Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Жаңалықтар 2624 0 пікір 24 Қазан, 2011 сағат 12:10

Алтынбек Сәрсенбайұлы: "Қазақ қалаға келсе, бәсекелес бола бiлсе, ұлттың ұпайы түгенделедi"

АЛТЫНБЕК СӘРСЕНБАЙҰЛЫНЫҢ 31-ТЕЛЕАРНАДАҒЫ "ТЕМIРҚАЗЫҚ" БАҒДАРЛАМАСЫНДА ҰЛТТЫҚ МҮДДЕ, ҰЛТТЫҚ ИДЕЯ ТАҚЫРЫБЫНДА АЙТҚАНДАРЫ.

АЛТЫНБЕК СӘРСЕНБАЙҰЛЫНЫҢ 31-ТЕЛЕАРНАДАҒЫ "ТЕМIРҚАЗЫҚ" БАҒДАРЛАМАСЫНДА ҰЛТТЫҚ МҮДДЕ, ҰЛТТЫҚ ИДЕЯ ТАҚЫРЫБЫНДА АЙТҚАНДАРЫ.

2004 жыл. - Менiң ұғымымда ұлттық идея, ол - нақтылы ұғым. Ол ұлтты жетiлдiрудiң жолы. Ұлттық идеяны ұлттық мүд­деден iздеу керек. Ал ұлттық идея жөнiндегi ой тал­қысы әсiресе қатарынан, даму процесiнен, дүние жүзiндегi және өзiмен көр­шiлес елдердегi, өз iшiнде­гi ұлттардың дамуынан сәл кешеуiлдеп бара жатқан ұлт адамдарының басын көбi­рек қатырады. Сол ұлттық идеяны табу арқылы бә­секе­лестiгiн күшейтiп, өзiн-өзi алдыға шығарып, өз мүддесiн басқаға таптатпаудың жолын iздейдi. Ал егер осы iзденiс тұсында ұлттық идеяны - ұлтты жетiлдiретiн, ұлтты алға алып шығатын идеяны дәл тапқан ұлт сол ұлттық идеяның арқасында үлкен же­тiстiкке жетедi. Сөйтiп, одан ары қарай үздiксiз тоқталмайтын даму процесiнде өз жолын iздейтiн болады. Менiң ойымша, ұлттық идея дегенiмiз осыдан шығады. Кеңестiк кезеңдегi, кеңес заманындағы мемле­кет­тiк идеология - коммунизмге жетемiз деу ол қазақтың тәуелсiздiгi үшiн аса қажеттi ұлттық идеясын жаншып, тас-талқанын шығарған реакцияшыл идеология, идея болды. Сол идеяны жүзеге асыру үшiн 37-ден 53-ке дейiнгi жылдары қазақтың ұлттық идея туралы, ұлттың тәуелсiздiгi туралы, ұлттың тiлi, болмысы туралы ойлануы мүмкiн адамдарының барлығын атты, абақтыға жапты, жер бе­тiнен жоқ қылды. Сондықтан да мемлекеттiң қолына ұлттық идеяны қалыптастырушы тетiк тиген кезде ол реакцияшыл сипат алуы мүмкiн. Бұл - өте қауiптi. Әсiресе, ол мемлекеттiк сая­сат белгiлi бiр режимнiң, жүйенiң ғана қолына түскен кезде және оны қолынан шығару мүмкiн емес кезде жүзеге асатын жағдай. Неге бiзде, зиялы қауымда, 91-iншi жылға дейiн, тiптi Совет Одағы өзiнен өзi құлап қалғанға дейiн тәуел­сiздiк идеясы айтылмады. Тәуелсiздiк идеясы неге бiр шығармада жоқ, неге бiр ғылыми жұмыста жоқ. Мәселен, өзiңiз ойлап қараңыз: 86-жылдан кейiн аз да болса жариялылық болды. 89-90-жылдары еркi­нiрек сөй­леуге мүмкiндiк туды. Бiрақ сол кезде тәуелсiздiк идеясын айтқан қазақта жазушы да, жазушыны мен қоғамдық күштiң өкiлi ретiнде айтып отырмын, ғалым да, шындығын айтқанда, саясатшы да болмады. Мемлекет, егер ұлттың дамуына мүмкiндiк берейiн дейтiн ойы болса, сол ұлттың өзi қалыптастырған ұлттық идеяларға және соны қалыптас­тырушы күш­терге мүмкiндiк берер едi. Халық - ол үлкен ұғым. Ал халықтың идеясын, ұлттың идеясын қалыптастыратын анықтаушы күш болуы керек. Және сол анықтаушы күштiң шығарған жұмысының нәтижесiн алып жүретiн жетектеушi күш қажет. Ол, яғни жетектеушi күш саяси мәселе. Анықтаушы күш - ұлттың потенциялы, зиялы қауым. Осы екеуiнiң арасындағы байланыс қоғамда қандай дәрежеде ұштастырылған. Бiрiн­шiден, ол қоғамның сипатын бiлдiрсе, екiн­шi­ден ол ұлт­тың даму немесе кешеуiл­деу процесiне жауап бе­редi. Бiздiң өз тарихымыздан қарасақ Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаевтардың тұсында ұлттық идеяны анықтаушы да, жетектеушi де күш сол кiсiлердiң қолында болды. Ол ұлттың тәуелсiздiгi, ұлт­тың болмысы, көшпен­дiлер дәуiрiнде артта қалып қой­ған ұлтты қалайда аман-есен, үлкен қақтығыстарға соқтырмай, аман алып шығып жеке тәуелсiз мемлекет құру идеясы болды. Және қасымыздағы бiздiң сол кездегi потенциалымыз бен жеке мемлекет болуымыздың мүмкiншiлiгiнiң шектеу­лi екенiн бiле отырып, түркi тiлдес халықтардың басын қосу арқылы ұлтты сақтап қалу - ұлттық идеяға айналды. Және сол үшiн ол кiсiлер жұмыс iстедi де, әрi ұлттық идеяны анықтаушы және жетектеушi күш болды. Сонысымен ол аталарымыз совет мемлекетiне өте қауiптi саяси күш едi. Ал бүгiн ненi байқаймыз? Қа­зiргi газет­тердi, шығып жатқан кiтап­тарды оқысаңыз Совет заманында бұғанасы қисайған, омыртқасы опырылған, сол қоғамда әбден жарақат алып, мүгедек болған адамдардың ой- пiкiрлерiн анық көремiз. Бүгiнгi заманға сай бүгiнгi ұлттық идеяны iздейтiн мақаланы, мәселен "Егемен Қазақстан" газетi­нен iздеп табу қиын. Сол советтiк замандағы "Социа­листiк Қа­зақстанның", ақ­сақ-тоқсақ кезiмiздегi көшiрмелерi қалқып жүредi. Менiң айтайын дегенiм, бүгiнгi күнi сол ұлттық идея­ларды, ұлттың мүддесiн, яғни қазақ мүддесiн дәл анықтап, анықтаушы күш ретiнде және соны мемле­кеттiк саясат ретiнде қа­лып­тастыруға әсер ететiн зиялы қауым дедiк. Ал бүгiн сол құрылымдардың жағдайы қандай? Бет-бейнесi қандай? Ғылым академиясы өз қызметiн атқара алмай, әлдебiр себептермен тас-талқан болып кеттi. Жазушылар одағының түрi мынау. Ұлттың негiзгi ұпайы кететiн Жер туралы заңда шеттеп қалды. Тiл жөнiнде құрғақ байбаламнан басқа ешнәрсеге бара алмады. Ал осы кезде қоғамдық пiкiрдi қалыптастыратын тетiктер­дiң барлығы жермен-жексен етiлiп жатқан жағдайда ұлттық идеяны да, ұлттық бiрлiктi де, ұлттық мәселе­лердiң бәрiн де мемлекет немесе билiк -саяси билiк өз ұпайының еншiсiне айналдырады да және өз мүдде­сi­не пайдалана бастайды. Бұл - өте қауiптi процесс. Қарапайым зиялы қауым болуы, менiңше, мүмкiн емес. Себебi ұлттың атынан ұлттың мүддесi үшiн күресуге мүмкiндiк алған адам және сол үшiн парасат танытуы тиiс жоғары бiлiм алған адам, демек ұлттың байлығының арқасында белгiлi бiр мүмкiндiкке жеткен адам. Оның жауапкершiлiгi ерекше болуы керек. Бұл жерде қарапайым адам жоқ. Зиялы қауымның көп мү­шелерiнiң көңiлiне келмесiн. Бiздiң зиялы қауым өзiн ауылда жатқан қазақ хал­қының атынан келген өкiл деп есептейдi. Менiң оқырманым сонда, тыңдарманым сонда. Мен солардың атынан сөйлеуге барлық моральдық та, басқа да құқым бар дейдi. Ал екiншi жағынан алып қарайтын болсақ, ұлттық идеямызды, ұлттық мүддемiздi жүзеге асырғымыз келсе, оның негiзгi алғы шартын алдық, ол - тәуел­сiздiк. Тәуелсiздiк жағда­йында ғана ұлттық идеялар мен мүдделерiмiздi жүзеге асыруға толық мүмкiндiк алдық. Ал ендi екiншi мәселе ретiнде айтатын болсақ, ол бiздiң ұлттық мүддемiздiң бiреуi - iшiмiзде отырған басқа ұлт өкiлдерiмен денi дұрыс бәсекелес бола алуы­мыз, олардан кейiн қалмауымыз. Ол үшiн не iстеуi­мiз керек? Ол үшiн бүгiнгi қазақ халқының алдында тұрған ұлттық идеяның, ұлттық мүдденiң бiреуi - ол қазақ халқын қалаларға шоғырландыру. Халқымыздың 60 пайыздан астамы ауылда отырғанда бiз iшiмiздегi халықпен, сыртымыздағы халықпен, дүние жүзiмен бәсекелес бола аламыз, алдыға қарай жүре аламыз, бүгiнгi мына ғаламдастықтың қойып отырған сұрақтарына жауап берiп, жаңа технологияға ұлтымызды жақындастыра аламыз дегенге мен сен­беймiн. Өкiнiшке қарай, бүгiн мен айтып отырған зиялы қауымның атынан «халқымыз жағдайы қиын болса да, ауылда тұра берсiн. Ауыл дегенiмiз - бiз үшiн қазақтың қаймағы бұзылмаған қалың ортасы" дейтiн­дер бар. Мiне, осы жағынан алып қарағанда қойылған сұрақтың жауабы шығады. Ұлт өзiнiң зиялы қауымына, iшiнде бәсекелестiк жағдайын қалыптастырмай отыр­ған кезде, не талап қойсын. Ауылдағы ағайынның талабын қаладағы зиялының iске асыруға қабiлетi жете ме! Әрине, зиялы қауым элитный болуы да, билiкке жақын, немесе бөлек-салақ та болуы, жауапкершiлiксiз де болуы мүмкiн. Басқалай да болуы мүмкiн. Ал ендi тiлiн де сақтай алмауы мүмкiн. Мен жеке өз басым ойлаймын, бәрiмiз бүгiн айғайлап-байбайлап жүрген қазақ тiлi қалаға келмей, қала хал­қының тiлiне айналмай ол денi дұрыс және мық­ты тiл болып, жаңа технологиялар­ға араласатын тiл ретiнде қалыптаса алмайды.  Ұлттың болмысын сақтау мәселесi, ол кез келген ұлт үшiн өмiрбойлық проблема. Өмiрбойы, әр кезеңде, әр процестiң әлеуметтiк дамуы барысында әр ұлт өз болмысын сақтап қалуға мiн­дет­тi түрде ұмтылады. Бұл - аксиома. Ал менiң айтып отырғаным бiздiң ұлттық идея бүгiнгi күнгi, бiздiң ұлттың бәсекелестiк қабы­летiнiң күштi болуы, бiздiң ұлттық идеямызға айналуы керек. Оның негiзiн бүгiнгi ұлттық зиялы қауым, ұлттық саяси партиялар, қоғамдық ой-пiкiр мүшелерi жасауымыз керек. Бiздiң кешеуiл­деп артта қалуымыздың себебi неде? Бiздiң халықтың негiзi ауылда, сол се­беп­тi де үлкен процестерге араласа алмады. Тiптi саяси процестерге де, танымдық процестерге де, ғаламдық процестерге де араласу мүмкiншiлiгiнен тыс қалды. Сондықтан да бiз "ауыл деген қазақ халқының қаймағы" деген жалған ойдан арылайық. Мемлекетке, бүгiнгi үкiметке күш сала отырып, әртүрлi мүмкiн­шiлiк­терiмiздi пайдаланып, бiздiң ұлтты қала тұрғыны жасап, сол арқылы оны бүгiнгi жаңа технологиялар­ға iлiндiрiп, сол арқылы оны алдымен Қазақстан iшiндегi басқа, бiзден өнер­кәсiптiк шеберлiгi дамыған ұлттың алдына оздырып, көршi аймақтағы елдердiң алдына шығарып, сол арқылы ертең ғаламдық немiстен, голландықтан, американдықтан, шведтен кем түс­пейтiн кәсiпкер жасайық. Ауылдағы енжар, бұйығы ұлттан iскер, iлкiмдi, талаптанғыш қалалық ұлт жасайық. Мiне, бiздiң ұлттық идеяның негiзгi мақсатының бiреуi осы - ұлтты жетiлдiру, ұлт­тың бәсеке­лес­тiгiн дамыту болуы тиiс.

http://www.zhasalash.kz/sayasat/5690.html

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2256
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3530