Жұма, 29 Наурыз 2024
46 - сөз 5168 5 пікір 12 Мамыр, 2020 сағат 11:59

Президентке үшінші хат

Әлеуметтік желіде ҚР Президенті Қ.К.Тоқаевқа хат дайындап жүргенімді бұрынғы жазбаларымда айтқам. Айтуын айтып алып, аңысын аңдып ұзақтау күтіп қалдым. Өйткені, COVID-19 үстіне Сардобо су қоймасы бұзылып, Мақтаралдың 10 ауылын тасқын су басты. Қаншама отбасы өзінің үйін тастап тасқын судан қашып шықты. Енді Төлеби ауданын ағын су әбіржітулі. Ел басына түскен қосымша қиындық.

Әкесі, шешесі 1920 жылғы «ақ қоян», 1932 жылғы, қазақ халқының тең жарымын алып кететін, сталиндік қолдан ұйымдастырылған алапат аштықты бастан кешіп өткен, өзі 1962-64 жылғы хрущевтік «аштықты» бастан өткерген азамат райында елдегі бүгінгі орын алып отырған саяси және әлеуметтік жағдайларды қосып талдау, терең байыптау керек еді. Бұл тұрғыда Үкімет  алған шешімдер, облыс әкімінің ілкімдігі көңілімнен шығады. Қиын сәтте қазақ қана емес, арғы тегі бір, бір тамырдан (Өзбек ханнан) тараған, бір Сырдарияның суын бөліп ішіп, Сыр нуын қатар жайлап, өніп-өсіп отырған қазақ-өзбек халқының ынтымақ танытуы жанымды марқайтады.

Мемлекетте ауыс-түйіс. Ауыс-түйісті саяси жүйені реформалаудың басы деп қараймын. Желіде жаңа да, ескі кадрлер жайында (М.Әшімбаев, Т.Дүйсенова) жеке-жеке пікірімді жазып отырдым. Ақырында әрі ойлап-бері ойлап, бір пайдасы тие ме деген оймен алдын-ала дайындалған Президентке хатымды жанашырлықпен жолдауды ойладым.

ҚР Президенті Қ.К.Тоқаевқа!

Мәртебелі Президент!

Президент қызмет қана. Оның мәртебелі болу, болмауы - сол орынтақты уақытша иемденген адамға байланысты. Оны Сіз сезіндірдіңіз! Рахмет! Президент - асқан жауапкершілік! Мұны сезіндіріп келесіз. Еселі алғыс! Президент жалғыз. Командасы әлі қалыптанып үлгерген жоқ. Уақыттан ұтылыс!

Дүние-ғаламда қиын жағдай. Дағдарыс! Табыс көзі мұнай тоқтады! БҰҰ алапат аштық болатынын айтты. Аспандағы Айды алпауыт ел жекешелендіріп әлек. Мейманасы тасыған Ел, елдер бір-бірімен есеп айырысып жатыр. Табиғат пен Адамзат бір-бірімен есеп айырысып жатыр. Аранын ашып адамзаттық аштық келе жатыр. Коронавирус қайталанатын сияқты. Дағдарыс үстіне дағдарыс! Тығырықтан шығар жол қайда? Президенттің әкесімен бір кабинетте отырып сыйласып қалам ұстаған жазушы(Басқарма мүшесі), соңғы 30 жыл бойына ел арасында мидай араласып қызмет еткен журналист («Егемен... №50) райында, пайдасы бола ма деп ойларымды хатқа түйіп жолдаймын.

1.10 млрдтық қолдауды алпауыт компанияларды сақтап қалуға бөлуге бола ма?

а) Олар карантинге байланысты аз күн тоқтады. Алда істі жалғап алып кетеді. Қиналыс жоқ. Мұнайға байланысты тоқтау болса, оған Мемлекет жәрдем бергенмен нәтиже болмайды. Қаржыны босқа шашу.

ә) Рас олар жер-жерде құрылыс салып, қаржысы жұмсалып жатыр. Бірақ, олар қандай құрылысты да мойынсерікпен (ГЧП) салу үстінде. Бүгін шығындайды, ертең орнын мемлекет еселеп толтырады. (ГЧП шарты солай). Осының өзі қолдау! Тағы да қаржылай қолдау – мемлекет байлығын санаулы адамның қолына жинақтау болып шығады. Қазақстан байлығы тағы шет елге кетеді. Халық ашынады. Құрылыс салу жөнінде: алып құрылыстармен ешкімді таңқалдыра алмаймыз. Көп қабатты, көп пәтерлі үй болса, аз ғана уақыттан кейін күйі қашатын адамдар пәтерді қалай алсын? Алматы мен Астанада жалдамалы пәтер арзандаған бүгінгі жағдайда – байлар қаржысын пәтерге жұмсамайды.

Түйін: жүйе құрушы алып компанияларға қаржы құюға болмайды. 1).Ақталмайды.2.) Халық наразылығы туады.

1. Банктерге ше? Егер, бұхара халықтың қарыз-несиесін банктер кешетін болса ғана Мемлекет қаржы құюға болады. Әйтпесе, жоқ! 30 жыл бойы құйған қаражаттан халық қайыр көрген жоқ. Зейнетақы қорын алған Банктер есеп берген жоқ. Бере алмайды. 42,500 тг, несие төлемін кейінге шегере тұру... мәселесінде ҚР Президенті Жарлығын банктер дұрыс орындамады. Нешетүрлі құйтырқы жолмен арзан алынған ақшаны құйтырқыға салып қымбат несие беру – халықты әбден ашындырған. Сенім жоқ. Алда адамдар қарызын құя алмайды.

Қазіргі таңда алпауыт компаниялар да, Банктер де орта және шағын кәсіпкерлікті қолдау емес, тұншықтырумен келеді. Мемлекет қолдаса – орта және шағын кәсіпкерлікті орайын тауып қолдасын!

Қазіргі таңда Алпауыт компаниялардың, Банктердің қызметін Ауылшаруашылығына бұру жөн. Олардың қызметін Ауылшаруашылығымен байланысты ғана қолдауға болады. Мұнайдың шаруасы біткен бүгінгі күні шет елдік қарыздан құтқаратын да, халықты аранын ашып келе жатқан аштықтан арашалайтын да - Ауылшаруашылығы!

2. Ауылшаруашылығына бұрын-соңды болмаған басымдық берілуіжөн. Баяғы Сталиндік НЭП (30-шы жылдар), Хрущевтік а/ш. Басымдығы (60-шы жылдар) тәжірибелері ескерілсе. Тәуелсіздіктен бері 9 министр ауысты. Бәрі реформа жасаймын деп келді. Жасай алмай кетті. Бар кінә - бірін-бірі жоққа шығару. «Маленков берген байталды, Хрущев келіп қайтардының...» кері. Министрдің бірі А/ш-на субсидия берді. Екіншісі тоқтатты. Тосқауыл көп. Субсидия шаруа қолына нақты жеткен жоқ. Ауыл әкімінен министрге дейінгі «жемқорлық» бәрінің түбіне жетті.

3. Өзбекстанмен машина жасау саласы ынтымағы бүгін актуальды емес. (Аш халыққа машина міну қайда?) «Бос жатқан жер – жау шақырар...» елсізденген Солтүстік өңірге Қазақстандықтарды тарту жүйелі, міндетті жүргізілген үстіне, шет елдегі қазақтарды тарту, Өзбекстан, Қырғызстан шаруаларын тарту шарт. Түрлі келісім, мойынсерік (ГЧП) шарттары, субсидия арқылы.

4. Сталиндік «Қызылқұм», «Қарақұм» каналы – елді тығырықтан алып шыққан кезінде. Шардара су қоймасы, «Қызылқұм» каналы оңтүстікті (Голодная степь) суландырды. Бірнеше аудан пайда болды. «Ертіс-Қарағанды» (академик Ш.Шокин идеясы) Сарыарқаны ырысқа кенеді. Су қоймалары, алып каналдар – жердің қантамыры! Солтүстік өңірде су қоймалары, каналдар жасалса (тартылса) – елді ырыздыққа бөлейді, көктемгі су тасқыны арнаға түседі. Сулы жер халықты шақырады. Шаруашылық түрі көбейеді. Жан-жақты ұтыс.

5. Жер – алпауыттар қолында. Жекешеде. Ол шет елге сатуы, сатпаған күнде қаласа егеді, қаламаса екпейді, өнімін қаласа өзімізге, қаласа шет елге сатады. Осыны тыю шарт! Шет елдік фирмалармен келісіп салынған өндіріс орындары бар. Жер үстіндегі мүлік – шет елдікі болған күнде, астындағы жер – Қазақстан меншігінде қалуы тиіс!

6. Мемлекет Білім, Ғылым және Медицинаны қолдауы керек. Бұл салаға да түбірлі реформа қажет. Ұлыбритания неге СССР Білім беру моделіне көшкісі келеді? Израиль комерцализация жөнінен әлемде 1-ші орында. Оны да жасаған СССР-ден кеткен ғалымдар. Ал, бізде ғылым бұрынғы жүйесінен айырылып қалды. Бізде ғылым – техникалық, статистикалық есеп қана! Жүйе жоқ!

6. Кадрлық реформа жасалуы керек. Бәлкім, басталды. Жалғасын тапсын! Дағдарыстық 3 жылда 3 Премьер ауыстырмасаңыз не қылсын?! Премьер-министр өмірді, өңірді, адамды, ақшаны, кешенді (комплексті) жетік білетін тәжірибелі, ұлттық болмысы мықты, мемлекетшіл экономист-финансист болғаны жөн. Таптырмас топ-мененджер қажет!

P.S.Бұрын да екі хат жазғам.

Сізге деген құрметпен, жазушы, журналист, профессор, кәсіпкер

Құлбек ЕРГӨБЕК!

Құлбек Ергөбектің әлеуметтік желідегі жазбасы

Abai.kz

5 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1567
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2261
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3544