Жұма, 29 Наурыз 2024
Тарих 8904 11 пікір 11 Мамыр, 2020 сағат 14:06

Оспан мен Дәлелхан өзара жау болған ба?

(«Азаттық мұраты» кітабындағы Дәлелхан Сүгірбаев пен Оспан батыр бейнесі хақында)

Шығыс Түркістан аталған Шынжаң өлкесінде 1940 жылдары өріс алған ұлт азаттық қозғалыстары төңірегінде сан-санақсыз оқиғалар бар. Әсіресе, табиғи жер байлығы жағынан іштің де сырттың да ындыны мен ынтызарын қоздыратын бір кесек майлы еттей байлығы мен шайлығы осы ортада туған күрестердің ошақ отын үнемі лаулатумен болды.

Соның ішінде 1944 жылы құрылған Шығыс Түркістан Республикасы және оның құрушысы да, құлатушысы болған кеңестер одағы мен жергілікті күштер арасындағы әр түрлі ымыралар мен теке-тірестер төңірегінде орын алған күрмеуі күрделі мәселе өте көп.

Кеңестер одағының немістермен болған соғысында артқы таяныш база ретінде дайындаған жас республиканың ғұмыры бір жылға жетпеді. Себебі, 1945 жылы 11 ақпанда Кеңес Одағы, АҚШ, Ұлыбритания үш елдің басшылары Қырым түбегіндегі Ялтада мәжіліс ашып, соғыстан кейінгі аумақтарды бөлу, тыныштандыру шартына орай, моңғолия дербестігіне ешкім қол сұқпайтын болып, оның есесіне жаңадан құрылған Шығыс Түркістан республикасы қытай тәуелділігіне бір жола өткен еді.

Осы Республиканы құру жолындағы қан кешті күреске Сталиннің жол-жорығымен Чойбалсанның Өр Алтайдағы Оспанмен одақтасуы, Кеңес одағының әскери күштер мен қару-жарақтан көмектесуі сынды оқиғалар орын алғаны белгілі.

Әлі де толық зерттеу таппаған тақырыптың бірі – Кеңес одағынан Шынжаңдағы ұлт азаттық қозғалысына барған әскери шенділер мен жауынгерлер кімдер, олар не атқарды, қаншасы құрбан болды, аты-жөні кім, қызметі, кейінгі тағдыры қалай болды? – деген көптеген сауалдар жұмбақ күйінше қалып келеді.

Сырт көз сыншы демекші солардың көзімен қараған тарихтың қағаз бетіне түскен үзіктерін тапсақ, там-тұмдап болса да, өткен күндер елесін қуып, ашылмаған қыры мен сыры көп аталмыш оқиғаларға үңіле түскіміз келеді.

Біздің қолымызға ілігіп отырған Хакім Бекішевтің «Азаттық мұраты» атты кітабы («Азаттық мұраты», құраст: Х. Хакімұлы. Деректі хикаят. Алматы: «Сеп» баспасы, 2018 жыл) сол сұрақтарға аздап болса да жауап береді. Екінші дүниежүзілік соғысты бастан кешіп, жеңісті шерумен қайтқан автор (Х.Бекішев) ізінше Шығыс Түркістандағы ұлт азаттық қозғалысына аттанады. Гоминдаңдық қытай күштерімен болған соғыстың бел ортасында болып, Қорғас Іле бағыты арқылы Алтайға жетеді. Өзі көрген оқиғаларды жай ғана тізбектеумен шектелмей, өмір шындығымен шендестіре отырып нақтылы баяндайды.

Сол тұстағы саяси тапсырма және күрес жағдайына орай ол негізінен Дәлелхан Сүгірбаевпен көбірек бірге болады. Оның күрес бағытына жетекшілік етіп қалмастан, саяси бағыт-бағдар көрсетіп, сенімді серігі ретінде қасында жүреді. Кейіннен Оспан батырмен танысып, аз уақыт ол кісімен де бірге болады.

Біз бұл кітаптағы барлық оқиғаны баяндап шықпақшы емеспіз. Дәлелхан Сүгірбаев және Оспан батыр Сіләмұлы жөніндегі автордың естеліктерімен бөлісіп, тарихи тұлғаларды тағы бір қырынан танытатын парақтарға назар саламыз.

«Үкіметіміздің тілегіне орай Синьцзян жеріндегі қазақ, ұйғыр тағы сондай аз ұлттарды Гоминьдан армиясынан қорғауға бір топ әскери басшылары барғанбыз. Синьцзяндағы Құлжа қаласында құрылған Шығыс Түркістан үкіметі мүшелері Сүгірбаев Далелханмен, З.Кепсаймен, полк командирі Лескин Фатей Ивановичпен бірінші рет кездестік. Кездескенде Дәлелханның маған айтқаны:

– ...1944 жылы 12 ноябрьде Шығыс Түркістан үкіметін орнатып, өз алдына үкімет болып, жеңіс туын көтерген едік.

Дәлелхан, сондай-ақ, Синьцзяндағы азаттық күресті басқарушылар: Ахметжан Қасами, Ғани батыр, Муненов Искакбек, Абассов Абдукерим, Фатик Муслимов тағы да басқалардың жеке-жеке кім екенін сырттан таныстырды да:

– Шығыс Түркістан үкіметін орнату бізге оңайға түскен жоқ. Көптеген азаматтарымыз Гоминьдан оғынан қаза болды, – деп, бұл күресте өз басынан өткен қиыншылықтарына біраз тоқталды:

– 1921 жыл мен 21 жастамын. Шығыс Түркістан халқы ақ әскердің қалдығын құртуда қызыл армияға көптеген көмектер көрсеттік. Оларға жетекші болып, жолдарды көрсеттік, тамақ, саймандар, аттармен де көмектестік. Сол басшылардың бірі мен өзім болдым. Ақ әскерлерге ешбір көмек көрсетпеген соң ағаларым Дүрбітханды және Мұқанды атып өлтірді. Мен ретін тауып қашып құтылдым. СССР халқының Октябрь революциясының арқасында социалистік елге айналуы – Шығыс Түркістан халқына өз алдына ерікті үкімет орнатуға үлгі болды.

1944 жылдың орта кезінде біздің Алтай жерінде бірнеше партизандар отрядтары құрылды. Бұл партизан отрядтарында бірнеше мыңдаған адамдар болды. Партизан отрядтары Гоминьдан әскерлерімен талай соғысты, Алтайдың көптеген жерін босатты. Ендігі алда тұрған мақсат: II-атты әскер бригадасын жасақтап, Алтай елін Гоминьдан әскерінен босату, – деп Дәлелхан сөзін аяқтады» (7-9 беттер).

Алғашқы кездесу хақындағы бұл үзіндіден біз жалпы күрестің мұрат-мақсаты мен алдағы болатын күрес және ондағы Д.Сүгірбаевтың қызметтері жайынан да мағлұмат аламыз.

Сөйтіп, біздің кейіпкер Құлжада ресми түрде жасақталған қосынмен Алтайды бетке алып жолға шығады. Жолда Қарамай, Тарбағатайдың Дөрбілжіні, Қобықсары ауданы арқылы Сауырдың шығыс тұмсығымен Буыршын арқылы Алтайға беттейді. Осы жолда кезіккен гоминдаңшылармен соғысып, жеңісті шерулер жүргізеді. «Жолдасты жол-сапарда танисың» дегендей, осы ұзақ барыс оның Дәлелханды жақыннан тануына мүмкіндік береді.

«Сүгірбаев Дәлелхан – бүкіл Синьцзян халқын, оның жерін, жолын, тау-тас, ой-шұқырын, суын жақсы біледі, өзі Алтай елінде туып-өскен. Гоминьдан армиясына қарсы, сол арадағы қазақ, ұйғыр, орыс және басқа көптеген ұлттарды үйымдастыру ісінің жетекшісі, белгілі қолбасшы, ел арасындағы беделі күшті, ақылды, терең ойлайтын, бостандықты көксеп шығып, Шығыс Түркістан мемлекетін орнатуға белсене қатысып және тікелей бастаушылардың бірі болғандықтан II-атты бригадаға кеңесші ретінде жіберілген» (10-11 бет).

Бір қызығы сапар барысында автор сол кездегі далалық соғысқа бейімделген жауынгерлердің тұрмыс-тіршілігі мен өмір сүру ортасы, күресі, идеясы хақында да қыстырма баяндаулар жасап отырады.

«Жауынгерлердің күніне үш мезгіл жейтіні – қойдың жаңа сойылған жас еті. Адам үйреніп те және құнығып та кетеді екен... Бір взводта қырық жауынгер бар. Қырқына норма бойынша бір жегенде бір қой. Үш мезгіл тамаққа үш қой. Бригададағы 27 взвод, басқа да қосымша бөлімдер бар, барлығына бір күнде 90-100 қой сойылады. Жаңағы көлді жағалай түскен әскери бөлімдер таңертеңгі тамаққа қой сойып жатыр.

Мұншама қойдың етін қайда, қалай пісіреді дегенді ойладық. Өйткені, бәрін салуға ыдыс жетпейтіні анық. Ал, осы кезде біреулер жерді шұңқырлап қазып жатыр, біреулер қойдың етін, ішек-қарнын жууда, қойдың етін мүшелеп бұзуда. Ал, енді біреулер қойдың тазаланған қарнына мүшелеп бұзған етті толтыра салып, аузын аттың құйрық қылымен мықтап байлады да, жаңағы шұңқырға салып жатыр. Сосын үстін құммен 10-15 сантиметрдей етіп көміп, оның үстіне маздадып от жақты» (30 бет).

«Біздің  әскеріміздің үстеріне киген киімдері де әртүрлі: қазақтар – қазақы шапан, тон, шекпен, басына бөрік, малақай я тұмақ киген, ұйғырлар – шекпенше-шапан, басына ала тақия киіп, беліне ақ, көк, қара, матадан белбеу ораған. Орыстардың үстінде шолақ тон, сырған қысқа фуфайка, бастарында кепка, папах, малақай» (33 бет). Бұл жолдардан басқа да сол тұстағы соғыс және әскерилер өмірі туралы мәліметтер кездеседі.

Ең бастысы, бұл кітапта сол тұстың саяси қайраткерлерінің шынайы суреттері бар.

«Алтай елінің орталығы – Сары-Сүме қаласы, Моңғолия және Советтер одағы үкіметтерімен шекарада. Бұл арада тоқталатын үлкен күрделі мәселе ол – алдымызда Алтай округінде Алтай елінің Оспан деген батыры бастаған партизан отрядымен байланыс орнату, оларға көмек беру. Оспан батыр бастаған жауынгерлер Гоминьдан армиясымен талай шайқасқан. Қысқасын айтқанда, Оспан батыр бастаған партизан отрядынан гоминданшылар қатты

қорқып, қаймығады екен. Бұл туралы Дәлелхан талай әнгіме еткен. Оспан батыр бастаған партизан отрядының саны үш-төрт жүздей адам. Оспаннан басқа сол Алтай округінің Әріпбай батыры бастаған партизан отряды бар екен. Онда шамасы екі-үш жүздей адам» (21 бет).

Оспан батыр туралы бұрыннан да естіп, білген Х.Бекішевтің аталған кітапта Дәлелханның айтуы бойынша берген Оспан батыр туралы алғашқы түсінігі осылайша берілген. Бұл арада Дәлелханның Оспанға құрметпен қарап, оны көрнекті батыр ретінде таныстырғаны байқалады.

Мұнда аталған Әріпбай да Оспан қолына моңғолия арқылы көмекке барған кеңес сарбазы. Ол туралы кітапта мынадай дерек бар:

«Әріпбай бастаған партизан отряды екі жылдан бері Сары-Сүме маңындағы Гоминьдан әскерімен талай шайқасқан. Бұл партизандардың істеген  қимылдарын Дәлелхан маған айтқан болатын» (22-23 бет).

«Бірінші жолыққанда Әріпбайдың кім, қандай адам екенін біле қойғам жоқ. Әріпбай маған жақындап бірдеме сұрағысы, білгісі келгенін мен айтпай-ақ сеземін. Мені бұрын көрген кісідей, кішкене қой көзі күлімдеп, бір кезде оңаша шыға бергенімде:

– Жолдас! Сіз қай жерден келдіңіз, – деді Әріпбай.

– Мен осы Алтайдың қазағымын, ешқайдан келгем жоқ, – дедім.

– Иә, Алтайда сендей қазақты көрсемші. Менің елден осында келгеніме, міне, екі жылдан асып барады. Сағындым. Елден хабар жоқ. Аз да болса ел жағынан айтсаңшы, – деді.

– Мен ештеңе білмеймін, мен Алтай қазағымын, – дедім асығыстығымды сездіріп. Әрине, ә дегеннен ақтарыла салуға болмайды. Әйтпесе, Әріпбаймен сұрасып-білісуге мен де құмартып тұрмын. Аяңдап жүріп отырып, кешке қарай Сары-Сүмеге жетпей, бір сайға келіп тоқтадық. Осы жерде қонып шығуды ұйғардық. Жағалай күзет қойдық. Әскер тәртібі – сақтық керек, алдымызда жау жақын.

Осы арада, өзім күткендей-ақ, Әріпбай менің жаныма келді. Екеуміз емен-жарқын сұқбаттастық. Ол ішіндегі барлық сырын, екі жылдан бері жаумен күрескенін, талай қиыншылық көргенін айтты. Сөз арасында ол Алматы облысы, Кеген аудандық партия комитетінің хатшысы екенін, осында үкімет тапсырмасымен келгенін, семьясы сол Кеген ауданының орталығында тұратынын жасырған жоқ. Өзін Шығыс Түркістан халқына көмекке жібергенін, мұнда келген соң осындағы партизан бөлімшесіне бастық етіп бекіткенін айтты.

Иә, көптен бері есіміне қанық болған маған Әріпбай сынды ержүрек қандасыммен кездесіп, сұқбаттасу сәті туды. Әріпбай аса сабырлы, парасатты азамат екен. Мен Әріпбайды әбден білген соң, сендім де, ел хабарын айттым. Соңында екеуара әңгімеміз туралы ешкімге тіс жармайтын, бір-бірімізді танымайтын болып уәделесіп, қол алыстық» (53-54 бет).

Осы арада айта кетерлік бір жағдай – Кеңестер одағынан Шынжаң жеріне немесе Алтайға баратын әрбір офицер, жауынгердің сол елге барарда арнайы дайындықтан өтіп, баратын жерінің кіиімін киіп, руына дейін жаттап алатындығы. «Менің кім, қайдан екенімді отырғандардың ішіндегі тек Доскенов пен Сүгірбайдың Дəлелханы біледі. Мені осы жердің атақты байының баласы, советтер союзында оқыған деп ұғатын. Сондықтан да жергілікті жердің адамдары жəне бригада жауынгерлері де осылай ойлайтын. «Әрдайым, елге жақын бол. Айтарыңды екіленбей кесіп-кесіп айт. Бұл елдің қазағы да, басқасы да, өр адамның сөзіне сеніп, ізіне ергісі келеді...» дейтін маған Дәлелхан»(43 бет) деген жолдар мен жорыдағы Әріпбаймен арадағы диалогтар соны көрсетеді.

Бірде жолда Қырықошақ деген жерде алтын қазғандар туралы хикая шертіледі.

«Дәлелхан жайланып отырған соң, алтының қайдан шығатын оны қалай қорытатынын бізге өз білгенінше түсіндірді.

– Қытай байларының алтын шығаратын меншікті жері мен көлі бар. Олар байлықтын пайдасын көреді. Қазақтан жұмыскер жалдайды, ол сорлылардың еңбектерін сүліктеп сорады, еңбектерін қанайды, – деді ызалы кейіпте. –  табылған алтындарды ағылшын, америка капиталистеріне малға, мүлікке айырбастайды. Олармен қытай байларының сауда қарым-қатынастары осы алтын, тағы басқы заттар арқылы жүргізіледі.

Жоғарындағы әңгімесін Дәкең басқа жағдайда да жалғастырды:

– Ендігі жағдай қазақ, ұйғыр, тағы басқа ұлттар бостандық дәуірін көксейді. Бірақ бостандық оңайлықпен орнамайды, бостандық үшін талай рет көтерілістер де болды... Талай қазақ, ұйғыр азаматтары бостандық күресін басқарамыз деп, қытай-гоминьдан әскерінің оғынан қаза болды. Қайсы біреулері қытай түрмесінде, қапаста, қорлықта, арманына жете алмай өлгендер аз емес. Соңғы кезде Синцзяндағы бүкіл мұсылман халқы Гоминьдан армиясына, қытай үкіметіне қарсы көтерілуде. Көпшілік жерлерде, Синцзяндағы қытай үкіметін құлатып, Гоминьдан әскерін құртып, Шығыс Түркістан атты үкіметімізді орнатып, орталығы Құлжа қаласында бостандық туын жоғары көтерудеміз... Халқымыз қуануда, көңілді. Ендігі тілек: алдағы тұрған жаумен шайқасып, бүкіл Алтай елдерін жаудан босату. Алтайда Шығыс Түркістан үкіметінің округтерін орнатсақ, ғасырлар бойы ойланған мақсаттарымызға жетер едік, – деп, Дәлелхан басын жоғары көтеріп, ауыр дем алды (26-27 беттер).

Аталған жолдардан Дәлелханның ғана емес, сол тұстағы Алтай халқының, Шынжаң халықының арман-тілегін сезіну қиын емес.

Қосын Алтайға беттегенде бұлардан қорыққан гоминдаңшыл қытайлар Сарсүмбе қаласын тастап, Өрмегейті асуы арқылы моңғолияға қашып өтуге әрекеттенеді. Осы барыста Х.Бекішев пен Д.Сүгірбаев ақыл қоса күрес жүгізіп, жаудың соңынан қуғын, алдынан тосқауыл қойып, ақыры оларды айламен бағындырады. Осы барыста қолға түскен жау басшысын алдарқалатып, олармен келісім жасасқан сыңай танытады. Онда мынадай жолдар бар:

«Дереу шартты жаздым, шартты қытай тіліне аудармашы аударды. Шартқа Шығыс Түркістан үкіметінің атынан мен және Дәлелхан қол қойдық. Гоминьдан жағынан – губернатор, полиция бастығы қол қойды» (67 бет).

Мұнда қазақ жағының «Шығыс Түркістан үкіметінің атынан» қол қойып отырғаны анық аңғарылады.

Осы арада жау жағынан олардың өз ұлықтарына берген мәлімет телеграммасы табылады.

«Аудармашы губернатордың қалтасынан қытай тілінде жазылған, орталық Қытай армия штабына берген телеграмманы тауып алды. Телеграммада былай деп жазған екен: «Советтер Одағы шекараны бұзып көптеген танкімен, машиналармен Сары-Сүме қаласына жақындап келеді. Моңғол үкіметінің шекарасынан өтіп, пойызға отырып, орталық Қытайға барамыз. Бізге сомолетпен азық-түлік жеткізіп беріңіз». Губернатор қол қойған» (71 бет).

Бұл жолдардан да Кеңес одағы әскери күштерінің кіргенін гоминдаңшылардың да әшкере сезіп отырғаны көріледі.

Пәтіхан Сүгірбаев «Алтай арпалыстары» кітабында:

«5-кыркүйекге Кеңсай полкінің Буыршынға жорық жасаған негізгі қосыны Дәлелхан тұрған жерге келеді. Бұл екі жақтың алғаш бас қосуы еді. Осыдан соң екі жақ тізе қоса Сарысүмбе қаласына қадалды. 6-қыркүйекте таңға жақын жалпы үш мыңдай адам, атап айтар болсақ, Гоминдаңның Сарысүмбе қаласында тұратын екі мыңнан астам әскері, Манат пен Бұрыпжаптың «қауіпсіздікті сақтау» делінетін екі бөлімшесіндегі бес жүз адамы, төрт жүздей жәй бұқара – Алтай тауын бетке алып, Өрмегейті асуы арқылы Моңғолияға өтіп кетпек болып қашады.

Сол күні Алтай партизандары мен Кеңсай атты полкі қалаға еш қарсылықсыз кіреді. Қала іші тез тынышталады. Әуелде қорқып, жау әскерімен тауға қашып кеткен жәй бұқара қайтып келеді. Екі күннен кейін Әбдірасілдің бөлімшесіндегі екі жүз партизан мен ұлттық армияның Бекішев бастаған жүз жауынгері Дәлелхан Сүгірбаевтің қолбасшылығында қашқан жауды қууға аттанып, шекараға жақындап қалған жерінен қоршауға алады. Гау бо үй, Уан лиң иұн тізе бүгеді» (П.Сүгірбаев «Алтай арпалыстары» Шынжаң халық баспасы. Үрімжі, 1995) – деп аталған оқиғаны растайды. Тіпті біздің кейіпкеріміз Бекішевті де ауызға алады.

Осы соғыста Іле тарапынан болғандардың бірі – Қожай Доқасұлы. Ол өзінің «Офицердің қойын дәптері» аталатын кітабында осы оқиғалар хақында: «Сарысүмбе қаласында тығылып жатқан гоминдаң әскерлеріне елші жіберілді. Бірақ олар бір түнде үркіп Моңғолияға қарай жіңішке Қыранды өрлеп қашты. Ертесі Дәлелхан бір топ батырларымен бірге Бекешев Кәкім деген офицерлерді, Шақанбек бастаған жүз әскерді ертіп, қашқан жауды Өрмегейті деген асудан тосқауылдап, жауды түгелімен колға түсіріп, ертесі жаудың мыңға тарта адамын Сарысүмбеге айдап келді» (Қ.Доқасұлы «Офицердің қойын дәптерінен», Ұлттар баспасы, Бейжің. 1996 жыл. 148 бет) деп жазады. Мұнда да аталған ұрыста Бекешев (Бекішев - ред) Кәкім туралы айтады.

Сол тұстағы соғыс куәгерлерінің бірі Асхат Мәнкейұлы да өз естелігінде Хакім туралы: «1945 жылы 9 айдың 5 күні жіберген хабаршыларымыз Буыршын жақтан келе жатқан Хакім Бекішев пен Мұхаметжан бастаған 200 ге таяу Іле ұлттық армия бөлімімен жолығып, оларды бастап келді...

7 қыркүйек күні Дәлелхан Сүгірбаев, Хакім Бекішев және мен бастаған 40 дай адам аттанып, алдыңғы кеткен барлаушы әскерлердің ізімен жолға шықтық... Дәлелхан, Хакім Бекішев бастаған 130 дай адам Қарасаз деген жерде түнеп жатқан жауға сездірмей, олардың батыс жағындағы Ақбұлақ деген жер арқылы алдын орауға аттандық» деп аталған оқиғалар төңірегінде баяндайды.(Асхат Мәнкейұлы «Алтай төңкерістік үкіметінің құрылуы және гоминдаң қалдық күштерінің тізе бүгуі» «Іле тарихи материалдары» 7-сан. 2010 жыл. 174-175 бет).

Жалпы Алтайдың азат болуы хақында бұл арада ескере кетерлік бір жай – Оспан батыр бастаған Өр Алтай ұлт азаттық күресі осыған дейін Алтай қаласынан басқа барлық аудандарды дерлік жаудан босатып, Сарсүмбе қаласын азат етудің алғы шартын дайындап қойған болатын.

Алтайдың азат болуы хақында Нұрғожай батыр өз естелігінде: «1944 жылы 17 қыркүйекте Іле армиясы Алтай қаласына келіп кірді. Үш аймақты Құлжаның сарты азат еткен қылып қойды. Бірақ басшылары тіпті он адамдық группа бастықтарына дейін Қазақстан әскерлері еді. Олардан Алтай қаласына Бекторов полковник келіп жатып алды. Артынан генерал Мәжік келді. Халықарадан 370 адам бар болатын» («Азаттықтың өшпес рухы» - Нұрғожай батырдың естеліктері және Оспан батыр. «Сардар» баспа үйі, Астана – 2008 жыл) деп аталған жайларды растайды.

Сөйтіп, жауды дерлік қолға түсіріп, Сарсүмбе арқылы Құлжа тарапқа айдаатды. Дәлелхан мен Хамит арасындағы байланыс қоюлай түседі.

«Алтай елінің көсемі бір сырлы, сегіз қырлы Сүгірбайдың Дəлелханы еді. Ол ел үшін туған ер азамат, жауға мейірімсіз. Көздегені – ел қамы.

Гоминьданнан Сары-Сүме қаласы босатылып, қолға түскен Гоминьдан армиясын біздің взвод Құлжаға жаяу айдап əкеткеннен бес-алты күн өткеннен кейін Дəлелхан мені үйіне қонаққа шақырды» (81 бет). Екеуі арқа-жарқа әңгімемен болып, тіпті де жақындаса түседі.

«Дəлелханның өзі сол кезде қырықтың ішіндегі жігіт. Денесі зор, көңілді, ашық мінезді, ат жақты, қошқар мұрын, жүріс-тұрысы екпінді, пысы сөйлегенде сөзге шебер, сөзді тауып нақышына келтіріп екпіндете сөйлейді. Күші де бар, оны кешегі соғыстарда байқап қалғам. Екі-үш солдат көтеретін 80 мм-лік минометті немесе 70 килограм ауыр пулеметті Дəлелхан жалғыз өзі көтеретін.

Шешініп жайлап отырған соң, Дəкең сөзге кірісті:

– Менің ата-бабам, шешемнің төркіндері-нағашы жұртым да осы Алтай жерінде туып-өскенбіз. Бізді «Бес болыс Қара Керей» дейді. Соған жатамыз.

Алтай халқы ғасырлар бойы байлардың құлдығында, қанауында келеді. Басымызда ерік жоқ. Қытай үкіметіне қарсы талай ірі-ірі көтерілістер де болды. Тамаша адамдарымыз бостандық үшін қытай басқыншыларының қолынан қаза тапты, талайлары қытайдың түрмесінде. Көргендеріміз қорлық,

зомбылық. Жер-су байлығы олардың қолында, қазақ жұмыскерлері қытай капиталистерінің қанауында...

Дəкең ауыр күрсінді. Сөзін ары қарай жалғастырып:

– Ендігі мақсатым – өзім сияқты Алтай азаматтарының басын қосып, өз алдымызға ел болып, Алтай округін ұйымдастырып, Шығыс Түркістан үкіметіне бір округ болып қосылу. Көршіміз Моңғол үкіметіндей болсақ арманымыз орындалар еді. Алтай жерінде толып жатқан жер байлығы бар. Жердің астында көмір, мұнай, алтын, күміс, қорғасын, темір қорытатын руда. Сондай-ақ, мал жайылымы, егіндік жерлер де көп. Қыс мұнда қысқа. Міне, осы байлықты игерсек. Ол үшін көршіміз Совет үкіметі көмек етсе – завод, фабрика салып, жер байлығын пайдаланар едік. Совет үкіметі біздің мəдениет, білім жағынан көмектесеріне көзім жетеді. Өйткені, осы бостандық көтерілісі басталар алдында мен, менімен бірге Фатей Иванович Лескин, бірнеше жолдастар Қазақстанның астанасы Алматы қаласында алты айлық оқуда болдық. Сол аз уақыттың ішінде, қаншама білім, үлгі-өнеге алдық, – деді. (81-83 беттер).

Автор өзінің Дәлелхан туралы не түйгенін де ашық баяндайды.

«Біраз жорықтарда бірге жүріп байқағаным: Дəлелхан – ел үшін туған, бостандық туын Алтай жеріне орнатуға жан-тəнін сала кіріскен, туған елін шексіз сүйетін азамат екен. Халық теңдігін орнату үшін аянбайтын нағыз революционер. Совет үкіметінің көрнекті өкілдері Сəкен Сейфуллин, Амангелді Иманов, монғолдардың Чайбалсан сияқты көсем, кемеңгер екеніне əбден көзім жетті» (85 бет).

Бұл баға шын мәнінде сол кездегі көзқарас түйіні болса да, кейінгі түйген ой қорытындысы болса да Дәлелхан туралы дұрыс баға еді. Атап айтқанда оның халықты құтқарудағы жолы қызыл үкіметке сеніммен сүйене отырып, үкіметке де, еліне де қызмет етуді мақсат еткен Сəкен Сейфуллин, Амангелді Иманов, Чойбалсандарға көп ұқсайтын еді. Кеңес одағы халқыма бәрін жасап береді деп армандады, үміт артты.

Автор кітабында ендігі кезекте Оспан батырға тоқталады.

«Оспан батыр» деген тақырыптағы жеке баянында былай дейді:

«Оспан батыр деген есімді Құлжа қаласына барған күннің ертеңіне-ақ естідім. Құлжадан екінші атты əскер бригадасы Алтай еліне қарай бет алып, қашан Алтайға барғанша, жол бойы елдерде партизан отрядтарымен кездескенімізде, жиналыстарда «Оспан батыр қытайларға шабуыл жасап, қытай солдаттарын қырып-жойыпты» деген хабарлар дүңк-дүңк жетіп жатты. Шығыс Түркістан, Алтай елдеріне кең тарап Оспанның аты жайылған. Сонысына қарағанда, бұл қандай адам, көрсем, кездессем екен деген ой болды. Сары-Сүме қаласы жəне бүкіл Алтай жері жаудан босағаннан кейін «Алтай елінің бостандық тойын өткізейік, тойға Оспан батырды партизандармен шақырайық» деген келісімге келді той бастаушылар.

Оспан батырды шақыруға кімдерді жібереміз деген мəселені қарағанда бригаданың ақылшысы Байділда Доскеновты жіберуді ұйғардық. Оған Байділда разылығын берген. Байділда жанына 30- дай əскерді алып, Оспан батырдың аулына жүріп кетті...

Бір жеті жүріп, Байділда аман-есен қайтып келді. «Оспан батыр жанындағы нөкерімен жəне монғолдың генерал-майорымен бірге келетін болды» деген хабарды əкелді. Лескин, Дəлелхан мен Байділда үшеуі маған:

– Сіз Оспан батыр келгенде Сары-Сүме қаласына жетпей алдынан шығып, құрметпен, əскери тəртіппен қарсы аласыз, – дегенді айтты. Мен ризалығымды бердім...

Жорғаға мініп Оспан батыр келе жатқан жаққа қарай жүрдім. Жанымда отыз шақты əскер бар...

Сары-Сүме қаласының оңтүстік күншығыс жағына шыға келсек, алдымызда отыз шақты салт атпен келе жатқан адамдар көрінеді. Жүз метрдей жер қалғанда тақымымды қысқанымда құла жорға жайқалып, аяқтарын əсем сілтей жорғалай жөнелді. Қылышты қынынан суырып алдым да, жоғары көтеріп бір топ келе жатқандардың алдындағы Оспан батырға жетіп келдім. Оспанның оң жақ қабырғасына жақындап, жорғаның тізгінін тежеп тарттым. Ат тұра қалды.

Оспан да менің оң жағымда атын тежеп тұрды. Басқалары тоқтады. Мен əскери адам емеспін бе, əдеттегі дағдымен «жолдас» деп барып тілімді жұта қойдым. Өзімнің қандай жағдайда, қандай міндет атқарып жүргенімді ойға алдым. Санаулы секунттар санамды бұлқынтып өтті. Іле «жолдасты» «Жолыңыз болсын, батыр!» деген қазақы жергілікті сəлемге ұластырып жібердім.

Əскер тəртібімен:

– Халық батыры, сіздің келуіңізді Сары-Сүме халқы жəне екінші атты бригада жауынгерлері құрметпен қарсы аламыз. Баяндап тұрған подполковник Бекишев. Баяндағаннан кейін қылышты төмен түсірдім. Бұндай баяндауды бірінші көрген Оспан адырайған екі көзін маған қадады да тұрды. Не айту, не істеу керек, аң-таң қалып тұрғанын сездім де, қылышымды қынына салып «Ассалаумағалейкум, құрметті батыреке!» деп қол беріп едім.

– Уағалейкумсалам! – деп қолымды зор қолымен ұстай амандасты. Келгендердің бəрі де менімен қол алысты. Бірақ олардың кім екенін ешкім таныстырған жоқ. Тек монғол генералымен амандасқанда «Бұл кісі генерал Қожбадан» деді. Бəріміз Сары-Сүме қаласына бет алдық. Оспанның оң жағында мен, сол жағында Көксеген деген би, ортамызда монғол генералы мен көмекшілері. Барлығы да жол жүріп шаршаған кейіпте.

Оспан батырдың жасы сол кезде елудің ішінде, зор денелі, қара мұртты, əдемі келген қара шоқша сақалды, көздері тостағандай айбынды. Қабақтары ұзын қалың, ат жақты, бет ажары қоңырлау сұлу көркем, екі иығы қақпақтай, кеуделі. Басына кигені түлкі тымақ, үстінде қара сəтенмен тысталған күпі, белінде күміспен қаптаған кісе белбеу. Аяғында саптама етік. Иығына ерсілі-қарсылы салған екі маузер, астында зор денелі қарабайыр ат, ат саймандары қазақша, қолында дырау қамшы, атқа қазақша жалпия келіп отырған. Аяңмен жүріп келеміз. Оспан батыр үндемейді.

– Батыр! Салт, ұзақ жүріп шаршаған шығарсыз, – деп сөзге тарттым.

– Иə, шырағым, – деді ол. Басқа сөз қоспады. Дайындап қойған үйге кеп, бəріміз де аттан түсіп, үйге кірдік...

Лескин, Дəлелхан, Байділда, тағы оншақты кісілер кеп, Оспанға амандасты. Мен кеткенде олар Оспанның жанында қалды.(88-90 беттер).

Осыдан кейін Сарсүмбе қаласында Алтай халқының азаттық тойы өтеді. Бәйгеге Оспан өзінің жүйрігін, балуанға өз балуанын қосып жеңістік алады.

«Дәлелхан бастап дөңестеу жерге әкеп, бізден бұрын кеп отырған Викторов пен Оспан батырдың ортасында бос тұрған орынға мені отырғызды да, өзі той бастау жабдығына кетті.

Алдымен Оспан батырға «Ассалаумағалейкум!» деп қол бердім. Одан кейін Викторовпен орысша амандасып қол алыстық. Лескин де, Доскенов те біздің маңымызға орналасты.

Менен бұрын Викторов пен Оспан батыр сөйлесе алмай отыр екен. Оспан орысша, Викторов қазақша білмейді. Мені кеше Викторов шақырғанда осы арада Оспанмен танысып, сөйлесу мақсатымен шақырған екен... Викторов пен Оспан батырдың арасында нендей әңгімелер болды, аударып отырдым.(93-94 бет).

Тағы бір қызығы осы жолы аттың бас бәйгесіне түйемен бірге жетім қыз берілгені айтылады. Той қуанышты түрде аяқтайды.

Жазылған жайлардың шындық екенін Нәби Оспанұлының естеліктерінен де көреміз. Онда былай дейді: «Біз Оспан бастап қыркүйек айының жиырма жетісі-жиырма сегізі күні Қаратүңгеден шықтық. Салт отызға жуық адам еді, мен ілесе барғам, Қалқабай, Мархаба, Бейілхандар да барған. (Дәлелхан келгеннен кейін «ақ үй», «көк үйдің» адамдары деген болған еді. Кеңестен келгендер «көк үйдің адамдары», Моңғолиядан келген­дер «ақ үйдің адамдары» деп аталды). Алтайдың азат болған­дығын тойлап, ат шаптырдық» («Оспан». Құраст: Ж.Шәкенұлы. «Тұран» баспасы. Алматы, 2010 жыл. 141 бет).

Осыдан кейін берілген «Түнгі кездесу» тақырыбындағы әңгіме былай өрбиді. Біз аталған жайлардың тарихи оқиғаларға қатысы бар болғаны себепті негізінен толығынан беруге тырыстық.

«Алтай халқы азаттық тойын зор қуанышпен өткізіп, елдеріне тараған күннің ертеңіне, 1945 жылдың 13 сентябрь күні Викторов өзінің көмекшісін жіберіпті, мені Губернатордың үйіне келсін деп шақырған.

Барсам, оңаша бөлме, ортада стол, төрт орындық,  біреуінде Оспан батыр, екіншісінде Викторов отыр.

Үшінші орындықты нұсқап маған отыр деді Викторов. Көрсеткен орынға мен орналастым. Викторов:

– Сізді шақырған себебім – мына Оспан батырмен сөйлескелі отырмыз. Екеуміздің әңгімемізді, біз не айтсақ, соны мүлтіксіз аударып беріңіз.

– Жарайды! – дедім мен.

– Батыр, мына Викторов сіздің сөйлеген сөзіңізді және оның сөзін сізге аударып беруді ұйғарды. Сіз оған қарсы емессіз бе?

– Жоқ, қарсылығым жоқ, – деді Оспан батыр.

Викторов:

– Алтай елінің жері Гоминьдан әскерінен босады.

Оспан:

– Рахмет бәріңе, әсіресе, сіздерге.

Викторов:

– Енді өз алдарыңызға Алтай губерниясы болмақсыңдар, меніңше.

Оспан:

– Ол дұрыс, біздің Алтай елінің баяғыдан бері ойлаған, көксеген мақсаты ғой. Өз алдымызға қазақ, ұйғыр, тағы басқа халықтар Шығыс Түркістан үкіметі деген үкімет болу.

Викторов:

– Алтай губерниясының орталығы осы Сары-Сүме қаласы болса, қалай қарайсыз?

Оспан:

– Әбден жарайды. Қазақ Алтай елінің орталық қаласы Сары-Сүме болғанына келісемін.

Викторов:

– Алтай губерниясының губерния бастығы етіп сізді белгілеуге қалай қарайсыз?

Оспан:

– Қарсы емеспін, әйтседе маған мықты, елге беделді, сауатты, ішкі, сыртқы жағдайды білетін орынбасар керек.

Викторов:

– Өзіңіздің ойыңызды айтыңыз.

Оспан:

– Меніңше, орынбасарлыққа Сүгірбайдың Дәлелханы дұрыс болар.

Викторов:

– Сүгірбаев Дәлелхан болсын дегеніңіз дұрыс. Ал губернияда, меніңше, мынадай бөлімдер болу керек:

  1. Cоғыс әскері
  2. Ішкі істер
  3. Халық жұмысы
  4. Халық соты
  5. Бақылау
  6. Мәдени-ағарту

Оспан:

– Қарсылығым жоқ, дұрыс.

Викторов:

– Шығыс Түркістан үкіметінің туы жасыл мата, ортасында бес бұрышты қызыл жұлдыз, жұлдыздың ай қоршаған түсі сары. Бұған қалай қарайсыз?

Оспан:

– Дұрыс екен. Сонда да губерния мәжілісінде кеңесейік, әзірше осылай болсын!

Викторов:

– Алтай, Тарбағатай және Іле округтары Шығыс Түркістан республикасына қосылып, орталығы Құлжа болса қалай дейсіз?

Оспан:

– Меніңше, осы үш округтың Шығыс Түркістан республикасына қосылуы дұрыс.

Викторов:

– Үш округтың басшыларын қай уақытта шақырсақ?

Оспан:

– Ұзамай, осы октябрь айында өткізсе.

Мәселелерді шешіп болған кезде Викторов:

– Шешілген мәселелерді Дәлелханды шақырып айтсақ қалай көресіз?

Оспан:

– Әбден дұрыс, шақырыңыз.

Кешікпей Дәлелхан біз отырған бөлмеге кірді де, төртінші орындыққа отырды.

Викторов Оспан батырмен бірге шешілген мәселелерді Дәлелханға түсіндірді. Кейбір орысша түсінбеген жерін мен арқылы Дәлелхан түсінді.

Дәлелхан:

– Әбден жарайды, орынбасар болуға менің қарсылығым жоқ. Бәрі дұрыс шешілген сияқты.

Оспан:

– Дәлелхан, сенің менен гөрі сауатың бар, елмен көп араласып, ел азаматтарын жақсы білесің.

– Өзің губерния жұмысын басқара бер, менікі – тек сіздермен қоян-қолтық бірлесіп губернияны басқару.

– Ал, Шығыс Түркістан республикасына қосылу арты қалай шешілді?

Викторов:

– Не дейді, Оспан батыр?

Оспанның айтқанын, ойын түгелімен Викторовқа айттым.

Викторов:

– Дұрыс. («Дұрыс шешімін тапты!» мағынасында айтылған жауап – ред).

Осымен түнгі кездесу бітті, үйімізге тарадық». (105-107 беттер)

Бұл баяндауларда – біз Дәлелханды орынбасарлыққа тағайындауды Оспанның өзі ұсыныс еткені көрінеді. Ал басқа әдебиеттерде «кеңестіктер тағайындады» деген дерек көп айтылады. Естелікті шындық тұрғысынан жазылды деп есептесек, жоғарыдағы барыстарда Оспанның Дәлелханға ерекше сенім артқаны байқалады.

Уақит Халелұлы аталған тағайындаулар жайында өз естелігінде: «1945 жылы 20 қыркүйекте Алтай азат болады. Қазан айының басында Құлжадан Әлихан төре, Ахметжан, Сәйпидендер келіп, Дәлелхан тәйжі негіз еткен Алтайдың басты адамдарымен жиын ашып, Алтай әкімшілік мекемесін құрады. Алтай әкімшілік мекемесі Құлжадағы Шығыс Түркістан үкіметіне қарасты аймағы болады деген қарар алады. Алтай әкімшілік мекемесінің бастығы Оспан, орынбасары – Дәлелхан Сүгірбаев, Әріпбай (Кеңестік), Шәмси (алдында Гоминдаңның орынбасар уәлиі болып тізе бүккен уәли мекемесінің бас хатшысы), Құрмаш ( Кеңестік) болады. Әрбір ауданның және аймақтың аудан дәрежелі басты адамдарын белгілейді» деп еске алады («Оспан». Құраст: Ж.Шәкенұлы. «Тұран» баспасы. Алматы, 2010 жыл. 114 бет).

Оспан образын айшықтайтын тағы бір оқиға келесідей өрбиді:

Мұнда бригаданың эскадроны командирі Толкашовтың мас күйінде пельмен сатып тұрған ұйғырды, пельменді тез бермедің деп, тапаншамен атып өлтіргені айтылады.

«Дереу Викторовтың атына рапорт жазып, Толкашовтың жазықсыз адамды мастықпен атып өлтіргенін баяндадым. Викторов менің рапортымның шетіне қиғаштап қол қойды.

«Толкашовты мас боп, жазықсыз адамды өлтіргені үшін халықтың көзінше атуға бұйырамын! Орындауын сізге жүктеймін! Викторов, 15 сентябрь, 1945 жыл». Толкашовты тұтқынға алдық. Аксеновтың жауынгерлерін күзетке қойдық. Сары-Сүме қаласының күн шығыс бетінен қаладан 200 метрдей тау етегінен Толкашовтың көрін қаздырдық.

Кешкі бесін кезі, Сары-Сүме халқы, өткен күнге тағайындаған Губернатор Оспан батыр, оның орынбасары Дәлелхан, Көксеген би, тағы басқа да көрнекті ел адамдары жиналды. Халық аң-таң. Толкашовты қазылған көрінің қасына апарып қойды. Екі қолы байлаулы, өмірмен қоштасуға аз ғана уақыт қалды.

Аксенов басқарған эскадронның жиырма жауынгері мылтықтарын оқтап атуға дайын тұр.

– Жазықсыз адамды атқаны үшін, Толкашовты атуға дайындалыңдар! –деп жауынгерлерге Аксенов команда бергенде, жауынгерлер мылтықтарын көтеріп, затворын ашып оқты ілгері стволына кіргізіп, затворды жауып, енді көздей бергенде, маған эскадрон командирі Садықов жүгіріп келді.

– Сізді Оспан батыр шақырады, – деді.

– Атуды тоқтат! – дедім Аксеновқа. Жауынгерлер Аксеновтың «Тоқтаңдар!» деген командасын орындап, көздеп тұрған мылтықтарын төмен түсірді. Мен Оспан батырға келдім де:

– Батыр, сіздің шақыруыңыз бойынша келдім, – дедім.

Оспан батыр маған:

– Шырағым, біз мұсылман халқымыз. Қанды қанмен жууға болмайды, шариғат қоспайды. Өлген мұсылман шейіт болады. Егер ана орысты атқызсақ – барлық күнә біздің мойнымызда болады. Оны атқанмен өлген адам енді тірілмейді. Толкашов болса осы азаттық күресінде көптен бері еңбегі сіңген әскер бастығы екен. Сондықтан біз мұсылман халқы сұранамыз, Толкашовты атпауға, – деді.

Дереу командир эскадроны Садықовты Викторовқа жібердім.

– Жаңағы қиғаштан қойылған рапортты апар, Оспанның және халықтың Толкошовты атпаңдар деген тілегін айт, – дедім.

Он минут өтпей Садықов келіп қағазды маған берді. «Атуды тоқтат! Викторов» деп қол қойған. Толкашовты ату тоқтатылды. Көр басында «енді бұл дүниеден кеттім ғой» деп жылап тұрған Толкашовты пар ат жеккен брышкеге отырғызып, жолдастары Сары-Сүмеден оңтүстіктегі көл жиегіндегі бригадаға әкетті.

Қазақтың ескі әдет, дін жолымен, Оспан батыр және халықтың айтуымен Толкашов бір ажалдан қалды.

Менің ойымша, осы арада Оспан батыр аздап ақылды айла жасады. Біріншіден, ол әлі табанды болып, негізгі халық сайлайтын Алтай, Тарбағатай және Іле округтерінің бас қосқан жиналысында сайланған жоқ. Екіншіден, мұндай шешім яғни адамды өлімнен құтқару – оның беделіне бедел қосары анық еді. Бұл шешімнің дұрыстығына мен де ішінара қосылам. Өйткені, Толкашовтың азаттық жолында істеген еңбегі зор еді. Толкашов – сол Алтай жеріндегі тұрақты Шункар деген қаланың орысы болатын. Аксенов та, оның эскадроны да сол маңның орыстары. Олар Алтай жерін Гоминьданнан босатуда Оспан мен Дәлелханға көп еңбек етті. Бұлар келешекте керек. Оспан батыр осы ақылмен Толкашовты аман алып қалды». (109-111 беттер).

Хасан Оралтай өзінің «Елім-айлап өткен өмір» кітабында Қ.Доқасұлының «Офицердің қойын дәптері» еңбегіне (Қ.Доқасұлы «Офицердің қойын дәптерінен», Ұлттар баспасы, Бейжің. 1993 жыл) сілтеме беріп: «Сол оқиғаны өз көзімен көрген Әтихан Ысқақұлының аузынан мына естелікті келтірген: 1946 жылы 9-айдың 6-күні Сарысүмбе азат болды. Алтай аймағының үкімет органдары құрылып, Оспан уәли болып белгіленді. Әскери істерге Дәлелхан Сүгірбай колбасы болды. Қолға түскен гоминдаң әскерлерін Манасқа апарып, гоминдаң жағына өткізіп беру үшін дайындық жасап, ат тағалап жатқан бір орыс эскадрон командирі ат тағалаушы адаммен сөзге келісіп қалып, оны сол майданда атып тастаған екен. Ертеңінде атушыға өлім жазасын бергелі, Әбитан жақтағы бір жазыққа әскер мен халық жиылды. Оспан батыр келгенше күтіп тұрдық. Біраздан кейін Оспан келді. Әскери орынның өлім жазасын беру бұйрығы жариялағанда Оспан ортаға шығып: «Мына қылмыскер халықты гоминдаңнан азат ету үшін сонау Іледен Алтайға келіпті... Мақсатты болмаған, оқыстан болғандығынан бұның шыбын жанын маған беріңдер. Адам өлтірген қателігін алдағы өмірінде ақтасын», – деді. Халық қол шапалақ соқты. Адам атқан орыс эскадрон командирі сол заман азат болып, Оспанның аяғын құшақтап жылаған еді...» (Х.Оралтай. «Елім-айлап өткен өмір», Алматы, «Білім». 2005 жыл. 45 бет) деген деректі айтады. Х.Бекішев баянынан ішінара өзгешілігін айтпағанда екеуінің бір оқиға екені белгілі.

Осыдан кейін Оспан батыр Алтай губернаторы етіп тағайындалады.

ШТР үкімет басшылары авторды (Х.Бекішевті) Гоминьдан басқыншыларынан азат етудегі зор еңбегі үшін, Шығыс Түркістан үкіметінің ең жоғарғы ордені фражалы алтын орденімен марапаттайды.

Сөйтіп, Х.Бекішов өзінің әскери міндетін өтеп болып Алтайдан аттанбақшы болады. Дәлелханмен қоштасады:

«Дәлелханмен екеуміз аттан түсіп, менімен айқара құшақтасып көп тұрдық. Бетімізден сүйісіп, айырылыстық. Дәкең баласы Патханға: «Ағаңа арнап әкелген сыйлығыңды әкел!» деп, түлкінің терісінен тігілген томақ ішікті үстіме әкеп жапты да:

– Атам Меккеге барғанда әкелген барқыт жайнамазды анам сізге сыйлап берді. Көзіміздей көріп есіңізге бізді ала жүрерсіз, – деді Дәкең.

– Дәке! «Сыйға сый, сыраға бал» деген. Патхан қарағым, саған мініп жүрген құла жорғамды берем. Онымен бірге маузерімді көзімдей көріп ұста.

Маузерді иығымнан алып, Патханның иығына ілдім де бетінен сүйдім. Ал, сізге, Дәке, мына жүйрікті, мініп жүрген ала аяқ торы биемді сыйлаймын. Өзіңіз мініңіз, – дедім. Әкелі-балалы екеуі рахметін айтты...

Біз, Лескин, Байділда үшеуміз бригададан оңаша шығып, қолымызды көтеріп, алыстан қоштасқан белгісін көрсеттік. Алдымыздағы бөктердің арғы бетіне айналып, біз ұзап кеттік. Содан кейін Дәлелханды көргем жоқ (117-118 бет).

Автор кітабының соңын Шығыс Түркістан республикасының күйреп, қытайға тәуелді болған өкінішімен аяқтайды.

Х.Бекішев өз міндетін абыроймен атқарып еліне – Қазақстанға қайтады. Көптеген лауазымды қызметтерге белсене араласып, көп рет марапатталып, 1985 жылы 79 жасында қайтыс болады.

Тарих дерек ретінде қарағанда, көз алдымызға өзінің еліне, жеріне адал болған қос алыптың – Оспан мен Дәлелханның елесі келеді. Кейінгі өмір жолында кездескен олардың мүдделік қақтығыстары мен қайшылықтары осы оқиғалардан кейін болған жағдай.

Шын мәнінде жоғарыдағы баяндардан байқалғанындай, бұл істің бүкіл сценарийіне араласқан Кеңестік күштер екенін білсек, екеу ара туындаған кейінгі талас-тартыс пен қан төгістер де солардың қолымен ұйымдастырылған қаскүнемдіктер екені айқын көрінеді. Атап айтқанда Кеңес одағы өз қолымен құрған Шығыс Түркістан республикасын қайтадан құртуға кіріскенде, Оспан оған қарсы шығады. Қызылдар жағы А.Қасыми, Д.Сүгірбаев бастаған күштерді оған қарсы қояды. Жоғарыдағы Х.Бекішевтың түйгеніндей», Дәлелхандар «Совет үкіметінің көрнекті өкілдері Сəкен Сейфуллин, Амангелді Иманов, монғолдардың Чойбалсаны сияқты» болды. Оспанды «замана ағымын білмей, адасып жүр» деп төмен бағалады.

Ең ғажабы, екеуі де Шығыс Түркістан өңірінің жаудан – қытайдан мүлдем азат – жеке ел болуын армандағанында. Шын мәнінде олардың түбіне жеткені де жүрекке ұялаған сол еркіндік, азаттық жалауын ашық көтергендіктері еді. Олай болса осы екі тарихи тұлға бір-бірімен жау емес, ортақ мұрат жолындағы күресуші ел перзенттері. А.Қасыми, Д.Сүгірбаевтардың трагедияға ұшыраған соңғы өмірін еске алғанда, олар өлер шағына дейін «қызылдар бізге ерекше ұлттық автономия беруі мүмкін» деген дәмелі үмітте болды. Сөйтіп, таңдаған жолдары ұқсамады.

Жоғарыдағы Оспан мен Викторов әңгімесіндегі, Оспанның: Азаттықты «Алтай елінің баяғыдан бері ойлаған, көксеген мақсаты ғой. Өз алдымызға қазақ, ұйғыр, тағы басқа халықтар Шығыс Түркістан үкіметі деген үкімет болу» дегенінен, олардың көздегені Алтайдың жеке бастық азаттығы емес, мұсылман түркілерінің мемлекетін құру екені айқын көрініп тұр. Алайда жаулар араларына ала мысық жүгіртіп, өрісін отқа орады. Гофедей Лиас: «Оспан батыр егер бұдан бес-алты ғасыр бұрын дүниеге келгенде аталары Мөңке, Шыңғыс және Темірлан деңгейлес ұлы қолбасшы болар еді» деп жайдан-жай айта салмаған болар.

Біз Х.Бекішев сынды жүздеген, мыңдаған сардарлар мен сарбаздардың жат жұрттағы қазақтардың ұлт азаттық арпалысында олармен бірге қан кеше күрескенін көреміз. Әрі кейіннен Оспан мен Дәлелхан арасына ірткі түсіп, бір-біріне мылтық кезегенде олардың арасындағы жаулықты барынша қоздырып, арандатуға мәжбүрленген кеңестік қазақтар тіпті кейде Оспан батыр жасақтары үлгісінде қарапайым киіммен жасырынып кіріп, елді бұлап-талаған «рөлдерді де» көрсеткен екен.

Халықтардың азаттық идеясын өз мүддесіне пайдаланбақ болып, олардың қолын қызыл қанға малған қатігез саясат осылайша білгендерін істеп, өзгенің тағдырын ойыншық қылды. Қазақты қазақ жау санайтын, қаралайтын көзқарастардың тууының алғы шартын жасады. Тіпті кейінгі кейбір жөнсіз әдебиеттерде айтылғанындай: «Оспан қазақтарды қасақана атқызған» дейтін де жалалы өсектер туды. Өз қазағы түгілі, ұйғырды аңдаусызда атып алған орыстың өзін мұсылман қағидатымен өлімнен құтқарып қалған Оспанның жүрегіндегі адамдық пен адалдықты сезіну үшін де, соны айтқан пендерлерге елі үшін шаһиттікті таңдаған періште өлімді сезінетін тазалық керек шығар.

Уақыт өткен сайын таулар биіктейді, тұлғалар өз тұғырын табады.

Х.Бекішев кітабындағы деректер арқылы Оспан Сіләмұлы мен Дәлелхан Сүгірбаев тұлғасын  тағы бір қырынан танығандай боламыз.

Пайдаланылған әдебиеттер:

«Азаттық мұраты», құраст: Х. Хакімұлы. Деректі хикаят. Алматы: «Сеп» баспасы, 2018 жыл.

П.Сүгірбаев «Алтай арпалыстары» Шынжаң халық баспасы. Үрімжі, 1995 жыл.

Қ.Доқасұлы «Офицердің қойын дәптерінен», Ұлттар баспасы, Бейжің. 1993-1996 жыл.

Асхат Мәнкейұлы «Алтай төңкерістік үкіметінің құрылуы және гоминдаң қалдық күштерінің тізе бүгуі», «Іле тарихи материалдары» (топтама жинақ) 7-сан. 2010 жыл. 174-175 бет.

«Азаттықтың өшпес рухы» – Нұрғожай батырдың естеліктері және Оспан батыр. «Сардар» баспа үйі, Астана – 2008 жыл.

«Оспан». Құраст: Ж.Шәкенұлы. «Тұран» баспасы. Алматы, 2010 жыл.

Х.Оралтай. «Елім-айлап өткен өмір», Алматы, «Білім». 2005 жыл.

Жәди Шәкенұлы,

жазушы, академик.

Abai.kz

11 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1569
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2264
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3558