Сенбі, 20 Сәуір 2024
Жаңалықтар 8354 0 пікір 24 Қазан, 2011 сағат 08:40

Алмас Ахметбекұлы. «Көзімнің қарасы» көзімнің қарашығы емес

Біз Абай шығармашылығының сыры мен көркемдік болмысына әлі де толық қаныға алмай келеміз. Бұл пікірді ашық айтсаң кейбір «білгіштер» саған: «Шынымен - ақ осы бірдеңе біліп айтып отыр ма?» дегендей тіксіне қарап , сәлден соң езуіне мысқыл үйіреді:

« Сен де Абайдың маңынан көрінгің келді ме?» дейтін сияқты. Осыдан кейін кінәмшіл жаның бір жасып, бір қайралады. «Қорлығын-ай» дейсің ішңнен. Мұндай сәттерде сөзге шақыратын, зекіп емес, үнсіз ғана ыммен, ишратпен жігеріңді жанитын, бірақ, үнемі қатал бір ішкі құбылыс, тылсым құдірет сені өзіне тартады. Ол - Абай әлемі, сол Абай рухынан нәр алған  өз «жүрегіңің қалауы», өз «жаныңның қайраты» (Абай).

Біз Абай шығармашылығының сыры мен көркемдік болмысына әлі де толық қаныға алмай келеміз. Бұл пікірді ашық айтсаң кейбір «білгіштер» саған: «Шынымен - ақ осы бірдеңе біліп айтып отыр ма?» дегендей тіксіне қарап , сәлден соң езуіне мысқыл үйіреді:

« Сен де Абайдың маңынан көрінгің келді ме?» дейтін сияқты. Осыдан кейін кінәмшіл жаның бір жасып, бір қайралады. «Қорлығын-ай» дейсің ішңнен. Мұндай сәттерде сөзге шақыратын, зекіп емес, үнсіз ғана ыммен, ишратпен жігеріңді жанитын, бірақ, үнемі қатал бір ішкі құбылыс, тылсым құдірет сені өзіне тартады. Ол - Абай әлемі, сол Абай рухынан нәр алған  өз «жүрегіңің қалауы», өз «жаныңның қайраты» (Абай).

Тіл деген телегей теңізден бір сөзді ойыңа ұстаған сәтте оның сан саққа тартар мағынасын көңілмен термелегейсің. Бейнеленген затының мәніне бейімделіп, қырлы алмасша құбалмай ма, сипат сәулесі. Сондайда мән ауысымен сезініп, ойдың тереңдік деңгейін дәп баса аларсың ба? Ендеше, адамның құбылған бұлынғыр тұтқасыз ішкі дүниесін сөзбен ұстаған, «Сұрғылт тарқан бейуаққа» «күңгүрт көңілдің» сөзімен арласқан, «көк тұман» басқан болашаққа «үміттің сәулесін» түсіріп, сананың «көзін қадаған» шыңырау Абайдың өлеңдерін құнттап оқу зердеңізге осал жүк емес. Әр сөздің мәнін дәп басып, бейнелеген көлемін толық сезіну үшін сол сөздің өлеңнің бітіміндегі, не шумақтағы көңіл қисыны мен сөз келісіміне таяна отырып, діттей оқу жүйкелі Абай оқушысының адал парызы.

Егер құнттап оқысаңыз: «Абайдың өлеңдерін мың қайтара оқып, жаттап жүрген адамдардың да, Абайдың кейбір өлеңдерінің мағынасын түсініп жетпей жүргендерін байқағаным бар» - деп Ахмет Байтұрсынұлының бұдан ғасыр бұрын айтқан сөзін қайталар едіңіз.

Абайдың кей өлеңдерін жатқа білмейтін қазақ кездескенімен, «Көзімнің қарасы» деген әнін білмейтін қазақ жоқ» десек  ел сенер. Бүкіл халық  жатқа білетін осынау әуенді өлеңнің бірінші жолынан ауызға түсер сөзді қалай түсіндік? «Көзімнің қарасы» деген сөздің сол өлеңдегі, сол шумақтағы мағынасын өлең мәдениетіндегі орнын дұрыс ұғына алдық па? Бір реті келгенде көрнекті абайтанушы ғалым - Тұрсын Жұртбаевтан осы өлеңнің  орыс тіліне қалай аударылғанын сұрағаным бар:

«Ты - зрячок глаз моих,

Пламень душ золотых», - деп аударған екен (М. Петровых). Яғни «Сен менің көзімнің қарашығысың» - деген мағынада беріліпті. Осы ағаттық Абай өлеңін қытай тіліне аударғанда да қайталанды:

«Уо иән жұнды тоң рін,

Шин шыды мйң дың» («Көзімнің қарашығы - көңілімнің сәулесі» деген мағынада). (Пекин. «Ұлттар» баспасы 1992 жыл «Абай Құнанбаев таңдамалы шығармалары» 1 - басылымы, 149 - бет, Қабай аудармасы). Зиялы біткен орыс тілін судай сапырған Қазақстанда аударма әлгіндей болғанда, қытайшасына сөгіс айтқалы отырғанымыз жоқ.

Абай бұл жерде «Көзімнің қарасы» деп көздің қарашығын айтқаны жоқ еді. Жігіттің көз жанарынан құштарлық нұрын төгілте, ғашығына көз шуағын түсіре қарағанын айтып еді.

Абай бұл жерде «Көзімнің қарасы» деп, көздің қарақаттай мөлдір қаралығын жазғаны жоқ еді. Сұлулыққа құлар жігіттің жан - тәніндегі ыстық жалынды жанарына жиып, ғашығына мәнсұқ жүрек талпынысын қызға көзімен сездіре қарағанын жазып еді.

Абай «Көзімнің қарасы» деп, жарық әлемді өзіне сидырар тарыдай ғана көз қарашығын айтпап еді. Жігіттің жан дертін жанарынан шығара, ғашығына ұмсынған аяулы көзқарасын (қарауын) айтып еді.

Абай  «Көзімнің қарасында» лирикалық «меннің қызға бір қарай қалғандағы сыртқы бейнесі - тыныш қалыпта көз суарған іңкәр суретті салды. Мұнда ақын «меннің» ғашығына қараған көзінің көңіл санасымен тұтасып жатқан құбылысын өзгеше шебер суреттеледі. Осы жырды оқығанда біздің суретші санамызда ғашықтықтан жаралы болған жүректің, ынтазарлыққа күпті көңілдің, сағынған сананың сипатын жинап ғашығына қарай қалған «меннің» жанары нұсқаланса жөн еді.

«Көзімнің қарасы», «көзімнің қарашығы» емес. Ондағы бейнелеуші зат емес, қимыл. «Айжанның ән шырқасы бөлекше шабытта», «Қаратөбелдің аяқ тас-тасы арынды» деген сөйлемдердегі «шырқасы», «тастасыға» ұқсас «қарасы» да қимылдан туындаған сөз. Ақынның - «көзімнің қарасы» деген өлеңіне тұтастай зер салудың табалдырығында біз осы өлеңнің бірінші сөзінің мағынасы туралы пікіріміздің салмасын бұрай түсуді жөн көрдік.

«Көзімнің қарасы» «Көзімнің қарашығы емес». Сөзге бағыңыз, біз осы сөздің өлеңдегі орнына, кейінгі сөздермен қисынына, ой желісіндегі келісіміне, үңіле тусіп, бірнеше қырынан сөз сабақтайық.

Бірінші: қазақта «көзімнің қарашығы», «көзімнің қарашығындай» деген сөздер бар. Ол теңелер мағынасында аяулылықты , қамқорлықты, аса мұқияттықты меңзейді. Біз ақынды көздің қарасын көздің қарашығы  мағынасымен алып, «көңілінің санасын» көздің қарашығындай аяулы сезінді дейік, онда, осы шумақтың кейінгі екі жолын қай сөзімен қиыстырамыз? «Көңілінің санасын» (Бұл жерде «сана» іңкәр сағыныш деген мағынада болар). «Көзімнің қарашығындай аяулы еді», - деп бір кетіп, оның үстіне «бітпейтін жара еді» деп тағы киліктіре ме? Немесе, Абай көзімнің қарашығы десе өлеңдік буыннан асып кетіп, ырғаққа түспейтін болған соң, екінші жағынан «санасы» мен «жарасына» ұйқастыру үшін «қарашығы» дегенді «қарасы» деп ала салды демексің бе? Жоқ мүлде олай емес! Бұл өлең жазылған тұста (1891ж.) ақындық шеберлігі кемеліне келіп, тіл өнерінің өлең сөз болмысының көңіл мен қимыл келісімінің табиғатын әбден ғылыми, қаптал меңгерген Абай ауылдың өлеңшілеріндей (Қазақ өлең шығаратын адамды «ақын» жане «өлеңші» деп екіге бөлген) келсе-келмес ұйқас қуаламайды. Ендеше, «қарашығы» деген сөздің орынына «қарасы» деп алды деген пікір бізше қате.

Екінші: Осы өлеңнің «Көзімнің қарасы - көңілімнің санасы» деп басталуы тегін емес. Ол тұтас өлеңдегі іңкәрлікті ішке тартып, ондағы әрбір сөз бен қимылды ұяңдыққа, әдепке, көзбен ғана оқитын биязы лепке мөлдіретіп, дірілдетіп, ұйытып тұрады. Егер, «көңіліңізде алаң басылған» шабытты бір сәттеріңізге осы өлеңді ішкі жұмсақ, жылы лебіне кенеле оқысаңыз, не, мамырлатып әнге салсаңыз өлеңдегі үнсіз қарайланған қос жанар - ынтызарлыққа толы жігіт «көзімнің қарасы» шығарманың өн бойынан көз тартады.

Мысалы:

«Көзімнің қарасы

Көңілімнің санасы,» (бірінші шумақта)

«Тереңдеп қарайсың,

Телміріп  тұрмайсың» (бесінші шумақта).

«Қарасаң жан тоймас» (10 шумақта).

«Қалқамның нұсқасын

Көр, көзім, бір кенел» (12-шумақта)

«Боламын көрсем мәз» (13-шумақта).

«Көргенде бой еріп,

Сүйегім балқыған». (15-шумақта)

«Өртенген жүрекке

Бір көрген болар сеп». (18-шумақта).

«Байқап қарасаң» (Абай) өлеңнің тұтас тұлғасында «меннің» қызға қараумен өтіп келе жатқанын сезесің. «Іштегі ғашықтық жарасы бітпей», «Көңіл санасы» ғашығына қарата береді жігітті. «Көрген сайын бой еріп», «сүйегі балқып», «жанары тоймай», қарайды. Ғашықтық мастығымен арпаласқан сабырлы жігіт. «Өртенген жүрегіне бір көргені де сеп болып» «көңіл кенеліп» сабырын ұстанады.

Енді өлеңге ден қоя оқысаңыз қызды «меннің» әр «қарауы» мен «көруінің» арасы қыз бейнесін сүйіне нұсқалаумен, қыз мінезін табына сипаттаумен болады.

Сырттай зер салудан, үнсіз көңіл құлатудан туған тұңғиық өлең жігіт жүрегіндегі ғашықтық арпалысын іштей тындыра келе ең соңғы жолдарында да:

«Құдай-ау, бұл көңілім

Күн бар ма бір тынар?»-

деп, өз-өзін тыныштыққа , сабырға шақырып , үнсіз қалдырады.

Сіз осы сәтте:

«Ғашықтық тілі - тілсіз тіл,

Көзбен көр де , іштен біл» - деп басталатын Абайдың тағы бір өлеңін еске алыңызшы: онда да үнсіздік, тілсіз сезім, көзбен қарауы мен көруінен ғана бейнеленетін ішкі ғажайып құбылыс меңзеледі.

Үшінші: Бізде «көзімнің қарасы» деген сөзбен мәндес (синоним) басқа сөздер де жетерлік. Мысалға: «Телміру», «Қадалу», «Сұқтану», деген сөздерді алайық. Абай осы өлеңінде бұл сөздерге жуымады. Тек «қарау» мен «көруді» ғана таңдады. Егер,  «телміру», «қадалу», «сұқтануларды», қолданса ол осы өлеңнің ұяң, жылы табиғатын бұзар еді. Өлеңдегі бірінші жақ - «Меннің» адамдық қасиетіне де, адал ынтызарлығына да кінәрат келтірер еді. Себебі, «сұқтану», «телмірулерде» әдепсіз құмартқан пиғыл, обыр көңілдің араны бейне береді. Ақынның бұл сөздерге жоламағаны сонан.

«Тереңдеп қарайсың»

Телміріп тұрмайсың», - деп «меннің» көз алдындағы ғашығы да оған көз қиығымен қарап, «бек қатты сынайды».

«Телміріп тұрмайды».

Осыған ұқсас ХVIII - ғасырда жасаған әрі батыр, рі ақын, шабытты жырау Ақтанберді де бір жырында:

Жарлауға біткен жапырақ,

Жамылсақ тоңар ма екенбіз?

«Жазыққа біткен бүлдірген-

Сұқтансақ тойар ма екенбіз», - («Бес ғасыр жырлайды» екі томдық. 1-том 64-бет) деген еді. Ойыңды ғажайып мәнге тартар шыңырау жолдар ғой бұл. «Қарасақ  тояр ма екенбіз» демейді жырау. Бұл жерде «сұқтанудың» орнына «қарауды» қолданса қисыны келмес еді.

Зер салсаң, Абайдың «Көзімнің қарасы» мен Ақтанберді жыраудың мына жыр жолдарынан ортақ бір қасиет байқалады: «қараудан», «сұқтанудан», «телміруден» жан да, тән де тоймайды. Қайта, қараған сайын, сұқтанған сайын «жанқұмары» да, «тән құмары» да арта түседі, өршелене, өзеліне түседі. Ақтанберді жырында бүлдіргенге сұқтанған, қол ұстап жемеген. Абай шығармасындағы «мен» де «алақаныма түстің аяулым, құшағымдасың» демейді. Қарайды, құмартады, көреді, көңіл суарады мұндайды ақын мен жыраудың көңіл теңізінің түбінде түйлісуі деп ұқан жөн.

Төртінші: «Көзімнің қарасы» деген тіркестің біз айтып отырған мағынасын айқындауға осы көрнеу бейнеден туған «көзқарас» деген көмескі (австракты) пәлсапалық ұғымды да куәге тартуға жарайды. «  ол қандай көзқараста?», «өзіңдік көзқарасың болсын!» деген сөйлемдегі «көзқарас» пен Абайдың «Көзімнің қарасын» ептеп жанастыруға болады.

М. Әуезов «Көзімнің қарасын» Абайдың шын мәніндегі Европалық лирикалық деңгейдегі мәдинеті биік шығармаларынан тыс қалдырып бұл өлеңді ақынның «шығыстық» үлгідегі шығармаларының қатарына жатқызған еді.

М. Мырзахметов М. Әуезовтың осы пікіріне сөз жалғап: «Көзімнің қарасы» өлеңінде ғашықтық сезімді «Алланың рахметі» деп тануы, немесе, қыз бойындағы көз тұндырар сұлулықты « көрік - тәңірі дәулеті» деп ұғынудың арғы төркіні шығыс классиктері жырлаған ғазелдерден ауысқан белгі ретінде елес береді ( «Мұқтар Әуезов және абайтану проблемалары», 181 бет) дейдіде бірлі - екілі өлеңінде болмаса ақын шығармаларында бұл танымның тамырланып, шоғырланбағанын айтып, ақынға ара түскендей пиғыл аңғартады. Сол тұстағы(қызыл Кеңестік замандағы) сана - түсінікке өлеңдегі осы екі жол қазақы, мұсылмани сөздің мін сияқты көрінгенін әзірше түсінуге болар. Ал, 88 жолдық осынау әйгілі махаббат жырына 68-,69- екі жолында қолданылған сөздің «кесірінен», «европалық»    деңгейге бармаған «шығыстық» шығарма деген анықтама беріп дарияның арғы жағында қалдыру ақылға қиғаш келеді.

«Көзімнің қарасында» өлеңнің тұтас тұлғасы «меннің» ішкі сезіміне құрылатынын бағана «қарауына» байлай баяндап едік. Өлең де біз ешкімнің де айқайлаған дауысын естігеніміз жоқ. Бәрі де «меннің» көкейінде арпаласып жатқан арман, лапылдаған ынтызарлық сыртқа дым шығармаған бойда тынып қалып отырады.

Шығарманы тұтас бойымен ішкі дүниеге тоғытып, ішкі тартысқа құруды қайсы шығармашылық әдіске жатқызсақ екен?

Батыстың жаңаша жасампаздық ағымындағы сана мен жүйенің рөлін дәріптеп, адамның тіке түйсіктерін көркем әдебиеттің мақсұты есептейтін көзқарас (модернизм) «Көзімнің қарасы» сияқты шығарманың меңзеуінен туған жоқ па?

Франциялық Анри Бергсонның сөзімен айтқанда «Сана шығармаларындағы бізді қызықтырып, өзіне тартатыны - сыртқы дүниеден қолға түспейтін қандай бір түрлі терең тынысты көңіл - күй, немесе, ішкі жан дүниенің тартысы болмақ» (Бергсон 1857-1941жылдары жасаған. 1928- жылы Нобель сыйлығын алған, әдебиеттегі модерн шығармашылық ағымының көш басшыларының бірі).

«Көзімнің қарасындағы» ішкі дүниеге зер сала өзімізді «көкірегінде оты бар ойлы адам» (Абай) деп танып, ақынның көңілдік бұлынғыр әлеміне санамыздың сәулесін түсіре құнттап қарасақ, «Бұл сөзімнің суреті тұрар дайын» деп Абай өзі айтқандай үнсіз оймен қайраты қайыса арпалысып, сарғайған санасы көз қарасынан ғана саңлаулап, сабырға дес беріп үнсіз өтіп бара жатқан ақын кейіпкері көз алдыңда мәңгі қалып қояды.

Сөзіміздің сүбелі жағы «Көзімнің қарасы» деген өлеңнің бірінші жолына - өлеңнің аты болған тіркеске тән болғандықтан, осы сөзді жаңсақ ұғынуға не себеп болды дегенге жауап іздейік.

Әрине, бұған көп адамдар: «қарасы деген сөздің ауыспалы (омоним) мағынасынан туған жаңылыс» - деп кінәнің жартысын ақынға аудара жеп- жеңіл жауап қата салғысы келер.

Бұл - кісі қанағаттанарлық жауап емес.

Себебі: «Көзімнің қарасысың» деп қазақ айтпайды ғой. Ал «Көзімнің қарашығысың» - деп Абай атқаны тағы жоқ. Оның үстіне, бұл тіркес өлең жолдарының арасында емес, ең басқы жолы екенін ойла, өлеңнің аты да сол.

Абай өлеңнің ең басқы сөзіне селсоқ қарайтын кісі емес. Есесіне әр өлеңнің бастау сөзін өлеңдегі бар ойды бағынтар түп қазық етіп, шымыр алады. «Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек», немесе «Күлімсіреп аспан тұр», «алыстан сермеп» т.с.

Мысалы:  «Алыстан сермеп» деп басталатын, ой желегін әр шумақ сайын алысқа серпіп отыратын осынау екі жүз жолдық өлеңнің өзі бір көк жиегінен көз талған қойнаулы, сырлы алқап ғой.

Талайдан сөзге айналмай, көкейге шайқалған сұрапыл шабыттың белгісіз сезімдері жырға құйылар сәттегі алғашқы серке сөз ғой ол - өлеңнің бірінші жолы дегеніңіз. Оған көз кідіріп, көңіл тоқтатпай, «Әке-ау, бұл неге бұлай?» демей, жеңіл өте шықсақ, ол - оқушы болған өзіміздің кінәсіз, өзіміздің ұқыпсыздығымыз! Ол ғана емес, ең ақыры, Абай шығармасына болған түсініктің кемдігі.

Абай шығармалары ешқашанда ойға жеңіл болған емес. Абай «жеңілдік» туралы айтты - онда тек тілге жеңіл болуын ғана дәріптеді. Абай шығармаларының оңай жатталып қалатыны сол «тілге жеңіл» келгенінен; Көрер көзге оңай жазылғандай өз - өзінен қиысып, ұйқасып тұрғандай болғанынан. Көп адамдардың жаттап алып, шығарманың шын мәніндегі қасиетіне жетпей жүретіні, түсінбей жүргенін өздері де байқамайтыны Абай өлеңдеріндегі тілге жеңілдіктің қасиеті.

Біз сөз етіп отырған өлеңінің («Көзімнің қарасы») бірінші шумағындағы тыныс белгі Абай шығармалары қаншама қайта басылғанда да, дұрыстап қойылмаған қалпында келеді. Бұл да Абай шығармаларын зерттеушілердің осы сөздің мәнін дәп баспағанынан, немесе, Абай шығармаларына ден қоюымыздың жеткіліксіздігінен дерек береді.

Көзімнің қарасы,

Көңілімнің санасы,

Бітпейді іштегі

Ғашықтық жарасы. (Абай Құнанбаев шығармаларының екі томдық толық жинағы, І том Алматы, Қазақ КСР -інің «Ғылым» баспасы, 1977ж. 172-б).

Алдыңғы екі жолдың соңына қойылған үтірлер екі жолды бір -біріне қиыстырмай, жарыстырып қатар жіберген. Содан да бір шумақтағы төрт жол қисын таппай, дәл мағынасынан шеттеп тұр. Өлеңнің дәл мағынасын түсінуге ол да кесірін тигізген.

Заты осы шумақтың соңғы үш тармағы да алдыңғы жолдың (бейнесін) мәнін аша - айқындай түсудің қамында. Ендеше, біз тыныс белгіні былайша қояр едік (бәрі - бір, бұл да автордың өзі қойған тыныс белгі емес):

Көзімнің қарасы-

көнілімнің санасы:

бітпейді іштегі

ғашықтық жарасы.

(Бірінші жолдың соңына сызық, екінші жолдың соңына қос нүкте ).

Шығармасы үшін биік сыншы Абайдың өзі екеніне ешкім таласпас. Ендеше Абайдың «Көзімнің қарасына» ән шығарғаны, әрі оның айтақалсын тамаща әуен болғаны дүниеге мағұлым. Соның өзі Абайдың бұл өлеңді өзі өзгеше бағалағанын ұғындырады.

Абай өлеңдері - сұлулық әлемі өзі айтқандай тереңіне сәуле бойламас сана теңізі бейнелі. Оның әр өлеңі сол теңіздің әр тұсы. Кейі иірімді, кейі толқынды, кейі су асты маржандарын бүркеген сырлы - сырлы айдындар.

Абай өлеңдері әрқандай оқушының, не зертеушінің «Мен білеміне» келе бермейтін, талдауға таусылмас қазына.  ән тыңдау мәдинеті, Абай өлеңдеріндегі көркемдік қалқалаған ашу - ыза «Алтын шыққан жерді белден қаз» деп бұрынғылар айтқан сөзді ұстандырады. «Көк тұман» арасында әлде бір асылыңды, жоғыңды іздетеді. «Көзімнің қарасы» «батысша ма, әлде шығысша ма» деген сөзге тағы бір ойымызды көлденең тарталық.

1990 жылы Мексика ақынға Оттолие Пазға Нобель сыйлығын тапсырған салтанатты дастархан басында Швеция Нобель сыйлығы комитеті оның қысқа бір өлеңін оқып еді:

Мен көру мен тіл қатудың,

Тіл қату мен үнсіздіктің,

Үнсіздік пен қиялымның

Қиялым мен ұмытудың арасында

-         Өлең. (Қытайшасынан сөзбе сөз аударылды).

Өлеңнің монологі сияқтанған осынау бір шумақты бүгінгі дүние әдебиетінің тынысы дегенге дау болмас.

Абайдың «Көзімнің қарасының» тұтас қасиеті Паздың осы өлеңіндегі ойларға арғы  ғасырдан келіп тұтасып, жарыса кеткендей. Сіз ерінбей паздың осы бір шумағы мен «Көзімнің қарасының» бірінші шумағын қатар қойып көріңізші. Екеуі екі ғасырда, екі заманда жазылғанына қарамастан бір кісінің шығармасындай, бір деңгейлі сезімнің тізгінін ұстап қатар көсілген шумақтар.

Паздың шумағында өлең өзін көрудің, тіл қатудың, үнсіздіктің, қиялдың, ұмытудың арасындамын», деп ишарат етеді.

Ал, «Көзімнің қарасында» өлең қараудың, көрудің, қиялдың тіл қатуға жетпеген тұсынан ойға ұсталады.

Өзіңіз ойлаңыз....

Өлеңдегі сыртқы пішінді (форманы) болмаса, ой мен сезімді «батысша» мен «шығысшаға» бөлу бірер мақаланың қарымы көтерер жүк емес. Бұл жерде көңілге қиғаш келгені «шығысшаны» «батысшадан» төмен деңгейде қалдырып, «Көзімнің қарасын» шығысшаға қосқан жәй.

О. Сүлейменовтың «Айналайын» деген өлеңінде елеусіз оқыла кететін мына бір жолдарға көңіл бөлейікші.

Батыс болса-

Шығысыңның шығысы

Ал Азия-

Батысыңның батысы. («Атамекен» 162 - бет).

Ақын ғұлама Олжастың осынау жолдардағы сенше «Батыс» пен өзінше «батыстың» сенше «шығыс» пен өзінше «Азияның» орнын алмастыра сөйлесуі де үлкен мәнге ие дүние. Айтары жағынан біз талқыға салып отырған пікірге жанасып, ой қарамағын тереңге жіберген тарих қойнауынан тарта сөйлеген жолдар. Шығыс дегеніміз ақыл - сананың, адамдық сезінудің әлмисағы емес пе? Ендеше, «шығысшаға» шынайы үңілмей, шалқая қарау ақиқаттың, ардың тезіне түсер дүние болмақ. «Ою зерлі ақып тастың ішінен құж-құж жахұт ғасыр тастың ішінен сығалаған» (Олжас) шығыстың шыңырау шындық орнын өз санамыздан таба білу де ләзім.

Әлемдік дәрежеде өтетін Абай тойының қарсаңында «Көзімнің қарасы» қаншама тілге аударылған бойда өзінің асқақ әуенімен дүниенің жүзін бұрынғыдан ары тербелтті. Біз де өзімізді сол өлеңнің, сол сұлу жан тербелісінің иесіндей сезініп, рахатқа кенелдік.

«Көзімнің қарасын» өз мағынасында ұғынып, өлеңнің кейінгі шумақтарын әнге қосыңыз. Жиырма екі шумақ кемелді толғау ән үшін кең мол байлық. Қажетіңізше ой мен суреттің қисынына қарай ортасынан ойып алыңыз да әуеленіп әкетіңіз:

Көзімнің қарасы-

көңілімнің санасы:

бітпейді ішімде

ғашықтық жарасы.

....

«Абай-ақпарат»

0 пікір