Жұма, 29 Наурыз 2024
Абай мұрасы 223046 9 пікір 25 Сәуір, 2020 сағат 11:40

Абайдың «Сегіз аяғы»

Абайдың 1880 жылдардың екінші жартысында жазылған өлеңдерінің ішінде, біздің көңілімізді өзіне қарай ерекше бұрған бір топ өлеңдері бар. Ол – көңіл-күй лирикалары. Бұл, ақынның өз ойымен халық мұңын қоса мұңдаған ойшылдық, сыршылдық үлгідегі терең толғаулары.

«Ішім өлген, сыртым сау» деп, дерттене толғанған ақын:

Қажымас дос халықта жоқ,

Айнымас серт қайда бар?

Алда көрген, артта жоқ,

Мысқыл өсек, айла бар, -деп, ақын өзі өмір сүрген қоғамнан түңілгендей де болады. Өзін-өзі жұбатып, уаныш етер ешнәрсе таппағандай, ақын өз мұңын өзі мұңдап кетеді.

Мұңдана отырып ызаланған ақын, өзі өмір сүріп отырған қоғамның барлық кемшіліктерін оқушысына жайып салады.

Бұл өлеңнің түрі де осы шаққа дейін ақын жазып келген өлеңдердің үлгісінен басқаша. Шумақ сегіз жолдан қайырылғандықтан – «Сегіз аяқ» атанған. Бұл – көп ойларды айтқан, заман, қоғам шындықтарын және өз басының мұңдарын жинаған үлкен өлең. Өзінен бұрын ешкім таппаған, қиын ұйқасты шебер түрге Абай әдейі арнап ән де шығарады.

Өлеңнің мазмұны мен мақсатына ерекше зер салған сегіз жолдан тұратын шумақта, заманының кеселді, кесапатты жақтарын әшкерелейтін ақын, соңғы екі жолды түйінді ойға құралған афоризммен аяқтайды.

Қайнайды қаның,

Ашиды жаның

Мінездерін көргенде:

«Жігерлен, сілкін,

Қайраттан, беркін!»- деп

Насихат бергенде:

Ұятсыз, арсыз салтынан,

Қалғып кетер артынан,- деген сегіз жолда ақын өмір сүрген қоғамның реалистік ақиқаты мен қоғам қайраткері, ұстаз-ақынның жан айғайының шыңғырған шындығы жатыр. Өркениеттен бөлініп артта қалған мешеу қоғамдағы надан, қараңғы қандастарын көрген санаткер ақынның әуелі ызалана қорланып, «қаны қайнайды» артынан «жаны ашиды».

Біреуге ызаланып, қаның қайнаған кезден бастып, оған қайтадан жаның ашыған сәтке дейін, адам қаншама көңіл-күй, жан сезімдерін бастан кешіреді десеңші. Қанша күйінсең де өз қолыңды өзің шаба алмайсың. Ойланасың.

Қаныңның қайнауына себеп біреу. Ол – халқыңның надандығы.

Ал, жаныңның ашуына себеп – мың! Халқыңның қасіретті тарихында, осы мың себептің барлығының ізі сайрап жатыр. Жаның ашиды. Осыны терең түсініп, сабасына түскен ақын:

«Жігерлен, сілкін,

Қайраттан, беркін!»- деп,

«Сілкін, жігерлен, қайрат қайда?»- деп, халқын сан ғасырлық ұйқысынан оятып, болашақтың жарқын жолын нұсқамақшы.

Бірақ, комедиялық-трагедия осы кезде басталады. Өзінің сан-ғасырлық мешеулігінен арылып оянбаған ақынның халқы, сол баяғы «Салтынан, қалғып кетер артынанның» кері болып, қалғи отырып, қайтадан ұйқыға кетеді.

«Оян, қазақ»- деп ұран шақырып, халқын сан ғасырлық ұйқысынан оятпақшы болған, халқын соншалықты терең сүйген ұлт зиялыларының ең алғашқы қарлығашы – қазақ  халқының ұлы ақыны Абай Құнанбаев болды. Бұл – тарихи шындық! Айдай  анық, ақиқат дүние!

Өмірінде роман, драма жазбаған ақынның осы сегіз жолдан тұратын бір шумақ өлеңі, тұтас сюжетке құрылған үлкен бір көркем шығармадай оқушының көз алдынан өтеді. «Сегіз аяқ» өлеңінде бас кейіпкер – ақынның өзі. Ол кейде жан-тәнімен күйінеді, кейде ойшыл, кейде мысқылшыл, кейде мұңдана отырып оқушысымен сырласады.

Ал, кейде ызалы ақынның көзінен қанды жас ағып тұрғандай.

«Қайнайды қаның, ашиды жаның»- деп басталатын «Сегіз аяқтағы» бір шумақта, ақын туған халқы мен ол өмір сүрген қоғамның қаны сорғалаған ақиқатқа толы шындық бейнесін сегіз-ақ жолға сиғызып тұр. Бұл – ақындық дарын ұлылығының тағы да бір айғағындай.

Осы «Сегіз аяқта» ақын елден бірлік кеткенін, ел іргесі тозып бара жатқанын әшкерелей келіп, осы жаманшылықтың себебін де айтады.

...Тамағы тоқтық,

Жұмысы жоқтық,

Аздырар адам баласын,- деп жеке адам үшін де, қоғам үшін де, халық үшін де ең қадірлі, қажетті іс – еңбек екенін айтады.

Осыдан кейінгі жазылар өлеңдерінде де Абай, бұрынғы қазақ ақындары айтпаған еңбек тақырыбын сөз етеді.

«Сегіз аяқтың» ішінде Абай, әр жерде өз күйігін қосып та отырады.

Жартасқа бардым

Күнде айғай салдым,

Одан да шықты жаңғырық,- деген ақын:

Баяғы жартас бір жартас,

Қаңқ етер түкті байқамас,- деп, көп ортасындағы өзінің жалғыздығын, айтқан насихат-кеңесті қабылдамаған халқының надандығын шағынады.

...Ауырмай тәнім,

Ауырды жаным

Қаңғыртты, қысты басымды, -деп, өз ішіндегі ой толқыны, жеке бастың уайымшыл сыры емес, «Мақсұт – алыс, өмір – шақ» деген Абай, халық үшін мұңлы ой тұманына батқан қайғылы күйін,

...Не ол емес, бұл емес,

Менің де күнім күн емес,- дей отырып,

...Болмасқа болып қара тер,

Қорлықпен өткен қу өмір,- деген ақын, тартыспен өткен қайғылы өмірінің мағынасыз қорытындысын шығарғандай болады.

Ақын өзі өмір сүрген ортасындағы жеке өз басынан кешкен жалғыздықты айтқан:

...Моласындай бақсының

Жалғыз қалдым - тап шыным!- деген жолдарда терең шындық бар.

Ия, бұл кезде айтқанға көнбей, теріс жайылатын қараңғы да, надан, қор елде туып, айтқанына түсініп, ой бөлісер ешкімі жоқ, жалғыздықтың уын ішіп, халқына үлгілі тәрбие, білім нәрін себем деп, ой азабымен ғұмыр кешкен данышпан-ұстаз, хакім Абайдың, бойындағы көптеген ерте түркілік, шамандық белгілеріне қарап, бұлар мұсылман емес деп, мұсылмандарға қоспай, бөлек жерленген бақсының моласындай болып, жалғыз қалғаны да ақиқат болатын.

Ойлана қарап, зерделей оқыған оқушысына

...Өмірдің өрін тауысып,

Білімсізбен алысып...

..............................

...Келдік талай жерге енді,

Кіруге қалдық көрге енді,- деп, 1890 жылдарда жазылған Абай өлеңдерінде торығу басым. Ұлы ақынды қамықтырған оның заманы мен қараңғы надан халқы болатын.

Менсінбеуші ем наданды,

Ақылсыз деп қор тұтып.

Түзетпек едім заманды,

Өзімді тым-ақ зор тұтып.

 

Таппадым көмек өзіме,

Көп наданмен алысып.

Көнбеді ешкім сөзіме,

Әдетіне қарысып,- деген Абай, өзінің бүкіл еткен еңбек, кешкен ғұмырын, «өмір-заяға» балап, келер күннен жақсы үміт күтпегендей.

Қоғам тіршілігіндегі жаманшылықты ақылмен, үлгілі тәрбиеге шақырған үгіт-насихатпен түзеуге болады деп, тартысқа кірісетін, кейін ол ойлары мен арманды мақсаттарына қанша еңбек етсе де жетпейтініне көзі жеткен соң, түңілу аралас уайым, үмітсіздікке бір Абай емес, Абайға ұқсаған адамзат тарихындағы данышпан ой-алыптарының бәрі де дерлік барған.

Міне, осындай ой-алыптары, өздері сол заманды жан-тәнімен жек көріп, әшкерелей отырып, тарихи шындық ақиқатты және сол замандағы жексұрын кертартпа надандардың бәрін қатарынан тізіп таңбалап беріп отырады. Ақынның арманды, мұңды ойларының өзі де туған халқы мен әлгі жексұрын «дала паразиттері» туралы болса да, ол солар арқылы олар өмір сүрген қоғам мен заман туралы қымбат та, бағалы тарихи дерек қалдырды. Жанын жей отырып жазған ақын еңбегінің ұрпақ алдындағы тарихи құндылығы да осында шығар.

Нұрғали Махан

Abai.kz

9 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1582
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2281
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3616