Жұма, 19 Сәуір 2024
Зерттеу 11698 15 пікір 5 Мамыр, 2020 сағат 11:10

Сардоба: Өзбекстан не дейді?

Бөгеттің бұзылуына дауыл емес, жемқорлық себеп болған...

1 мамыр күні таңа ата Сардоба су қоймасындағы бөгет бұзылды. Су жергілікті тұрғындардың үйлері мен егіс далаларын басып қалды. 70 мыңдай адам шұғыл көшірілді. Өзбекстандағы алғашқы ірі су нысаны саналатын Сардоба су қоймасының құрылысы Шавкат Мирзияевтің бастамасымен оның премьер-министр кезінде басталып, ол президент болған кезде аяқталды. Бөгеттің бұзылуынан неше миллиондаған зарар келгені әлі нақты айтылған жоқ. Бұл апатқа кінәлі кімдер және олар жазаға тартыла ма? Өзбекстандықтардың көпшілігін осы мәселе толғантып отыр.

Сардобада не болды? Ресми жауап

«Озодликпен» әңгімесінде Өзбекстанның Су шаруашылығы министрлігінің су қоймаларының жағдайына мониторинг жасау басқармасының жетекшісі Шарифжон Кучкаров бастапқы тексеру жұмыстары бөгеттің астыңғы жағын тосыннан соққан дауылды жел бұзуы мүмкін екенін көрсетіп отыр дейді.

– Дауылды желдің соңы су қоймасындағы жойқын толқынға ұласты. Бөгеттің ең биік тұсы 32 метр, ең аласа жері – 28 метр. Бөгеттің төменгі жағы толқынның қуатына шыдамай жарылды. Шамалауымызша, кейінгі 2-3 күнде соққан дауыл бөгеттің бұзылуына себеп болды. Кейінгі күндері елде нөсер жауын жауып, дауыл тұрған соң су қоймаларының бәрі 24 сағаттық бақылауға алынған болатын, – дейді министрлік өкілі.

Тілшіміздің «Сардоба су қоймасын билік тәулік бойы бақылауында ұстаса, онда апаттың алдын неге ала алмады?» деген сұрағына Шарифжон Кучкаров «дауылдың екпіні өте жойқын болды» деп жауап берді.

Сардобада не болды? Бейресми жауап

Алайда «Озодлик» редакциясымен хабарласқан құрылыс және су қоймасы саласының мамандары Сырдария облысындағы қасіретті оқиғаға әбден шегіне жеткен жемқорлықтың, ақша қымқырудың және монополияның себеп болғанын айтады. Олардың көпшілігі осылай боларын алдын ала сездік деп те отыр.

– Егер нысанды салған уақытта жемқорлыққа жол берілмесе, құрылыс нақты смета бойынша жүргізілсе, қандай бөгет болсын бірінші соққан дауылдан құлап қалмайды. Мұндай нысандарды барлық ереже бойынша салатын адамдар шектен тыс байып кетпейді. Су қоймасының құрылысы аса ауқымды. Бұл 25 миллион долларлық жоба. Егер құрылыс компаниясы осыншама ақшаның 20-30 пайызын «сындырмаса», құрылыс салу үшін айдалаға барып қайтсін.

Ұрлау схемасы қарапайым-ақ. Мәселен, су қоймасын салуға арналған жерде 1000 текшеметр құмды тегістеу қажет болса, олар 500 текшеметр құмды ғана жұмсайды. Қиыршық тас, бетон секілді басқа құрылыс материалдарын да осылай пайдаланады. Мысалы, мен – құрылысшымын делік, қиыршық тас шығаратын зауытпен 1000 текшеметр өнім сатып алу үшін шарт жасасамын. Қағазда құны 10 мың доллар деп көрсетіледі. Шын мәнінде мен тек 500 текшеметр ғана қиыршық тас сатып аламын да, зауыттың шотына 10 мың доллар аударамын. Алайда зауыт маған бұл ақшаның тең жартысын қолма-қол қайтарып береді. Мұның атын «откат» дейді. Қазір бүкіл құрылыс нысандары осы схемамен жұмыс істейді – көпқабатты үй болсын, метро стансасы болсын, су қоймасы болсын, бәрібір. Ал енді мына су қоймасын салуға қанша ақша бөлінді және оны салған адамдар қазір қалай тұрып жатыр, салыстырып көріңіз. Су қоймасын салу үшін қарастырылған қаржының кімнің қалтасына кеткенін сонда түсінесіз, – дейді маман.

Сардоба су қоймасын салуға қатысқан Сырдария облысының тұрғыны «Озодликпен» әңгімесінде әлгі маманның айтқанын растады.

– Мен осы су қоймасын салуға қатыстым, сондықтан қиыршық тас пен жай тастың нормадан әлдеқайда аз пайдаланылғанын жақсы білемін. Құрылыс кезінде нысанға қажетті материалдар тасыған жүк машиналары қиыршық тас пен жай тасты жол-жөнекей көрші ауылдардың тұрғындарына сатты. Біз, өзбектер, «көлденең табыс» табуға бейім тұрамыз. Сызбаларда бәрі дәлме-дәл есептеліп, сызылған. Ал іс барысында бәрі «өзбекше вариантпен» жүзеге асады. Қазір «Шымқорған» ауыл округында да су қоймасын салып жатыр. Ол жердегі жағдай да осындай, солярканы ұрлап, сатуда. Олардың кейінгі екі жылда қанша солярканы сатып құртқанын бір Құдайдың өзі білсін. Жергілікті тұрғындар үреймен өмір сүріп жатыр. Әйтеуір ол жер де Сардобаның күйін кешіп жүрмесе жарар еді, – дейді сұхбаттасымыз.

Сардобаны кім салды?

«Озодлик» дереккөздерінің мәліметінше, Сардоба су қоймасының басты тапсырыс берушісі «Узтемирйулкурилишмонтаж» кәсіпорнының гидротехникалық ғимараттарды салу жөніндегі дирекциясы екен (ал аталған кәсіпорын «Узбекистон темир йуллари» мемлекеттік-акционерлік теміржол компаниясына қарайды). Сардобаны салу жұмыстарына қосалқы мердігерлерді осы дирекция жалдаған. Құрылыс саласындағы бір-біріне қатысы жоқ өзбек шенеуніктері Сардоба су қоймасының құрылысына басты жауапты «Тупалангстрой» ЖШҚ (жауапкершілігі шектеулі қоғам) екенін айтты. Бұл құрылыс компаниясы, «Озодлик» дереккөздеріне сәйкес, «Узбекгидроэнерго» АҚ-ның басқарма төрағасы Абдугани Сангиновқа тиесілі екен.

– Өзбекстанда су қоймасының бәрін Абдугани Сангиновке тиесілі компаниялар салады. Бұл сала – оның монополиясы. «Тупалангстрой» 80-жылдардың соңында Сурхандария облысында құрылды. Сангиновтың өзі де Сурхандария облысының Сариасия ауданының тумасы. Бұл құрылыс компаниясында 1,5-2 мың адам жұмыс істейді. Өзбекстандағы су құрылыстарының бәрін «Тупалангстрой» жүргізеді. Салықтан жалтару үшін бұл компания басқа да ЖШҚ секілді, үш жыл сайын атауын ауыстырады. Лизинг негізінде ірі құрылыс техникасын жалға беру бизнесі де Сангиновтың ұлының, күйеу баласының және қыздарының компанияларына тиесілі. Компанияларының аттары әралуан, бірақ бәрінің қожайыны біреу. 2017 жылы Сардоба су қоймасы пайдалануға берілгенде оны сол уақытта «Узбекистон темир йуллари» АҚ басшысы болған, ал қазір бірінші вице-премьер болып отырған Ачилбай Раматов қабылдап алды. Өзбекстандағы ірі құрылыс нысандарының Раматовқа қатысы жоғы кемде-кем, – дейді Сардоба су қоймасының құрылысына тікелей қатысы бар шенеунік.

Өзбекстан Су шаруашылығы министрлігінің өкілі «Озодликпен» әңгіме барысында Сардоба су қоймасының бас мердігері шынында да «Узбекистон темир йуллари» АҚ екенін және «Тупалангстрой» компаниясының қосалқы мердігерлер тізімінде бар екенін растады.

Ірі нысандардың құрлысы тендерсіз өтеді

«Озодлик» сөйлескен Өзбекстандағы құрылыс саласына тікелей қатысы бар шенеуніктер мен мамандар елдегі ірі нысандардың құрылысына арналған тендерлердің бәрі дерлік жай «көз үшін» ғана өткізілетінін айтады. Көп жағдайда нысандарды салу құқығы тендерсіз-ақ таңдап алынған компанияларға беріледі, дейді олар.

– Сардоба су қоймасы секілді миллиондаған ақша тұратын ірі нысандардың құрылысына «бөтендерді» мүлде жолатпайды. Егер мұндай іске тәуекел еткен «бөтен» компания болса, онда «откаттың» көлемі кемінде 40 пайызға барады. Мәселен, тендерге жоғары лауазымды бір шенеуніктің иелігіндегі үш түрлі компания қатысты делік. Солардың бірі тендерді жеңіп алған болады. Қағаз жүзінде тендер өткені, оған бірнеше компания қатысқаны жазылады. Ал шын мәнінде ешқандай тендер өтпейді. Сөзім өтірік болса, Сардоба су қоймасы құрылысына қатысты құжаттардың бәрін ашып көрсетсін. Су қоймасын салған компания қандай тендердің негізінде озып шығыпты және ол кімге тиесілі екен, айтсын, – дейді Өзбекстандағы ірі нысандардың құрылысына тікелей қатысы бар инженер.

Сардоба апатына кім жауап береді?

Өзбекстанның Төтенше жағдайлар жөніндегі министрлігі 1 мамыр күні төтенше жағдай салдарын жою мақсатында Арнайы үкімет комиссиясын құрды. Оның құрамына кімдер енгені әлі хабарланған жоқ. Алайда «Озодликтің» сөйлескен адамдары апатқа тікелей кінәлі адамдардың табылып, жазаланатынына сенбейді.

– Бұл да Юнусабад метро линиясындағы жағдай секілді нәтижесіз аяқталады. Метро құрылысына болмашы ақыға (тіпті ақысыз деуге де болады) жұмыс істеген қара жұмысшылар мен теміржолшыларды тартқан Раматовтың өзі еді ғой. Қайғылы жағдайдан соң сол төтенше жағдайдың себебін тексеретін үкімет комиссиясын... Раматовтың өзі басқарды! Бәлкім, олар бір-екі құрылысшыға қауіпсіздік техникасын сақтамадыңдар деп айыппұл салған шығар, бірақ қасіреттің негізгі айыптылары жоғары қызметтерде отыр. Сардоба апатының соңы да осылай бітеді. Үкіметтік комиссия құрамына тағы да төтенше жағдайды туындатқандар кіріп алады да, бар кінәні табиғи апатқа жауып, өздері «судан құрғақ шығады», – дейді құрылыс саласындағы өзбек шенеуніктерінің бірі.

Алайда Өзбекстанның Су шаруашылығы министрлігінің су қоймаларының жағдайына мониторинг жасау басқармасының жетекшісі Шарифжон Кучкаров мұндай пессимистік болжамдармен келіспейтінін мәлімдеді.

– Бар кінәні табиғат апатына жауып, нақты айыптылар жазадан құтылып кетеді деген әңгімелерде еш негіз жоқ. Үкімет комиссиясы Сардобадағы төтенше жағдайдың бүкіл себептерін жан-жақты тексеріп, өзінің әділ шешімін шығарады, – деді ол".

«Озодлик» (Азаттық) сайтының мақаласы

Өзбек тілінен аударған: Сәкен Сыбанбай

Abai.kz

15 пікір