Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
12916 62 пікір 4 Мамыр, 2020 сағат 12:03

Серікжан Біләшұлы туралы бір ауыз сөз...

Біз «Үш тұғыры тіл» деп қанша айғайлағанымызбен, халықтың көбі ағылшын тілінен жұрдай. Тіпті басым көп бөлігі. Сондықтан, олар әлемдік ақпараттан қағыс қалып жатады. Отандық БАҚ-тың жас келіндей сызылған ақпараты оларды тартпайды. Әсіресе, Қытайдың геноцидтік езгісіне ұшыраған Шыңжаңдағы қазақтар тағдыры туралы өртеніп тұрған тақырыпты біздің БАҚ жазудан қалған. Жазса да там-тұмдап қана сипай қамшылып жазады...
Бір сөзбен айтқанда, біздің халықтың басым бір бөлігі әлемдік еркін ақпараттан кенже қалып жататыны жасырын емес.

Соңғы төрт-бес жылдың көлемінде сол бостықты Серікжан Біләшұлы бір өзі толықтырып келеді. Қазір оның тыңдарманы күн санап емес, сағат санап көбеюде. Міне, үстінен екінші мәрте қылмыстық іс қозғалуына байланысты, Серікжан Біләшұлы бір аптадан бері әлеуметтік желі арқылы эфирге шықпай қалып еді, құлаққа тұрған танадай жым-жырттық орнады. Халықтың халықаралық ақпараттан, әсіресе АҚШ-Қытай арасындағы текетірестен хабарсыз қалып, сусай бастағаны білінді. Өзінің де шыдамы саусылған болу керек, кешеден бері лексиясын қайта жалғастыра бастапты.

Мысалы, АҚШ президенті Дональд Трамптың Қытай туралы «Американың Қытайға қарымтасы» деген лекциясын бір күнде 55 415 адам көріп үлгірген. Тіпті, кейбір шығарылымдарының көрілімі неше жүз мыңдап кететіні бар. Мұндай көрілім мемлекеттік электронды БАҚ-та да көп кездесе бермейтін шығар деп ойлаймын. Кейде, Серікжан Біләшұлының көрілімі отандық БАҚ-ты қойып, АҚШ-тың «Азаттық радиосының» сайтының өзін шаң қаптырып кететіні бар...

Көрілім саны өз алдына, бізді қуантқаны – Серікжан Біләшұлының бұл жолы өте қысқа әрі нұсқа сөйлегені. Міне, небәрі 9 минут 12 секунд қана АҚШ басылымына шолу жасапты. Артық бір ауыз сөз жоқ. Оғаш әрекет те көзге шалықпайды. Қара көзәйнекті тағып алып, қазақтың дархан даласының төрінде көсілтіп тұр. Рахаттанып тыңдадық.

Дау жоқ, Серікжан Біләшұлы өте білімді, жан-жақтылы дарынды азамат. Ол кез-келген ақпаратқа терең өңіліп, әр қырынан иін қандырып талдау жасай біледі және жеткізіп тұрып айтып бере алады. Өзі қопарып тапқан ақпараттың бәріне ұлттық, мемлекеттік мүдде тұрғысынан қарайды. Қазақстан мен қазақтың мүдессіне қайшы ақпаратты жеті қабат жердің астынан болса да тауып шығып, таптап тастайды.

Серікжан Біләшұлы Шетел ақпаратын аударып тартушы ғана емес, Шетелдік ақпараттың сенімді бұлақ көзіне айналған тұлға. Қытай қысымындағы қазақтар туралы дүниежүзінің ең ықпалды басылымдары Серікжан ашқан шындыққа сүйеніп ақпарат таратып келе жатқаны тағы шындық.

Ал, оның ең басты кемшілігі – көпіріп ұзақ сөйлейтіні, бірді айтып келе жатып, екіншіге, ондан үшінші бір темаға кетіп қалатындығы еді. Бұл менің ғана емес, жалпы тыңдарманның көп айтатын пікірі әрі тағатын кінәсі.
Одан қала берді, аздап мақтанып кететіні мен бұрынғы атқарған еңбектерін көп қайталай беретіндігі жұртты жалықтырып жіберетін.

Ғайыптан тайып, әлде бір елдің президенті немесе премьер-министрі «Әй, анау әлемді шулатып жүрген Серікжан Біләш деген қазақтың бір сөзін әкелші, өз құлағыммен естиінші!» десе, оның көмекшілері немесе баспасөз хатшылары атқораның қасында талтайып жатып сағаттап жасаған ұзын сонар лекциялардың қайсысын апарарын білмей, сасып қалама деп алаңдағанымыз да, қынжылғанымыз да жасырын емес. Қазір кім-кімге де уақыт тапшы. Сол үшін тыңдарманды да аяу керек. Барлық шығарылымын элитаның деңгейіне бейімдеп жасағаны дұрыс!

Үшінші бір кемшілігі – «Зиялы қауым өкілдеріне» ат қойып, айдар тағып, көп жазғыратыны.

Иә, бұл кемшілігі бар және үнемі жалғасып келеді. Бұл – сірә, көпе-көрнеу Мұхтар Шаханов ағасынан жұққан вирус болса керек деп ойлаймын. Дұрыс емес, қою керек мұндай жаман әдетті!

Міне, көріп отырсыздар, «Американың Қытайға қарымтасы» атты кешегі лекциясында соның біреуі де жоқ. Ең жаңа ақпаратты әп-әдемі айтып шықты және соңында оған өзінің көзқарасын қосып қойды. Болжамы да көкейге тонып тұр.

Және қайталап айтайын, Серікжан Біләшұлының өте талантты жігіт. Үлкен патриот. Уақыт тудырған тұлға. Қазіргі таңда оның алдына «Қытайдағы қазақ мәселесі» тақырыбында оның алдына түсе қоятын адамды біз көріп тұрғам жоқпыз. Аталған мәселе туындағанда, ол теңдессіз ерлік жасады. Шыңжаңдағы туыстары Қытай концлагерьіне қамалған жұрттың мемлекеттік құзырлы органдардан гөрі, осы Серікжан Біләшұлына көбірек жүгінгенін де атап айтуымыз керек!

Сөйтіп, ол айдай әлемнің алдында қазақ басына төнген сол нәубеттің ащы шындығын ашты, өксікке толы тірі шежіресін жасады.

Тарлан саясаттанушы Әзімбай Ғали ағамыз «Серікжан деген сол батыр өз әрекеттерімен АҚШ қуатын пайдаланып, Ұлы империя Қытайды АҚШ-тың қолымен санкцияларға тұншықтырмақ. Сонымен, бір қазақтың батыры, Қазақстанның өтініштеріне құлақ аспаған Ұлы империя Қытайды, оңдырмай сүріндірмек және солай болады. Қара да тұр! Қытайда жаншылған қазақ пен ұйғырдың намысы мен көз жасының есесі мен өшін алып берді. Рахмет саған аңғал батыр!» -деп жазыпты 2019 жылғы 19 наурыз күні өзінің ФБ- дағы парақшасына.

Әзекеңнің айтқаны айнымай келді. Қазір «АҚШ Қытайды келісімге қол қойдырды, тығырыққа тіреді...»-деп, екінің бірі айтып жатыр.
Демек, бұл – біздің əу баста жоспарлаған ең басты мақсатымыз өте сəтті орындалды деген сөз!

Серікжан Біләшұлының бұл әрекеті – бір жағынан Қытайдағы қазақ мәселесін шешуде біздің мемлекетке біршама жеңілдік тудырды, екінші жағынан азаматтық қауымның да күшін сынға салды деп ойлаймын.
Өткен ғасырға көз салсақ, Қытай комунистік партиясының орталық билігін алаңдатқан Шыңыс Түркістан қазақтарының арасында санаулы ғана тұлғалар болған екен. Мысалы, Оспан Исламұлы, Қалибек хакім Райымбекұлы, кешегі Айтан Нүсіпханұлы мен бүгін қасымызда жүрген Әлімғазы Дәулетқан. Айтан мен Әлімғазы ағаларымыз алпысыншы жылдары Шыңжаң өлкесін тікесінен тік тұрғызған жігіттер еді. «Мәдениет зор төңкерісінің» қазақтарға асыра сілтеніп жатқанын айтып, Әлекеңнің сол кездегі Қытай премьер-министрі Чжоу Эньлайдың хатшысы Жу Фыңмен Бежиіңде кезіккенін, Айтанның телефонмен сөйлескенін Әлімғазы ағадан сұрасаңыз, жырдан қызық қып айтып береді.

Сосын, Қытайдың төбе шашын тік тұрғызған қазақ– осы Серікжан Біләшұлы. Серікжан Қытайдың ғана емес, Еуроодақтың, Еуропарламенттің, АҚШ Конгрессінің назарында тұрған жерлесіміз! Өткен жылы Серікжан Біләшұлы қамаққа алынғанда еліміздегі АҚШ, Германия бастаған бастаған мемлекеттердің елшілерінің шу ете түсуі, Қытай Сыртқы істер министрлігінің өкілі Лу Кангдың пікір білдіруі – соның дәлелі.

Демек, бүгінгі күнде Серікжан Біләшұлы әбден саясиланған тұлғаға айналды. Атағы мен даңқы жер жарып тұр. Әрине, өз еңбегі мен талантының арқасында және ұлтына жасаған Ұлы еңбегі үшін. Мен де оның көп әрекетін қабылдай алмаймын. Бірақ, біз қаласақ та, қаламасақ та; мойындасақ та, мойындамасақ та; жақсы көрсек те, жек көрсек те Серікжан Біләшұлы анау-мынаудың қолы жете биікке көтеріліп кетті. Егер, ертең Қытай комунистік партиясы құласа, оның күйреуіне үлкен бір тас лақтырған Серікжан Біләшұлы болып, тарихққа қалады. Құдай оның бетін ары қылсын, ол сотталып, түрмеге қамалса да Қазақстанның құлағынан қиқу кетпесі анық.
Енді, осындай биік деңгейге көтерілген адамның әр сөзі мен басқан қадамы жұрттың бақылауында болады. Әр сөзі мен әрекетінен ел саясат іздейді. Тіпті, отырған отырысынан да, жүрген жүрісінен де. Артынан алуан түрлі сөз еретіні де, ол туралы түрлі болжамдар жасалатыны да қалыпты жағдай есептеледі.

Қанша биікке көтерілсе де Серікжан Біләшұлы – қазақ деген батыр халықтың ұлы. Ұлттың жолындағы Ұлы күресте табан тірер тиянағы – қасиетті Қазақстан. Сырт көз – Батыс пен Шығыс Серікжан Біләшұлының сөзі мен әрекетіне қарап, оның туған ұлтының бүкіл болымысын, ұлттық сана-сезімінің қай деңгейде екенін бағалайды. Мемлекетінің демократиялық құндылықтарға, сөз еркіндігіне болған ұстанымын межелейді.

Батыс пен Шығысты былай қойғанда, жоғарыда айттық, Серікжан Біләшұлын өзінің туған халқының басым көп бөлігі қолдайды, жақсы көреді. Жақтасы да, қарсыластары да оның әр лекциясын жастанып жатып, құныға тыңдайды. Міне, үстінен екінші мәрте іс қозалып еді, халықтың басым көп бөлігі тағы қорғап шыға келді.

Енді, Серікжан Біләшұлын жақсы көрген сол жұрттың оған қояр талабы да, күтер үміті де аз болмаса керек.

Егер, әлемдік деңгейге көтерілген әрбір тұлға өзінің жақтастарының адал ниетпен айтқан талап-тілегін, күткен үмітін бірінші орынға қойып, күнделікті іс-әрекетімен бұлжытпай орындай білсе, онда оның қарсыластары мен бәсекелестерінің жапқан жаласы мен таққан айыбы саудырап далада қалмақ.

Қысқасы, танымал тұлға үшін атақ пен абыройды ұлттық мақсатқа дұрыс пайдалана білу де – үлкен өнер!

Мұның аты – «Саяси мәденит» деп аталады.

Кейде мемлектті де тым алаңдата бермей, аяғаны жөн...

Жұртты алаңдатып келген тағы бір түйін – Серікжан Біләшұлының «кадр мәселесі».

Біз жақсы білеміз, ұлт тағдыры жолында күресіп жүрген әрбір азамат әрқашан қолдаушыға зәру. Атақты адамдардың қасында жүру, онымен дос болу – ол да қиынның қиыны. Ең жақсысы, атақ шығарушылар мен жеңіл ойлы азаматтардың Серікжан Біләшұлынан аулақ жүргені әбзал. Тек, темірдей төзімді, уәдеге тастай берік, жауапкершілігі өте жоғары, өзіне нық сенген, ертең пілге үрген қанденнің кебін киіп, жұрт алдында масқара күйге түсіп қалмасын о бастан ойлай білетін қыз-жігіттер ғана оған серік болғаны дұрыс...

Қытай билігі Шыңжаңдағы қазаққа жасап жатқан саяси қысымын тоқтатпаса, ол бұл күресін жалғастыра беретінін Серікжан Біләшұлы үнемі ашық жариялап келеді.

Шеттегі қазақтар – біздің жанымыздың бір бөлшегі. Олардың басына қара бұлт үйрілсе, біздің тірлігіміздің мәні де, сәні де жоқ. Олардың бізден басқа сүйенер панасы, іздер жоқтаушысы жоқ. Ұлтыңның тағдырын шешу жолындағы күрес – күрестердің Үлысы, ұлтыңның мүддесін қорғау жолындағы өлім – өлімдердің даңқтысы. Ұлттың қасіреті тұтатқан кек пен намыс қосылған жерде найзағай ойнап, алапат жарылыстар дүркін-дүркін болып тұрады.

Серікжандай намысы тас жарған, арыстандай ақырып тұрған сұрапылдан сызылған «стандартный» саясатшы жасай қою, әрине, қиын.
Дей тұрғанмен, Өз басым оның кешегі «Американың Қытайға қарымтасы» атты лекциясын әр шығарылымының өлшемі еткенін, мүмкіндік болса сол деңгейден төмен түспегенін қалар едім.

Сонда ғана мынадай аумалы-төкпелі заманда құда да, құдағай да тыныш болуы мүмкін.

Ал, оның үстінен қозғалып жатқан екі қылмыстық іске келсек, оны заң аясында сот шешеді!

Ауыт Мұқибек

Abai.kz

62 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2256
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3522