Жұма, 19 Сәуір 2024
Әліпби 6847 55 пікір 15 Мамыр, 2020 сағат 12:45

Біз латынға көше алмаймыз...

Біз латынға көшеміз деп «жарты әлемге» жар салдық.

Профессорларымыздың да, академиктеріміздің де, саясаткерлеріміздің де, ақын- жазушыларымыздың да басым көпшілігі латынға көшудің еліміз үшін орасан зор игілікті іс екенін дәлелдеп, баспасөз беттерінде «уралады». Олардың айтуынша, латынға көшсек орыстың отарлық ықпалынан құтылады екенбіз, түркі әлемімен туыстық байланысымыз нығайып, арта түседі екен, тағы басқа да дәлелдер айтылды.

Бірақ бұл дәлелдер негізсіз. Неге негізсіз? Өйткені, орыс тілі бүкіл елімізді «жаулап алса», солтүстік тұрмақ оңтүстік қазақтарының өзі қазақ тілін менсінбейтін жағдайға жетсе Алматыда өткен митингілерді қараңыз, не полиция басшысы, не қалалық әкімдік басшыларының бірі, не жұртшылықтың бірде-бір өкілі қазақша сөйлемеді ғой, елімізді Ресей ақпарат құралдары жаулап алса, жеті жарым мың шақырым жеріміз Ресеймен шектесіп жатса, жерімізде Ресейдің бірнеше әскери базасы тұрса, орыс ықпалынан қалай құтылмақпыз? Құтыла алмаймыз. Өйткені, біздің биліктің де, халықтың да көбінің  санасы отарланып, орыстанып кетті. Соған жеткізді кеңес заманы және қазіргі биліктегілер.

Екіншіден, түркі әлемімен болсын, басқа әлеммен болсын, байланысты нығайту әліпбиге тәуелді емес. Сенің әліпбиің латын екен деп ешқандай ел бізге деген саясатын, көзқарасын, ұлттық мүддесін өзгертпейді. Елдер мен елдер арасында туысқандық, достық деген  сыпайылық үшін ғана айтылатын сөз. Қай елде де ұлттық мүдде деген ғана болады. Қытайдың бізбен «достығы» оның ұлттық мүддесі  біздің қазба байлығымызды иелену, соны неғұрлым арзан бағаға алу, миллиардтап қарыз беріп, өзіне тәуелді ету, түптеп келгенде реті келсе, «жұтып қою». Сондықтан Қытай біздің досымыз деп лепірудің, көпірудің қажеті жоқ. Қай елмен де байланыста сақтық қажет, парасаттылық қажет.

Сонымен біз латын әрпіне неге көше алмаймыз? Өйткені біз латын әрпіне көшетіндер және көшпейтіндер болып екіге бөліндік. Арамызда жік туды. Еліміздің жиырма процентін құрайтын орыстар және балаларын орыс мектептеріне беретін орыс тілді басқа ұлт өкілдері латынға көшпейтін болғандықтан оны өздері де, балалары да мектептерде оқып, үйренбейді. Тек латынға көшетін қазақтар және олардың балалары ғана үйренеді. Сонда латынға еліміз қалай көшеді?

Қазір ғой, латынға 2025 жылы көшуге тиіс болсақ та, шаш ал десе, бас алатын әдетімізбен көше атауларын да, жарнамаларды да, маңдайшаларды да латыншаға көшіріп тастадық. Бұған наразылық білдіріп жатқан орыстілділер жоқ. Өйткені орысшасы қасында жазулы тұр. Бірақ бұл латынға көшкендік емес.

Латынға көшу дегеніміз орыс демей, қазақ демей, кәріс демей, бүкіл іс қағаздарын латын әліпбиіне көшіру деген сөз.Батылымыз жетіп, осылай істесек, нағыз қиғылық, нағыз араздық осы кезде басталады. Латын әліпбиін үйренбеген, оқып, жаза алмайтын орыстар, орыс тілді қазақтар, басқа ұлт өкілдері латынға көшпейміз деп қиғылықты салады. Былтыр қараша айында жоғарыдан түскен нұсқаумен мемлекеттік қызметкерлер латын әліпбиімен диктант жазатын болды. Сонда не болды деңіз. Менің танысым қызмет істейтін мекемедегі орыстар орындарынан тұрып, шығып кеткен. Өйткені оларға латын әліпбиінің қажеті жоқ. Оларға  ешкім ештеңе айта алмаған. Айта алмайды да. Күні ертең де іс қағаздары латынға көшетін болса, кирилицамен қызмет атқарып жүрген ондаған мың орыс тілділер үлкен айқай- шу тудырады. Өйткені, қызметсіз қалады. Сонда Президент не Елбасы: «Ау, бұл біздің өз таңдауымыз. Латынға көшіңдер, үйреніңдер» деп айта ала ма? Айта алмайды. Айтса, олардың құқын аяққа таптаған болып шыға келеді. Орыстардың, орыстілділердің наразылығына Кремль көзін жұмып отырмайды. Орыстілді ақпарат құралдары, орыс шовинистері: «Қазақстанның солтүстік облыстары орыс жері» деген «жарапазандарын» қайта бастап, қазақтар туралы небір ғайбат сөздерді айта бастайды. Қазіргі украинадарға айтып жатқандай. Бұл біздің тәуелсіздігіміз үшін өте қауіпті.

Мен латынға көшуге қарсы емеспін. Бірақ жарым-жартылай көшуге қарсымын. Бұдан қазақ ұтылады. Ұтылғанда да жаман ұтылады. Іс қағаздарын қазақшаға көшіре алмай отырғанымыз сияқты латынға да көшіре алмаймыз. Сонда қазақ мектептерін, жоғары оқу орындарын латынша бітірген қазақ жастары қайда барып қызмет атқарады. Егер екі әліпбиді де пайдаланатын болсақ, онда кирил «тақта» қалады да, латын кеңселерге «тұмсығын» тыға алмай жүрген қазақ тілінің күйін кешеді. Мұндай болатынын алдын ала сезген, зерделеген ата аналар өздерінің де, балаларының да латыншаға басын қатыртпай, жаппай орыс мектептеріне бере бастайды. Бұл қазақ тілінің одан әрі құрдымға кетуіне жол ашады. Латын әліпбиінде шығатын қазақ газет-журналдарының тиражы күрт қысқарады. Кирилицаға үйреніп қалған қазақ латын әрпіндегі газеттерді ежіктеп оқып отырмайды. Орыстілді газеттерді жаздырып алады. Бұл қазақ газеттерінің жабылуына апарып соқтырады. Жаппай орыстану жедел қарқынмен дамиды. Латынға көшу бағымыз емес, сорымызға айналады.

Өзімізді латынға көшкен өзбек, түркімен, әзірбайжанмен салыстырмауымыз керек. Олар өз тілдеріне айқай-шусыз «баяғыда» көшіп алған. Өйткені оларда шу шығаратын бесінші колонна жоқ. Ал бізде бар. Біздің тәуелсіздігімізді көре алмай, ши шығуын тілеп, бұғып жүргендер жоқ емес. Ондайлар кешегі дұнған оқиғасының мәніне бойламай, турасын айтқанда бойлағысы келмей, бәріне қазақ ұлтшылдығын кінәлап жазған жоқ па? Мұндайлар  ертең латынға «зорлап» көшіретін болса, елімізде дауыл тұрғызады. Мұның бәрі бүгін емес, ертең іс қағаздары латынға көшкенде туындайды. Ал енді осы бізге қажет пе? Латын әліпбиі «әкемізден» мұраға қалған әліпби емес. Ал егер дүние соған тіреліп тұрса, еліміздегі, қазағы аз облыстардағы, қалалардағы қазақтардың, қазақтілді басқа ұлттардың үлес салмағын өзбектер сияқты тоқсан, тоқсан бес пайызға жеткізіп алайық. Сонда у- шусыз көшетін боламыз. Ал орыстардың, орыстілді басқа халықтардың үлес салмағы жиырма пайыздан асып тұрғанда,олардың ақыл ойын, санасын империялық астамшылық басып тұрғанда біз латынға  көше алмаймыз.  Көше алатын болсақ, отыз жыл бойы іс қағаздарын қазақшаға неге көшіре алмадық? «Латынға көшеміз» деп даурығып жүрген зиялы әлде зиянды қауым осыған жауап берсінші. Турасын айтқанда қазақшаға көшіруге орыстар және орыстілділер тарапынан ши шығып кете ме деп қорықтық. Әлі де қорқып келеміз. Латын әліпбиіне көшу де дәл осының сыңары. Осыны түсіну қиын ба? Біздей экономикасы, қорғаныс қуаты әлсіз елге латын әліпбиінен гөрі тыныштығымыз, тәуелсіздігіміз қымбат. Латынша «анау әріпті олай емес, былай жазуымыз керек», «грамматикасы былай болу керек» деп, неге босқа даурығып жүрміз? Біз латынға көше алмаймыз. Көшкен жағдайда еліміздің тыныштығы бұзылады. Одан гөрі латынға көшуге жұмсалатын миллиардтаған қаржыға үйсіздерге үй алып бергеніміз пайдалы.

Иә, осы сөздерім үшін мені «түтіп жейтіндердің» көп болатынын сезіп отырмын. Бірақ өз ойымды, өз қаупімді айтуға мәжбүрмін. Дауыңыз болса, сіз де айтыңыз.

Дамир Әбішев

Abai.kz

55 пікір