Сенбі, 6 Маусым 2020
COVID-19 ҚАЗАҚСТАНДА. Жұқтырғандар — 12511. Жазылғандар — 6903. Қайтыс болғандар — 52
Құйылсын көшің 2196 5 пікір 2 Мамыр, 2020 сағат 13:16

Розаның әні мен Cмағұлдың хаты...

Біздің қазақ еліне елеңдеуіміз 1980 жылдардың соңынан басталды. Қытай мен кеңес одағы арасындағы тоңның жібуіне орай екі елге бөлініп қалған туыстар ептеп бір-бірімен хат-хабар алысып, барыс-келіс те орнады.

Мен үшін 1989 жыл ерекше маңызды оқиғаларға толы болды. Әсіресе, қазақстандық қонақтар – Түсіпхан Мағзиұлы, Базархан Сүлейменов, Роза Рымбаева хикаялары осы жылдың еншісіне бұйырды.

Жазушы, журналист, қоғам қайраткері Уақап Қыдырханұлының ағасы Түсіпхан Мағзиұлы сол жылы Алтайда болды. Бізбен құдандалы жақындығы бар. Аталған жылдың тамызында Шірікшидегі Түсіпбек Мұхаметқалиұлының үйіне барып, онда қонақтармен дастарқандас болып – Сымеке Құшабайұлы, Ақатай Мәзетұлы, Кәкім Ақмәдиұлы, барқы Солтан Жақыпұлы секілді қарттар не бір тарихи әңгімелердің тамырын қопарып, оларды ет құлағыммен естідім. Түсіпхан 1986 жылғы 16 желтоқсанда қырылған қазақ жастары жайында аянышты әңгімелер айтты.

Осы жылы қыркүйекте Шынжаң оқу-ағарту инситутына оқуға түстім. Үрімжіде болдым. 11 қыркүйек күні Амантай деген сабақтасымыз екеуіміз инситутқа жақын «Быймын» базарына тамақтанғалы кіргенде, кездейсоқ әнші Хамит Сқақұлының қазақстандық інісі Базархан Сүлейменов деген азаметпен ұшырасып, дастарқанға жайғасып ұзақ-ұзақ кеңестер құрдық.

1989 жылдың айтақалсын елеулі оқиғасының бірі Роза Рымбаеваның «Арай» ансамблімен Қытайда консерттік сапарда болуы еді. 3 қазан күні Үрімжі қаласындағы «Халық құрылтайы» сарайында 3 күн концерт берді. Роза Рымбаева, Қайрат Байбосын, Мұрат Ахмадилер ән шырқады. Әбдіхамит күй тартты. Роза «Атамекен», «Түнгі Алматым», «Аралдан ұшқан қос аққу», «Қызыл құмда ауылым» секілді әндерді шырқады. Қайрат «Інжу маржан», «Ағаш аяқ», «Қызыл асық», «Жиырма бес»-ті орындады.

Әсем ән, тәтті күйлер «құлақтан кіріп, бойды алды».

Үрімжіде жоғары оқу орнында оқып жатқан қазақтардан елеңдемегені жоқ шығар. Ой мен қырдан құралып, тамашаға жүгірген қазақтар қырыларманға жетіп, қызықты аузымыздың сілекейін шұбырта отырып тамашаладық. Әсіресе, Розаның орындауындағы «Атамекен» әні ішімізге шоқ салып, «ұшарға қанатым жоқ, не қылайын» деген күйге түсірді. Көрмеген тауды көксеген белгісіз сағыныштың ыстығы суығанды қойып, үдей бастады.

Шіркін, шіркін, Атамекен-ай!

Жоғарыдағы оқиғалар менің қазақ еліне деген махабатымды одан ары оята түсті. «Атамекен-ай» деген үн құлағымның түбінде жиі жаңғырып тұратын болды.

Сөйтіп жүргенде тағы бір оқиға орын алды.

1991 жылдың маусым айы. Үрімжі қаласы. Шынжаң оқу-ағарту инситутының студентімін. Сенбі орайында Шынжаң педагогикалық университеттіндегі жерлес бауырларыма қыдырып бардым. Жекен атты ауылыдасым сандығының түбінен жазушы Смағұл Елубайдың «Алыстағы ағайынға ашық хат» атты мақаласын алып шықты. Хат өзіміз пайдаланып жүрген төте жазуда шығатын «Шалқар» гезетінде басылған екен. Қандастарды атамекенге шақырып, ел болу үндеуін көтеріпті. Тамсанып оқыдық. Ұзақ-ұзақ әңгімелер айттық.

Үрімжідегі студенттер арасында «Қазақстанға қашамыз» деген жасырын әңгімелер өрбіді. Мен де демалыс орайында Алтайдың асқар тауларын аралап, шекарадан асатын қолайлы жерлер қарастырдым.

«Шіркін, қазақ елін, қазақ жерін көретін күн туар ма екен деші!» деп армандаумен болдық.

Сөйтіп жүргенде, Қазақстан Республикасының тәуелсіздік жариялаған сүйінші хабары жетті.

Тәуелсіздіктің ақ таңын сарғая күткен шетелдегі бес миллион қазақтың алғаш егемендік жариялағандағы қуанышын айтып сұрамаңыз. Өзге ұлттың отарында отырып-ақ бірінен-бірі сүйінші сұрап, көздерінен ыстық жасын төкті. Талай қарияның сақалынан су тамшылап: «қайран елім-ай, жерім-ай, сенің де жақсылығыңды еститін күн болады екен-ау» дегенін ет-құлағымызбен естідік. Бала күнімізден үлкендердің күбір-сыбыры арқылы құлағымызға құйылған Атамекен – Қазақстан ұғымы жүрегімізді толқытты. Басқа емес, «сол жерге қашан жетер екенбіз» деген алып-ұшпа көңілмен талай таңды ұйқысыз атырдық.

1992 жылы Шынжаңнан шет жатқан Гансу өлкесінің Ақсай қазақ автономиялы ауданындағы жазушы Қабылқақ Күлмесханұлы бастаған қазақтар Қазақстанға көшкелі жатыр екен деген хабар жетті. Елі ішінде күбір-сыбыр көбейді.

1993 жылдың ең елеулі оқиғаларының бірі – сәуір айының басында Үрімжі қаласынан Жақсылық Сәмитұлы, Армиябек Сағындықұлы, Ғалым Қалибекұлы, Тұрсынхан Законұлы қатарлы қаламгер азаматтар Қазақстанға өтті. Менің делебем тіпті қозды. Ата жұртқа кету байламы көкейімнен бір көтерілмеді. Жақсылық Сәмитұлы азаттық радиосында сөйледі.

Осы жылдан бастап Қазақстан еліне елеңдеуім тіптіде күшейе түсті.

1994 жылы сәуірдің 25-28 аралығында Қытайдың премьер-министрі Ли Пың үш күн Қазақстанда сапарда болып, Назарбаевпен сөйлесті. Сауда-саттық, шекара саудасы, қазақ жайы, атом сынағы сөз болды. Бірлеспе мәлімдеме жариялады. 30 сәуірде Назарбаев сөзін «Азаттық» берді. Ол: Қазақтардың көшіп, туысшылай келуіне құжаттық жұмыстардың Үрімжіден бітетіндігін (бұрын виза Бейжиңнен алынатын), аздап келуіне мемлекеттік рұхсат жасайтындығын айтты.

25, 26, 27, 28, 29 сәуірлерде «Азаттықта» Оспан Сіләмұлының қайтыс болғандығының 42 жылдығы еске алынды. Оспан жайлы роман жазған Сейітхан Әбілқасымұлы сөйледі. Кезінде Оспанмен үзеңгілес болған, қазір түркиялық қаһарман молла Ғаппас Оспанға арнап аят оқыды. Жағда Бабалықұлы сөйледі.

1994 жылғы Қазақстанда шығатын «Парасат» журналының 4 санында(14-бет), С.Оспанов атты журналистің Республика ішкі істер министрлігі төл құжат (паспорт) және рұхсат беру мен тіркеу басқармасының бастығы, милиция полковнигі Өмірбай Мұсаевпен әңгімесі «Отанымыз Қазақстан» деген атпен басылды. Көшіріп алдым.

Тағыда журналдың осы санында: «Ағайын көшіп келді, ал оған көрсетілер көмек қандай?» атты мақала басылды. Оны да көшірдім.

1996 жылы желтоқсанда қолымызға Қазақстанға шығатын төлқұжат тиді. 1997 жылы 16 қаңтар Қорғас кеден бекеті арқылы қазақ топырағына қадам тастадық.

Жоғарыдағы оқиғаларды еске алған сайын құлағыма Роза Рымбаева шырқаған «Атамекен-ай» әні әлі жаңғырығып тұрғандай болады. Сол кезді еске алған сайын көз алдыма Смағұл Елубайдың «Алыстағы ағайынға ашық хат» атты мақаласы келеді.

Жәди Шәкенұлы,

Жазушы, академик

Abai.kz

5 пікір