Жұма, 19 Сәуір 2024
46 - сөз 3464 6 пікір 7 Мамыр, 2020 сағат 11:55

«Ардагерлер туралы» Заңнан не күтеміз?

Ежелден жасы үлкен адамды сыйлау, қарияларға құрметпен қарау қастерлі ата дәстүріміз болып жалғасып келе жатқан елімізде, әсіресе, екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, қан майданнан аман оралған ардагерлерге барынша әлеуметтік қолдау көрсетілуде.

Ұлы Отан соғысының қатысушысы және мүгедегі мәртебелеріне ие майдангерлердің барлық мәселесі «Ардагерлер туралы» Заңды қабылдамай-ақ оңынан шешілген деп айтуға болады. Өйткені, Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев фашистік басқыншылардан ел бостандығын қорғап қалған жеңімпаз ұрпақтың өшпес ерлігін ешқашан ұмытуға болмайтындығын әрдайым қадай айтып, соғыс ардагерлеріне қолдан келгенінше қамқорлық жасау міндетін қойғаны мәлім. Осы мақсатпен «Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектерiне және соларға теңестiрiлген адамдарға берiлетiн жеңiлдiктер мен оларды әлеуметтiк қорғау туралы» Заң қабылданған.

Бүгінгі Мемлекет басшысы, майдангер жазушының ұлы Қасым-Жомарт Тоқаев та ардагерлер қауымын айрықша ардақ тұтатындығы анық. Соның айғағындай, ел Президенті былтыр күзде Парламент Мәжілісінің депутаты, "Ардагерлер ұйымы" республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетовты қабылдап, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75-жылдық мерекесіне әзірлік барысымен танысып, аға ұрпақ өкілдері көптен күтіп жүрген "Ардагерлер туралы" Заңды тиянақты дайындауды тапсырған болатын.

«Ардагерлер туралы» Заңның алғашқы жобасын Парламенттің бір топ депутаты осыдан 14 жыл бұрын әзірлеген еді. Алайда, елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайға байланысты бұл заң жобасы кейінге қалдырылып келген болатын. Енді, міне, Президенттің тапсырмасына сәйкес Үкімет депутаттармен бірлесіп әзірлеген заң жобасын Парламенттің қос палатасы да қолдап, Мемлекет басшысының қол қоюына ұсынып отыр.

Бұл заң жобасының мақсаты – қосымша әлеуметтік қолдау шараларымен қамтылатын ардагерлер санатын айқындау, соның ішінде қай заманда болсын әскери антына адалдық танытып, басқа мемлекеттердің аумағында болған ұрыс қимылдарына қатысып, бастарын бәйгеге тіккен ардагерлерімізге қолдау көрсету, сондай-ақ қолданыстағы заңнамадағы кейбір олқы тұстарды түзету.

Заң жобасы арқылы ардагерлердің әлеуметтік тұрғыдан қорғалатын 5 санаты айқындалып отыр. Олар – Ұлы Отан соғысының ардагерлері, басқа мемлекеттердiң аумағында болған ұрыс қимылдарының ардагерлері, жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер, еңбек ардагерлері және осы Заңның күші қолданылатын адамдардың басқа санаттары.

Ауғанстандағы және басқа да мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарына қатысқан әскери қызметшілер ұрыс қимылдарының ардагерлері санатына жатқызылады. Осылайша 1986 жылы Таулы Қарабақтағы этносаралық жанжалды реттеуге қатысқан 255 әскери қызметші, 1992 жылдан 2001 жылға дейінгі кезеңде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының сыртқы шекарасының Тәжік-Ауған учаскесін күзетуде жауынгерлік міндет атқарған 9635 әскери қызметші, 2003 жылы Ирактағы халықаралық бітімгершілік операцияларына бітімгерші ретінде қатысқан 294 әскери қызметші алғаш рет әлеуметтік жеңілдіктермен қамтамасыз етіледі. Олардың жалпы саны – 10248 адам.

Атап айтсақ, алдағы уақытта Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен оларға теңестірілген адамдармен қатар, басқа мемлекеттердің аумақтарындағы ұрыс қимылдарының ардагерлерін де көлік және мүлік салығынан, соттарда мемлекеттік баж төлеуден, азаматтық хал актілерін тіркеу кезіндегі төлемнен, нотариаттық іс-әрекеттер жасау және өзге де әрекеттер жасаған кезде мемлекеттік баж төлеуден босату көзделіп отыр. Сондай-ақ оларға күнтізбелік жыл үшін 882 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі стандартты салықтық шегерім қолданылатын болады.

Басқа мемлекеттердiң аумағындағы ұрыс қимылдары ардагерлерінің жаңадан енгізілген 4 санатына ай сайын 4,8 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни 13 335 теңге жәрдемақы төленетін болады.
Бұдан бөлек, 1988 – 1989 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың зардаптарын жоюға қатысушыларға ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы екі есе көбейтіліп, 4,8 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни 13 335 теңге болып белгіленбекші.

Сондай-ақ «Социалистік Еңбек Ері» атағына және үш дәрежелі «Еңбек даңқы» ордендеріне ие болған адамдарға берілетін арнаулы мемлекеттік жәрдемақы мөлшері «Кеңес Одағының Батыры», «Халық қаһарманы» «Қазақстанның Еңбек Ері» атақтарын алған адамдардікімен теңестіріліп, 138,63 айлық есептік көрсеткіш, яғни 385 115 теңге болып белгіленбекші. Бұл әділ шешім деп ойлаймыз. Себебі бұған дейін Социалистік Еңбек Ерлері мен үш дәрежелі Еңбек Даңқы ордендерінің толық иегерлері 9,60 айлық есептік көрсеткіш, немесе 26668 теңге мөлшерінде ғана арнаулы мемлекеттік жәрдемақы алып келді. «Егемен Қазақстан» газетінде жазылғанындай, ерден ердің несі кем?!

Әрине, заң жобасында ардагерлердің барлық тобының мүдделері толық қамтылды деу қиын. Бұл ретте Үкімет оны, «көрпесіне қарай көсіліп» дегендей, қазіргі дүниежүзі мен өз еліміздің басындағы қиын-қыстау кездегі қолда бар қаржы мүмкіндігіне қарай қабылдағандығын айтқан жөн. Мәселен, заң жобасында еңбек ардагерлері санатына Социалистік Еңбек Ерлері, үш дәрежелі Еңбек даңқы ордендерінің иегерлері, «Қазақстанның Еңбек Ері» атағына ие болған адамдар, Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталған адамдар, 1941 жылғы 22 маусым – 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемiнде алты ай жұмыс iстеген және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегi мен мiнсiз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен наградталмаған адамдар жатқызылып отыр. Ал өзге еңбек ардагерлерінің және тылдағы қиындық пен ауыр еңбектің азабын тартқан «соғыс балаларының» мәртебелерін айқындау жөніндегі көптеген өтініштерді қарау ертеңгі күннің еншісіне қалдырылған. Бұл жөнінде Мәжіліс пен Сенат депутаттары тарапынан да заң жобасын әзірлеген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің атына орынды сыни ескертпелер айтылды.

Осыған орай, аталған министрлік басшылары алдағы уақытта тиісті сараптамалық-талдау жұмыстарын жүргізіп, заңнаманы одан әрі жетілдіру шараларын қабылдауға уәде берді.

Кәрібай Мұсырманның әлеуметтік желідегі жазбасы

Abai.kz

6 пікір