Жұма, 26 Сәуір 2024
Анық 5647 9 пікір 27 Сәуір, 2020 сағат 12:53

Тоқаевтың «қара қуы»

немесе қоғам Президентке қарсы емес, қоғам өзгеріске қарсыларға қарсы

Карантин биліктегі, қоғамдағы химералардың бетпердесін аямай сыпырып жатыр. Меніңше, короновирус Президенттің «қара қуы» (черный лебедь) болмайды. Ұзақ мерзімге созылатын экономикалық зардаптар мен мұнай бағасының төмендеуі де; Көп балалы аналар мен әлеуметтік жағдайы төмен азаматтар да; Көше партиясы мен митингілер де; Құрылмаған партиялар мен әлеуметтік желідегі белсенділер де «қара қу» емес.

Президенттің «қара қуы» - ЕСКІ ГВАРДИЯ - оның тапсырмасына біліп-білмей саботаж жасап отырған әміршіл-әкімшіл үкімет өкілдері, карантин уақытында басын құмға тыққан жалтақ, жағымпаз депутаттар, халықпен әкіреңдеп сөйлесуді әдетіне айналдырған жандарал күштік құрылымдар, әліптің артын бағып, әуежайда чартерлерін сайлап отырған тойымсыз, тоғышар олигархтар.

Бәріміз де карантиннен кейін басқа Қазақстанды көргіміз келеді. Бұл үшін алдымен жоғарыдағы «ескі гвардия» саяси биліктен кетірілуі тиіс. Карантин олардың жаңа уақытқа, жаңа ахуал мен жаңа өзгерістерге бейімделуге мүлде қабілетсіздігін, құлықсыздығын көрсетіп берді. Тоқаев карантиннен кейін осы топты саяси сахнадан батыл оқшаулай бастауы керек. Сонда ғана халықтың, қоғамның мемлекеттік билікке деген сенімі қайта оянады. Қолдауы күшейеді. Ал, карантиннен кейін мұндай қолдау билікке ауадай, тіпті ауадан да артық қажет болатыны айтпаса да түсінікті.

Қоғам Тоқаевқа қарсы емес, қоғам әзірге өзгеріске қарсыларға қарсы болып отыр. Әзірге...ертең кеш болады.

Талғат Ешенұлы

Abai.kz

9 пікір