Жұма, 19 Сәуір 2024
Ақмылтық 4786 4 пікір 27 Сәуір, 2020 сағат 12:49

Жер өспейді, тарылады

Қытайдың тарихи жазбаларында Ресей патшалығы «Шарроссия» аталған екен. Бір кездегі Шарросияның әскери қимылдары туралы қытай жылнамашылары тасқа таңбалаған сөздерінде: «Шарроссия еліміздің Балқаш көлінің шығысына көптеген әскери бекіністер тұрғызып, оларды тас жолдармен тұтастырды. 1854 жылы Семипалатинскден Құрбан Алматыға  дейін созылатын жаңа Сибирия қамал линиясын салып, Балқаш көлінің оңтүстігіндегі ұлан-байтақ территориясын басып алды. Екінші апиын соғысы тұсында, Шарроссия Құрбан Алматыны тірек ете отырып, шапқыншылығын күшейтіп, еліміздің Ыстықкөл маңайындағы және Шу өзені алабындағы барлық жерлерін дерлік зорлықпен өзіне қаратты…» деп жазатын көрінеді.

Осындағы Балқаш, Шу, Ыстықкөл – қазақ пен қырғыз жеріндегі өзендер мен көлдер. «Құрбан Алматы» дегендері – Алматы қаласы. Әйтсе де аталған көлдер мен өзендерді және сол маңайдағы жерлерді қытай тарихшылары бүгінгі ұрпағына Таң дәуірінде, яғни осыдан 1300 жыл бұрын сызған карталары бойынша, «ханзу халқы жайлаған елді мекендер» деп, түсіндіруден танбай келеді.

Егер тарихқа тереңдеп барар болсақ, Қытай патшаларының Мөде қағанға, қағанның баласына, немересіне жазған хаттарына жүгінуге тура келеді. Сол үшбу хаттарда қытай билеушілері майысып отырып:  «Ұлы қорғанның» іші маған қарасты, сыртындағы садақ асынған халықтар сенің қол астыңдағы жұрт. Екі ұлы мемлекет бейбіт өмір сүрейік» деп сауға сұрайды.

Тарихшы, әдебиетші Әлімғазы ақсақал бірде маған «Қытай қорғаны» соғылар алдындағы мың жылдықты есептесек, Солтүстік Қытай, Гансудан ары қарай Шан ши, Хы нан, Хы бей, Дуң бей деп жүргендері түкілердің, мәнжурлардың жері» дегенді айтып беріп еді.

Көрдіңіз бе, тарих-қарияны сөйлетіп қойып, жер жағдайына көшсек, біз бүгінгі жүңголықтарды жүнжітіп жіберуіміз мүмкін. Сондықтан қазақ өз жеріне, қытай өз жеріне ие болып, тыныш қана отырғаны дұрыс. Әйтсе де өз басым қазақ тарихшыларының бүгінгі Қазақстан жерінің ауқымымен шектеліп қалмай,  ғұндар мен көк түріктер дәуіріндегі, олардан кейінгі кезеңдерде ата-бабамыз қоныстанған өлкелердің өткені туралы үнемі ізденіп, зерттеп, зерделеп жүргенін қалар едім. Өйткені жерге қатысты шетін мәселе қай уақытта болмасын ширығып шыға келуі ықтимал. Алайда біз ҚХР-мен, РФ-мен, Өзбекстанмен, Қырғызстанмен арада бекіген шекараға шүкірлік етуіміз керек. Бұны айтып отырған себебеміз, басқаны қойып, Батыс елдерінің ішінде шешімін таппаған 19 даулы аймақ бар екен. Әлгіндей даулы аймақтардың саны Таяу Шығыста – 12, Латын Америкасында – 8. Бұл – американдық зерттеуші Дэниел Пайпстың дерегі. Ал Ресей Федерациясының шекаралық шегінде және бізден басқа көршілерімен арасында «ала бағана» тартылып анықталмаған жерлер әлі күнге шешімін таппай келеді.

Шарросия (патшалық Ресей) мен Цин өкіметінің арасындағы 1860 жылғы Пекин, 1864 жылғы Шәуешек, 1881 жылғы Петербург келісімдері бойынша түзілген шекаралық келісім-шарттардың ақырында қазақ өзінің шығысындағы үлкен аймақтан айрылып қалды, бірақ, қазіргі аумағының сұлбасы қалыптасты. Осы аумаққа қол жеткізудің өзі 1990 жылдары оңайға түскен жоқ. Сол кезде ғой әлгі, Сәбетқазы Ақатай ақсақалдың: «Назарбаевтың бір ісі бар қолында өлгім келеді, бір ісі бар жолында өлгім келеді», – деп жүргені. Жолында өлмесекте, президенттік тарихи миссиясы деп атауға лайық Назарбаевтың үлкен еңбегі – Қазақстан Республикасының шекарасын белгілеуге бел шешпей кірскені.

Қытай сияқты Ресей тарихшылары да әредік қазақ жеріне көз алартып қояды. «Қазақта бес облысымыз қалып кетті» деп еңірейтін елбұзарлар оларда да жетіп артылады. Біздің де «орыс алып қойды» деп, дауласуға тұрарлық жерлеріміз жетеді.

Жер өспейді, тарылады. Халық санының үдемелеп өсуі, өнеркәсіп пен ауылшарушылығы салаларының өркендеуі, ішер ас пен жейтін тамаққа сұраныстың артуы қасиетті жерді тарылтпай тұрмайды. Осы ретте әлемде территориялық көлемі жағынан тоғызыншы орын алатын алып та байтақ жерімізде біздің тарықпай өмір сүруге мүмкіндігіміз бар шығар деп ойлаймын. Бұны неге ойлап отыр дейсіз ғой пақырыңыз. Мынау беті жаман індеттен соң дүниежүзі экономикасында кезекті дағдарыс, содан кейін сапалану үдерісі басталады деген болжамдар бар. Біз үшін сол сапалану үдерісіне жету мүмкіндігі ұлы даламыздың кең байтақ құшағында жатыр емес пе?..

Дәурен Қуат

Abai.kz

4 пікір