Жұма, 19 Сәуір 2024
Әдебиет 5141 0 пікір 28 Сәуір, 2020 сағат 11:52

Арық күрең. Алыс жол

Елуінші жылдардың соңы. Желтоқсанның ызғарлы таңында жолға шықтық. Ат жеккен шанада үш адамбыз. Қаражалдағы орта мектептің сегізінші класында оқитын Құдайберген, соны қысқы демалыста ауылға алып қайтуға келген шешесі Торғай және мен.

Барар жеріміз бұл арадан сексен шақырым. Жолаушы орта тұстағы қырғыз Ыбырайдың қыстауына бір түнеп ертеңіне жетеді.

Жайдақ шанаға жегілген арық күрең көзге қораш көрінді. Жүрісі мардымсыз, қамшы үйірілсе желеді, іле аяңға көшеді.

"Мынау жолда қалдырмаса жарады", деп ойладым.

Қаражалдан он сегіз шақырымдағы Қылыштың су қоймасына екі сағатта зорға іліктік. Осында Тәжікей деген кісі отырушы еді, соның үйінен шай ішіп, ат шалдырдық.

– Алыс жолға мынандай арық атпен шыға ма екен?! – деді кетіп бара жатқанда.

Алдымызда Қоңырөлең сайы бар, Атасу өзені осы жерде оң қапталдағы бұйрат-белдерді қуып кетеді де, содан Ыбырайдың ел Жеке баз деп атайтын қыстауына дейін қара танытпайды. Алла өзі жар болсын, ендігі жол сүреңсіз тыржалаңаш.

Арық күреңнің жүрісі өнетін емес, Торғай бишікті қанша үйірсе де аяңнан аспайды. Жеке базға ұзақ жүріп зорға таялдық. Жылқы атаулы ауылдың төбесі көрінгенде қара тартып шыйрап сала беруші еді, мынау сылбырап барып тоқтауға айналды.

– Жамандатқыр! – деді Торғай дымы құрып.

Бір амалын таппаса болмас деп, күпәйкенің сыртынан киген тонды шешіп, күреңнің алдына түстім де жүгіре жөнелдім. Біраз жүріп, артыма қарасам ат бүлкілдеп еріп келеді екен.

* * *

Ыбырайдың татар әйелі бізді жақтырмады. Шай жасап жүріп бұрқылдап сөйлеумен болды.

–  Олай да өткен – ассалау, бұлай да өткен – ассалау, бұл не қылған таусылмайтын ассалау! Ығыр қылды ғой, ығыр қылды!

Ыбырай қабағын шытып жөткірініп еді, одан сайын үдеді.

– Мына Торғай алдыңғы күні ғана Қаражалға өтіп бара жатып қонды ма? Қонды. Одан бұрын Еренғайып мұғалім жолшыбай соқты ма? Соқты. Айдың басында Дауылбай орманшы келді ме? Келді. Қара да тұр! Бұдан былай біреуін де жолатпаймын! Қуамын да отырамын! Қуамын да отырамын!

Біраз жер жаяу жүргендіктен бе, денем дел-сал болып, бес-алы тілім таба нан, аздаған құрт-ірімшік тарыдай шашылған дастарханнан дәм ауыз тидім де, қаракөлеңке бөлменің босаға жағындағы бұрышына тоныма оранып жата кеттім.

* * *

Түнде түсіме ұялы қасқыр енді. Жазық даланың төсінде күнбатысқа қарай шұбап барады. Өзім бір топ тобылғының түбінде қалғып-мүлгіп отырмын, көтерілейін десем, әлім жоқ, ұмтыла түсіп қайта сылқ етем. Бір кезде әлдекімдер келіп: "Тұр да тұрдың" – астына алды. Көзімді ашсам, жанымда Торғай тұр.

– Шырағым оян, ертерек қозғалайық, – дейді.

Ыбырайдың әйелі күңкілдеп жүріп шай кесеге құйып берген ашыған көжені ішіп, далаға шықтық. Қойшының көмекшісі Сапар күреңді шанаға жегіп жатыр екен.

– Мына атпен қысы-жазы жыртқан ба, ыңыршағы айналыпты ғой, – деді.

Қора жақтан Ыбырай көрінді, қолында кішкене дорба.

– Мынаған бір-екі уыс сұлы салдым, жолда атқа берерсіңдер, әлжуаз неме екен, талғажау болсын, – деп қолыма ұстатты.

– Арық ат жолда тыйтықтаса, ана екеуі арам өледі ғой, – деді Сапар ақсаңдап келе жатқан Торғай мен Құдайбергенге қарап.

Торғай ертеде аттан құлап мертіккен, ал Құдайбергеннің бір аяғы екінші аяғынан қысқа. Айтты-айтпады күрең сілесі қатып тұрып алса, бұларға қарға адым жер мұң!

– Ана қораның қабырғасына сүйеулі тұрған сойылды ала кет, – деді Ыбырай. – Жаяуға сүйеу, қорғанғанға – қару.

* * *

Күн бұлтты, шыңылтыр аяз. Түнде түскен қырбық қардың беті толған із, түлкі мен қарсақ ерсілі-қарсылы жортыпты. Жеке баздан ұзай бере өздері де көзге шалынды. Екі түлкі жолдың сол жағындағы шоқ қарағанның түбін бұрқыратып қазып жатыр. Тас лақтырым жердегі бізге бұрылып та қарамайды. Түздің әккі тағысы жолаушы қарулы ма, қарусыз ба, алыстан сезеді. Егер мылтығымыз бар болса, бұл маңайға жоламас еді.

Әлден соң біреуі: – Бұлар кімдер? – дегендей бұрылып қарады да қарды қайта боратты.

Арық күреңнің өгіз аяңы, ескі шананың дамылсыз сықыры қажытты.

– Мына көтерем діңкені құртты-ау! – дедім.

Торғай естілер-естілмес күңк етті.

– Осынысынан жаңылмасын де.

Терістіктен сылбыр жел есіп, қар ұшқындады. Айнала әлдебір сойқанды күткендей, сестеніп сұп-сұр! Сол қол жақтағы Қызылтас тауының найза шыңы көкке кектене шаншылып, қатып қалған. Етектегі аласа белдер бас көтеруге батпай жер жастанса, жел айдаған сабалақ бұлт алба-жұлба безіп барады.

– Ананы қара, – деді Құдайберген.

Өзен жақта дала бүркіті қоянға түсіпті. Сол тұстан құлаған үйдің жарты қабырғасы көрінеді. Бұрын осы жерде Гриша деген орыс үй-үшімен отыратын. Аң-құсты қорғаштап, суға ау салғызбай, үнемі ат үстінде жүруші еді. Алдыңғы жылы көшіп кетті.

Айшырақ бұл жерден жиырма шақырымдай.

– Бұған да шүкіршілік, – дедім іштей. – Өгіз аяңмен жолды орталаппыз.

Ал күрең ілбіп барып тоқтады. Жем бермек болып шанадан түстім. Ауыздығын алып жатып жартылай жұмылған көзіне қарап едім, сөнген шоқтай күлгінденіп кетіпті.

Ауылға жаяу тарту керек, енді мынадан қайран жоқ.

Осы ойымды Торғайға айтып едім, безілдеп қоя берді.

– Оның не? Айдалаға тастап?!. – деп шырылдады.

– Дұрысы сол, – дедім. – Арық аттың жеткен жері осы. Уақыт оздырмай жүрейін. Ауылға тезірек барсам, сіздерге іздеуші де тезірек келеді.

– Жетпесең ше? – деп үркектеді Құдайберген.

– Тәйт әрі, қайдағыны шығармай! – деді Торғай.

Ойланып әрі отырды, бері отырды.

– Жөні осы шығар, – деді ақырында. – Жолың болсын!

* * *

Шанада жатқан құрықты алып жүріп кеттім. Сайрап жатқан жол жоқ, бірде қатқақ, бірде күртік. Кейде жоғалып, әудем жерде зорға сораптанады.

– Жетемін! – дедім өзімді өзім қайрап. – Жетемін! Жетемін!

Шөпте едік. Бірде тырнауышқа отырамыз, бірде шөпті айырмен атжалға саламыз. Шөп машинасына жегілетін өгіздерді суару, кешке арқандап, ерте алып келу де мойнымызда.

Сол күні өгіздің біреуі жоқ болып шықты. Арқанның қалай шешіліп кеткенін кім білсін, олай жүгірдік, бұлай жүгірдік, көзге түспеді.

Бригадир Садыққа айтып едік, ал кеп туласын?! Аузына ақ ит кіріп, көк ит шықты. Балағаттап түгімізді қоймады.

Қабдеш: – Әкіреңдемеңіз! – деп еді жақтан бір тартты.

– Неге ұрасыз? – деген мені бір тепті.

Қосқа сүйеулі тұрған айырды ала сала ұмтылдым.

– Ойбай! Өлтірді! – деп шарылдады ошақ жақта жүрген аспаз әйел.

Азан-қазан болдық. Шөпшілер ара түсіп, зорға тыншыдық. Бригадир өгізді іздеп кеткенде, киім кешегімізді арқалап біз де жолға шықтық.

– Шөпті тастап қашып барсам, әкем өлтіреді, – деді Қабдеш былай шыққанда.

Қолды бір-ақ сілтедім.

– Бұдан да өлген жақсы.

Содан бері жаяу сандалғаным осы. Онда жаз еді, қазір қыс. Теріскейден көтерілген жел сезікті суылдайды. Шыңылтыр аяз да қатайған.

* * *

Біраз жүріп артыма қарап едім, арық күрең қозғалмаған ба, екі ара ұзара бастапты. Құлағым шуылдаған шығар, әлде Торғай әлдене деп айғайлай ма, әлсіз дауыс талып жетті.

– Тоқтама! Тез жет! – дейтін болар байғұс.

Жолды жүгіріп қысқартқым келді. Ұзын ауыр тон шұбатылып, адымымды аштырмады.

– Маған жылы күпәйке-шалбар да жетпей ме?! – дедім күбірлеп. – Аяғымда пима. Тоңбаймын.

Сеңсең тонда шешіп тастап, жүгіре басып жөнелдім. Әр қадамымды санап келемін. Жүз, екі жүз, үш жүз... мың.

– Бес мыңға дейін тоқтамайсың! – деймін өзіме өзім бұйырып. – Аялдамайсың!

Жел, дәтке қуат болғанда, ту сыртымнан. Қарсы беттен ысқырып тұрып алса, ол да құдайдың соры, маңдайдан өткен ызғардан жаманы жоқ.

Суық сорып өзін өзі өгейсіген өңір: – Ей, бишара! Арқаның ақырған қысында үйіңде тыныш отырмайсың ба?! – дегендей салқын қарайды.

Сазарған безбүйрек аспан: – Сор түрткен ғой! – деп сазбеттенеді.

Естігенім рас па, әлде... алдыңғы жақтан күшік шәуілдеді, ол құладүзде қайдан жүр?!

Жан-жағыма сезіктене қарадым. Осы мені жапанда жын-шайтан айналдырып жүрмесін?!

Шопыр Қайырбектің шөпшілердің қара қосында отырып айтқан қорқынышты  әңгімесі құлағымның түбінде күңгірледі.

– Аудан орталығынан келе жатқам, – деп еді ол. – Манақа өзеніне іліккенде күн жауды да кетті. Шелектеп құйып берді. Машинаның қорабында үш-төрт қап ұн, шай-қант бар еді. Құрыды-ау дедім.  Қоңыр қойшының қыстауына қол созым қалған, соның қорасына кіріп аялдай тұрмақ болдым.

Кең баздың қақпасы ашық екен, машинаны енгізіп, кабинадан түстім. Керіліп-созылып, денемнің құрыс-тырысын жаздым. Шылым тұтатып жатыр едім, біреу ту сыртымнан: – Сөндір! Өртейсің! – деді. Жалт қарадым да сілейіп тұрып қалдым. Ана алдыңғы жылы қайтыс болған Шалатай бар еді ғой, сол.

– Сен қайдан жүрсің? – деппін сасқанымнан.

– Мен баяғыдан осындамын, – деді ол.

Содан кейін қораның ішін жаңғырықтырып, ал кеп қарқылдасын. Жанары жарқ-жұрқ жарқылдайды, тісі ақсиып кеткен.

– Лаилаһа-илалла! – деп кабинаға ұмтылдым. Машинаны оталдыра сала зыттым.

* * *

Айналаға секемдене көз салдым. Қарсы бетте қарсақ кетіп барады. Жорта түсіп тоқтайды да шәуілдейді. "Құла дүзді жалғыз жаяу кезген сенің сірә есің дұрыс емес" – дейтіндей.

Өзен жақтан қарға қарқылдады, қарап едім, көрінбеді. Зым-зия.

– Аң ба, жын ба?! – дедім күдіктеніп.

– Мейлі, – дедім тағы да, – мейлі. Мына даланың бүкіл албастылары жағалай қамаса да тоқтай алмаймын. Бүгін қалай да ауылға жетуім керек. Жүре беруім керек, жүгіре беруім керек.

Мың, екі мың, үш мың, бес мың...

Әлі тыңмын, шаршаған жоқпын. Денем қызып бусанған. Дем алысым жиілегені болмаса, бәрі дұрыс.

Жол бірде бар, бірде жоқ. Ол мүлде ғайып болса да адаспаймын. Оң қол жақта қатарласқан талды арнадан алыстамасам, Айшырақтың үстінен түсемін.

Ту сыртымнан соққан жел күшейіп келеді.

– Ұйтқып, үйіріп әкетсең де еркің! – дедім. – Тек қар борап алай-дүлей ұйытқымаса болғаны.

Жалғыздың көңілі алаөкпеленіп қиырдан қиырға сабыла бере ме, еске қай-қайдағы түседі.

Әжем айтатын. Баяғы жаугершілік заманында осы Атасуды жайлаған елден шыққан бір батыр талай жортуыл мен қан майданда жарқылдап көзге түседі. Жау жасағы оның аты аталғаннан қоғадай жапырылады екен.

Даңқы асқақтап, айдарынан жел есіп, елге қайтып келе жатқанда бір қыраттың астына бұғына қонған ауылдың үстінен түседі. Жақындап қараса, қалмақтар екен. Ат үстінде зерігіп, ұрынарға қара таппай желіккен сарбаздар атойлап лап қояды. Үй біткенді аударып-төңкеріп, көздеріне көрінгеннің бәрін қырып салады. Шапқан қылыштан, ысқырынған жебе мен шаншылған найзадан жалғыз қыз ғана аман қалыпты. Байғұс он бесіндегі айдай толықсыған ару екен.  Батыр құмартып, жел-күнге тигізбей ауылға алып келеді.

Ел-жұртын, ата-ана, бауырын қынадай қырған адамға қалай жібісін, қыз күн өткен сайын семіп, құсадан өледі.

Айдан ай өтеді, жаз көшіп қыс жетеді. Ақпан-қаңтарда атқа қонған, жолаушылардың ешқайсысы қайтып оралмайды. Іздеген жұрт бірін тар қойнаудан, бірін қоғалы-қорысты сайдан, бірін жапан даладан табады.

Ел не ойларын білмей ошарылады. Азамат ауылдан шыға алмай қаңтарылады.

Батыр талай жорыққа бірге аттанған үзеңгілес серігін ертіп атқа қонады. Құладүзде күн жүреді, түн жүреді. Ертесіне атшалдырып отырғанда ай даладан нәзік дауыс естіледі.

– Тұр! Атыңа мін! Ер соңымнан! – дейді.

Қараса – өзіне жүрегі жібімей қайғыдан өлген байғұс ару, қос етегін жел кернеп, аппақ қардың үстінде аққудай қалқып қол бұлғайды.

– Боздағым! Бозарған боп-боз далада ботадай боздайтын шағың келді! Жүр! – дейді.

Батыр атына қарғып мініп, соңынан салады.

– Тоқта! – деп айғайлайды үзеңгілес серігі. – Тоқта!

Жалпақ жазықтың төсінде жұлдыздай аққан батыр қайрылып та қарамайды.

– Тоқта! – дейді серігі жанұшырып. – Тоқта! Анау саған кектенген арудың ашынған рухы! Қайт!

Соңынан қумақ болып атына ұмтылады. Талай жыл жолдас болған тұлпар аспанға атылады. Әп-сәтте көз алдынан ғайып болады.

* * *

– Содан, – дейтін әжем тыңдағанның бәрін қайран қалдырып. – Атынан айырылған байғұс елге жаяу зорға жетіпті.

Батырды іздеген ел өзі шапқан ауылдың жанына тапқан. Шоқ тобылғыны орай құшақтап, қатып қалыпты.

Сол заманнан бері кекті арудың ызалы рухы қыс құрғатпай ай даланы ашына кезеді екен. Ашынып жүріп құрбандығын іздейді екен.

* * *

– Тек менен аулақ! – дедім ентігіп. – Менен аулақ!

Жеті мың, сегіз мың... он мың...

Жүрегім аузыма тығылды, кеудем қысылып, аяңға көштім. Осылай жүріп те біраз жер ұтуға болады, тек тоқтамау керек.

Әлде Торғайдың талып жеткен даусы, әлде басқа ызың... Қай жақтан шығатыны белгісіз.

Бәлкім қалмақтың, кекті қызы қарлы далада жалғыз сыңсып бара жатқан шығар?!

Аялдап жан-жағыма қарадым. Көкірегім сырылдайды. Сол сырыл ара-тұра бір сүйкімсіз дыбысқа ұласады.

Қайтер дейсің, бұрын бұлай ұзақ жүгірмегендікі ғой, басылар. Тоқтамау керек, жүре беру керек.

Өзен жақтан даланың ор қояны атып шықты да қалт тұра қалды. Үркек, сырт етіп ши сынса, ата жөнелгелі тұр.

– Қорықпа! – дедім. – Ашынған арудың кегі баяғыда қайтқан шығар, сен екеумізде шаруасы қанша?! Мына жалғанда саған да, маған да Алла жар болсын!

* * *

Біраз жер аяңмен отырып, ентігім басылған соң қайта жүгірдім. Енді әр қадамымды санауды да, қайдағы-жайдағыны қоздатуды да қойдым.

– Жүре бер! Жүгіре бер! – дедім өзімді өзім қайрап. – Тау теңселіп, дала тоқымдай тарылса да тоқтама!

Бір сағат, үш сағат, бәлкім бес сағат өткен шығар. Бесін ауып бара ма, кеш түскен бе... айырып болғысыз. Жанарымның алды бұлыңғыр бозғылт тылсым. Бірде соған сүңгіп кетемін, бірде қар жамылған жапанда ентігіп келе жатамын.

Қарсы алдымда әлдене қарауытады.

Құдай-ау, мынау Қашқан тал ғой.

Қуаныштан жүрегім жарыла жаздады. Айшырақ соның арғы жағында қол созым жерде.

Әне иттер үріп жатыр.

Апыр-ай, ана қараң-құраң таянған не пәле?

Әлде қасқыр, әлде басқа, жақындай бере қарғыды. Кеудеме зілдей салмақпен соғылғанда шалқамнан түстім. "Қазір алқымға ауыз салады" деген сұмдық ой тұла бойымды жасындай жарып өтті.

Мұнысы несі, белгісіз мақұлық бетімді жалап қыңсылайды.

Жандәрмен атып тұрдым.

Құдай-ай, мынау Ақтөс қой.

Ол мені шырайналды да, ауылға қарай заулап ала жөнелді.

* * *

Түнімен денем қызып, жөтел бір жағынан мазаны алып, көз ілгем жоқ.

Таңертең Бәделхан дәрігер келді.

– Өкпесі қабынудан аман секілді, – деді кеудемді олай тыңдап, былай тыңдап. – Қыста он бес шақырым жүгіру оңай ма?! Деміккен әрі суық тиген. Жас қой, бір-екі күнде тұрып кетеді.

– Арық күрең Тәжікейдің ескі қыстауының тұсында тоқтапты. Ол жерден Айшыраққа дейін он бес шақырым молынан бар, – деді әкем.

– Уақыт өткізбей бірден ауылға тартқаның ақыл болған, – деп арқамнан қақты атам. – Түнге қалғанда жетуің қиын еді.

– Ана Ақтөстің алыстан танып, алдынан шыққанын қарашы, – деді әжем таңданып.

– Есікті тырналап арсылдай берді, – деді әкем. – Бұған не болды, қораға қасқыр түсті ме деп, тез киініп далаға шықтым. Мені көре сала Қашқан талға қарай жосылды. Қарасам, сонадай жерде біреу теңселіп келеді. Жүгіре басып таянғанымда: – Жеттім-ау! – деп отыра кетті.

– Алда құлыным-ай! – еңіреп қоя берді әжем.

* * *

Қаражалмен екі арадағы айғай далада, қақаған қыста сандалуымның соңы осы емес екенін сонда қайдан білейін.

Келесі жылы қаңтардағы демалыста Айшыраққа немере ағам Балташпен бірге келдім. Ол атам Смайылдың Отан соғысынан қайтпаған інісі Әліден қалған жалғыз тұяқ. Біздің үйден соғым алмақ.

Келер жол жеңіл болды. Шанаға жеккеніміз күйлі торы ат еді, желді де отырды. Ауылға Жеке базда ат шалдырып алып, көз байланбай жеттік.

Қайтарда шана ауырлады, бір сиырдың еті тұтас салынды, оған қарын-қарын сары май, дорба-дорба құрт-ірімшік қосылды.

– Мына жүктің үстіне екі адам отырса, атқа ауыр, – деп атам Балташқа өзі малға мініп жүрген қасқа құнанды ерттеп берді.

Бозала таңда жүріп кеттік. Асықпай аяңдап келеміз, ойымыз Жеке базға қону. Оған түс ауа іліктік. Қораға жапсарлас жатаған үйдің алдына тоқтап, Балташ аттан,  мен шанадан түсіп үлгергенше, Ыбырайдың татар әйелі жұлынып жетті.

– Кетіңдер! – деді шапшып. – Кеше ғана Айшырақтан бір қора адам келіп қонды. Енді сендер... Жоғалыңдар!

Балташ құнанға қарғып мініп, желдіртіп ала жөнелді.

– Қайда барасыз? – дедім соңынан айғайлап. – Түнге ұрынамыз! Маяға түнесек те қалайық!

Ол тыңдаған жоқ.

* * *

Күн бұлыңғыр еді, жапалақтап қар жауып тұрған, жел көтерілсе, ат құлағы көрінбейтін боранға айналуы оп-оңай. Сол күдігіміді қалыңдатып торы қайта-қайта осқырынды. Жылқы малы жолда қыйналатын болса, осылай мазасызданады.

– Қайтайық! – деп дауыстадым алдымда желдірткен Балташқа.

Естімеді ме, естісе де естігісі келмеді ме, қайырылған жоқ.

"Жаман қатын абалады екен деп тұра қашқаны несі?! – дедім күйініп. – Күн болса екіндіге ұласқан. Қаражалға дейінгі Қылыштың өзіне көз байланбай  жетсек жақсы".

Бекерден бекер сезіктенбеппін, қыстаудан оншақты шақырым ұзағанда жел күшейді. Айнала әпсәтте ақтүтектеніп шыға келді. Әуелі сонадайда қара жолақтанған жота-белдер жоғалды, артынша таяқ тастамдағы ойдым-ойдым қараған-тобылғы ғайып болды. Алдымдағы Балташ бірде бар, бірде жоқ.

Біраздан соң Қылыш қай жақта, Жеке баз қай жақта екенін айырудан қалдым. Ұйтқыған, үйіріле соққан боран айналаны өшіге, өршелене жұтып жатыр. Жер-көк, төрт құбыла ию-қию араласып, аударылып-төңкеріледі. Сол жын-ойнақ әлемде ессіз-түссіз қаңғыған қаңбақ та бір, мен де бір.

Ай далада тарпа бас салған мына боран Арқаның жиі болатын май бораны емес,  әлекедей жаланған зәрлі, ызалы боран. Бет қаратпай құтырынған күшті жел құла дүзге кіжіне көміп, жаназаңды шығарғанша асық. Жынданады, жұлынады, жалмауыздана жұтынады.

Мана бір әзірде өкпе тұстан Балташтың даусы естілгендей болып еді. "Алла-ай! Алла-ай!" – деп еңіреген секілденген. Содан бері зым-зия.

Торы ат әйтеуір тоқтамай жүріп келеді. Жолдан жаңылмай келе ме, ызғарлы жел ықтырып, ай далаға маңып бара ма, белгісіз.

Қарға адым жер көрінбейтін ақтүтекте басым айналып, тынысым тарылды. Арқыраған боран тіршілік атаулыны жанынан бездіріп, жапанды үскірік үрей жайлаған.

– Бітті! – дедім. – Жеткен жерім осы!

Бетімді үсік шалды ма, әлгінде тызылдап қоя берген-ді, енді жансызданған, бар-жоғы белгісіз.

Бүрісіп отыра бермей қыймылдайын деп жерге түстім. Бір қолымда аттың божысы, бір қолыммен шананың артынан ұстап біраз жүрдім.

Торы ауыр шананы қашанғы сүйрейді екен?! Оппы қар тізеден асады. Ара-тұра майда қараған-тобылғыны жапырып өтеді. Бір рет жыраға кезігіп, екі-үш ырғып зорға шықты.

* * *

Ала жын боранда бозғылт дүниені боздап көру де бір ғанибет екен. Қысқы түн ұрланып жетіп, жапан дала қараңғы көрге айналды.

Күн ашық болғанда ендігі Қылышқа жететін едім. Ал қазір қай қиянға қаңғып бара жатқаным белгісіз.

Бір сұмырай ой қамап алып, сейілмей қажытты. Бірте-бірте сүйкімсіз сайқал дауысқа айналды. "Өлдің! Өлдің! Өлдің!" дейді дамылсыз.

Шана сол жағына күрт ауып, домалап түстім. Божы қолымнан шығып кетті. Оппыға малтығып зорға тұрдым. Тұра сала шананы іздедім. Жоқ. Үрейленіп, ары-бері жүгірдім. Ысқырына, ышқына соққан, аждаһаланған ақтүтекте, тау-тасы мен құлазыған жазығында адам түгілі аңы қалтырап жортқан, ақырған боранда араны ашылған ай дала ашкөздене қылқ-қылқ жұтқан шығар, жым-жылас.

Аттың беталысы осылай қарай-ау деген долбармен жүре бердім, жүре бердім. Бірде күртік қарға белуардан көмілемін, бірде қар астындағы түбірге сүрініп құлаймын. Бір кезде төмен қарай құлдырай жөнелдім. Қылыштың маңайы кеншілер қазған терең шұрыптарға толы болатын, солардың біріне түсіп кеткен шығармын деп зәрем ұшты. Заулап барып әлденеге соғылдым. Тік жар екен. Оң жағым дөңес секілді. Солай қарай біраз жүрген соң табанымның асты биіктей бастады.

Боран сірә да толастайтын емес. Үскірік жел шыр айнала соққанда тәлтіректеп барып зорға түзелемін. Әлім құрып, әудем жер сүйретіліп бардым да құлап түстім.

Бағанағы сүйкімсіз дауыс жоғалмапты, тағы да естілді. "Өлдің! Өлдің! Өлдің!" – деп сұңқұлдайды.

Қанша жатқанымды білмеймін, дәл жанымда әлдене сықырлағандай болды. Ұшып тұрдым.

Әлде елес, әлде рас, сықыр шыққан жақта бірдеме қарауытады. Азынаған жел өшіге шайқап, қозғалған тәрізденеді.

"Бұл не болды екен?" – деп аңтарылып тұрғанда, жалғыз жылқы ақырған боранмен таласа қайта-қайта шұрқырады.

Солай қарай ышқына ұмтылдым. Бес-алты қадам аттаған шығармын, көзімнің оты жарқ етті.

Есімді қанша уақытқа жоғалтқаным белгісіз, әлденеге асылып тұрмын.

Шіркін-ау! Мынау шананың жетегі ғой.

Қуанғаннан, әлде әбден қыстыққаннан, аңырадым келіп. Егіліп жүріп орынымнан тұрдым. Егіліп жүріп торы аттың мойынынан құшақтадым, егіліп жүріп қиыршық қар білтелеген кекілінен сүйдім.

Жануар, діңкем құрып сұлап жатқан мені көргенде шұрқырап белгі берген ғой. Маңдайым, әлде доғаға, әлде ершікке соғылып, есімнен танып құлағанда елеңдеп тоқтаған ғой. Тастап кетпеген ғой.

Шұбатылған божыны сыйпалап жүріп тауып алғанда ат орынынан қозғалды. Кішкенеден соң алдыңғы жақтан ит үрді. Торы кісінеп жіберіп жүрісін ширатты.

* * *

Оспанның Қылыштағы жалғыз үйінің есігі жұмақтың қақпасындай көрінді. Теңселіп кіргенде дөңгелек үстелді айнала отырғандар жапатармағай атып тұрды.

– Алла! Алла! Бар екенсің ғой! Тірі екенсің ғой! –  деді біреу.

Балташ екенін дауысынан таныдым.

– Ат алып келген. Ажалы жоқ екен, – деді Оспан орындыққа сүйемелдеп отырғызып жатып.

* * *

Денем түнімен күйіп-жанды. Екі бетімнің ұшы удай ашып жанымды қоярға жер таппадым. Оспанның әйелі тез жасаған шайды шала-пұла ішіп, пештің түбіне қисая салғам. Не ояу емес, не ұйықтаған емес, дел-сал дөңбекшумен болдым.

Сөйтіп мазасызданып жатып талықсып кетсем керек, әлдекімнің: – Тұра ғой, таң атты, – деген даусы естілді.

Айдалада белуардан қар кешіп сабылғаным бар, түнімен көзім ілінбегені бар, қозғалуға шамам жоқ. Әйтеуір бетімнің удай ашығаны басылайын деген, әлсін-әлі сыздайды.

Өзімді өзім қыстап, басымды көтердім.

Таң атқаны қайсы, үйдің іші қараңғы, жанарымның алды болымсыз ғана бозамықтанады.

Тұла бойым отқа оранғандай. Шөл қысып барады.

– Су беріңдерші, – дедім.

Біреу жаныма жақындаған секілденді. Балташ болар.

– Осеке! – деді. – Қараңызшы.

Ол аяғын сүйрете басып келді де алақанын маңдайыма, одан екі бетіме алма кезек басты.

– Күлкілдеп іскен, – деді.

– Не? Неге іскен? – дедім шошып.

– Қорықпа, – деді ол. – Аяздан домыққан ғой, ештеңе етпейді.

– Мен неге көрмеймін? – дедім одан бетер үрейленіп.

– Көзіңнің алды ісіп, жанарың жабылып қалыпты, – деді ол одан бетер үркітіп.

– Ондай-ондай болады. Қазір қаздың майымен сылап тастаймын, қайтады! – деген әйелдің даусы да шошытты.

Зығырданым қайнады.

– Кеше Жеке базда қалу керек еді! Қақаған қыста айдалаға қаңғымау керек еді! Өртеніп барамын! Күйіп барамын! – деп айғай салдым.

– Сорлы бала қыйналды-ау! – деді әйел.

Балташ мені де, торы атты да қалдырып, Қаражалға кетті.

* * *

Ертеңіне түске қарай дәрігерді ертіп келді. Ол кеудемді тыңдап, укол салды да, Қаражалға ала жөнелді.

Содан ауруханада айға жуық жаттым. Төрт кісілік тар палатада өткізген соңғы түнде қалмақтың ару қызы түсіме кірді.

– Сау бол! Мен енді қайтып келмеймін! – деп ғайып болды.

Алдан Смайыл, 

Жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты

Abai.kz

0 пікір