы бір ауқымды бастама 12 жылдық білім. Елбасы бекіткен білім беруді дамы­ту­дағы мәселе 2005-2010 жылдарға арналған 12 жылдық білімге көшу бағдарламасын көздеп, экономиканың индустриялық-инновациялық даму сұраныстарын ескере отырып, техни­ка­лық және кәсіптік білім беру мазмұнының құрылымын жаңарту деп мәлімдеді. Прези­ден­ті­міздің көздеген мақсаты жоғары оқу орын­дарының еуропалық аймағына кіру, білім мен ғы­лымның өндіріспен бірігуін, еңбек нары­ғы­ның еліміздің индустриялық-инновациялық даму міндеттері мен жеке тұлғаның қажеттілік­те­рін қанағаттандыратын және білім беру сала­сындағы үздік әлемдік тәжірибеге сай келетін жоғары білім сапасының жоғары деңгейіне қол жеткізуі.

Қазақстанда білім берудің сапасын жоғары дәрежеге жеткізу халықаралық талаптарға сай болуына байланысты, әлемдегі озық универси­тет­тердің рейтингісіне ұмтылу. Жоғарыда айт­қан жаңа Университет осыған дәлел болып тұр­ғаны анық. Әлемдік білім аумағына түсудің алғашқы қадамының бірі - Назарбаев Университеті. Елбасымыздың көздеген басты мақса­ты­ның негізгісі елорданы білім мен ғылымға толыққанды бейімдеу, яғни келешектегі жоспар бойынша Қазақ елінің ұлттық брэндіне айналдыру.

Қазірдің өзінде Университет әлемнің 30 үздік жоғары оқу орындарының қатарына қосылды. Университет студенттерге 500 білім беру грантын бөлді. Жалпы, бұл таланттарды анықтау мақсатында бөлінген қаражат. Білім ордасы халықаралық деңгейдегі университет болуына байланысты студенттер ұлттық не халықаралық дәрежедегі зерттеушілер мен ға­лымдардың білім алуына мүмкіндік жасалған.

Халықаралық стандарттар бойынша 2020 жылға қойылған талаптың бірі - тәуелсіз ұлт­тық аккредитациядан өткен жоғары оқу орын­да­рының үлесін 30 пайызға жеткізу. Яғни, әлем­нің ең үздік Гарвард, Сорбона, Карлов уни­верситетінің қатарына ену. Еліміздің білім жүйесінің даму үрдісін шетелдермен салыс­ты­ра­тын болсақ, көзделген мақсаттарға жету үшін қыруар жұмыс қажет. Білім жүйесін да­мы­ту барысында реформа болғанымен, біздің елде АҚШ, Жапония, Германия, Франция, Қы­тай сияқты елдеріндегідей реформаның болма­ға­ны бәрімізге анық. Оған мысал келтіретін болсақ, Жапонияда да ғылымның маңыздылы­ғына назар аударған. Ғылыми-зерттеу инсти­тут­тарынан ғалымдарды шақыртып дәрістер оқыту болса, АҚШ-та оқушылар 9-сыныптан бастап дифференциялдық сипат алады. Ал Германияда оқушылар өздерінің қабілеттеріне қа­рай жалпы мектеп, реал мектеп немесе гимназия мектептерінің бірін таңдайды. Бұл гим­назияның ерекшелігі дифференциялды пәндер жүйесін ұсынатындығында. Қорыта келсек, барлық дамыған елдерде 7-сыныптан бастап-ақ, дифференциялдық білім беру іске асыры­лып, оқушылардың өздеріне пән таңдау мүм­кін­шілігі берілген. Бұл - өздерін дамыған мемле­кеттер қатарына қосатын елдердің ұстанымы.

Қазақстан әлем назарында жас, дамушы ел ретінде ғана емес, саясат пен экономикадан тәжірибесі мол мемлекет болып танылды. Елбасының ұтымды саясатының арқасында осындай деңгейге жетіп отырмыз.

Қазақстан       1993 жылдан бері 150 миллиард АҚШ долларынан астам тікелей шетел ин­вес­тициясын тартуға қол жеткізді. Бұл бүкіл Ор­талық Азия аймағының экономикасына са­лын­ған инвестицияның 80 пайызын құрайды. Сәуегей сарапшылар болжаған көптеген күй­реу кезеңін айналып өткен Қазақстан эконо­ми­ка­сы әлемдегі жедел дамып келе жатқан эко­но­ми­каға ұласты. 2007-2009 жылдары еліміз әлем­дік қаржылық дағдарыстың салдарын ой­дағыдай жеңе білді және рецессияға ұшыраған жоқ.

Жиырма жыл ішінде қоржынымыз толып, несібеміз арта түсті. Тәуелсіздіктің түйдек жыл­дары нәтижелі болды. Қазақстанда адам басына шаққандағы ІЖӨ мөлшері 1994 жылғы 700 доллардан 2010 жылы 9000-нан астам дол­ларға өсті. Бұл алдын ала болжанған мерзімнен 5 жыл бұрын жүзеге асып, басқа мемлекет көрсеткішіне қарағанда әлдеқайда қарқынды орындалды. Бұған бір жағынан елдегі мұнай, газ, табиғи уранның орасан зор қоры да ықпал етті. Алайда, мұндай жетістіктерге жету үшін, ең алдымен, батыл экономикалық реформа­лардың және саяси тұрақтылықтың барынша мүмкіндік бергендігі ақиқат.

Елбасы мемлекет дамуы үшін бірнеше маңызды реформалар жасап шықты. Солардың негізгілері «Қазақстан-2030», «Қазақстан- 2020» стратегиялық бағдарламалары бүгінгі таңда қарқынды жұмыс істеп, айтулы нәтиже­лер беріп жатыр. «Жаңа индустрияландыру» бағдарламасы бойынша мемлекеттік қызметкерлердің ақысы пайыздық мөлшерде жыл сайын өсіп отыр. Мысалы, педагог қыз­мет­керлердің лауазымдық жалақылары 2009 және 2010 жылдары 25 пайызға, ал 2011 жылы тағы да 30 пайызға өсірілді. 2008 жылдан бастап педагог қызметкерлерге базалық лауа­зымды жалақының 100 пайызы мөлшерінде өтемақы төлемдері есептелетін болды.

2011 жылдың 1 қыркүйегінен бастап мұға­лім­дердің біліктілік категориясына төленетін қосымша ақы мөлшері ұлғайтылды, өндірістік оқыту шеберлеріне қосымша ақы енгізілді. ЮНЕСКО есебіне сәйкес 2008 жылы Қазақ­стан білім беруді дамыту индексі бойынша 129 елдің ішінде төртінші орын алды. Ал Назарбаев бастаған біздің ел білім саласында білікті, әрі ұтымды жол таңдады, ол - өзгенің озық тәжірибесін негізге ала отырып қазақстандық үлгідегі оқыту тәжірибесі. Бұл үрдіс тек білім саласында ғана емес, барлық отандық өндіріс және индустриялды экономикалық бағытта жұ­мыс жасау деген сөз. Қазақстан білім мен экономика саласында әлемдік өркениет көкжиегінен елестейді.

Оңалбай АЯШЕВ, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор.

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1581
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2281
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3610