Жұма, 19 Сәуір 2024
Алашорда 10265 22 пікір 12 Мамыр, 2020 сағат 13:28

Ислам діні бізге қожалардан 400 жыл бұрын жетті

Қазіргі Тәжікстан аймағында Шыңжаннан (Синьзян) барған ошақ-юэчжилер орнатқан Тохарстан мемлекеті болғанын айттық. Қырғыз тарихшылары Тохарстанды юэчжилердің Таз деген руы (жігі) орнатқан деп тұжырымдайды және қырғыздағы Тазлы руы солардан тарайды деп санайды. Тохарстанды билеген «таз жігі» қол астындағы парсы тілділерге сіңіп, тазжік атауымен жеке ұлт қалыптастырды. Тәжік тілінің парсылық және түркілік сөздерден тұратыны да соның дәлелі. Ол заманда «ру» сөзі орнында «жік» сөзі қолданылған. Яғни, Тохарстан халқы өздерін билеген «Таз жігі» династиясы атауымен «тазжік» (таджик) деген жеке ұлт болып орнықты. Парсыда жоқ көкпар ойынының тәжіктерде болуы оларды жеке ұлт қылып қалыптастырған таз жігі ошақ (юэчжи) тайпасынан екеніне дәлел. Оларға сіңбей, Алатауда қалған таз жігі өкілдері кейін Тараз қаласы мен Шымкент қалаларының аумағына орнығып, ондағы өзбектерге сіңген. Ал тауда қалғандары XVI ғасырда келген қырғыздарға «тазлы» атауымен кіріккен.

Өзбек ұлтының шежіресі қалай өрбиді?

Сол IV ғасырдың соңында «ежелгі үйсүн аймағын» қазіргі Түркіменстаннан шыққан эфталит елі басып алды. Дұрысында, олар «үз» деп аталған тайпа-ел болатын (алабай итіне байланысты «епті алып ит» елі деп те аталғандықтан, тарихқа «эфталит» болып енген). Тарихшы Жамбыл Артықбаев скиф атауы анығында ежелгі грек жазбаларында «скуз» деп жазылғанын айтады. Ал ирандықтар ол елді «сак» деп атағаны мәлім. Ежелгі грек жазбасы сак-скиф халқының бір тобы бұрмаланған сак-скиф тілінде сөйлейтінін көрсеткен. Шамасы, ол сак-сармат елінің «языги» деген тайпасы болуы кәдік, оның дұрыс атауы «үзікүй» деген орынды. Аталған тайпа қазіргі Түркіменстан аумағында болғандықтан, көрші жатқан иран халқымен тығыз қарым-қатынас жасады. Сондықтан тілдері ирандық кірме сөздер арқылы сәл бұрмаланған (оғыздық диалектідегі «абад», «курт», «гуш», «джигер» тәрізді көптеген иран сөздері сол заманда енген). Осылайша ол тайпада сак тілінің өзіндік диалектісі пайда болған. Сол себептен қалған сак елі тайпалары ол тайпаны «үзікүй» деп атап кеткен (мағынасы: сак елінен үзілген, бөлектенген үй-тайпа).

Барша далалықтарды «сак» дейтін иран елі «үзікүй» тайпасын «сакуз» деп атауы, осы атаудың ежелгі грек жазбасына «скуз» болып енуі заңдылық. Ежелгі грек жазбасындағы «скуз» атауы артынша жалпы сак елінің «скиф» деген гректік ортақ атауына айналған (неге «скуз» атауы «скиф» болып өзгергенін ғалымдар анықтай жатар). Демек, сак халқының қазіргі Түркіменстан аумағындағы бөлігі үзік деген тайпа-ел болған. Олардың атауы б.з. III ғасырында «үз» болып қысқарып қалыптасқан.

Үз тайпасын билеген ру «ақүз» деп аталды, араб әріпті жазбаларда кездесетін осы атауды «окуз» деп бұрмалаған. Осылайша тарихқа «огуз» деген жалған атау енгізген Ресей империясының ғалымдары (мысалы: Оғыз-наме жазбасының өзі «Рашид ад дин жазды» делінетін жазбаның түркімендік нұсқасы деу орынды, осы екі жазба Ресей иезуидтері дайындатқан жалған дүниелер). Осы «үз» деп аталған тайпа-ел (алабай итіне байланысты «епті алып ит» елі деп те аталғандықтан, тарихқа «эфталит» болып енген). Олар IV ғасырдың соңында «ежелгі үйсүн аймағын» басып алғанын айттық. Үз тайпасы үйсүндердің отырықшы бөлігін ғана бағындыруға қол жеткізді, ал көшпенді үйсүндерді бодандықта ұстап отыру мүмкін болмаған (олар Жужан қағанаты құрамында қалды). Сондықтан қазіргі Өзбекстан, Шыңжан, Ауғанстан және Оңтүстік Қазақстандағы үйсүндік қалалар толықтай үз тайпасы билігіне көшті.

Үйсүндер бай-бағландары мен көсемдерін «бек» дейтін әдеттерімен үз адамдарын «үз бек» деп атап кетті (6). Кейін осы атау барша отырықшыларға ортақ «үзбек» атауына айналды. Отырықшы үйсүндер мен көшпелі үз тайпасы адамдары араласып, үзбек ұлтын қалыптастырды. Олардың тілдері араласуынан үзбек тілі пайда болды. Осы себептен өзбек тілі түркімен-әзербайжан тілдері мен қазақ тілі ортасында орналасқан. Отырықшы үйсүндер мен көшпелі үздер үзбек (өзбек) халқын қалыптастырды (кейін оларға отырықшылыққа көшкен көптеген өзге тайпа-ру адамдары қосылды, өзбектер құрамына 92 рудың өкілдері сіңген).

Үз атаулы ру өзбектер құрамындағы рулар тізімінде бар, өзбек ғалымдары өз атауларының сол румен байланысты екенін ертеде айтып өткен (үз тайпасының аз ғана тобы Сырдария аймағында кейінгі XV ғасырға дейін болғанын тарихи деректер дәлелдейді). Ал үйсүндердің көшпенділері өздеріне дәстүр-салты жақын қазақ халқына қосылды.

Бұдан ежелгі ошақ (юэчжи) тайпасының отырықшы бөлігі өзбек халқын қалыптастырып жойылғанын, олардан тек көшпелі бөлігі ошақты тайпасы болып қазақ халқы құрамында сақталып қалғанын көреміз. Үйсүн империясы жойылғанда оны билеген ошақ тайпасы қырылғаны, сосын Түркі қағанаты жаулаған заманда да олардың қырғынға ұшырағаны және кешегі жоңғар-қырғыз шапқыншылығыда ошақты тайпасын ойсыратып кеткені түсінікті. Осындай себептерден ошақты тайпасы қазір саны аз тайпалардың бірі болып қалды.

Қазақ даласына Ислам дінін жеткізген алғашқы арабтар

Ислам діні «Ежелгі үйсүн аймағына» VIII ғасырдың бірінші жартысында орнығып үлгерді. Ислам діні ақ пен қара тайпалардың құдаласып, араласуына ықпал етті. Қоңыр руы да, шапырашты мен ысты тайпалары да қара тайпалармен құдаласып, араласып, қарапайым тайпалардың біріне айналды.  Ислам дінін қабылдаған қазақ тайпалары түгелдей өз таңбаларын жансыз бейнелерге ауыстыруға мәжбүр болды. Өйткені, Ислам дінінің талабы солай. Осы себептен ошақ мен шапыраш тайпалары тазқара бейнелі таңбаларын тұмар бейнесіне ауыстырды.

Сол заманда Ислам дінін әкелген арабтар қазақ халқынан қыз алып, дербес ру мен тайпаларды қалыптастырды. Кіші жүздегі рамадан тайпасы әуелде Ташкент маңында мекендегені белгілі. Тайпа таңбасы дулаттармен бірдей болуы оның дулат тайпасы қыздарын алған арабтардан қалыптасқанын байқатады. Дулат тайпасындағы нөкіс руы да өз тегін арабтардан таратады. Олардың әуелгі орны Қарақалпақстандағы Нөкіс қаласы екені анық. Яғни, олар – сол маңға Ислам дінін жеткізен арабтардың ұрпақтары.

Ислам дінін жеткізген арабтармен ошақты тайпасының да араласуы заңдылық, тасжүректің сейіт руы сол арабтардан қалыптасуы мүмкін. Сейіт – таза арабтық атау және Сейіт деп пайғамбар (с.ғ.с.) руынан тарағандарды атайды (хошимидтер). Демек, Ислам дінін бізге жеткізген арабтарды бастаған Сейіт тобы ошақты тайпасынан қыз алысып, сіңіскен деген жөн. Қоңыр руына «момын» деген жанама атау берген осы арабтық сейіт тобы болуы мүмкін. Арабша «мүмін» сөзі «діндар мұсылман» деген мағынада қолданылады. Қоңыр руында мұсылманшылық мықты болғандықтан, оларды «мүмін қоңыр» деп атағанын, осы атау кейін қазақша «момын қоңыр» деп өзгергенін байқаймыз.

Арғы тегінде Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) туыс хожалар бізге XI ғасырда келді. Ал Ислам діні бізге олардан 400 жыл бұрын жетіп қойған болатын. Ресей империясының ғалымдары: «Сол заманда келген арабтар қайтадан елдеріне кеткен болар» деген болжам айтады. Ал кей қазақ ғалымдары осы болжамды тұжырым ретінде қабылдап кетті. Ол замандағы жержаһанға Ислам дінін таратқан мұсылман арабтар барған жерлерінде дін таратып орнығып қалған. Сондықтан бізге келген арабтар да қазақ халқы құрамына сіңгені анық. Сейіт, рамадан және нөкіс – таза арабтық атаулар, сол себептен осы ру-тайпаларды сол арабтардан қалыптасқан десек, қателеспейміз. Демек, сейіт руы арғы тегінде ардақты Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) туыс болып шығуы кәдік. Мұны қазақ ғалымдары гендік зерттеулер арқылы анықтауы керек. Біз тарихи деректер негізінде мүмкін жайттарды баяндаймыз, анығы Аллаға аян.

 ҚОСЫМША:

  1. 1. «Усуни имели широкие дипломатические и родственные связи с Китаем. В I в. до н. э. их численность достигала 630 тыс. человек. Источники упоминают город Усунь. Государство усуней делилось на три части: восточную, западную, центральную. Тамга усуней изображала ворона. Титул главы государства – гуньмо; Племенная и родовая знать – беки. Оседлые усуни жили в постоянных жилищах, построенных из сырцового кирпича и камня, а кочевые в юртах. Усуни разрабатывали месторождение свинца, меди, олова, золота. Из железа изготовляли — серпы, ножи, мечи, кинжалы, наконечники стрел. Из цветного камня и благородных металлов делали бусы, серьги, украшения для одежды. Керамическую посуду изготовляли в большем количестве. Ярким памятником ювелирного искусства усуней являлась – Каргалинская диадема». (Усуни)

Бекжан Әденұлы

Abai.kz

22 пікір