Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Көршінің көлеңкесі 9532 5 пікір 7 Мамыр, 2020 сағат 13:34

Елші даулы мәселені өз еліне мүлде басқаша жеткізді

Соңғы кездері Қытай билігі дипломатия саласындағы сәтсіз әрекеттеріне байланысты жиі таяқ жеп жүр. Сәуір айының соңында Австралияның СІМ мен СМ (сауда министрлігі) Қытайдың сол елдегі елшісі Cheng jingye-ні шақырып, оның Австралияға жасаған «қоқан-лоқысына» жауап беруін талап етті. Олардың шамына тиген елшінің австралиялық басылымға берген сұхбаты еді.

Онда елші «Алысқа көз салсақ, ...Бәлкім, қытайлықтар «біз не үшін Австралияның шарабын ішеміз, неге оның етін жейміз?» десе не дейміз, қытайлық туристер «біз неге өзімізге дос емес елге саяхаттауға тиіспіз?»,  қытайлық студенттердің ата-аналары «бұл ел бізге достық пейілде емес, тіпті қарсы екен, сонда ол шынымен балаларымызды жіберетін ең лайықты оқу мекені санала ма?» десеші» деген болатын («Australia Financial Review»).

Елші бұл сөздерді Австралия премьері Скотт Моррисонның мәлімдемесіне қатысты айтып отыр. Моррисон Covid-19 вирусының таралу қайнары туралы Қытайға тексеру жүргізу жайындағы үндеу жасаған болатын. Австралиялықтар елшінің сөзін «экономикалық құқай көрсетуге» балап отыр. Ал елшінің ерсі мәмілесін ақтап алуы тиіс Қытай СІМ баспасөз хатшысы Гэн Шуан «Қытай елшісінің позициясы Австралия тарапының жуықтан бергі кейбір қате сөздері мен әрекеттерінің Қытай халқының наразылығын тудыра ма деген алаңдаушылығын, екі ел қатынасының жайсыз әсерге ұшырап қалуына алаңдаушылығын білдіреді. Бұл қате ме?» деп салды.

Наурыз айында Қытай СІМ-нің тағы бір баспасөз хатшысы Чжао Лицзянь твиттердегі жазбасында «Covid-19 вирусын Қытайға әскерилердің әлемдік сайысына келген АҚШ сарбаздары алып келді» деп дауға қалып, Трамп пен Помпеоның «қытай вирусы», «Ухан вирусы» деп төпелеуіне себепкер боған. Ақырында твиттердегі жазба өзінің жеке көзқарасы екенін айтып жалтарған. Есесіне, осы үшін аса ырықсыз күйде қалған Қытайдың АҚШ-тағы елшісі Цуй Тянькай «Қытайдың АҚШ-тағы өкілі менмін!» деп ресми мәлімдеме жасауға жәжбүр болды. Чжаодың жазбасы керекке тұрғысыз дегені.

Тағы бірде сол Чжао Лицзянь Қытайдың шетелдерге жөнелткен беттұмшаларының (маска) сапасыздығы жайлы сұраққа «біздің беттұмшаларымыз өлшемге келмейді десең, онда оны пайдаланбасаң болды ғой» деп жауап берген. Оның жауабында дипломаттарға тән мәмілегерлікті сырып тастаған, менмендік пен астамшылықтың буы бұрқырап тұрған. Бұл шетелдерде Қытай «беттұмшамен сес көрсетті», «беттұмшаның өзін қаруға айландырды» деп бағалануда.

Қытайдың Франция, Канада, Англиядағы дипломатиялық өкілдіктері сол елдердің вирусқа қарсы шараларын сынап, «вирусқа қарсы емтиханның қытайлық дайын жауабын көшіре де алмады» деп жазғырды. Олар әр елдің жағдайының басқаша екенін ескермей, қытайлық әдістемелерді «тықпалағаны» үшін дауға қалған еді.

Қарап отырсаңыз, қытайлық дипломатия менмендік, өктемшілдік ұсқынынан басқа, ішкі үйлесімсіздігімен де ерекшеленеді. Министрлік пен оның шетелдердегі корпустары арасында бірін-бірі ыңғайсыз жағдайға қалдыратын мысалдар жиі қайталануда. Ал осы министрлікті Қытайдағы кейбір ұлтшыл, популистік сарындағы БАҚ «тәңір берген команда» (командалар арасында жігері, энергиясы, бірлігі, ұтымдылығымен оза шапқан топты білдіретін жаргон сөз - автор)  деп атап жүр.

Билікке Си Цзиньпин келгелі Дэн Сяопин белгілеп кеткен «ақырын жүріп, анық басу, ыңғайын тауып, әсер ету» ұстанымын «өршелене ұмтылып, мейілінше ықпал жасау» ұстанымымен алмастырғаны белгілі. Мұның артында елдің қуатын асыра мөлшерлеу, түптің түбінде, әлемдік екінші экономикаға айналуға масаттану нысайы тұр.

Қытай экономикасының, атап айтқанда, оның ЖІӨ-нің әлемде екінші орынды ұстауы (2010 жыл) мен Сидің билікке келуі (2012 жыл) тұспа-тұс келді. ЖІӨ бойынша екінші орынға көтерілуді жершарының АҚШ-тан кейінгі екінші елі болдық деп бағамдаған ҚКП-ның жаңа басшысы, қытайлық реформа мен әлемдік қауымдастыққа кірудің «бас жобашысы» Дэннің стратегиялық дипломатиялық мұраларын ысырып қойып, әлемдік көшбасшылыққа ұмтылды.

«Әпекеме жездем сай» дегендей, санасы компартияның нәсихатымен біржақты қаруланған, жалаң ұлтшылдығы бүйірлерін қыздырып, популистік пиғылдары қозған бұқара батыс жетекшілігіндегі жүйеге, өте-мөте, АҚШ-тың халықарадағы орнына шабуылдай бастады. Бұл, айланып келіп, жаңағыдай сыртқы саясаттағы «өктем дипломатияның» қалыптасуына бұқаралық қайнар болып отыр.

Қытайдың біздің елдегі елшісі Чжан Сяодың да әр мәлімдемесі дау тудырады. Оның әр сұхбатында не үшін ұрсып сөйлейтінінің, бір мәселеде екі елге екіұшты мәлімет айтатынының сыры да осында болса керек.

Чжан Сяодың тілшілер сұрағына қандай амбициямен жауап қататынына көндіккендейміз. Жақында ҚР Сыртқы істер министрлігі Қытайдың «sohu.com» сайтында жарияланған арандату сипатындағы мақалаға байланысты елші Чжан Сяоды шақырып, наразылық білдірген болатын. Ал елші мырза бұл мәселені Қытай халқына мүлде басқаша жеткізді.

ҚР СІМ-нің «2019 жылғы 11 қыркүйекте мемлекет басшылары қол қойған ҚР мен ҚХР бірлескен мәлімдемесінде айқындалған мәңгілік жан-жақты стратегиялық әріптестік рухына сәйкес келмейтін» мақаланың жариялануына байланысты бірінші вице-минстр Нұрышевтың шақыртуын ол қытай еліне «бұл әдепкідегі, дағдылы кездесудің бірі» дей келе, «кездесу кезінде Нұрышев жуықта Қытайдың «sohu.com» сайытындағы авторсыз мақаланың тарихи фактілерге сәйкес еместігін, екі елдің жоғары деңгейлі қатынасына жараспайтындығын айтып, Қытай тараптың тиісті шаралар қабылдап, мақаланың жаман әсерін жойып, бөтен ниеттілердің пайдаланып кетуінің алдын алуды үміт етті» деп жаймашуақтап баяндайды. Қазақ қоғамының ыза-іренішке толы көңіл-күйін Қытай халқына бұрмалап, солғындатып жеткізеді.

Мұнан Қытайдың Қазақстандағы «көзі, тілі, әм құлағының» өз министрін алдап отырғанын немесе өз елін алдап отырғанын біле алмадық. Осының өзі Қытай дипломатиясы және СІМ жүйесіндегі бейберекетсіздік пен өзімбілемдік, жүйесіздіктің жанды мысалы сияқты.

Мұқаметхан Қонарбай

Abai.kz

5 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2256
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3530