Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Білгенге маржан 6040 8 пікір 27 Сәуір, 2020 сағат 11:43

Италиандық па, италиялық па?

Қатар өмір сүріп отырған тілдердің бір-біріне әсері міндетті түрде орын алатын құбылыс. Сол себепті басқалардың ықпалына еріп, жоғалып кетпеуін қамдаған кез-келген ұлт өз тілінің тазалығына, әдеби нормасының бұзылмауына мұқият мән беріп, қадағалап отырады.

Қазір жаһанда жүріп жатқан екі үдерістің бірі жаһандану болса, сол жаһандану өзіне кері процесті де алып келді, оның аты – протекционизм, өзін қорғау деген мағынаны білдіреді. Дональд Трамптың президенттікке келуімен байланысты `America first` деген саясатымен экономика саласының термині ретінде белсенді қолданысқа шықты. Тиісінше тіл білімі саласында да лингвистикалық протекционизм (linguistic protectionism) ұғымы жолға қойылды. 

Біздің елімізде де «Рухани жаңғыру» идеясы бекер көтерілген жоқ.  Бұл бізге тек ұрандау үшін қажет емес. Егер мән бере қарасақ, бұл – осы айтылып отырған лингвистикалық протекционизмнің біздегі баламасы. Бұл идеяны шынайы мағынасында пайдаға асыру үшін атқарылып жатқан іс-шаралардың бірі – жазу реформасы. Бұл да кәдімгі жаһандық деңгейде қолға алынып жатқан, өз-өзіңді сыртқы күштердің екпінінен қорғау амалдарынан туған шара. Тілдегі орыс әріптерін азайтумен шектелмей, әдеби тілдің нормасына да сан қырынан қарап, «ұлттың «темір жолынан» шығып бара жатқан жерлері жоқ па екен?» деген сұрақ төңірегінде де қырағылық танытатын сәт.

Нормадан ауытқулардың бірі көзге ұрып көрініп тұратын, бірі тіпті мамандардың да назарына іліге бермейтіндей ірілі-ұсақты болып келеді. Екі түріне де тоқтап өтейік.

Алдымен, көзге де, құлаққа да түрпідей тиіп тұрған және соған қарамастан, бой алдырмай бара жатқан ауытқулардан құлағдар етейік. «Меніңше», «Менің ойымша», «Мен ... деп ойлаймын» деп айтудың орнына ағылшын (I think), орыс (Я думаю) тілдерінің әсерімен «Мен ойлаймын» деген тіркестің еніп бара жатқаны, «Көріскенше күн жақсы болсын», «Кездескенше аман-сау болайық» дейтін кісі өміріне әсері бар мағынасы үлкен сөйлемнің орнына «Кездескенше», «Көріскенше» деген мән-мағынасыз сөздердің келуі алаңдатады. Мұның қатарына «Мейрамың құтты болсын», «Туған күнің құтты болсын» деген сияқты берекет тұнған құттықтау сөздеріміздің орнына түкке тұрғысыз, іліп алар мағынасы да жоқ «Мейрамыңмен!», «Туған күніңмен!» деген тіркестердің еніп алғанын да қосуға болады. Қарап тұрсаңыз, бұл «Көлігің құтты болсын!», «Көйлегің құтты болсын!» деудің орнына «Көлігіңмен!», «Көйлегіңмен!» деп бос сөз айтумен бірдей. Айтушыға да, тыңдаушыға да келіп-кетер ештеңе жоқ, құр сөз шығыны! Қазақ үшін құт-береке «құтты» деген сөзде тұнып тұрады, шынайы тілегі бар кісі осы сөзді міндетті түрде айтуы керек. Ал осында келтірілген сөзіміздің берекетін алып тұрған тіркестер «До свидания», «So long», «С праздникам!», «С днем рождения!» дегендердің көшірмесі, қысқа, нұсқа болған соң әсерлі, қолданысқа жеңіл көрінетін болса керек.  

Бұлар тілдің әдеби нормасын белшесінен басып, өз дәуірін жүргізіп тұрған «қисық» тіркестердің бірлі-жарым мысалы ғана. Оларды тізімге алып, қадағалап отырмыз, саны жүзге таяп, күн санап артып, ат төбеліндей ұлт жанашырларын ғана алаңдатып, жалпы көптің бейқамдығынан дес бермей кету қаупі бар құбылыс ретінде сипат алып отыр.

Енді әңгімені, жоғарыда атап кеткеніміздей, көзге де, құлаққа да оңай шалына қоймайтын нормадан ауытқушылықтарға қарай бұралық. Әдеби норманың «сүзгісінен» өтіп алып, бірқалыптанып кеткен италиандық, американдық, африкандық, азиаттар деген тәрізді тілімізде қолданысы жиі (экзоним) атаулардың сөз тудыратын жұрнақтарды қабылдау механизміне талдау жасап көрейік. 

Ағылшын тілінде: Italy + сөз тудыратын -ian жұрнағы = Italian.

Орыс тілінде: Италияитальянец (-ян- + -ец) итальянка (-ян- + -ка), италянцы (-ян- + -цы), итальянский (-ян- + -ск- + -ий) сөздері (түпнұсқасы итал.т. Italia, italiani, italiano) қандай сөз тудырушы жұрнақтар арқылы жасалып тұрғанын көреміз.

Осы сөзжасам механизмін американдық, африкандық, сөздерінен де байқауға болады.

Ағылшын тілінде:

America + сөз тудыратын -n жұрнағы = American 

Africa + сөз тудыратын -n жұрнағы = African

Орыс тілінде:

Америкаамериканец (америка + -н + -ец), американка (америка + -н- + -ка), американцы (америка + -н- + -цы) американский (америка + -н- + -ск- + -ий)

Африкаафриканец (африка + -н- + -ец), африканка (африка + -н- + -ка), африканцы (африка + -н- + -цы), африканский (африка + -н- + -ск- + -ий)

Бұл талдауларға зер сала қарасақ, қарастырылып отырған сөздеріміздің болмыс-бітімі қазақ тілінің емес, ағылшын және орыс тілдеріндегі сөзжасам «тәртібіне» бағынып тұр екен. Италияндық деген сөзімізде алдымен ағылшын тіліндегі сөзжасам жолы (Italy + сөз тудыратын -ian жұрнағы = Italian) тұтасымен қайталанып, сосын барып -дық жұрнағы тіркеліпті. Қос бірдей тілдегі, ағылшын және орыс тілдеріндегі «италиандық» деген сөзге өзіміз зат есімнен зат есім тудырушы жұрнағымызды жалғаған екенбіз. Бұдан «италиандықдық» деп, түбір сөзге екі рет «дық»-тың жалғанып тұрған жайын көріп тұрмыз. Осылайша, «денебітімінің» байыбына бармастан американдық, африкандық деген сөздерімізді де «американдықдық», «африкандықдық» деген мазмұнда қолданып келіппіз. 

Соңғы кездері көзі қарақты тілші мамандарымыздың «Италияндық па, италиялық па?» деген сұрақты көтере бастауы да бекер емес еді. Айта кетуіміз керек, белгілі журналист, ұлт жанашыры, профессор Бауыржан Омарұлының бізге «Тіл-Қазына» орталығына арнайы қоңырау шалып, осы сауалды ортамызға тастауы, бұл сұрақтың да дер кезінде басын ашып алуымызға түрткі болып отыр. 

Осылайша, сөздердің дұрысы:

италиандық емес, италиялық

американдық емес, америкалық

африкандық емес, африкалық 

екеніне көз жеткіземіз. Бұл лексемалар зат есім де, сын есім де бола алады (Ол кім? – Ол италиялық. Бұл қандай тауар? – Бұл италиялық тауар). 

Ал «Азия»-ға келек, бұл континенттің тұрғыны мен тұрғындары азиат та емес, азиаттар да емес екен. Қараңыз.

Ағылшын тілінде: Asia + сөз тудыратын -n жұрнағы = Asian.  

Орыс тілінде: Азияазиат (азия + -ат), азиаты (азия + -ат- + -ы), азиатский (азия + -ат- + -ск- + -ий)

Біздің қолданып жүрген лексемамыз осы орыс тіліндегі сөз тудырушы жұрнақпен (азия + -ат) азиат болып, соған қазақ тіліндегі -тар көптік жалғауының жалғануы арқылы азиаттар кейпіне келіп тұр екен. Ал қазақ тілінің өз табиғи сөзжасамы жолымен түбір сөзге тікелей -лық, -лік, -тық, тік, -дық, -дік  жұрнақтарының сәйкесін жалғасақ, сөздің дұрысы:

азиат емес, азиялық

(тиісінше) азиаттар емес,  азиялықтар 

болып шыға келетініне көз жеткіземіз.

Тағы бір баршамызға белгілі болса да, еске сала кетуге тұрарлық жәйт, қазақ емлесінде ел аты жазылғанда бас әріп, ел тұрғындары жазылғанда кіші әріп жұмсалады: Испания – испандық, Аргентина – аргентиналық, Италия – италиялық, Әзірбайжан – әзірбайжандық, т.б. Мұны ескертіп отырған себебіміз, соңғы кездері ағылшын тілін меңгерушілердің санының артуына орай, сол тілдің емле-ережесіндегі бас әріпті қолдану заңдылықтарына сәйкес қазақ тілінде де бас әріптердің төбесін қажет емес жерлерден жиі көретін болдық. Мұндай «баса көктеп кірушілердің» ешбіріне жол берілмесе екен деген тілегіміз бар.

Нұрсәуле Мақсұтқызы Рсалиева  

Abai.kz

8 пікір