Сейсенбі, 23 Сәуір 2024
46 - сөз 3491 4 пікір 14 Мамыр, 2020 сағат 15:08

Кім күшті? Кім жеңеді?

Табиғат және біз. Ұлы текетірес. Кім күшті? Кім жеңеді?

Талқыласақ, бірден жоғарыдан бастаймыз. Білмейтініміз жоқ. Жаратқанның жағасына жармасамыз. Дін атаулыны жіліктеп шағып тастаймыз. Мәшһүр Жүсіп, Абай, Шәкәрім тек бергі жағы. Сократ, Платон, Аристотель, әл-Фарабилеріңннің өзі бізге түк емес.

Сөйте тұра үй тұрғызу, кент салуды білмейміз. Үйіміз жайсыз, суық болып шығады. Салған кент, шаһарларымызды су алып, не қар басып қалады.
Табиғатты аяламақ түгілі жай ғана сақтай алмай отырмыз. Алматы тауға өрлеп табиғатты жалмап барады. Тау баурайының нәзік табиғаты шағын мекенді көтерер, ал қала болып, мегаполис болып ұлғаятын болған соң, табиғатты оқшаулап, демалыс пен туризмге арнап, қаланы кеңге шығарса болмас па?

Ұлытау кенті де тау баурайының нулы жерін басып, жұрты көгалын таптап, суын ластауда. Архитектор болмасам да кентті таудан алысқа салып, тау баурайын тұмса қалпында сақтағанда ғой деп ойлаймын. Әлі де кеш емес. Жаңа үйлерді таудан алыстата беру, ескі бөлікке үй салуды тыю керек.
1997 жылы 5 облысты таратып, аудандарды оңтайландыру барысында Ағадыр мен Ақсу-Аюлының қайсысы аудан орталығы болады дегенде, барлық артықшылықтарына қарамай, қала типтес кент Ағадыр түйедей басымен бір түнде ұтылып шыға келді. Аумақтық және жолбойылық қос-қостан салынған емхана, аурухана, милиция бөлімдері, басқа да қаншама көп қабатты ғимарат, қоғамдық нысандар, инфрақұрылым босап шыға келді. Бәрін кішкентай ғана Ақсу-Аюлыға көшірді. Бір жағында Жоғары мен Төменгі Қайрақтылар қалды жайрап. Темір жолы жоқ, жатаған үйлері көп Ақсу-Аюлы біріккен екі ауданның орталығы мәртебесіне ие болып, соншама ауыр шоқпарды беліне байлады. Әлі сүйретіп келеді. Осы уақыт аралығында Ақсу-Аюлы кем-кетігін толтырам деп әлі талпынуда, ал Ағадыр барының біразын жоғалтып үлгерді. Кім ұтты? Кім ұтылды?

Жезді мен Ұлытауда да солай. Кенді де кентті Жезді жайрады, шалғайдағы Ұлытау кең етек шекпен-шапаны аяғына оратылуда. Басқа облыстарда қалай болғаны маған беймәлім. Оларда да жершілдік пен шалағайлық орын алса, таңданбаймын.

Бұл жерде мен қандай да бір себеппен Ақсу-Аюлыны кемсітіп, Ұлытаудың киесін білмей отырған жоқпын. Ақсу-Аюлы мен Ұлытауды дамыту өзгеше нысанда жүргізуге болар еді. Олардың кие-қасиеті мен табиғаты, тарихи-мәдени маңызы, туристік әлеуеті негізге алынып, табиғи-этнографиялық ерекше жоба жасауға болушы еді.

Егер адами өлшеммен алсақ, Димаш онсыз да күнін көреді, анау бір әншіге көмектесейік, әрі ол жерлесіміз ғой дегенге саяды. Немесе басқа бір таланты бар адамды қоярда-қоймай сүйрелеп әкім қылғанмен бірдей. Бәлкім, оған әкім болғаннан гөрі инженер болған ұнайтын әрі қолайлы шығар. Жоқ, біздің тұқымнан да бір әкім шығуы керек.

Ана жылы су алған Құлан кентін қайтадан сол жерге салды. Неге басқа қауіпсіз жер таңдалмады? Одан соң Қызылағаш ауылы суға кетті. Одан соң Қарағандының Көкпектісінің көп үйін тасқын су алды. адам өлімі болды. Тағы сол «қалпына келтіру». Неге көшірмейміз? Неге соны жоба ұсынбаймыз. Бүгін тиын үнемдеп, ертең теңге жоғалтатынмызды ойламаймыз?
Жезқазған өңіріндегі бірнеше ауыл, кент жұрты Сәтбаев қаласына көшірілді. Бір кезде олар да кен орнының үстіне салынған екен.

Енді, міне, Мақтарал мен Жетісайдың көптеген ауылын су шайды. Өзбек кінәлі дейміз. Өзіміз қайда қарадық? Саз кірпіштен қаланатын ауыл үйлері, әрине, су тигені оңбайды. Бұл ауылдар да сол жерге қайта салынбақ па? Қандай материалдан саламыз? Арзан, қолжетерлік!

Түркістан облысында Қасқасу өзені арнасынан шығып кетіп, жан-жағындағы, жолындағы нысандарды шайып жатыр екен. Өзіміз сақтанбаймыз. Табиғи апат көздеріне жақын не дәл үстіне жекелеген үй емес, тұтас қала салып тастаймыз. Бұл кімге пайдалы?

Жеті қат Жер астына жасырынған зілзала емес, жер бетіндегі қауіп-қатерден толықтай болмаса да, біршама сақтануға болады ғой?!

Осы салаларда нақты біліміміз болмаған соң, біздікі жай пенделік алаңдаушылық қана.

Ақсу-Аюлы мен Ұлытау жұрты! Мен сіздерден аудан мәртебесін қызғанып отырған жоқпын. Бұрынғы күйінен айрылып, көп үйі қиранды болған Ағадыр мен Жезді, Қарсақбай үшін қарным ашиды. Ал Ұлытау мен Ақсу-Аюлыны тікелей облысқа бағынатын туристік жоба аясында дамыту керек деп ойлаймын. Ұлытау тіпті республикалық маңызға ие. Алтын Орданың қаншама шынайы жәдігері бар аймақ ретінде ЮНЕСКО назарында болса да артық емес.

Басты сұрақ: ауылдар мен кенттерді, тіпті тұтас қалаларды қауіпті жерлерге салуды қашан тоқтатамыз? Қазіргі барларын қауіпсіз жерге көшіру жоспары бар ма?

Білікті мамандарды неге тыңдамаймыз? Нақты сала мамандары қайда?Білім-ғылымға лайықты орын беріп, саяси солақай шешімдерді қатаң шектесек қана, дұрыс жолға түспекпіз.

Бірақ шетелдерде де қалалар небір апатқа ұшырап, су алып, қирап, жер астына кетіп жатады екен. Е, өзгелерде де солай екен деп, бейғамдыққа салынбай, олардың да тағдыры мен тәжірибесінен тағлым алған жөн.
Сіздер не дейсіздер?

Болат Сыздық

Abai.kz

4 пікір