Жұма, 26 Сәуір 2024
Қорған 5808 34 пікір 7 Мамыр, 2020 сағат 16:15

Қазақстанның әскери әлеуеті қандай?

Бүгін Отан қорғаушылар күні. 1992 жылы 7 мамырда экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстанның Қарулы күштері құрылған күн. Дәлірек айтқанда, бұрынғы ҚР Мемлекеттік қорғаныс комитеті – «ҚР Қорғаныс министрлігі» болып қайта жасақталған. Сөйтіп, Сағадат Нұрмағамбетовке «генерал-палковник» шенін беріліп, министр қызметіне тағайындалған.

Қазақстанның Қорғаныс министрлері:

Одан бері Тәуелсіз Қазақстанның Қорғаныс министрлігін 10 адам басқарған. 11 рет министр ауысқан екен.

Сағадат Нұрмағамбетов – (1992-1995 жылдар),

Әлібек Қасымов – (1995-1996 жылдар),

Мұхтар Алтынбаев – (1996-1999 жылдар),

Сәт Тоқпақпаев – (1999-2001 жылдар),

Мұхтар Алтынбаев – (2001-2007 жылдар),

Даниал Ахметов – (2007-2009 жылдар),

Әділбек Жақсыбеков – (2009-2014 жылдар),

Серік Ахметов – (2014 жыл сәуір-қазан аралығы),

Иманғали Тасмағамбетов – (2014-2016 жылдар),

Сәкен Жасұзақов – (2016-2018 жылдар),

Нұрлан Ермекбаев – (2018 жылдан күні бүгінге дейін).

Ермекбаевтың жаңа шені

Ермекбаев Қорғаныс Министрлігіне 2018 жылдың 7 тамызында тағайындалды. Алайда, ол келгеннен Қорғаныс саласында тың серпін байқалмады. Есесіне оның есім-сойы, жыл сайын құлап жатқан Ресейдің сапасыз ұшақтары мен әскери техникаларынан болатын апаттарды айтпағанда, екі рет жұрттың қызу талқысына түсіп, нөпір сынына ұшырады. Біріншісі – Қазақстанның Қорғаныс министрлігі РФ ҚК негізгі шіркеуінің құрылысына қаржы бөлгені туралы ақпарат тарағанда. Екіншісі – Арыстағы адами фактордан болған жойқын жарылыс кезінде.

Әсіресе, Арыстағы әскери қойма жарылып, ел-аман, жұрт тынышта халық баспанасыз босып, далада қалғанда дәл осы Нұрлан Байұзақұлы: «Арыстағы апат – табиғи апат», деп сөйлеген еді.

Ал күні кеше ғана Нұрлан Ермекбаев ел президентінің қолынан әскери шен алды. Президентттің Жарлығымен оған – «Генерал-лейтенант» атағы берілді. Биыл екінші жыл. Нұрекең Қазақстанның Қорғаныс министі!

Әлемдік рейтинг. 63-орын

Жуырда «Global Fire Power» биылғы жылдың рейтингісін жариялапты. Онда Қазақстан армиясы  63-орында тұр екен. 138 мемлекеттің Қарулы күштерін салыстырған рейтингте АҚШ, сосын Ресей мен Қытай үштігі көш бастап тұр. Ал Қазақстан Орталық Азияда Өзбекстаннан кейін екінші орында екен. Өзбекстан аталған рейтингте 52-cатыда.

Рейтинг түзушілер: «Қазақстанның қорғаныс бюджеті 4 миллиард доллар», - деп жазыпты. 135 мыңға жуық әскер бар-мыс.

Ал «Strategy2050.kz» сайты Қазақстанның әскер әлеуеті туралы егжей-тегжейлі мәлемет ұсынған екен. Онда: «Әскери-әу және теңіз күштерінің 222 аппараты бар. Оның ішінде 76-сы истребитель, 39 шабуылдаушы ұшақ, 18 әскери-транспорттық ұшақ және 71 әскери, 18 соққы жасаушы тікұшақ бар. Құрлықта – 650 танкі, 800 брондалған көлік, 300 сүйрелетін артиллерия және 100 зымырандық проектор бар. ӘТК-те – 14 әскери патрульдік кеме және 2 миналық жауынгерлік кеме бар», - деп жазыпты.

Қаржыландыру

Қарағанды маңында әскери ұшақ апатқа ұшырады

ҚР Қорғаныс министрлігінің дерегіне сүйенсек, қорғаныс саласына қарастырылған үш жылдық (2020-2022) бюджет – 961 миллиард теңге немесе 2,55 миллиард долларды құрайды екен.

Соның ішінде, 2020 жылға 331,9 миллиард теңге қарастырылыпты. Оның 313,6 миллиарды Қарулы Күштерді қамтамасыз етуге (асырау), ал 18,3 миллиарды кадрлық және медициналық мәселелерге бөлінген.

2020 жылдың ақпанында ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев министр Нұрлан Ермекбаевты қабылдап, Қазақстан армиясының әлеуетін арттырып, сапалы һәм бәсекеге қабілетті әскер жасақтауды тапсырған еді. Онда – әскери білім беру мен Халықаралық әскери-техникалық байланысты арттыру туралы айтылған.

Кейін ҚР Қорғаныс министрлігі 10 миллиард теңгені оптимизация үшін жұмсайтыны белгілі болды. Тіпті, электронды «военкомат» жасалып, ведомства қызметкерлері қысқартылатыны айтылды.

Әскери парадтар

БІЗДІҢ ӘСКЕР ЕЛДІ ҚОРҒАЙ АЛА МА?

2005 жылы жеңістің 60-жылдығының құрметіне әскери шеру өтті. 2009 жылы өткізілген шеру Қазақстан Конституциясының 14 жылдығына арналды. 2011 жылғы шеру ел тәуелсіздігінің 20 жылдығын әспеттесе, 2013 жылы Жамбыл облысындағы «Отар» 40-шы әскери базасында өткен жауынгерлік шеру бесінші шеру болып тіркелді. 2014 жылғы әскери шеру Астанадағы «Қазақ елі» монументінің алдында өтті. Ал 2015 жылы ұйымдастырылған жетінші шеру жеңістің 70 жылдығына арналды. Ол бұған дейінгі шерулердің ішіндегі ең ауқымдысы болды.  2017 жылы әскери парад ҚР Қарулы Күштерінің 25 жылдығына арналды. 2018 жылы 7 мамырда Жамбыл облысындағы «Отар» әскери базасында жауынгерлік парад өтті. Ал 2019 жылы әскери парад өткен жоқ. Оның орнына «Айбалта 2019» стратегиялық командалық-штабтық жаттығуы өтті. Бұл шараға Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты.

Әскерге шақыру

Қазақстанда әскерге шақыру уақытша тоқтатылады | КТК

Әскерге шақыру жылына екі рет, сәуір-маусым және қазан-желтоқсан аралығында өтеді. Жас мөлшері 18-27 жас аралығы. Әскер мерзімі - 12 ай. Әскерге шақырылатындардың тек сотты болғаны ғана емес, сонымен қатар дәстүрлі емес діни ағымдарға қатыстылығы да тексеріледі. Іріктеу Ішкі істер министрлігі мен  Ұлттық қауіпсіздік комитеті арасындағы ынтымақтастықта жүзеге асырылады.

Басты мақсат – қолда бар мүмкіндіктерді толық пайдалану – Қ.Тоқаев ...

Ал, биыл Қазақстан тарихында тұңғыш рет әскер қатарына шақыру мерзімдері елдегі төтенше жағдайға байланысты өзгертілді. «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 26-бабының 5-тармағына сәйкес, Қарулы Күштердің жауынгерлік дайындығын сақтау мақсатында 2019 жылдың көктемінде шақырылған әскерилерді төтенше жағдай аяқталғанға дейін жібермеу туралы шешім қабылданды.

Сонымен қатар, әскери қызметшілердің осы санаты үшін жеңілдіктердің барлық түрлері, оның ішінде киім-кешек, тамақ, медициналық және қаржылық қолдау резервке алынғанға дейін сақталды. Еліміздің барлық аймақтарында әскери және әскери комиссиялардың және жастарды әскер қатарына шақыру жұмысы тоқтатылды.

Осыған байланысты Мемлекет басшысы азаматтарды әскери қызметке шақыру мерзімін 2020 жылдың маусымынан тамызына ауыстыру туралы жарлыққа қол қойды.

Тақырыпқа тұздық:

Еліміздегі Ресейдің әскери базалары жайлы не білеміз?

Арысқа қатысты Шойгудың "жанашырлығын" Ермекбаев неге жасырады?

Шекараға қаруын тақап қойған көршіміздің ниеті достық па, қастық па?

Ермекбаев шейіт кеткен аталарға шіркеуде дұға жасатпақ па?

2050 жылға дейін қош бол, Байқоңыр!

Министр: Кешірім сұрау - әскерилер мен арыстықтар арасындағы мәселе

Әзірлеген Нұрбике Бексұлтанқызы

Abai.kz

34 пікір