Жұма, 29 Наурыз 2024
Күбіртке 5827 26 пікір 28 Сәуір, 2020 сағат 11:52

Халықтың қазақшасы бір басқа, биліктің қазақшасы бір басқа...

Біздің елде ресми ақпараттар алдымен орыс тілінде шығатын, ал мемлекеттік тілдегі нұсқасы бірнеше сағат, кейде бірнеше күн кешігіп жарияланатын әдет бар. Мемлекеттік мекемелер мемлекеттік тілге осылай қырын қарағандықтан, қазақ тілі қазақ елінде өгей күй кешіп отыр...

Бұл бұрыннан бері айтылып-жазылып жүрген жай. Бірақ сыннан сабақ алып, оң бағытта бет бұрған билік өкілін біз әлі көрген жоқпыз.

Тағы бір қынжылтатыны, қазақ тілді ресми ақпараттарда қателіктер өріп жүреді. Бұл да мемлекеттік органдардың емі жоқ көне дерттерінің бірі. Жоғарыда мемлекеттік тілде ақпараттар кешігіп шығады дедік. Сол кешігіп шыққан қазақ тіліндегі жазбаны түсінудің өзі мұң, мүлде түсініксіз тілде жазады.

Бұның басты себебі, барлық ақпарат, заң тармақтары, сот қаулысы, баяндамалар алдымен орыс тілінде жазылады. Орысша жазылған сол мәтінді сауатты аударатын адам тағы жоқ біздің билікте. Қазақшаға аударылған мәтінді оқудың өзі азап. Қаптаған қате қолданыстар, калька аудармалар.

Биліктің жалтақойлығы, халықтың бейғамдығымен бұл мәселелер әлі жабулы қазан - жабулы күйінде келе жатыр. Ешкім «мұның қалай» демеген соң, билік басындағылар не шын білмей, не қазақ тілін кемсіту үшін кемтар аудармамен қазақша сөйлем келеді. Сөйтіп, қарапайым халықтың қазақшасы бір басқа, үкіметтің қазақшасы бір басқа жағдайға жеттік.

Бұрынғыны айтпаған күннің өзінде, дәл қазіргі төтенше жағдай тұсында да мемлекеттік тілдің жағдайы мүшкіл. Күнделікті ресми ақпараттарда «үй жағдайында», «инфекция жұқтырған бәленше жағдайы тіркелді», «үстегі жылы» деген секілді орысшадан тіке аударылған сөздер өріп жүр.

Мәселен, Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаментінің мына мәлімдемесін кім аударып, кім дайындады екен. Жарты беттік осы мәтінді күнде телеэкраннан қайталап оқиды. Халықты өрттен сақтануға шақырғаны. Онысы жөн енді, бірақ айналдырған жарты бет жазбаны «таза қазақша» жазуға болады ғой...

Құрметті Алматы қаласының тұрғындары,

Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаменті сізден КАРАНТИН кезінде үй жағдайында өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауды сұрайды:

-Ешқашан төсекте темекі шекпеңіз. Есіңізде болсын, темекі мен алкагольдік ішімдіктер өрттің "белсенді қатысушылары";

-электр сымдардың жарамдылығын бақылаңыз, электр желісін шамадан тыс қолданбаңыз, қолдан жасалған электр аспаптарын қолдануға жол бермеңіз;

-Қосылған газ бен электр құралдарын қараусыз қалдырмаңыз;

-электр үтіктерді, электр шайнектер мен басқа да электр қыздырғыш құралдарды арнайы жанбайтын тіреуішсіз пайдалануға жол бермеңіз;

-балкондарды, сондай-ақ эвакуациялық шығу жолдары мен баспалдақтарды жиһазбен, жабдықпен және басқа да жанғыш материалдармен үймеңіз...

«үй жағдайында» демей, «үйде» деп жазуға болады ғой, Ал «өрттік белсенді қатысушылары» дегені не сөз тағы? Оны аз десеңіз, «қолдан жасалған электр құралдарды қолдануға жол бермеңіз» дейді. Электр аспаптар өздігінен жұмыс істейтін секілді, соның жұмыс істеуіне жол бермей қадағалау керек секілді.

Бұл бір ғана мысал. Мұндай сорақы сөз қолданыстар мен сөйлемдер ресми мәлімдемелерде толып жатыр. Жоғардағы мәтінді күніне телевизордан неше қайталап көрсетіп жатқандықтан мысал ретінде алып отырмыз. Әйтпесе бұдан он есе өрескелі кездеседі. Тіпті үлкенді-кішілі шенділердің ешкімге түсініксіз «қазақшасына» да құлақ үйренді.

Сөз соңында айтарымыз, мемлекеттік тілде сауатты жазылған түсінікті контент табу не үшін қиын? Бізді таңғалдыратыны мемлекеттік мекемелерде қазақ тілін жетік білетін бірде-бір маман жоқ па? Әлде қазақ билігіне қазақ тілінің құны көк тиын ба?

Қуаныш Қаппас

Abai.kz

26 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1578
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2276
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3594