Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
4718 1 пікір 18 Мамыр, 2020 сағат 10:16

Өзбекстан: Ресей СІМ өкілі Захарова "өзге елдің ішкі ісіне араласты"

Өзбекстанның "Стратегиялық даму" орталығының басшысы Элдор Туляковтың мәлімдеуінше, Ресей сыртқы істер министрлігінің өкілі Мария Захарованың іс қағаздарын өзбек тілінде жүргізуге қатысты пікірі - өзге елдің ішкі ісіне араласу.

"Өзге елдің сыртқы саясат мекемесіне қатысы бар шенеуніктің бұл тақырыпқа пікір білдіруі - дипломатия және саяси этикаға жатпайды. Заң қабылдау - зайырлы мемлекеттік ішкі шаруасы. Өзбекстан ішкі саясатын өз қалауымен, халықаралық талаптарды бұзбай жүргізуге құқылы", - деп жазды Элдор Туляков Facebook-тегі өзінің парақшасында.

Оның пікірінше, 130-дан астам ұлт пен ұлысты біріктірген Өзбекстанға қатысты осындай "жөнсіз пікір бідіру" - халықаралық заң талаптарына қайшы келеді.

Еске салайық, 14 мамырда өткен брифингте Ресей сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарова Өзбекстанда іс қағаздарын мемлекеттік тілінде жүргізу жөніндегі заң жобасын жақтаушылар "жоқтың қасы" деп мәлімдеген.

"Ақпарат құралдарында осы заң жобасынан туындаған пікір-таласқа назар аудардық. Оны қолдаушылар тым аз екенін аңғардық. Пікір жазғандардың дені орыс тілінде іс жүргізіле беруін қалаған", - деген Захарова.

Биыл сәуір айында Өзбекстанның әділет министрлігі "Әкімшілік жауапкершілік кодексінің 42-бабына өзгеріс енгізу туралы" заң жобасын дайындады.

Құжатқа сәйкес, мемлекеттік органдар мен ұйымдарда іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізбейтін шенеуніктерге айыппұл салынады.

Abai.kz

1 пікір