Жұма, 29 Наурыз 2024
5421 11 пікір 9 Мамыр, 2020 сағат 12:46

Ұлы даланың жауынгерлік рухы

«Ерліктің өшуі - халық қасіреті!» - депті Б.Момышұлы! Керемет cөз!

ХХ ғасыр қазаққа бір опа-қайыр әкелген жоқ. ІІ-Дүниежүзілік соғыс майданында 650 мыңнан аса азаматымыз қалды. Бұл да, мүмкін,  болашақта алатын тәуелсіздігіміздің өтеуі болар...

Мәскеу түбіндегі ұрыс кезінде фашист басқыншыларын бір айдан аса уақыт алға қарай бір қадам жасатпай ұстап тұрған, қазақ сарбазына Рейхстагқа бірінші болып ту ілдірген қарудың күші емес – РУХ. Рух сатып алынбайтын, өлшеуге келмейтін, жойылмайтын категория. Соғыс кезінде қазақ солдаттары өз бойында ата-бабамыздан қалған жауынгерлік рухтың, қасиеттің сақталғанын көрсетті. Ол қандай қасиет дейсіз ғой? Көшпелілер дегенде ойға бірінші кезекте қандай ұғымдар оралу керек?

Көшпелі дегенде ол, біріншіден, еркін адам. Тек еркін адамның ғана қару асынып жауынгер болуға құқылы. Басы байлы құл ешқашан жауынгер бола алмайды. Екіншіден, көшпелілер үлкен ойдың адамдары - философ. Алғашқы монотеистік идея - Тәңіршілдік көшпелі ортада пайда болған жоқ па! Салт атты адам мен отырықшы адамның дүние танымы екі түрлі. Егер бәз біреулер дүние үшін, өзі үшін өмір сүрсе, қазақ ұрпақ үшін жасаған. Олар балаларына алданышым», жұбанышым деп қарап, дүние-мүлікке қызықпаған. Дүниенің баянсыздығын, өмірдің өткінші жалған екенін қазақтардай дәл басқа ешкім айтпаған. Ал, үшінші қасиеті олар шетінен өнерпаз, жыршы, ақын, әнші мен күйші – бойында шығармашылық дарыны бар жандар. Оған ешкімнің таласы жоқ шығар.

Өзінің бойында осы қасиеттерді қалыптастырып жинаған халықтың дүниетанымдық құндылықтары да ерекше болады. Олар бірінші кезекте ар мен намыс, ел мен жер, обал мен сауап деген ұғымдарды қастерледі. Бұл түсініктер олардың іс-әрекетінің ең басты мативациясына айналды. Сонымен қатар, бұл қасиеттер қазақ халқының бойындағы ең бір керемет мінез - толеранттықты қалыптастырды! Бұл қасиет ешқандай қаулымен дарымайды. Ол үшін ғасырлар, мыңжылдықтар керек... Осы қасиеттердің бәрі де қазақ сарбаздарының бойынан табылған. Жауына деген өшпенділік пен қатыгездік сезімі бойын қанша кернеп тұрса да жүрегінің түбінде мейірім оты ешқашан сөнген емес.

Осы орайда, бір кездері әкемнен естіген мынадай бір оқиға еске оралады...

Осыдан бірер жыл бұрын «Ақ жол» демократиялық партиядағы үзеңгілестермен «Бессмертный полк» атты акцияға қатысып едім. Ескі алаңға келгенде маған Ұлы Отан соғысы батырларының бірнеше сүретін ұсынды. Мен солардың ішінен Қасым Қайсеновтың сүретін таңдап алдым. Қасымдағы жолдастарым менен «бұл кісіні танушы ма едің?» - деп сұрады. Мен оны мектеп оқушысы кезімнен көргенімді, көзі тірісінде талай кездесулерде болғанымды баяндай келіп, партизан ағамыздың сүретін мына бір ісі үшін алғанымды айттым...

1975 жылы Кеңес Одағының Ұлы Отан соғысындағы жеңісінің 30 жылдығын атап өту үшін қазақстаннан бір топ деллегация өкілдіре Германия Демокртаиялық Республикасы Берлинге аттанады. Сол делегацияның ішінде Қасекең де болады. Берлинде бірнеше мың адам жиналған салтанатты сарайда екі елдің басшылары сөйлеп болғаннан кейін сөз көзі тірісінде аңызға айналға даңқты партизан, көрнекті жазушы Қасым Қайсеновке беріледі. Трибунаның қасына келген Қасым ағамыз: «мен ең алдымен неміс халқынан кешірім сұрағым келеді» деп залға қарап еңкейеді ғой... Залда отырған немістердің көздері шарасынан шығып, ауыздары ашылып қалады. Призидиумда отырған совет делегациясының есі шығып, не істерін білмей: «Қасеке, біз жеңгенбіз.. біз соғыста жеңгенбіз...» деп оның сөзін түзетпекші болады. Ал, партизан ағамыз болса сөзін әрі қарай байыппен жалғастырып, соғыс кезінде өзінің партизан болғанын, партизандар жау солдатын тұтқынға алмайтындықтан немістердің олардан қатты қорқатынын, сол жылдары өз қолынан талай неміс солдатын о дүниеге аттандырғанын айтып келіп: «мүмкін солардың арасында сіздердің балаларыңыз, әкелеріңіз болған шығар, сол үшін мені кешіріңдер!», деп залда отырған немістерге тағы да иіліп тағзым етеді... Разы болған немістер ұзақ қол шапалақтап тоқтамай қойған деседі...

Мұны батыс өркениетінде «ПОКОЯНИЕ» дейді. Қазақша мағынасы «кешірім сұрау», «тәубеге келу» болса керек.

ХХ ғасыр қатыгездік, қантөгіс заманы болды. Сол үшін біреуден біреу кешірім сұрауда. ІІ-Дүниежүзілік соғыс кезіндегі «холокост» үшін 60-70 жылдары немітер еврей халқынан кешерім сұрап, өлтірілгендердің құнын өтеді. 2003 жылы Рим Папасы ІІ Иоан-Павел крест жорықтары үшін мұсылман әлемінен, инквизиция үшін ғылым өкілдерінен және холокост кезіндегі іс-әрекеті үшін кешірім сұрады. Қолмен істегенді мойныңмен көтеру деген осы. Адамдар өздері жасаған күнәләрі үшін жауап беруде.

Бірақ, Отан қорғау жолындағы әділетті соғыста тас-талқан болып жеңілген жауынан кешірім сұрағанды ол заманда, бұл заман көрген кісі бар ма екен?!

Әсілі, бұлай істеу тек табиғаты таза үлкен мейірімді жүрегі бар, көңілі Сары-арқадай кең адамдардың ғана қолынан келеді.

Отаршылдардың ой бойынша ХХ ғасырда қазақ халқы өзге ұлттармен араласып, бірте-бірте ұлттық қасиетінен айырылып жоқ болып кетуге тиіс болатын. КСРО КП ОК Бас хатшысы Л.И. Брежнев қазақстанды «халықтар достығының зертханасы» деп тегін айтты дейсің бе. Соған қарамастан, қазақ елі ХХІ ғасырға – үшінші мыңжылдыққа өз елдігін жоғалпай нық сеніммен қадам басты. Неге? Сірә, қазақтың кеңдігі мен адалдығы, тазалығы Жаратушыға жаққан шығар. Егер мұндай қонақжай, мәрт халық жер бетінен жойылып кетсе, дүние өз көркінен айырылар еді ғой.

Жұмаділ Арман Қабдешұлы,

т.ғ.к., Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ доценті,

ҚБТУ қауымдастырылған профессоры.

Abai.kz

11 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1578
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2276
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3594