Жұма, 19 Сәуір 2024
Жаңалықтар 32588 0 пікір 24 Қазан, 2011 сағат 07:14

Әбіш Кекілбаев. Ханша дария хикаясы

Өткенде әйгілі жазушы Мұхтар Мағауиннің «Шыңғыс хан» деректі хикаясын «Жұлдыз» журналынан алып, бере бастағанымыздан оқырман хабардар. Алайда, хикая порталымызда жарияланысымен Праға қаласында тұрып жатқан Мұхтар ағамыздан шығарманы беруді тоқтатсын деген хабар алдық. Мән-жайды білмек болып, телефон шалғанымызда «Шыңғыс хан» хикаясының «Абай.кз» порталында жалғасты жарық көруіне ықыласты емес екенін айтты.

Біздің мақсат - қазақ әдебиетінің қабырғалы қаламгерлерінің шығармасы елге жетсе деген ақ адал ниет еді.

Дегенмен, ұлттық әдебиетіміздің жауһар шығармаларын беруді жалғастыра беретін боламыз. Бұған дейін жазушы Төлен Әбдікұлының әңгімелері мен повестері оқырманға жол алған болатын. Енді міне, атақты қаламгер Әбіш Кекілбаевтің «Ханша дария хикаясын» назарларыңызға ұсынып отырмыз.

«Абай-ақпарат»

 

Бұл өзі әлде шындық, әлде өтірік, Ақиқатын білетін адамдарды Жіберген уақыт өзі көрге тығып.
Еркін Ібітанов.

... Шығыс Азиядағы бір өзенді қытайлар Хуанхэ -Сары өзен, тибеттіктер Мачу - Қызыл өзен, маңғұлдар Хара-Мұрэн - Қара өзен деп атайды. Ал енді оны Хатын-Гол - Ханша-дария десеңіз бәрі де түсіне қояды.
Неге олай?

Өткенде әйгілі жазушы Мұхтар Мағауиннің «Шыңғыс хан» деректі хикаясын «Жұлдыз» журналынан алып, бере бастағанымыздан оқырман хабардар. Алайда, хикая порталымызда жарияланысымен Праға қаласында тұрып жатқан Мұхтар ағамыздан шығарманы беруді тоқтатсын деген хабар алдық. Мән-жайды білмек болып, телефон шалғанымызда «Шыңғыс хан» хикаясының «Абай.кз» порталында жалғасты жарық көруіне ықыласты емес екенін айтты.

Біздің мақсат - қазақ әдебиетінің қабырғалы қаламгерлерінің шығармасы елге жетсе деген ақ адал ниет еді.

Дегенмен, ұлттық әдебиетіміздің жауһар шығармаларын беруді жалғастыра беретін боламыз. Бұған дейін жазушы Төлен Әбдікұлының әңгімелері мен повестері оқырманға жол алған болатын. Енді міне, атақты қаламгер Әбіш Кекілбаевтің «Ханша дария хикаясын» назарларыңызға ұсынып отырмыз.

«Абай-ақпарат»

 

Бұл өзі әлде шындық, әлде өтірік, Ақиқатын білетін адамдарды Жіберген уақыт өзі көрге тығып.
Еркін Ібітанов.

... Шығыс Азиядағы бір өзенді қытайлар Хуанхэ -Сары өзен, тибеттіктер Мачу - Қызыл өзен, маңғұлдар Хара-Мұрэн - Қара өзен деп атайды. Ал енді оны Хатын-Гол - Ханша-дария десеңіз бәрі де түсіне қояды.
Неге олай?

I

Күз таңының сұйқылт суық нұры шатырдың ішіне енді-енді жайыла бастағанда ол ұйқыдан оянды. Бүгінде таңертең төсектен тұрғанда таңдайынан дәмі кетпей тамсанып отыратын баяғы балқаймақ ұйқы жоғалған. Жан-жағындағы сатыр-сүтыр ат дүсірін де естімей, ердің басына қамшыңды тіреп, маңдайыңды соған қойып, сәл мызғысаң, қыз қойнынан өргендей көңілің бүрлеп сала беретін қунақылық та ұмыт болыпты.

Күнде жатарда жеті кісіге қаратып, жеті әйелге қайта салдыратын құс мамық төсекке алғаш жатқанда, әлгі ауыздарының суы құрып, айта беретін пейіштерінің де тап осыдан артықтығы шамалы шығар деп ойлайтын. Қазір суық тиеді. Сол қомағай жібектің мұз боп қарығанынан құдды бір суық жердің қойнына кіріп жатқандай тұла бойы түршігіп, біразға дейін көз іліндіре алмайды. Онсыз да ерғашты көңілі бетімен лағып, әр нәрсені бір ойлап, зорға ұйықтайды.
Кәрі жүрек көп қуана бермейді. Бірақ әр күн сайын таңертең төсегінен тағы да тірі өргенін көргенде қалай да көңілденеді. Қызметшілерін шақырмай тұрып, ешкім жоқта тамыр-тамырының бәрі андап-андап тұрған тарамыс қолын бүгін көріп отырғандай тесіле қарап шығады; асыл жүзік салынған он саусағын түнде ұйықтап жатқанда біреу қырқып әкеткен жоқ па деген кісіше, өрқайсысын жеке-жеке салалап көреді.

Бұл асыл жүзіктің әрбіреуінің өз тарихы бар. Мынау ақ маралдың қарға тамған қанындай нарт лағыл Бұқараны шапқанда түсті. Ол кезде қазіргісінен әлдеқайда жас еді. Сардиған сар даланың төсінде көң қотырдай қоңырайып көрінетін қара құрым шаһарлар көзіне шалынса болды, қалың тұмендер суға шапқан киіктей жөңкіліп, лап қоятын.

Аппақ шаң аспанды лайлап, жерді ойып жіберетіндей қалың дүсір құлағына шалынғанда, делебесі қозып, тыпыршып, ауыздығымен алысып кететін шағыр атының дікектеген басын еркіне жібере жаздап, зорға шыдап отыратын. Бір жағы - Жейхунның жойқын лайы, бір жағы - білем-білем құм шағылдың ортасында алапес тигендей оқшау көзге ұрып тұрған әлеміш шаһардың қамалын бұзып, ішіне кірген соң, көк күмбез мешіттің табалдырығына қарғып шығып, соңындағы қолына айқай салған-ды.
- Шалғынды шауып алдық, енді аттарды еркіне жіберіңдер!

Сол-ақ екен манадан бері жау жағаласпен жүрген көк найзалар үй-үйдің сығырайған шайтан көз әйнектерін түртіп, гүрзілер есік бұзды; қайқы қылыштар бала-шағаның, қатын-қалаштың, кәрі-құртаңның желкесіне төнді. Қынаптан суырғанында оқ жыландай ысқырынатын жылмаң қылыштың зәрлі ысылын сыбызғының сазынан бетер құныға тыңдайтын сарқаптал, қанды балақ, құзғын көз, қырғи жүрек сарбазға жаутаңдаған жанарлар мен кемсеңдеген иектерді, дірілдеген қолдар мен дірдектеген сирақтарды көргеннен артық ләззат болушы ма еді? Қан жұқпаған қанжардан не пәтуа, қан жұтпаған еркектен не пәтуа, қаймықтырмаған қаһардан не пәтуа!

Әлгі, әншейін, жердің бетін көл-жоса қып көміп кеткен қара қан - жеңістің айғағы емес; жеңістің айғағы - жылты қашқан көздер мен сұрқы қашқан сөздер. Дұшпанның һарам қанына белшеден жүзсең де ол мүсәпір болған жауыңның жаутаңдаған көзінен ытқып шыққан бір тамшы ыстық жасты өз көзіңмен көргеніңдей болмайды.
Бұның қай соғыстың соңынан да, қолға түскен тұтқындарды өзі жүріп, тінтіп шығатыны да сондықтан. Қашан жоса-жоса боп аққан көз жасын көргенше, екі қолы артына байланған тұтқындарды әкелдіре береді, әкелдіре береді. Көз жасын көргенде барып, мынау үнсіз тергеуін оқыс тыяды. Алда-жалда ешкімнің көзінен жас көрмесе, шаһардан да сау тамдық жұрнақ қалмайды. Шабылған елге шабынған ер емес, мөлтеңдеген көз жасы ғана араша болмақ.
Бұқараны шапқан күні кешке қарай, қол басылар бұның шатырына талауға түскен шаһардың талай қызын саудагердің керуеніндей көзінен тізіп алып келді. Шаһар әкімінің қатыны бұл отырған сары ала шатырдың босағасынан басын имей аттады. Екі босағада тұрған екі жасауыл төкаппар қатынның аспандай қараған асқақ басына қылыш апара бергенде, бұл ымдады. Екі жасауыл әйелді қақ алдына әкеліп, жер тізерлетті. Зиялы қауымның ортасында жарық жұлдыздай жарқырап қалған асқақ әйел бұны қорашсынды ма, әлде ерінің намысы мен елінің аруағын сыйлағаны ма, - әйтеуір басын имей мелшиіп отырып алды. Екі жасауылдың күштеп жер тізерлеткенін, бұл оның бас игені емес екенін көрсеткісі келген болу керек, көкке қарап, қолын жайып, ернін жыбырлатып дұға оқиды; сонда әлгі тізе бүккені аллаға ақырғы мінажат қылғаны болып шықты. Қайсар әйелдің амалсыз жерде айла тауып кеткеніне бұл іштей сүйсініп отыр, әйел аппақ қолын жүзіне апара бергенде, сүйріктей саусағынан қызыл шоқтай лағыл жүзік жарқ етті; ол біраз уақыт көзін жұмып, ернін күбірлетіп, екі қолын бетінен енді ала бергенде, жасауылдарға ишара қылды.
Көк желкеден төнген қайқы қылыш сүйріктей-сүйріктей он саусақты қу жүзгеннің шырпысындай қыршып түсті. Тәкаппар әйелдің қайқы еріндері оқыс жымқырылып, мәрмәрдай аппақ жүзі ду ете қалды. Тостағандай-тостағандай екі көзінен секіріп шыққан екі тамшы етегіне домалады. Әйел қайтадан қу шүберектей боп өңі қуарып, сазарып алды.

Жарты әлемді қау шөптей жапырған бұның алдында да айылын жимаған қайсар қатынның лағыл жүзігі содан бері бұның қолында. Жеңіс бермеген әйел өрлігінің ескерткішіндей ескі көз.

Ал енді мына біреу - Отырарды алғанда, ойда жоқ жерде көк желкесінен тап беріп, басын балтамен шауып түсіре жаздаған кәрі ұстаның өңін от алып күңгірт тартқан сіркелі күміс сақинасы. Анау - Самарқанның аспанмен арбасқан сайқал мешітін шапқанда, михрабта мінажат қылған қалпын бұзбай отыра берген діндар мұсылманның меруерт сақинасы. Сұқ қолындағы Қап тауында бұның көзі түскенін байқап қап, сұр мойнақ арғымақ атының кеңірдегін бір-ақ орған ерегіспе ер жігіттің шынашағынан алынған үр тас. Бұл өз алдына келгенде қаймықпаған адамның қай-қайсысының да жүзік-сақинасын кесіп алып тағып жүр. Адамдар неткен көзсіз, неткен өжет. Тап бұдан айбынбайтын адам шанда-шанда бір жолығар деп ойлап еді, ондайлардың тек сақина-жүзіктерінің өзі бірнеше керуенге жүк болды. Бұл өрлік пен ерлік түгілі мешкейлікті де, дүние қоңыздықты да жеңе алмады. Термездің базарында бір саудагердің бұны көргенде жалма-жан саусағынан жүзігін шешіп алып, жұтып жібергені бар. Бұл қасындағы сарбазға тап сол бойда мүнша дүниеқоңыз саудагердің ішін жарғызып, жүзікті таптыртып алды. Мына біреу күлгін жақұт сол.
Бұның әскері өткен жерде неше мың адамның саусағы қырқылды! Сол бір топар қолдардың ұзын-ырғасы қанша болғанын жүзік артқан түйелердің санына қарап санайды. Осынша жанықас топар қолдардың дәл қазір бұған жеңгізбегені рас. Бірақ бұл артынан әскеріне қолы топар кісі көрсеңдер, әйел болса - қарынын жарып, жатырын алып тастаңдар, еркек болса - ұстап алып, ақта қылып жіберіңдер деп жарлық шашты. Бас имеген топар қолдардың тұқымы өздерімен құриды.

Бұл салған ойран-бұліктердің тұсында тек басын баққандардың ғана қол-аяғы сау қалады. Басын баққандар тек басын бағатындарды туады. Сөйтіп, бұдан былай дүниеде тек басын бағатындар ғана өмір сүреді. Басын бағатындардың мойын-омыртқа сүйегі осал болады. Сосын бұл, бұның анау Шағатай, Үгедей, Жошылары, олардың жер бетінің түкпір-түкпірінде өсіп-өрбитін шашыранды тұқымдары өңшең құрттаған шыбыштың құйрығындай шыбындаған бастарды ғана көреді. Шыбындаған бастар маңайында не болып, не қойып жатқанын жөнді көре алмайды. Олар сөйтіп тек бастан ғана емес, көзден де айрылады. Бұның тұқымына бас пен көздің қажеті шамалы, жабырлайтын аяқ пен қимылдайтын қол табылса болғаны.

Ол он саусағындағы сақиналардың аман-есен орындарында тұрғанын көрген сайын көңілденіп сала береді.
Бүгін бір түс көрді. Түсінде енеден туғандай тыр жалаңаш, қардай аппақ еті бар, ай десе аузы, күн десе көзі бар бір сұлу мойнына оратылып, құшып жүр. Түсінде көңілденгендіктен бе ұйқыдан да жадырап оянды. Мынау шаршы дүниенің төрт бұрышының сұлулары түгел бас қосқан гаремінің есігіне бас сұқпағанына да біраз болып барады. Қартаяйын дегені ме, солардың көбінің аты-жөнін ұмытып та қалыпты. Соңғы кезде алыс жорықтан жүріс өтіп кетіп, сыр алдырып алмайын деп, ешқайсысын қасына шақыр-тпаған-ды; түсінде жалаңаш сұлу көріп жүргеніне қарағанда, шамасы, әлі де бір түндік қауқары болғаны ғой.
Ол Касар мергенді шақыртып түсін жорытып алайын деп бір оңтайланды да, сосын өмір шіркіннің өзі де көрген түстей емес пе, қай түсіңе нанарсың деп тағы ойлады. Баяғыда қуғын көріп, ел асып, жер асып жүргенде бір қуыста ұйықтап жатып, түсінде айдалада қурап қалған өз қаңқасына құзғын қонып отырғанын көріп, шошып оянғаны бар. Бірақ арада ай өтпей жатып, ақ киізге көтеріп, хан сайланды.
Қоңырауын шылдыратып, есік алдындағы жаса-уылды шақырды. Оның әкелген киімі мұп-мұздай екен.

  1. Бұнысы қалай? - деп сұрады.
  2. Бүгін түнде қар жауды, - деді жасауыл.

Ойына жыл сайын қан сонарда қасына Касар мергенді ертіп, аңға шығатын әдеті түсті.

 

II

Аңға шыққанда қашан да Касар мергенді бір елі жырақ жібермей, қасында ұстайды. Мергендердің жақын жүргенінен алыс жүргені қауіпті, мерген еместердің алыс жүргенінен жақын жүргені қауіпті.

Жатаған болса да, жауырыны қалақтай шағыр атының осы көлдария көшелілігін үнатады, Көшелі аттың үсті өз үйіңнің төріндей; түрқы келте ат мінсең, құрдым құздың ернегінде тұрғандайсың.

Бүгін күн тіпті тамаша екен. Алыс қырандар ала балақтау, ойға қар тегіс түсіпті. Көзіңді көлегей-легенімен дүниенің бәрін жұмсартып, балбыратып жіберетін іркілдек сүт тұман төңіректі түгел перделеп, кілкіп түр. Қос ат сол енді ұйып келе жатқан сүт кілегейді кеуделеп жыртып, жымысқы жықпылы көп жермешел таудың қойнауына енді. Қасындағы нөкерін аңды үркітпеске, тынышын бұзбасқа, тек алыстан бас-көз боп жүруге, кейінірекке тастап кеткен.
Қасар мерген бұның ел-жұрттан безіп, тау мен тасты паналап жүргенде қасына ерткен жолдасы еді. Онда мерген бұдан қаймықпайтын. Елсіз тауда екеуінен басқа жан жоқ болған соң, бір-бірімен емін-еркін сөйлесе беретін. Әккі аңшы ұлы билеушіге талай-талай атып алған киігін тасытып, тезегін қалатып, тамағын пісірткен-ді. Артынан өзі хан болып сайланған соң, ол алыс тауда жападан-жалғыз жүретін аңшы досын қасына алдырды.

Касар мерген сары ала шатырдың ішіне кіріп келгенде, қақ төрде шалжиып отырған бұны көріп, екі қолын бірдей созып, ентелей ұмтылды; кірген беттен сампылдап сөйлеп, саңқылдап күлді. Шатыр ішіндегілер: «Апырау, мына неменің есі дұрыс па?» - дегендей, көздерінің аласымен қарап, айран-асыр болды.
Арада екі-үш күн өтпей жатып, аңшы досы шатырға тағы келді.
-  Сый-сыяпатыңа тәңірі разы болсын, тауыма
қайтам, - деді.

  1. Тауыңда нең қалып еді? - деп сұрады бұл.
  2. Әй, билеушім-ай, сен нені білейін деп едің. Жақпар тастың арасынан шалқи соққан желде қу тезектің түтінін иіскеп отырып, терлеп-тепшіп ішетін арқардың күйік дәм сорпасын сағындым, жамбасымды қыз-қыз қайнатып, қыдықтап жататын аю терісі бөстегімді сағындым, екі аяқты отқа қалап, емін-еркін қақырынып-түкірініп отыратын қара лашығымды сағындым, - деді.

Сонда бұл қарқылдап күлген-ді. Касар мерген бұртиып, ләм-мим деместен сырт айналып шығып кетті. Бұл сары ала шатырдың есігін жұлқып ашып шығып бара жатқан досының артынан көзінен жас аққанша, ішін басып күле берді, күле берді. Сонда шатырында отырған өңшең игі жақсылардың бұлардың қайсысының есі ауысқан дегендей, екеуіне алма-кезек жалтаң-жалтаң қарасқаны әлі есінде.

Бір күндері сусылдаған сары жібек шатырдың ішінде қараптан-қарап отырып өзі пұшайман болды. Қаншама үлде мен бұлдеге оранса да, омырауына төскейдің қоңыр салқыны тимеген соң, үсті-басы ду-ду қышитынды шығарды. Ондайда жалма-жан саусақтарын көкірегіне көсіп-көсіп жібергелі қолын көтеріп алған бойы, көздері бір өзіне қадалған шонжарлар есіне түсіп, көсе иегіне үрке біткен екі-үш жирен түкті қышыр-қышыр үйкелеп, қолын кері тартып әкететін-ді. Күні бойы бұл шатыр толы шонжарларды аңдиды, олар бәрі жабылып бұны аңдиды. Тақтың тауқыметін сонда аңғарды. Касар мергеннің тауға неге қайтқысы келгенін де сонда түсінді. Қасындағы мызылып-сызылғандар әбден мезі қып бітті. Қажет десе қалжыңдасып ішек-сілесі қатқанша күле де алмайды. Бұл әншейін езу жиырса, олар шетінен күлімдеп қоя береді, ал енді жазатайым қарқылдап күле қалса, көздері тас төбелеріне шығып кетеді. О жазғандар езулері желімделіп қалғандай тек жымиғанды ғана біледі.
Ондай ерігіп кеткен сәттерінде бұл атын алдырып, тұмендерді аралауға шығады. Әскерін аралап жүргенде, тұмен басыларының шатырына түспей, шолғыншылар қосы тұратын қарауыл төбенің басына барып ұйықтайды.

Қарауыл төбені шырқ айнала түнгі аспанның жұлдыздарындай әскер қостарының оттары құжы-найды; төбеде - жер қайысқан қалың қолдың ығы-жығы қостарының отындай жұлдыздар самсайды; біреулері әлі маздап тұрса, енді біреулері жер ошақта қалған қозадай солғын бозарады. Баурайда аттар пысқырады. Қостардың басындағы сан қилы сөздер, сан түрлі дауыстар араласқан алашабыр жабыр-жұбыр әңгімені қырдың түнгі самалы біресе қағып әкеліп құлағыңның түбінен самбырлатса, біресе талықсытып, түу-түу алысқа, шалғайға алып қашады. Ара-тұра жел жақта жайылып жүрген жылқылардың мұрын жарар күлімсі иісі мұңк ете қалады. Ащы тер, қажымас қайрат, алыс жорықтардағы сан қилы жолдардың шаңы, сан қилы шөптің нәрі ию-қию араласқан сол бір иіс - мынау маужыраған бейқам түнді серпілтіп кететіндей сергектіктің, сақтықтың, бұл маңай қанша жайлы, қанша рақат болса да, ертең тағы жорық барын, алда талай азапты кешу, арпалыс тұрғанын сездіріп, бір түрлі айбындырып тастайтын қатыгез рухтың қаһарлы сесіндей.

Аспан мен жердің ара-шегі жойылып, төңіректегі тұтасқан қалың мұнар мен жымыңдасқан оттарды көргенде ол жер басып тұрғанын ұмытып, сонау көз ұшында еміс-еміс жымыңдасқан жұлдыздардың ортасындағы хақ тәңірдің өзіне айналып кеткендей сезінеді. Сонау төбесіндегі, мынау іргесіндегі жыбыр-жыбыр көп от бұған тауап етіп жатқан көп ғаріптің жалбарыныш шырағындай; оларды осылай моншақтай тізіп маздататын да, бір үпіріп өшіріп тастайтын да құдірет тек өзі сияқты.
Осылай аспан мен жердің арасына сыймай, кеудесін кернеп, алып-ұшып бара жатқан желкілдек көңілін су сепкендей баса қоятын да әлгі бір келте самалға ілесіп мұңк ете қалатын күлімсі сілті иіс. Ол иіс бұның танауына мынау көкірегіңді, кеудеңді шайып жатқан саумал ауадан бетер жағады. Ат қосшыларын шақырып, төбенің басына ақ шаңқан киіз жайғызып, төсек салдырады, жел жағына өзінің ер-тұрманын қойғызады. Төсегін шыр айналдыра жылқының қылынан жаңа есілген қыл арқан тастайды. Жылқының тер иісі мен қылтанақ қылынан қашпайтын мақұлық жоқ көрінеді. Қараңғы түнде үрей тудыратын ібіліс-пәлекеттер де айғыр жылқының ащы тер иісіне жуйи алмайды деседі. Бұл осындай қара түнде қапысын тауып кете ме деп қауіптенетін оқыс пәлекеттерінен жылқының күлімсі иісімен қорғанады да, жұмыр бастылар тарапынан келетін қатерден шыр айнала қоршап алып, таң атқанша кірпіктерін бір ілмейтін қырық жасауылы қорғайды, ал алда-жалда олардан келер пәле болса, оны әрі құралайды көзінен ататын мерген, әрі қараңғы түнде құмырсқаның жорғалағанына дейін сезе қоятын саққұлақ аңшы Касар досы бір өзі көріп алады.
Бұл қанша қаннен-қаперсіз ұйықтап жатса да, таң сібірлесе болды, біреу түртіп оятқандай төсегінен атып тұрады. Қалың қос тегіс оянып болғанда, ол ат үстінде жүреді. Қапелімде оның қайда түнеп шыққанын да өз нөкерінен басқа ешкім білмей қалады.

Әскерді аралай берсе, тіпті де шаршамайтын түрі бар. Бірақ қайта-қайта қостарына соғып, қайта-қайта табақтас бола берсем, қауқылдасқан қалың қолды бойыма үйретіп алам ба деп қорқады. Тіпті тұмен басылардың да шатырына отырып жарымайды; қона қасы әзірлеп қалбаңдасып қалған талай қосқа тоқтамады да. Әскер басыларын өз шатырына аз жинайды. Көбіне біріндеп шақырып, жеке мәслихаттасады. Түмен басыларын айда-жылда болмаса, көбіне-көп бір-бірімен кезіктіре бермейді.
Өз шатырында болатын ұлықтарға да барынша іш алдыртпауға тырысады. Бұның мінез-құлқына бой үйретіп, сыралғы болып алғанын байқаса, дереу шатырдан аластаудың қамын ойлайды. Шатырдан аласталғандар содан қайтып бұның көзіне түспейді. Сондықтан да шығар, бұның шатырында қызмет атқаруға жұрттың тап онша құлқыны құри қоймайтын тәрізді.

Дүниеде билеуші атаулы бет-ажары келіскенмен, денесінде тыртығы бар сұлу әйелмен бірдей ғой. Әлгіндей әйел сыртынан алдына келген еркектің құлқынын құртып, құмартқызып отырғанмен, ішінен әлем-жәлем боп, қорынумен болады. Сұлулығыма табынған еркек денемдегі мінімді біліп қоймаса екен деп қуыстанады. Өйткені, әлгі міні әйгілі болған күні сұлу аты да құриды. Билеушілер де сыртымен ықтырып отырғанмен, ішінен сескенеді, бағыныштысын бойына дарытқысы келмейді. Ал сарай маңының сабылма-ларының да нәпсіқор еркектердей қашан барлық гәпті біліп болғанша өліп-өшетін ежелгі әдеті бар. Сондықтан да бұл бағыныштысының қасы мен қабағын алдымен өзі аңдиды; егер ол алда-жалда мұның бір сырына түсініп қалса, дереу көзін құртады. Әйтпесе, өзіне қауіп. Өйткені билеушінің тағдыры да сұлу әйелдің тағды-рындай. Қай күні жұрт оның ісі мен қылығына таңданудан қалса, сол күні оның да дәуренінің өткені.

Ол талайларды тамсантумен келеді. Әуелі өзімен қырғи қабақ болған ағайындарын алдап таңырқатты; олардың ауыздарын алып алған соң, дереу бастарын жалмап таңырқатты. Сосын біреуді орынсыз мадақтап, біреуді жазықсыз жазалап таңырқатты. Ол үшін істегенін жұрттың мақұлдаған-мақұлдамағаны бәрібір, әйтеуір таңырқаса, таңданса болды. Қайта оған сол жұрттың құптағанынан гөрі ұқпағаны керегірек. Ол шатырына ойындағысын айтпай танып отыратын сұңғылаларды жуытпайды, не істесе де таң-тамаша қалып отыратын жұмыр түйсік, маубастау адамдарға көбірек үйір. Қасынан Касар мергенді тастамайтынының да бір себебі сол. Касар мерген құм үстінде құмырсқа жорғалап келе жатқанын сыбысынан біле қоятын аңшыл, бірақ жұрттың не ойлап, не қоятынында атымен жұмысы жоқ. Оның үстіне хан отырған сары ала шатырдан гөрі қасқыр мен сілеусін қаптаған құз-қия шатқалдарға құмар. Ол өзгелерді сәл нәрсе үшін жер қаптырып жататын қатыгез ханның өзіне елден ала бөтен неге қаны қата қалғанына қашан да қайран. Касар мергеннің осы күнге дейін жыланды тірілей жұтып, шоқ шайнайтын тибет көз баушысы Эрен мен өз әміршісінің осы мінезіне түсіне алмай таңырқаумен өмірі өтіп барады. Әлгі бір ұлы әміршінің басқан ізін жырга қосып, дастан қылып отыратын ақындардың өлеңдері оған әуелі әншейін жел буаз сөз сияқты көрінетін еді, қазір оларға да ынт-шынтымен үйитын болды.

Мінекей, Касар мерген қасында, төңірегіне құлақ түріп, тың тыңдап келеді. Түнде қар жауған соң, бұйығып қалған аңдар әзір бой сергіте қоймаған. Андау-андау араны көп қара шатқалға енді жетті. Жақпар тасқа өрмелей өскен қарағай мен самырсынды қар кеміп алыпты. Сәл лып еткен лептен сүмелек қар сусып төгіледі. Қан сонардың мамық мұнары да сейілмепті. Күн жылы. Екі ат шатқалдың шатқаяқ жолынан аяқтарын санап басады. Барған сайын бұлтарыс көбейіп, жол қиындай түсті.
Қапталдан тау өзені жолықты. Сайдың сонау тұңғиық табанында ұлпа қарды жидіте тіліп ағып жатқан қап-қара судан бу бұрқырайды. Сай бойындағы әлдебір тасқын желкелеп айдап әкеліп тастаған шомбал-шомбал қой тастар келте тонынан бөксесі көрінген алыптардай үсті ағарып, асты қарауытып, дөңкиіп-дөңкиіп жатыр. Анандай лепіре, лекілдеп аққан тентек ағынның қасында, жол бойында мертіккен аттай теңкиіп жатқан неткен ерсі. Өмір де осы бір ескі арнаның алдамшы ағынындай. Сонау қырық үйіріліп, бұрқырап-сарқырап жатқан ақ түтек су осыдан қай жерлерге дейін барады. Жауды жапырып, жөңкіген қолдай өңмеңдеп аға береді. Қай құздан бас алып, қанша жартасқа айбат шегіп, қанша қой тастың басынан қарғып өткенімен жұмысы жоқ. Осы бетімен лағып барып, шалқып жатқан шалқар айдынның құшағына еніп, із-түзсіз жоғала ма, жоқ жол-жөнекей құмға сіңіп құри ма - оны да ойламайды. Сыңайы, осы бәр-бәрімізді өңмендетіп қойған өмір шіркіннің өзі де, түптеп келгенде, тап осы ағын судай баянсыздық, сылдыр-сұйық патуасыздық шығар.

Ағын суға, әйтеуір, аққан мұрат болса, өмір шіркінге де, әйтеуір, өткен мұрат. Адам пақыр да ағын суда жан жағынан ықтырмалап, тықсыра қуған толқынның жойқын пәрменінен жаны кіріп, делебесі қозып, делбеңдей беретін қу жаңқа тәрізді ғой: о да басын тасқа ұрып, суға ұрып жөңки беретін көп нөпірдің ішіне бір түскен соң, алды-артына қарап жарымайды. Ол пақыр да мынау желкелеп қуған нөпір тірліктің баянсыздығын, өз қарекетінің пәтуасыздығын анау жағаға шығып қалған қой тастай сазға отырған күні бір-ақ біледі. Бірақ енді кері ағатын су, қайта бастайтын дәурен жоқ. Сол жеткен жерінде зорыққан нардай мәңгі-бақи шөккенің; сол арада су шаяды, жел қағады, тозасың, тозаңға айналасың. Бағзыда асқар таудың бір шыңынан үзіліп түскен жұмыр тас күйіңе қайта орала алмайсын: жолағанды кесіп кетер өткір пышақтай қырың болса, су шайып, жел жалап тегістейді, зіл батпан салмағың болса, бір күні күзді күнгі қаңбақтай қаңғалақтап қалғаныңды өзің де байқамайсың.
Пенде біткеннің бәрі де әлгіндей пенде екенін қашан бетінен әр, бойынан әл кеткенше біле бермейді. Баяғыда өзін ақ киізге көтеріп хан сайлаған пенделер талай әміршіден ауыздары күйсе де, мұның ертең не істейтінімен шаруасы болды ма? Жоқ. Тек бір-екі ру басы, олар да әншейін пенделікке басып, бұдан сырт айналып безіп кетті. Бұл сонда: «Пенде екенің рас болса, еміңнің не екенін мен де білемін», - деп қалған. Артынан басқа пенделерді аузына қаратқан күні, оларды соңынан қуып барып, ауылдарын шауып талапайға салып, қара қан жұтқызып қайтты.

Содан бері мынау аспан астының біраз жерін көзімен көрді. Талай әміршінің ақ ордасына атын сарытты. Соның бәрі бұның қаһарын асыра түсті. Бүгінде оның атын естігенде әзірейілдің атын естігендей шошынбайтын пенде кем де кем. Сұлу өзінің ажарын, батыр өзінің қайратын, шешен өзінің тілі мен жағын қандай қызықтаса, бұл да айбарын, қолындағы өктем билікті сондай қызықтайды. Сұлу өзінің үнағанынан, батыр өзінің жеңгенінен, шешен өзінің сөзінен қандай ләззат алса, бұл да ел біткенді бағындырып, жұрт біткенді қалтырататын қаһарынан сондай ләззат алады.

Ол осылай өзінің айбынын қызықтап, аспан астын түгел жаулап алам деп, ел асып-жер асып жүре берер де еді; сонау үнді мемлекетінің терістігінде бір шаһарды шапқан күні түс көрді. Көк күмбезді көп шаһарды шаңын қағып, шағып бітірген соң, қыран жапқандай той қылды. Тойдан кейін шатырында жатып, бастығырылды.
Айналасына алақ-жұлақ қарайды, тұла бойы қорға-сынмен қаптап қойғандай, қозғалтпайды. Шатырдың алдындағы жасауылдарды шақырайын десе, даусы шықпайды. Төсегіне, ту сыртынан желім құйып тастағандай тырп ете алмады. Бір уақытта сары ала атлас шатырдың ауызғы шымылдығы ақырын сусып көтерілді де, астынан әлдекім сып етіп ішке кірді. Тұла бойы түп-түгел қара. Бетін де қара пердемен көлегейлеп алыпты. Мысық табандап бұның төсегіне қарай жақындап келеді. Міне, екі-ақ адым жер қалды. Бейуақтағы бейсаубат қонақтың оң иығы қимыл-дағандай болды. Аяғының басына дейін малынып түсіп тұрған қап-қара киімінің өңірінен алмас қанжар жарқ етті. Бұның сол баяғы қыбырсыз қалпы. Бейсаубат адам қайта қозғалды; міне тұп-тура мұның қасына кеп тоқтады. Үңіліп бетіне қарады. Қолындағы алмас қанжарын баппен созып, көкірек тұсына тақай берді. Қағып жіберейін десе, қолы қимылдамайды. Ақ алмас жалаң-жалаң етеді. Манадан бері не болса да артын күтейін, әмірші басыма ар болатындай асығыс қылық жасамайын деп сабыр жиып жатқан санасы оқыс шайқалып, жан даусын шығарып, айқайлайын десе, үн оралмай, тек иегі ғана кемсең-кемсең етті. Дәл кеңірдегіне тіреліп тұрған суық қанжар мұп-мұздай боп омырауына сылқ құлады. Бейсаубат адам енді мысық табандап есікке беттеді. Атлас шымылдықтың бір шетінен ұстап тұрды да, артына бұрылды. Бетіндегі пердені тұрді. Өңі таныс тәрізді.

Осы бір өндіршегі сорайған, сығыр көз, сіңір сарыны қашан көрді, қайда көрді? Анау жез қияқ мұрты мен шошақ сақалын да күнде көріп жүрген жоқ па еді? Қой көзі садақ атып, нысана көздеп тұрғандай індете қарайды. Құдды бір жолбарыспен арбасқандай, жанарын жартылай жасырып, сығырайып түр. Дүниедегі ең айбарлы қарас осы. Алдыңа келген адамға осылай қарасаң зәре-құты ұшып қорықпағанмен, өзінен-өзі қуыстанып, қаралай діңкесі құриды. Оылай қарасаң, ешкім саған бой үйрете алмайды. Алдыңа келгенде амандық-саулық сұраспай, әуелі тап осылай бір тінтіп шықсаң, небір жүрегінде жүні бар деп жүрген ерлердің өзі арбалған торғайдай абдырап сала береді. Сосын абдыраған кісіге шынын айтқызу, әміріңді орындату бәрінен оңай. Сөзден бұрын көзбен тергеп алу мұның қашаннан бергі әдеті.
Бейсаубат адам енді, міне, бұның өзін тінтіп, тергеп-тексеріп түр. Арғы-бергіңді түгел көріп қойған-дай. Әне көкірек тұсы тағы қимылдады. Мұның жон арқасы қайта мұздап қоя берді. Тағы да қанжар шығарады екен деп қорқып еді, ол иығындағы малынған қара киімін шешіп тастап, шымылдыққа беттеді. Үстінде аю терісінен жасалған кеудешесі бар. Тани кетті. Мынау, апырау, өзі ғой. Баяғыда соңына шырақ алып түскен дұшпандарынан жасырынып, тау ішінде Касар мергенге еріп қашып-пысып жүргенде тап осындай еді ғой.

Кеудешесі бар адам атлас шымылдықтың шетін еппен тұрді де, сып беріп шығып кетті. Шымылдықтың алдында ұйықтап жатқан қара аюдай дөңкиіп киімі қалды.
Бұл не - өңі ме, түсі ме? Төсінде мұп-мұздай болып әлгі бір суық қанжар әлі жатыр. Сипалап көріп еді, қанжардың өзі жым-жылас жоқ, орны мұп-мұздай. Шошып оянды.
Ұйықтап жатып ағыл-тегіл жылапты. Мұп-мұздай көз жасы селдір шоқша сақалын түгел жуып, омырауын малшып тастапты. Басын көтеріп, есік жаққа қарады. Жібек перденің ар жағынан еміс-еміс түскен шырағданның сұйқылт нұрынан басқа ештеңе жоқ. Енді қайтып көзін жұма алмады. Таң атқанша бақырайып жатты да қойды. Таң атқасын түсін жорытқысы келді. Бірақ артынан бұны жұрт естісе, әміршінің көңіліне осалдық кіріп жүр екен деп сөз қыла ма деп, тірі жанға тісінен шығармасқа бекіді.
Сары ала таңнан тұрып, шабдар атына мініп, анадай жердегі шолғыншы төбеге шықты. Етекте тапалған төсектей мыж-мыж боп қираған қала жатыр. Көшелерінде қыбыр еткен ешкім жоқ. Ойрандалған қаланы қоршай қонған ауыр қол енді-енді ояна бастады. Әр жер-әр жерде керней тартылды. Жаздың таңы жарқырап атты. Тек бұның ғана бойы дел-сал.

Содан бастап түн ұйқысы бұзылды. Арқыраған аттар үні де, қалың қолдың ыза-қиқы қиқуы да бойын сергітпейді. Шатырына кіріп-шыққан сайын абдырап сала береді. Шымылдықтың алдында әлдене аяғынан тартып қалатындай тезірек өтіп кетуге асығады.
Көзден ұйқы қашса, көңілге ой үйір. Қыбыр-қыбыр тіршіліктің бәрі сілтідей тұнып, тыныс алған мынау жым-жырт түнде тек қатер мен қауіп қана ояу сияқты; шатырдың бұрыш-бұрышына тығылып алып, кірпігі қашан ілінер екен деп, көз жазбай бұны аңдып тұрғандай. Мынау селк етер дыбысы жоқ, аңылжыған дүние төбеңнен ерсілі-қарсылы оқ зуылдаған ұрыс даласынан өлдеқайда қорқынышты екен. Айқас даласында ауыр қолдың айқайы, кісінеген ат үні, қалың дүсір, ысқырған жебелер, ышқынған дауыстар мен ағыл-тегіл қан аруағыңды шақырып, делебеңді қоздырса, мынандай жым-жырт түнде аяқ астынан, шөп арасынан, арбаңдап шыға келетін сары шаяндай ойда жоқта сап ете қалатын жымысқы ойлар төбе құйқаңды шымырлатып, еңсеңді езе түседі.

Елден шыққалы біраз болыпты. Одан бері айтқаны болып, атқаны тиіп, қағанағы қарқ, сағанағы сарқ сайран салып келе жатқанымен, бұның өзін мысқалдап болдырта түсетін өлшеулі ғұмырдың алдамшы жылдарының бірталайын ада еткені есіне енді оралды. Жыл деген шіркін де аяр ажалдың мойнына салып қойып, шошытып алмайын деп, қатты жұлқымай, бір шетінен шым-шымдап өзіне тартып жататын әзәзіл жібек тұзағы ғой. Оны да тап осы күнге дейін ойлап көрмепті. Жарты әлемді тікесінен тік тұрғызған әмірші басымен ұйықтап жатып жылағанына қарағанда, мұның да иманы сескенетін болғаны. Пенде шіркіннің небір ессізі мен есерін де үрейлендіретін өлім мен көрілік бұны да түршіктіргені. Әуел баста көршілес сартаулы елін шабамын деп шығып ап, қалың қолдың қиқуына ілесіп, жеті шыған жер түбіне асып кетіпті. Қолдың алды бүгінде Әбескүннен әрі асып, арғы дүниенің шаңын қағып жатыр. Бұл болса сол мол қиқудың артынан тепеңдеп аса беріпті, аса беріпті. Сары ала шатыры төбесінде болғанмен, елі, жері артта қалды. Қыл тұзақпен буындырып зорға уыстап отырған жат ел, жат жерде қауіп пен қатердің қайдан келедісі бар ма! Бұдан арғы еңку-еңку жер шалып жөңкілген қолдың соңынан желкілдеп шаба бергенді жасы да көтермейді. Шаптым, алдым деп сыртынан көңіл тоғайтып жүрген кең байтақ қонысы артта қалды. Бұлар жөңкіліп мұнда жүргенде, онда не болып жатқанын кім біліпті... Ендігі жорықты үлдары мен баһадұрларына тастап, осы иемденген елі мен жерінің қызығын көруге шыққан жөн шығар. Бұлай шапқылай берсе, үңгірінен адасып қалған кәрі аюдай жат жерде неге тап болатынын қайдан біледі. Жас қартайып, әл тайып келе жатыр, мынандай сүргін жорықта бір күн болмаса бір күні соңындағы қолына сырын алдырып қоюы да мүмкін. Онан да тасы өрге домалап тұрғанда, сонау желкеден жау төніп тұрмайтын бостан өз еліне жетіп, ауыр қолды да, баһадұрларды да, ұлыс-ұлысқа ұлық қып тастап кететін үлдарын да алыстан айбарымен ықтырып, сары ала шатырдың төрінде шалжиып неге жатпайды!

Сол тартқаннан мол тартып, туған жердің топырағына аяқ басқанына да біраз болыпты. Алыс жорықтарда әбден ат соқты боп шаршағанын осында келген соң байқады. Енді бұрынғыдай емес, ат үстінен гөрі мамық төсекке бойы үйреніп барады. Сөйте тұра кей-кейде бұндай бейбіт дәуренінен де тіксініп қалады. Кеше жорықта жүргенде тілдессе тек қолбасшылармен тілдесіп, қайдағы бір қарлы қара тау шаруалар жайын кеңесуші еді, ондайда мәжілістестеріне басының озықтығын күнбе-күн көрсетіп, қалың әскерді соғыс сайын бір таңырқатып отыратын-ды. Енді, міне, ара-тұра алыс елдерден келетін елші-жаушы болмаса, салихалы мәжіліс те жоқ, ақыл жарыстырар, айбар таластырар мөжілістесі де жоқ. Кіріп-шығатындар - тек қызмет-шілер, айтылатын әңгіме - берілетін тағам мен салынатын төсектің жайы. Кешегі қатыгез әмірші бүгінде мамық төсекте масайраған шолжаң бала сияқты. Төңірегіндегілердің бәрі асты-үстіне түсіп, айтқанын жасап жүр. Қол астындағы халық сені басына бір шығарып алған соң қорқытпасаң таңданбайды. Әр істе тамсантып, таңырқатып отырмасаң, айбыныңнан айрыласың. Қорқытқанның жөні осы екен деп кіріп-шығып жүрген қызметшілерге оңды-солды бақырып-шақыра берсең, қазір қасың мен қабағыңды бағып, сілтідей тұнып отырған тыныш халқыңды күндердің күнінде сыртыңа шығарып алуың мүмкін. Туған жерге қайта оралып келуін келсе де, міне, қайдағы-жайдағы қырық қия қиялға түсіп, пұшайман боп жүр. Одан мынау аң қарай шыққан ермегі де сейілте алмады.

Түнде түсіне әйел кіргені несі екен? Не бар мақсатын тауысып, әйелден басқа ойлайтыны қалмаған кісінің, не бүкіл өмірін жын-ойнақтың соңында өткізген жел бас еркектің түсіне әйел кірсе керек еді. Сонда бұның бар арман, бар мақсаты таусылғаны ма?..
Соңынан қиқу шықты. Таң атқалы мүлгіп тұрған тыныш шатқал дүр етті. Манадан бері абайламапты, екі ат құзды өрнектеген қия жолдан шығып, шатқал түбіндегі шоқ-шоқ қарағай арасындағы шағын алаң-қайға енген екен. Мұның ту сырты дүсір етті де, қар көмген шыршаның түбінен ақ түбіт ту қоян атып шығып безе жөнелді. Артындағы нөкері бұл қапы қала ма деп қиқулап жатыр. Қорамсақтан бір оқ алды. Зәресі зәр түбіне кетіп, мәнсіз-мағынасыз шыбын жанын қайтсем аман алып қалам деп, безіп бара жатқан қол басындай қораш мақұлқат ақырғы рет бір қарғыды да, таңы қып-қызыл боп, анадай жерге ұшып түсті.
Касар мерген екеуі желе-жортып қасына жетіп барды. Түнде жауған мамық қар бетіне қан тамғанда қандай әдемі. Есіне түндегі түсі оралды.
- Осы дүниеде, сірә, денесі тап осы қан сонардың қарындай аппақ әйел баласы бар ма екен? - деді.
Касар мерген:
- Таңғұттардың Шидүрге деген бір бекзадасының Гүлбелжін деген өйелі қараңғы үйге кіріп барғанда, самаладай жарқырап кетеді дейді. Болса тек соның жүзі ғана осындай шығар, - деді шала-жансар қоянды тамағынан орып жатып.

-  Таңғұттардың дейсің бе...
Шыңғыс хан ойланып қалды.

Маңғұлдар Орта Азиядағы мұсылман халықтарын осылай атапты.

 

III

Одан бері де он жеті жылдың жүзі ауыпты. Сеңсең бөрік секілді сеңгір-сеңгір таулардың қап-қара тәнінен шымырлап шыққан қара өзеннің тіп-тіке терістікке бет түзеп, жолында тағы да тауға жолығып, шығысқа қарай күрт аунаған қойнауында мұның қалың қолы жатты. Тапал атты көп әскер күні-түні оңды-солды ойқастап, тапыр-түпыр шаба берген соң, қатқыл жер келінің түбіне түскендей күл-паршасы шықты. Екі жақтан орағыта қоршап, мұнартып тұратын қара таулар да, шалқи аққан тұнық сулы қара өзен де ақ шаңнан көрінбей қалды. Қоңыр күз келді. Шөп басына қырау түнеп, ызғар күшейді. Елден жаз ортасында шыққан сарбаздар дірдектеп тоңа бастады. Екі таудың аршасы аяусыз өртелді. Бірақ таңғұт астанасы маңына дарытпай қойды. Қала ішінен анда-санда бір көрініп кететін жансыздар басы Ан-Цюан әміршінің өзі болып, қала жұрты тегістей қамал басында жүр дейді. Қыш қорғанның маңына жоласаң болды, төбеңнен тас жауып, ыстық су мен қара май шашырап қоя береді. Үстінде қой терісінен басқа лыпасы жоқ маңғұл әскері қанша құмырсқадай қаптағанмен, шайтан шаһардың әлгіндей айла-шарғысына амалы таусылып, тайқып шыға келеді.
Қыс ызғары ширыққан соң Шыңғыс хан барлық тұмен басы, мың басыларды түгел шатырына шақырып, кеңес құрды. Әзәзіл қала әлі де берілмейтін болса, өзенді бөгеп, топан су қаптату керек деп пәтуаласты. Қалың әскермен төңіректен еріксіз айдалып келген босқын жұрт қара өзеннің ағынына қарсы тосқауыл салып, жолын бөгеді. Сеңгір таудан сел боп аққан қара өзен арнасынан аунақшып, қалаға қаптады. Үйлердің асты үңгіліп, гүрс-гүрс құлаумен болды. Адамдар илеуін сел алған құмырсқадай суға қалқып кетті. Әбден ісініп-кебінген өліктер лай судың бетінде бірімен-бірі соқтығысып жүр. Кеудесінде санаулы күндік жаны қалған пенделер құламаған үйлердің төбелеріне өрмелеп шығып, көрші шүршіт тайпалары көмекке келмес пе екен деп, түксиген-түксиген сеңгір таулардың түнеріңкі шатқал-дарынан көз алмайды. Екі көздері төрт болғанмен, көмекке келе жатқан ешкім көрінбеді... Сеңгір таулар селт етпестен жатып алды.

Енді үміт үзілді. Сондай бір аңылжыған ақырап түнінде аспанның түбі тесілгендей ағыл-тегіл ақ жауын құйып берді. Бұрынғы сел сел ме, шын топан енді қаптады. Бұған дейін сыр алдырмаған сәнді сарайлардың да бөксесі жалаңаштана бастады. Кеше ғана Тибет пен Терістік Қытайды қалтыратып-дірілдеткен бай елдің байтақ астанасы ішіне лай су құйған кетік тостағандай; араны ашылып алған жойқын селдің сар тегештей шаһардан сау-тамтық қалдырар түрі жоқ. Сосын мұндағы тірлік кең қойнауға төгінді судай быт-шыт шашырап, біржолата жоғалады.

Сол екі ортада, үй төбесінде тұрған таңғұттар маңғұл қостарының әлденеге абыр-сабыр болып жатқанын көздері шалып қалды.
Маңғұлдардың пәлен күннен бергі лепіріп тұрған көңілдері су сепкендей басылды. Жойқын сел олардың тұрғызған бөгетін бұзып-жарып, енді өздеріне беттеді. Сасқан маңғұлдар қостарын көшіріп те үлгерместен аттарына мініп, ел қайда, су қайда деп, бет-бетіне безе жөнелді.
Жауын сол күні түс ауа тыйылды. Кешке қарай маңғұлдар маңғұт ханына елші жіберді. Әбден ит-сілікпесі шығып, титықтаған ел тәуелді болуға көніп, Ан-Цюань қызын Шыңғыс ханға беретін болды. Үшінші әйелі Чахэ солай түскен-ді. Шыңғыс хан қала салып, қамал салып, қайдағы жайдағы айла-шарғының бәріне әбден жетіліп алған таңғұттарды, ең болмаса, кіндігінен шырмап, маңынан шығармас үшін Чахэні әйелдікке алды.
Бірақ бұл жекжаттықтың да дәурені ұзақ болмады. Арада сегіз жыл өткен соң, Шыңғыс хан таңғұттардың жаңа әміршісі Дэ Ванға: «Баяғыда оң қолыңыз боламыз деп уәде беріп едіңіздер. Одан бері сендерге ешқандай салмақ салып көрген жоқпын. Салмақ салатын жер енді келді. Іргемді түрткілеп тыншытпай отырған Сартаулы еліне жорыққа аттанбақпын, соған қол қосыңыз», - деп жаушы жіберді.
Сонда бұның елшісі сөзін бітірер-бітірместен, таңғұт бекзадасы Аша-Гамбу әміршісінің алдын кес-кестеп: «Шыңғыс ханға айта бар, әлі жетпейтін таяқты беліне қыстырып қайтеді, қауқарсызы бар, хан болған не теңі!» - депті.

Бұл оның таңғұттардан естимін деген жауабы ма еді! Жексұрын хабарды жеткізген елшінің сол күні түнде кезін құртты. Араға ай салды да, Сартаулы еліне жорыққа аттанды. Талай шаһарды қан сасытып, талай тақты белінен басып жүргенде бұл сөз есінен шығып та кетіп еді, сонау үнді елінде жүргенде, таңғұттар тағы бас көтере бастапты, көршілес тайпаларға бәріміз бірігіп, маңғұлдарды шабайық деп жаушы салып жатыр деген хабар жетті.
Туған еліне суыт оралуының тағы бір сыры осы. Бірақ ол сыры ешкімге тісінен шықпаған, баяғыдан бері бір жақ бүйрегінде бүк түсіп жатқан да қойған.
Елге оралған соң таудың ар жағындағы таңғұттарды таңғалтам деп, ешқайда табан серіппей тып-тыныш жатып алды. Жарты әлемді жамбасына бүктеп қайтқан әміршінің басынан сөз асырып, аш құлақтан-тыныш құлақ жатып алғанына таңғұттар әрине таң қалады. Шыңғыс хан таңғұттарды осы түсініксіз бейбітшілікке әбден ет үйретіп алған соң, ойда жоқ жерде тағы бір таңғалтпақшы болды.
Алдын ала байбаламды суханы сүймейді; не істесе де, құдды бір құдайдың өзі жіберген зұлматтай тосыннан, тұтқиылдан тап болып, ес жиғызбай есеңгіретіп тастағанды қалайды.
Түсіне Гүрбелжін арудың кіргені тағы бір тосын шаруаға меңзегені деп түсінді.
Шыңғыс хан таңғұттарға елші шаптырды.

«Бір кезде маған оң қол болам деп айтқан уағдаларың бойынша, іргеме ши жүгіртіп, мазамды ала берген Сартаулы еліне жорыққа аттанарымда сарбаз қос деп сөз салып ем, анттарыңды аттап, жасақ ертпегендерің былай тұрсын, айдай өлемге түгел мәшһүр болған атыма тіл тигізіп, балағаттауға дейін бардыңыздар. Ол кезде өзге шаруадан қолым босамаған соң, сенімен есептесуді кейінге қалдырып едім. Сартаулы жорығы бітті. Тәңірімнің бір өзі жар болғанының арқасында, Сартаулы халқын сара жолға салып еліме оралдым. Ал енді, бурхан , мен, міне, өзіңнен баяғы сөзіңнің нәтижесін сұрауға бел будым».
Осындай ызғарлы сәлеммен аттанған жаушыдан он бес күн бойы хабар болмайды. Он бес күннен соң елшісі өң жоқ, түс жоқ, сары ала шатырдың есігінен аттар-аттамаста, шарт жүгініп отыра кетті. Жаушы-сының өңін көріп, таңғұттың жасыл шапандыларының жауабы оң болмағанын түсіне қойды.
Шатырдың ішінде отырғандар жаушының әлденеге қаймығып отырғанын байқап, қозғалақтай бастап еді, бұның оң қолын көтеруі мұң екен, бәрі жым болды. Елшімен тілдескенде ешкімді куә қылмайтын бұның мына ишарасына айран-асыр боп, аңтарылып отырып қалды.
Жаушы жағын енді ашты.
«Шыңғыс ханның: «Дэ-Ван я баласын менің ордама кепілдікке жіберсін, я ат-тұрмандарын әзірлей берсін» деген талабын естігенде, таңғұт ордасы төбесінен жай түскендей болыпты. Бекзадалар жағы: «Тақсыр, бұл маңғұлдар да бір, тау мен тастың тағы аңы да бір. Олардың жым-жырт жатқанынан аранын ашып алдыңнан шапқаннан бетер қорқу керек. Мұрагеріңізді маңғұл ордасына жібермесеңіз, еліңіздің басына қара күннің туғаны», - деп бебеулей жөнелген екен, Дэ-Ван қалш-қалш етіп орынынан атып тұрыпты.
Жаңғыз баламды арыстанның аузына, зымыстанның түбіне жіберер жайым жоқ. Біз де ел емеспіз бе. Көрші-қолаңның да ыңғайы біз жақта, - депті де, елшіге бұрылыпты. - Ұлы әміршіге сәлем айт, ұлым мен тіріде өз ордамда болады».
Шыңғыс хан жымиып қойды. Елші сөзін қалт жібермей отырған орда маңы бір-біріне қарады. Шыңғыс хан жаушыны жанына шақырып алды да, басқаларға шыға беруге ишара жасады.
Аң-таң жұрт шатырдан шығып бара жатты.

 

IV

    1. Тақсыр, ойбай әлгі маңғұлдар Қара-Қаланы басып алыпты.
    2. Тақсыр, Сучжоудан жұрнақ қалмапты. Халқын түп-түгел қырып тастапты.
    3. Тақсыр, Лянчжоу жауға ұрыссыз беріліпті. Төсек тартып жатқан Дэ-Ванның үш күн бойы естігені тек осы. Жан-жақтан ат сабылтып жексұрын хабар жеткізген шабармандардың ешқайсысына ләм-мим тіл қатқан жоқ. Төртінші күні таңертең Ордостан екі өкпесін қолына алып, ентігіп кірген шабарман төр алдында өліп жатқан әміршісін көріп, аңырайып тұрып қалды.

V

Сағым шалып, көз ұшынан алдап-арбап тұратын сайқал Сэнің, таңғұттардың ақырғы астанасының жермен-жексені шықты. Біреуге үміт, біреуге үрей боп көрінген таңғұт елінің бақ-талайы өлік кеудесінен ұшқан жалпылдақ қарғадай бетімен лағып кетті.
Енді мынау ойран боп жатқан құл-қобыр ертеңдері қызыл төмпешікке айналады. Арғы күні жабағыдай ұйысып шөп басады. Саршұнақтардың інінен басқа тіршілік белгісі түгел құриды. Сосын не ел емес, не мола емес бұл қу төмпекке кімнің көзі түсе берер дейсің. Алыс жолдан шаршап-шалдығып келе жатқан жолаушы бағдар айырып алайын деп, басына шығып, атын отқа жіберіп, өзі таң атқалғы изең-изең жүрістен құрыстап қалған аяқ-қолын созып, қау шөптің үстіне құлай кетіп, бір сәт көз іліндіріп алар. Сонда тусырап жатқан тың топырақтың астындағы бір кездегі дуылдаған күлкі, сауық-сайран, қызыл кеңірдек айтыс, қыран-топан ұрыстар оның қаперіне де кіріп-шықпас. Ұйқысынан тұрып, керіліп-созылып, беймағұлым обаның, оның астындағы беймағұлым тарихтың тас төбесіне бір отырып, белін босатып, атына мініп, желе-жортып жүре берер.

Ал дәл қазір мұнда кешегі тірліктің ізі әлі өше қойған жоқ. Анау бір жығылған нардай болып, жеке-дара сұлап жатқан - таңғұт ордасының орны. Сарбаздардың қоржынындағы салдыр-күлдір - таңғұттардың күні кеше өлсе көрге өзімен бірге алып кетердей болып, қорғаштап жүрген дүниелері. Сонау қиыр далаға бет-бетімен безіп бара жатқан ит екеш иттер де олардың бетен екенін біліп, анадайдан тұра қашады; көзді ала беріп, қираған үйінділерге қайта келіп, кешегі жылы үйшігін, ас жалаған ит аяғын, күнде құйрығын бұлғаңдатып алдынан шығатын қожасын іздейді. Жер түбінде сыбыс болса шабалаңдап үріп, шыр айналып шапқылап, жаны қалмай торитын дуалын сағынады. Күні кеше соның бәрі оған осы орындарынан табжылмай мәңгі-бақи тұра-тындай көрінуші еді. Енді солардың бәрі быт-шыт. Әрқайсысы бір-бір қақпаны күзетіп, бастары қосыла, сирақ шайнасып, құлақ қыршысып таласатын күн де көзден бір-бір ұшты.
Анау қираған қамалдың іргесіндегі будақ-будақ түтіндерге, жалп-жалп етіп аспанды жалаған алау жалындарға жолай алмайды. Әзәзіл жел сол жақтан қара қазанның әбден ыс сіңген қақпағының, жылқы етінің тәтті иістерін айдап әкеледі. Мұрындары құрт жегендей жыбыршып бара жатса да, сол бір жүздері суық, бейтаныс адамдардың аяғына жығылып, етігін жалап, құйрығын бұлғаңдатып, сүйек-пүйек олжалауға жүректері дауаламайды. Шығанға шығынып кетіп, шөкелеп жатып алады да, көп сырына қаныға қоймаса да, сондай сүйкімді, сондай үйреншікті кешегі бір дәурендерін жоқтап, мынау әлі ештеңесіне түсініп болмаған атымен бейтаныс соны өмірді жатырқап, іштері дуылдап, жел жаққа тұмсықтарын түріп, баяғыдай сап-салқын ауаны сораптап жұтып, қаз қатар бірінен-бірі қалыспай, әбден дауыстары қарлыққанша, ішін тартып үлиды келіп.

Бейтаныс оттағы қазанның мүңкіген бу иісі, ығы-жығы қызыл төмпектің қан иісі ию-қию араласып, бастарын шауып, көздері қарауытады. Бірақ оған да қарамайды, ішегі үзіліп кеткенше үли береді. Босаға баққан ит шіркін ірге тыншыта үргеннен басқа, жамандық күні ұлығаннан басқа не бітіреді.
Сол үлитындары жақпай ма, әлде бұл өлкеде енді осыдан басқа істейтін шаруалары қалмаған ба, әйтеуір, тері тонды, тапал атты бейтаныс адамдар соңдарынан атпен қуып жүріп атып, қырып барады. Талайының қарынына садақтың оғы тиіп, ішегін шашып кетті. Қызыл төмпектің маңы ығы-жығы. Қираған дуалдардың түбінде жеңілген елдің құлы мен бекзадасы, иті мен адамы айқұшақ қауып жатыр.
...Жыл бойы алысқан астана ақыры құлады. Сэ шаһары берілгенше маңғұлдар таңғұт өлкесінің басқа жерін түгелдей бағындырып болды. Мынау қызыл төмпек өліскенше беріспеген өлкенің ақырғы аяқ серіпкен жері.

Былтыр анау ақ тақыр жонда алғаш айқасқанда таңғұттар тас қамалдан қалай-қалай паңданып шығып еді. Әуелі өне бойы жарқылдаған қалың атты қаптап кетті. Құдды бір ұрысқа емес, ұрын келе жатқандай қатар түзеп, кердең-кердең, бұлғаң-бұлғаң, сәнмен басады. Көлденеңі көшқұлаш сала мойын тұлпарларға тізесін соқтыра жабу жабылыпты. Ер-тұрманының өзі жылқыға емес, нар түйеге жүк болғандай. Ақ болат үзеңгілері аспандағы күннің өзімен қабақ қағысып, жалт та-жұлт. Осынау жерді ойып жіберетіндей алапат тұлпарларға құдды бір құрыштан соққандай, өне бойында темірден сау-тамтық жері жоқ, көк сауытты адамдар мініпті. Олардың қолындағы көк сүңгі тек маңғұлдарға ғана емес, барша жарық жалғанға түгел айбат шекендей. Самсаған қол тапал атты маңғұлдарды тапап өтетіндей салдырап-күлдіреп салып келеді. Түсінің өзі көкпеңбек, сылдырмақ-шылдырмағы әлдебір тажал тіс қайрап жатқандай, төбе құйқаңды шымырлатады. Қытай мен тибет әскерін бөрі тиген қотандай бөрліктіріп, бет-бетіне қашырып жүрген «темір қаршығалар» осы. Енді міне, өңшең өріске шыққан буыршындай маң-маң басып бұған қарсы қаптап келеді. Жер тітіренткен тұяқтарынан күллі дүние шайқал-ғандай.

Шыңғыс хан қанша елді алып, қанша қолды қырып жүрсе де, тап мынандай сән мен мынандай сұсты өмірі көрген емес. Өлімнің өзіне шекелей қараған мынау маңғаз дулығалылардың алдында бұның әскері жас тайға жайдақ шауып жүрген жалаңаш балалар тәрізді.

Көк дулығалылардың салдыр-күлдірі жақындай түсті. Қақ алдындағы қаз қатар тізілген қан күрең сауыттылар - қолбасшылары. Бастарындағы алтын айдар дулығалары жер түбінен күлімдеп, көзіңді ұялтады. Қан күрең сауыттың белінен буынған алтын кіселерінің зер шашағы тізелерін көміп, атан түйенің сан жүніндей желк-желк етеді. Олардан қозы-көш кейінгі күміс дулығалылар - мың басылары да, анау жып-жылтыр қара дулығалылар - жүз басылар. Қазір жеме-жемге жақындағанда осы алтын, күміс дулығалылар екі жарылып, қос қанатқа шығып бірте-бірте ауыр қолдың артына қарай аунап кетеді, мұздай темір құрсанған «темір қаршығалар» қасқайып ілгері шығады.
Ол тұмен басыларына белгі берді. Бұның шетінен атқа жеңіл, құбашап жеңіл қолы артынып-тартынған ауыр қолдың сол қанатына тосыннан лап қойды. Ауыр қол талтайып-талтайып тұра қалды. Құйғытып келіп киліге кеткен талай маңғұл сарбазы қармаққа іліккен шабақтай, таңғұттардың көк сүңгісінің ұшында тулап жүр. Тақымның астынан суырып алып сілтенген айбалталар да талайдың түбіне жетті, маңғұл сарбаздары шауып жеткен бойы ер үстінен қаңғалақ асып, ию-қию аттардың аяғының арасынан бір-ақ шығады. Бірақ сәнмен жыл-жып, сап түзеген ауыр әскер бұның бет алды, бей-берекет шабатын, ұрымталдан ұрынып, жалт бермесі көп тәсілқой сарбаздарының айла-шарғысына қапелімде түсіне алмай қалып, тазымен алысқан барақ иттей бет алды арам тер боп, көп күші босқа кетті. Бұның бұлтармасы көп жылмаң төс жауынгерлері тістене соғысқан «темір қаршығалардың» оңтайына ілікпей, қырық құбылып, ақыры бастарын шауып әкетіп жүр. Темір дулығалы бас күлдіреп-шылдырап жерге дүңк ете қалғанда, ерге байлап тастаған мұздай темір құрсанған ауыр дене сылқ құламай, ат үстінде тікесінен-тік отырып, алға өңмендеп барады. Ақ тақырдың үсті ию-қию. Сәскеге дейін «темір қаршығалар» атанған ауыр қолдың аламан-асыры шықты. Өңшең бастан айрылған құр денені арқалаған тоқпақ жалды тұлпарлар ештеңе көрмегендей тобын бұзбастан, қаз қатар тізіліп айдалаға маңып барады.
Қаланың қақпасы тағы ашылды. Енді екі өркеші баладай, шудалары желк-желк еткен қара буралар қаптап шыға келді. Сол-ақ екен аспаннан арсы-гүрсі тас жауып кетті. Қара бураларға ауыттап артқан тас атқыштар маңғұлдардың жалаңдап тұрған әскерін төмпештің астына алды. Жер түбінен ысқырынып, зулап жеткен қара тас ат үстінен бір-ақ қағып әкетеді. Әскер тырағайлап кері шегінді. Түйеден әлдеқайда жылдам атты әскер тас астынан бас сауғалап безіп шыққанда, қос қанаттан таңғұттардың жеңіл атты әскер қоршалаған жаяу әскері лап берді. Бұның ауыр қолмен айқасып, әбден ит сілікпесі шыққан атты әскері енді мына төмпешке беттей алмай бет-бетіне тырым-тырағай қаша жөнелді. Олардың қашқанына елігіп, соңдарынан салып беріп, таңғұт әскері де қырық бөлініп кетті. Соны күтіп тұрған маңғұлдың тосқауыл әскері аяқ астынан қаптағайлап ұрысқа шықты.

Шыңғыс хан таңғұттардың сілесін солай қатырды. Аты жер жарған таңғұт әскері екі күннің ішінде сүйегі жиюсыз жайрап қалды. Дэ-Ван өлген соң таққа отырған Шидүрге аман қалған аз ғана қолымен кері шегініп, қамалға кіріп бекінді.
Шидүргенің қанша қолдың қарасымен кері шегінге-нін жақсы білетін Шыңғыс хан онша күш шашпай, шаһарды шыр айнала қоршап жатып алды. Таңғұт-тардың тас қамалының сыртынан қатар-қатар шатырлар, киіз үйлер тігілді. Тас шаһардың тап іргесіне улыған-шулыған көп ауыл кеп қонды. Шыңғыс хан таңғұттарды әбден арам қатырғанша, тап осы арада тапжылмай отыра беруге бел буды. Шаһарға ұрыс салмады. Қанша күтсе де, шаһар ішінен ақ ту ұстап шауып шыққан бітімші елшілер бәрібір көрінбеді.

Осы бір мылқау егес жылға ұласты. Қала үсті құзғын қарғаға толды. Қанаттарын сабалап, адамдардың мына ісіне ішек-сілелері қатып күлгендей үсті-үстіне қарқылдап, құлақты ығыр қылды. Шыңғыс хан қарғалардың сол қағанағы қарқ, сағанағы сарқ тоқ үнінен шаһарды аштық жайлағанын айтпай-ақ біліп отырды.
Шидүрге сонда да тұяқ серппеді. Қыс өтті. Жаз шықты. Қала жұртының қамбасының ақи-тақи таусылатын уақыты болды. Қақпа бәрібір ашылмады. Шыңғыс хан да ерегісіп, қимыл көрсетпеді. Шаһар үстіндегі түтін күннен-күнге селдірей түсті. Қорғаннан еміс-еміс көрінетін бастар да сиреді. Жыл бойы қолы қышып, зорға тағат етіп келген қалың әскер бұдан арғыға шыдай алмай, қамалға лап қойды.
Шаһардың іші теңкиіп-теңкиіп жатқан өліктерден аяқ алып жүргісіз. Олар қорғанның ішіне сау етіп кіріп келгенде, қарқ-қарқ аспанға көтерілген қарғалардан көктің жүзі көрінбей кетті, бір сәт шаһардың іші аспанды бұлт төрлағаңдай бұлыңғыр тартты.
Төңіректен көмек келе ме деген үміті сарқылған Шидүрге қамалдың қараң қалғанына қуанған да жоқ, ренжіген де жоқ. Енді ол мынау әбден титықтатып бітірген масқара тірліктен біржола құтылатынына қуана-қуана пейіл болды. Сонысын білген Шыңыс хан Шидүргені үш күн бойы сарайына қамап, сыртқа шығармай, не өлтірмей, не тілдеспей пұшайман қып қойды.
Үш күн өткен соң жасауылдары жағы қуарып жүдеген Шидүргені алдарына салып айдап әкелді. Жасы отыздан енді-енді асқан, нағыз дер шағындағы әміршінің тек салдырап сүйегі ғана қалыпты. Басқыншының алдында намысын түсіргісі келмей ұлы тағына лайық киініп келген екен, басындағы ауыр тәжі қурайдай мойнын үзіп жібермей шаққа түр. Қалған шаһар қанша жерден аш болса да, тап билеуші бұлай қалжырамаса керек еді, шамасы Шидүрге шыдамсыз, намысқой, күйгелек адам төрізді.

Шыңғыс хан қашан да қақырайып таққа мініп отырғанды үнатпайды. Ол күні де сары ала шатырдың төрінде аю бөстектің үстінде малдас құрып отыр еді. Есіктен бас имей аттаған Шидүргеге назарын тіктеп қарамағанмен, көзінің қиығын бір тастап өтті. Тізіліп отырған тұмен басыларымен де тілдеспеді. Екі-үш қызметшіні шақырып алып, таңғұттарды жеңгеннің құрметіне ертең жасалатын тойдың жай-жапсарын айтты. Екі қызметшіден ертең болатын тойдың бүге-шігесіне дейін тәптештеп түгел сұрап алды. Қызметшілердің шатырдан шығып кетуіне сосын барып рұқсат берді.
Шатырдың іші сілтідей тынған. Шыңғыс хан Шидүргеге әлі де назар аударған жоқ. Сырттан екі уыз жас жүз басы жігіт кірді де, иін-тіресіп отырған игі-жақсылардан қысылып-қымтырылып, босағадан ілгері озбады. Шыңғыс хан назарын енді соларға тіктеді. Сыбырлап шығатын тарғыл даусымен баяулата сөз бастады. Әдейі, жұрт тып-тыныш тыңдасын деп, естілер-естілмес қып, әр сөзін баптап, бипаздап сөйлейді. Бірақ жүзінде мәймөңкеліктің, алдап шығарып салайын деген аярлықтың нышаны атымен жоқ. Даусы қаншалықты биязы болса, өңі соншалықты қатқыл. Тайпақ маңдайынан да, қысыңқы қоңыр көздерінен де не зірк-зірк еткен ашудың, ыза мен кектің, не өңменнен өтіп кететін үнсіз өшпенділіктің белгісін ешқашан көре алмайсың. Тек шалғы мұртының жіп-жіңішке қос құйрығы ғана астына кекесін жасырып тұрған кейіп танытады, мынау бұйығы тартқан күзгі даладай көз тоқтатар еш қасиеті жоқ тайпақ сұрғылт жүзінде кісіні қаралай қуысты қылатын да сол мұртындағы болар-болмас кекесін салқыны ғана.
Шыңғыс ханнның кекесін күлкісінен де, оқта-текте қиығын салып өтетін жымысқы көздерінен де иманы сескеніп тұрған Шидүрге жоқ. Ол не тұлғасында, не келбетінде кісі тұшынар көркі жоқ, не алдына келгенді ә дегеннен мысы басатын асып жатқан ызбары жоқ, әншейін төр алдында тері бөстектің үстінде шүйке түтіп отыратын можа кемпірдей бір шөкім боп шөгіп отырған осы бір ұсқынсыз немеге күні кеше мыналар мың жерден жанталасса да, мұрындарына иісі бармайтын өнер мен білікке, дәулет пен көрікке ие боп, гүрлеп тұрған мұның елі қалай белін беріп қойғанына айран-асыр қалды. Ителгінің жетім шөжесіндей осы бір жапырақ адам талай-талай кеудесімен көк тіреген әміршілерді қалай-қалай жер соқтырып кеткеніне аң-таң. Қираған шаһардың жұртынан қызылды-жасыл дүние қазып алып, көбінің не екенін, не пайдаға асатынын білмей, аяғымен теуіп бір қарап, найзасымен шұқып екі қарап жүрген алаңғасар топ бұның қай жеріне табынады? Енді, міне, жарық дүниені өлі тоқтының кеудесіндей астына басып, айналасына өлексеге қойған күшігендей сығырая қарап отырысы мынау. Бұл немелер бір-бірінің кеңірдегіне жармасып, жердің оты мен судың мол көзіне таласып-тармасып жатқанда, бұның елінің талай ғұлама ғалымдары бір таудың арғы жағындағы халықтың не ойлап, не қойып жатқанына түсінбесе де, аспан астының құпияларын түгел тінтіп жатпаушы ма еді? Енді, міне, соларды өңшең наданға бас болған бір аяр сүм келді де, шегіртке тиген өрістей көктей солдырды.
Шидүргенің не ойлап тұрғанын іші біліп отырғанын сездіргісі келгендей. Шыңғыс хан бір ауық оған көзін аударып, ұзақ телміріп тінте қарады. Солай біраз отырды да, жүзін қайта бұрып әкетті.
Әбден жүйкелеп, зығырданы қайнап тұрған Шидүрге бұдан арғыға шыдай алмады, сары ала шатырдың ішіндегі құлағы барлар түгел естісін деп, жұрттың бәрін бір селк еткізіп, оқыс шаңқылдады.
-    Әй, Шыңғыс хан...
Шыңғыс хан оған мойын бұрды, сосын аузын ашқа-нынша мұрша бермей, сырттан Касар мергенді шақырды.

  1. Сен осы анада дүниедегі қардай аппақ еті бар қаса сұлу кім деп едің?
  2. Тақсыр ием, жер бетінде ондай сұлу болса, тек жаңғыз Шидүрге ханның ханымы Гүрбелжін ғана болуы мүмкін деп естігем.
  3. Ендеше, Гүрбелжін ханымға бас-көз болуды өзіңе тапсырам, ертеңгі тойдың артынан маған әкеліп жолықтыр, ал оған дейін оның тәніне жел екеш жел тигізсең, басыңды алам.

Касар мерген шығып кетті. Шыңғыс хан Шидүргеге енді біржолата бұрылды. Шидүргенің сұп-сұр жүзі онан сайын қуқылданып, отты көздері шатынай түсіпті.
-  Ей, асқақтаған ақымақ хан, жер бетінде таңғұттан
тігерге тұяқ еркек кіндік қалса, сенің бұл қорлығыңның
артын сұраусыз жібермес. Мені өлтіру өз еркіңде; қазір
өлтірсең - өзіңнін басыңа қауіп, өлтірмесең - артыңдағы
ұрпағыңа қауіп, - деді де, одан әрі ызаға булығып,
шашалып, ештеңе айта алмады.
Сары ала шатырдың іші толы адамның ешқайсысында үн жоқ. Осы бір тізерлесе тізілісіп қалған айғыр топ екі адамның егесін емес, екі төбеттің таласын көріп отырғандай ынт-жынттары кетіп, телмірісе қалыпты. Ешқайсысының бетінде «бұл қалай болды?» - деген дағдарыс ой жоқ; «енді не болар екен?» деп ентелеген қызық құмар желіктерін Шыңғыс ханнан сескеніп, зорға жасырып отыр.
Шыңғыс хан Шидүргенің жүзіне қарап, қулана жымиып қойды. Ол таңғұттардың қасарған жерден қан алатын ерегіспе, кекшіл екендерін әуелден білетін-ді. Когі кеткен кісіні қашан қара қанын қасықпен ұрттағанша өкшелеп қыр соңынан қалмайтын салт та осылардікі. «Егер кісіге кегімді жіберіп қойсам басыма шаш бітпесін, алдыма ас түспесін, қатын-балам қағынып өлсін, малыма топалаң келсін», - деп қарғанатын да солар. Үйінде кек қайтарардай еркек кіндік болмаса, көрші-қолаңын тегіс шақырып, асты-үстіне түсіп сыйлап, дұшпанымнан кегімді алып бер деп қолқа салады. Қашан қас-дұшпанының бас сүйегіне не құстың, не иттің қанын араластырып, шарап құйып ішкенше таңғұт кегім қайтты демейді.

Ендеше, мынау Шидүргенің дәмесін қара! Жарты әлемді жамбасына басқан Шыңғыс ханның басына көк төбеттің қаны араласқан шарап құйып ішіп шалқымақ қой сабазың! Осы бір өздерінің қолдарынан келмейтін нәрсені кейінгілер істеп, кейінгілер тындырады деп ертеңге иек артатын есірік дәме-ай!
Шыңғыс хан Шидүргенің жүзіне зәрлене қарады.
- Менің басыма көктегі хақ тәңірдің өзінен басқа ешкім қауіп төндіре алмайды, алда-жалда басымды шауып алғысы кеп өреленер жау болса, кезінде көріп алармын, ал енді ертең ұрпағымның тынышын алатын жау болса, осы қазір қапы қалмай тұрып көзін жояйын! - деді.

Айбалта ұстаған екі сарбаз Шидүргені есікке қарай жетеледі.

Таңғұт әміршісін маңғұлдар солай атаған.

Таңғұттардың ақ сүйегі жасыл, қара сүйегі қара қиініп жүрген.

 

VI

Ол орданың жермен-жексен боп құлап, әр жер-әр жерде үйіншектері ғана қалған кетік-кетік тас дуалына қанша қараса да, келе жатқан Шидүрге көрінбеді. Тапал қара ат мінген қара дулығалы сарбаздар арасына он қадамнан жер тастап, сап түзеп, самсап тұра қалыпты. Не әрі еткен, не бері өткен ешкім жоқ. Состиған-состиған сарбаздардың иықтарындағы шошайған көп найзадан әуедегі құс екеш құс та қорқып, бұл теңіректен безіп кеткендей. Бақтың іші жым-жырт. Тіршілік біткен демін ішіне тартып, ін түбінде бұғып жатқандай. Аумағы ат шаптырым үлкен сарайда тірі адам қалмағандай. Есік сықыры, аяқ дыбысы естілмейді.
Үш күн бойы осылай-ды. Мана сәскеде қақпа аузынан қайқы қылыш ұстаған бір топ адам көрінгенде Гүрбелжін ханым қалай «Уһ!» деп қойғанын өзі білмей қалған. Олардың сүйінші сұрап келе жатпағанын білсе де, әйтеуір мынау сарылтқан сартап тыныштықтан құтылатындай көрінген. Әйнек алдынан кетіп, айнаға барған-ды. Дұшпан қапияда тап болып, үсті-басымнан шашау тауып, табалап жүрмесін деп, пәлен күннен бері киімін, бет-ажарын - бәрін тәптіштеп тәртіпке келтіріп, сақадай сай отырса да, сырттағы баспалдақта тарс-тұрс аяқ дыбысы естілгенде абдырап сала берді. Ол бас алуға келе жатқан жендет екен деп қорыққандық емес, үсті-басында өзі байқамағанмен, өлімтікке түскен құзғындай тінте қарайтын жендеттің тіміскі көзі шалатындай олпы-солпы ештеңе жоқ па деген сақтық еді.
Айнаға қанша қараса да, өз бойынан ешқандай мін таба алмады. Сосын айлапат үлкен бөлменің қақ төріндегі піл сүйегінен жасалған төрт таған орындықтың үстіне шығып, тізерлеп отырды. Жан-жағын көйлегінің етегімен қымтап алды. Асыл. тастарды аямай төккен алтын сәукелені ауырлаған мойнын күшпен тіктеп, қолын қусырып, екі көзін есікке қадап қатты да қалды.
Сартылдаған аяқ дыбысы бұның есігіне бұрылмады. Бірақ ханым міз бақпаған қалпы отыра берді. Аяқ дүбірі әлсірей-әлсірей алыстап барып басылды. Зіл тыныштық қайта орнады. Бөлме іші бұрынғысынша аңылжып сала берді. Ханым сірескен мойнын бір сәт босатып еді, дүрсілдеген дыбыс қайта шықты. Ханым жалма-жан бойын тіктеді. Аяқ дүсірі бірте-бірте күшейе берді. Сырттағы дүсірден бөлменің іші де дүбірлеген үнге толып кетті. Дүсір жақындай түсті. Бұның есігінің алдына келді. Ханымның қаусыра ұстаған қос қолы оқыс әлсіреп, тізесіне қарай сұлқ құлап бара жатты. Дүсір бұның тұсынан тағы да өтіп кетті. Әлден соң тас төселген тықыр аулада жендеттер ортасында кетіп бара жатқан Шидүргені көрді.
Ханым орнынан ұшып тұрып, терезенің алдына барды. Қайқы қылыш ұстағандарға қара аттылар қақ жарылып жол берді. Күнге шағылысқан қылыштар арасынан Шидүргенің алтын тәжі бір жалт етті де, көзден ғайып болды.
Ханым құлазып жатқан аулаға қарап ұзақ тұрды. Көз алдында басын барынша шалқақ ұстап, аяғын маңғаз басқан Шидүрге. Ол көптен сыпырғы көрмей, толарсақтан тозаң басқан сұрқай тас алаңның шетіне жете алмай әлі кетіп бара жатқандай. Артына бұрылып, бірдеңе дер ме екен деп, әйнекке бетін тақап телміре түседі. Шидүрге мойнын бұрар емес. Қайқы қылыштар ортасында шалқақ басып кетіп барады, кетіп барады... Тозаң басқан бозғылт алаң таусылар емес.
Кенет есік қағылды. Ханша бұл оқыс дыбысқа қапелімде түсінбей қалды. Бұрылып қарап еді - алтын жақтаулы есіктің босағасы қызыл күрең қанға боялып келеді екен. Қан бірте-бірте үйдің қабырғасына да жайыла бастады. Міне, бұның қақ алдына жете беріп кілт тоқтады.
Ханым қарсы алдындағы қанжоса қабырғадан жүрегі айнығандай көзін алып қашып, есік жаққа бұрылды. Табалдырықтың қыр көзінде маңдайын жерге тигізе иіліп-бүгіліп тағзым етіп жатқан қызметші әйелді көрді. Жаңағы қызыл қанға малынған қабырға да, босаға да ғайып бопты. Бөлме іші бұрынғы қалпы.
Қарсы алдына байыптап енді қарап еді - таңғұт сарайының бейбіт күндергі әдетімен бетіне ешқандай өрнек салынбаған қан күрең шұғадан жер сыздыра малынтып шапан киген ұзынтұра шал тұр. Қазына ұстаушы. Шапанының етегіндегі зермен көмкерген кез ойықтан қайқы бас көксауыр кебісі көрінеді. Қос қолын кіндік тұсынан буынған жарқылдақ сарғыш кісесіне шірей тірепті. Қатпар-қатпар маңдайдың астынан сығалаған бұқпантай көзінде қалақтай-қалақтай қос көзілдірік жалтырайды. Қалқан құлақтардың деңгейінен басталған көкшулан жүн алқымдыққа жете беріп кідіріпті де, екі жақ қанаты қайқиып-қайқиып жоғары көтеріліпті. Салбыраңқы мұртының да қос қияғы қағылмай, екі езуін қымтап апты.
Ханым қарсы алдына кеп қаздия қалған қазына ұстаушы шалға таңырқай қарады. Шалдың қаймыжық солғын еріндері қимылдайтын тәрізді. Ханым түсінбесе де басын изеді. Қазына ұстаушы тас алаң жақты меңзеп иегін көтерді. Ханым аулаға қарап еді - сол баяғысынша аңылжып жатыр. Ханым назарын қайтадан шалға тіктеді. Ол ханымның тесірейген ойсыз-отсыз жанарына аңыра қарап біраз тұрды да, есіктің қыр көзіндегі қызметші әйелге ымдады. Әйел сол екі бүктетіліп тағзым еткен қалпы басын көтермей ортаға озды. Малынған ұзын жеңнің ішінен дөңгелек күміс табақша көтеріп, төрдегі төрт тағанның үстіне апарып қойды. Сосын қазына ұстаушының есік жақ қапталына барып тіктеліп тұрды.
Айлапат кең бөлмеде шалдың ызыңдай шыққан салғырт даусынан басқа үн жоқ. Ханым ұшып жүрген араның ызыңындай көмескі сөздерге түсіне алмады. Телмірген күйі тұра берді.
Шал сөзін бітірді де, ханымның аузына қарап біраз аңтарылды. Ол ештеңе демеген соң қызметші әйелге ымдады. Әйел жеңін шұбалтып төрт таған жаққа тағы өтті. Күміс табақшаның үстіне тық еткізіп әлдене қойды. Сосын орнына барып тұрды. Гүрбелжін күміс табақшаға көзі түсіп еді, кішкене көгілдір көзі бар алтын жүзікті көрді.
Шал қайта ызыңдады. Тағы да ханымның жүзіне аңтарылып қарады. Тағы да жауап тосқандай сәл мүдіріп тұрды. Сосын төрт тағанның қасына өзі барды. Иіліп күміс жүзікті алды. Бажбиған көгілдір көзін бұрап ағытты. Жүзіктің көгілдір көзіне салынған бір шөкім көк ұнтақты көрсетті. Ханым оның не айтып тұрғанын бұл жолы да ұқпады.

Шал жүзікті табақшаға қойып, орынына кеп тұрды. Әйелге тағы да ымдады. Әйел кібіртіктеп ханым мен шалға жаутаң-жаутаң қарай берді. Шал теріс айналып кетті. Әйел ханымды арбап тұрғандай екі көзін айырмаған күйі малынған атлас шапанының белдігін ағытты. Ар жағынан майлап қойғандай жып-жылтыр қызғылт тәні жарқ етті. Сең соққан кісідей селқос тұрған ханым селк ете қалды. Жалаң тәніне сусыма шапан киіп келген мынау ұятсыз әйелден көзін айыра алар емес.
Әйел кенет сөлекеттеу еңкейіп, оң қолын шапанының ішіне жүгіртті де, тыр жалаңаш тәнінің қай жерінен тауып алғаны белгісіз сопақша сарғыш бірдеңе суырды. Бір қолымен шапанының омырауын ұстап, екінші қолымен әлгі нәрсені күміс табақшаға апарып қойды. Сол-ақ екен манадан бері теріс қарап тұрған қытай шалы жалт бұрылып, білегінен ұстай алды. Әйел кілт тоқтады. Аппақ бордай бетінде бір тамшы қан жоқ. Ұялғанын тісі кіріп кеткенше қатты жымқырып алған астыңғы ернінен ғана байқауға болады. Шал үстіндегі қан күрең шапанының қалтасынан жаңағы әйелдің қолындағыдай бірдеңе алды. Одан жаңғыз-ақ айырмасы өңі қызғылтым. Онсыз да көзі шарасынан шығып кеткен ханымды одан сайын таңғалта түскісі келгендей, әлгі сопақша нәрсені ашып еді, ішінен жұп-жұқа әлдене жылт етті. Шал екінші қалтасынан бір қарыстай қамшы суырып, бір шетін әйелге ұстатты. Сосын әлгі жалтылдақпен бір тартып еді, қамшыны қақ ортасынан орып түсті. Шал «көріп тұрсыз ғой» дегендей ханымның жүзіне бір қарады да, әлгі жалтылдаған қызғылтым қорапшасына салып, күміс табақшаға тастады. Әйелдің қорапшасын өзіне қайтып берді. Сосын тағы да ауланы меңзеді. Екеуі сахнаға шығып өнер көрсетіп болған көзбаушылардай үсті-үстіне тағзым етіп, есік жаққа қарай жылыстай берді.
Гүрбелжін ханым бұның бәрі өңі екенін, түсі екенін біле алмай аң-таң. Біресе жаңа екі қызметші шығып кеткен есікке, біресе төрдегі төрттағанның үстіндегі жұмбақ жүзік пен қызғылт қорапшаға қарайды.
Түс қайтты - Шидүрге көрінбейді. Көлеңке ұзарды - Шидүрге көрінбеді. Сол баяғы тозаң көмген тас аула. Ауланың жан-жағындағы қираған үйлер күн кештеткен сайын кісіні жұтып қоятындай арандарын аша түседі.
Қорғасындай зіл тыныштық мойнына мініп ап, мың сан шеңгелімен сүйек-сүйегінің бәрін мытып, үнтап, үгіп жатқандай сүлдерін сүйретіп төсегіне зорға жетті. Осынша бұралтып тастаған шаршағандық екенін әлде таң атқалы нәр сызбаған аштық екенін өзі де білмейді. Мынау ажары қашып аңылжыған дүниенің ортасында өзінің де тек құлазып құр қаңқасы ғана қалғандай. Жыл он екі ай жүрегін сыздатқан қасірет те, төбе құйқасын шымырлатқан үрей де, көкірегінің басын көмірдің шоғындай тызылдатқан ыза да - бәрі де жым-жылас... жоғалған... өшкен... құрыған... Ойраны шыққан үйлерен қашып шыққан көр тышқандардай бұның қор көкірегінен енді қасірет пен үрей де безіп кеткен.
Қос қызметшілерінің әлгі әурелері мұны мынау ебіл-себіл тіршіліктен серпілткісі келген ермектері ме, қасірет қаусатып бара жатқан қауқарсыз кеудесіне жан оралтатын шипа әкелгендері ме - ол арасын айыруға да дәл қазір ақылы жетер емес. Ойлануға ыждаһаты да әлдеқашан сарқылып біткен-ді.
«Шидүрге келмеді ғой...»
Кенет жаңа ғана жоғалтып алған үрейі қайта оралды. Бір түрлі ұйығандай боп салдырап бара жатқан аяқ-қолына қан жүгіргендей, жан кіргендей. Төсегінен ұмтылып тұра беріп еді, үйдің қақ ортасына қара мәрмәр тұғырдың үстіне орнатқан құлжаның қос мүйізін көрді. Дереу жанына жетіп барды. Шидүргеге күйеуге шыққанда әкесінің атып өкелген құлжасының мүйізі. Ырым қылып бұған сыйлаған-ды. Содан бері таңғұт үйінің қиелі орны - қақ ортада, мынау мәрмәр тұғырдың үстінде тұрған. Шидүрге екеуі екі жағынан отырып алып, осы мүйізге қарап бал ашады. Анау шиыршық атыңқыраған үлкендеуі - Шидүргенікі, кішісін Гүрбелжін иемденген. Көп болса екі-үш қар басқан жас құлжаның жып-жылтыр мүйізіне қанша тесіліп қараса да, бұрын көздеріне түспеген ешқандай өзгеріс таба алмайтын. Сонда мынау бастарындағы бал дәурен мәңгі бақи тұра беретіндей көрініп, жандары жай табатын. Тек былтыр ғана осы бөлменің табалдырығынан аттамай жатып, Шидүрге аңтарыла қарап тұрып қалды. «Неге таңдандың, не боп қалыпты?» - деген ханымға ханзада: «Мына мүйіз қандай тегіс жарқырап түр! Неткен тамаша!» - деген. Ханым күйеуінің қасына барып қараса, құлжаның мүйізі шынында да ғажап екен! Әр бунағына күміс сақина кигізіп қойғандай жалтырап көздің жауын алды. Сүйтсе, қызметшілер алдында ғана мүйізді жылтыратып майлап кеткен екен. Оның үстіне бөлмені шаңқан түстің мол жарығы кернеп алған әсем кез еді. Ертеңіне қайтыс болған кәрі падишаның орнына жас ханзада таққа отырды.
Содан бері Шидүрге екеуі мүйізге талай сағаттар бойы қанша шұқшиып қараса да, ешқандай өзгеріс таба алмаған. Тіпті мынау аяқ астынан тап болған аласапыран тұсында да мүйіз еш нышан байқатпаған. Іргені қиратып, есікті төмпештеп тұрған озбыр жау бұларға ештеңе етпейтіндей, киелі мүйіз жылтырап тұра берер-ді.
Міне, айдан асты. Күні бойы оқ пен оттың ортасында жүріп, қалжыраған Шидүрге кешқұрым бұның бөлмесіне келеді. Әуелі екеуі мүйіздің жанына барып бал ашады. Телміре-телміре көздері талған соң бір-біріне қарап ұзақ отырып қалады. Бұл күйеуінің күні-түні басы қатып, ұйқысы қашып, тағам атаулыдан тәбеті қайтып, әбден діңкелеп, шілмиіп жүдеген сұп-сұр жүзін көргенде іші-бауыры жидіп жүре беретін. Үйленгендеріне жыл жарымнан асса да, оған тап осынша елжіреп көрмеген-ді. Сұрқы қашып, сиқы кеткен осы бір қораш еркекке неге мейірлене қалғанына өзі де түсінбейді. Әлде кейінгі кезде шаруа басты боп, жар төсегіне жуйи да алмай жүргенінен бе екен. Рас, кей түндері бұл әр сыбдырды аңдып, есіктен күйеуі кіріп келе жатқандай болып елегізіп шығады. Ондайда: «Қап, бәлем, таң атсын! Қанша ұят болса да, падишаға аңсарымды айтармын», -деп, өзін-өзі қайрап бақса да, ертеңіне жайрап жатқан қамалды, қырылып жатқан жұртты, беті оңғарылмай қойған шайқасты, күннен-күнге су сорған жар қабақтай мүжіліп бара жатқан күйеуін көреді де, әлгіндейді айтуға дәті бармай, дымы ішінде болып жүре береді. Бірақ оның соңғы айлардағы Шидүргеге деген ықыласы тән дертіне келіңкіремейді. Сонау ерлі-зайыпты дәуреннің алғашқы айларындағы от жалын құштарлықтан, тап осынша тебірентерлік мейірім байқай қоймаған тәрізді еді.
Гүрбелжін ханым некесі қиылмай тұрып, Шидүргенің бет-жүзін көрген емес. Қай қыз жаңа бой жетіп келе жатқанда қиялында өзі көріп жүрген жігіттердің ешбіріне ұқсамайтын, олардың бәрінен көрікті, бәрінен ақылды, бәрінен мейірімді періште жігіттің құшағында жүрмейді дейсің. Ханымның да қапелімде некелі жары - жас ханзаданы қиялындағы аңсарына ұқсата алмай, қомсынып қалған кезі болған-ды. Ақ некенің төсегінде де баяғы қыз күнгі түстерін көріп жүрді. Ол ылғи түсінде ертегілердегідей бір перізада жігітке ғашық болып, елден-жерден безіп, айдалаға барып, құздан ұшып өлгелі жатқанда оянып кетеді. Сонда дәйім қасындағы серігі өзі әлі бұл дүниеден көре қоймаған бейтаныс біреу болушы еді. Ондай түс көрген күннің ертесіне өзінен-өзі қуыстанып, күйеуінің бетіне қарай алмайтын.
Осы жуықта да түс көрді. Тағы да баяғы құздың басы. Соңдарында - қуғыншы. Алдарында - зымыран. Бұл қасындағы серігіне қарайды. Сөйтсе - Шидүрге. Ажал алдында оған деген көл-көсір сүйіспеншілігін білдіргісі келіп, күйеуінің салалы саусақтарын құшырлана қысады. Гүрбелжін күйеуіне деген айрықша ықыласын сол түсінен кейін анық аңғарғандай болды.
Айлапат сарайда қараптан-қарап отырып жалғыз-сырайды. Ондайда ойламаған жерден мынау кесапатқа тап боп, нағыз жар қызықтайтын уақытының босқа өтіп бара жатқанына күйінеді. Ара-тұра аждаһадай абажа сарайдың құлақкесті тыныштығынан сергітіп, қансоқта соғыстың тылсым үрейінен бір сәтке болса да алаң қылатын сәби сүймедім-ау деп уайымдайды. Төңірегінен мейірін төгер, назарын бөлер жан таба алмай қиналады. Алаң кеңілін бірдеңеге аударғысы келіп бақ кезеді, нөкер ертіп қала аралайды, жер асты жолдармен қорғанға көтеріледі. Онда қапалы көңілі бұрынғыдан да қамырығып, мынадай қызыл қырғын тұсында құрсақ көтеріп, жас сәбидің обалына қалмағанына тәуба айтып оралады. Бақса мынау жау қоршаған алақандай әлемде Шидүргеден жақын, Шидүргеден қымбат ешкімі жоқ екен. Соны ойлағанда өзі бұрын бастан кешіріп көрмеген, атымен бейтаныс бір жаңа жұмбақ сезімге бөленеді. Еркекке деген сүлде құртар ашқарақтықтан ада, бірақ жүйе-жүйесінің бәрін балбыратып бара жатқан сол бір өзгеше мейірімін күйеуі әншейін етсіңісті некелі жардың үйреншікті пейіліне жорып жүре ме деп қорқады. Кешқұрым оның самайын ерте қырау шалған асқақ басын көкірегіне қысып, аймалағысы келеді де, ұмсына берген қолын аяқ астынан біреу қағып жібергендей ұят жеңіп, тез кері тартып ала қояды.
Шидүрге де кеш сайын үн-түнсіз отырады да, өз бөлмесіне кетіп қалады. Ауық-ауық бірдеңе айтатындай бір оқталып қояды да, үндемейді. Ханым күйеуінің көмейінде тұрған сөздің не екенін әр саққа бір жүгіртіп, әбден дал болады. Бұл не айтса да әзір. Бірақ Шидүрге діңкесін үндемей құртады. Ханым оның телмірген жанарынан құштарлықтан гөрі аяушылықтың, қимастықтың сесін көп көреді. Әсіресе кейінгі үш кеште падиша қасына келіп, әрі-бері үнсіз отырып, бір уақыттарда барып, бұның жүзіне әлгіндей бір қилы сезім арбасқан жұмбақ көзқараспен бір қарайды да, күрсініп қойып шығып кетеді. Кеше кешке әлденеге белін бекем буғандай болып келді. Бірақ бұл жолы да аузын ашпады. Бұрынғыдай телміріп қарамай, қаша береді. Тек кетерде ғана:
- Ертең саған қазына ұстаушы келер, - деген.
Оны неге айтқанын сұрауға да мұрша бермеді, шығып кетті. Гүрбелжін ханым түн бойы аунақшып шықты. Падишаның бөлмесіне өзі кіріп барғысы кеп те кетеді. «Ертең бармыз ба, жоқпыз ба? Бәлкім бұл ақырғы түніміз шығар», - деген суық ой кірпігінің арасына тіреу боп тұрып алды. Көкірегіне лық толып, жүрегін сығымдай түскен сол дүлейден қалай құтыларын білмейді. Күйеуінің омырауына басын тығып, емін-еркін жылап алғысы келеді. Жыл бойғы тас түйін хал әбден қажытты. Ең болмаса, осы бір түн жүйке-жүйкені еркіне жіберіп, көкірегін шер-шеменнен бір босатып алуды аңсады. Әлденеше рет төсегінен атып тұрып, әлденеше рет есік алдынан қайтып келді.
Сол бір тұла бойын қыл арқанмен шандып тастағандай сірескен күйден әлі айыға алмай отыр. Сол бір қыл шылбыр ойын матап, қиялын тұсап тастапты. Таң атқалы жан-жағында болып жатқан нәрсенің ешқайсысына түгел түсіне алмай-ақ қойды. Адасқан көңілі ештеңеге тұрақтамайды, назары ештеңеге тоқтамайды. Төгілмеген ащы жас тамыр-тамырын буып ап, төңірегін тұман қымтап отырған жанары тағы да құлжаның мүйізіне түсті. Тағы да еш өзгеріс таба алмады. Тағы да назарын аударып әкете бермек еді, кенет қос мүйіздің арасындағы шытынай жарылған сызатты кезі шалып қалды. Сол көз алдын көлкештеп тұрған қағанақ бұлыңғырды қақ айырғандай. Өз көзіне өзі сенбей тағы қарады. Мынау қақ сүйектегі ай сызатты бұрын неғып байқамаған?
Ханым көзі желімделіп қалғандай, қақ сүйекке қадалып айрылар емес. Күнде көзіне түспеген мына сызат ненің нышаны?
Ханым қос көрінгендей, көз алдында тұрып алған әлгі сызатқа әлі сенбей отыр. Мынандай айым-қайым күндерде оны қайтып жақсылыққа жорымақ?!. Ап-анық нышанның оп-оңай жоруы, қапелімде, ойына түспеді. Ол туралы ойланғысы да келмеді. Бар зейіні «Апырау, бұрын неғып байқамағанбыз?» деген сауалдың төңі-регінен шыр айналып шықпай қойды? Өз шылбырына өзі оралған жылқыдай бір сұраққа тұрып алған сұғанақ ой бір уақытта жауаптың да суыртпағын тауып, шетінен шым-шымдап суыра бастады. Бұрын екеуі мүйізге қанша қарағанмен ортасындағы қақ сүйекке көздері түспейтін. Әрқайсысы өзіне енші мүйізді тінте қарап шығатын да, сонымен тынатын. Қарағайдай-қарағайдай қос мүйізді жалғастырып тұрған қақ сүйекте жұмыстары болмай-тын. Зұлматтың нышанындай әлгі сұрқия сызат қалтарыс қала беретін. Енді бүгін бұл өзіне еншілі де, Шидүргеге еншілі де мүйізді қоса шолып шығып еді, тасадан тап берген бөрідей шаужайына оратыла кетті. Қос мүйізді қақ орталарынан қақ айырып түсетіндей қатерлі сызат. Кешегі дарқан заманды қақыратқалы тұрған қилы күннің нышаны. Інге түтін салғандай ірге бағып отырған жымысқы жау бүгін-ертең орданың ойранын шығарады. Тақ мініп, тәж киген бұл екеуін дарға асады. Сонда мынау дүние қақырап, қаңырап қараң қалмағанда не болады! Бұндай боларын кім көріп, кім біліпті? Мынау сұмпайы сызатты да бастарына күн туған үрегей шаққа дейін көріп пе еді, біліп пе еді?! Тіпті әкесі де білмепті. Білсе - ырым қып бұларға сыйлар ма еді! Ойда жоқта тап болған ойран опаттай о да ойда жоқта көзге түсті. Оны күн сайын бір үңіліп кететін Шидүрге де көрген жоқ. Көрсе - бұған айтар еді ғой. Әлде... Соңғы күндері көмейіне іркіп жүргені... Осы болмасын!.. Сонда ол бұны неге жорыған! Неге жорушы еді... Жоқ, мұның арты құрулы дар екенін былтыр жау кеп қоршап алғанда-ақ білген. Жендетті қаймықпай күтіп алуға белді бекем буып, тас-түйін боп отыр-ғандарына жылдан асты емес пе! Шидүрге құтқармасқа қалған ажалға бола тап мүнша күйзелмейді! Онда он-сан оқталып айта алмай жүргені не болды! Ол бұған ылғи қимағандай қинала қарайды. Жанарында әлдеқандай базына, наз тұрғандай. Ертең өзімен бірге өлетін кісіге ол не наз, не базына? Апырау сонда не...
Үмытып барады екен. Есіне енді түсті. Орнынан тұрып төрдегі төрт таған орындыққа барды. Күміс табақшаның үстіндегі жүзікті қолына алып көрді. Тырнақтай кек тастың астындағы көк ұнтақ у екен. Жылмағай мүйіз қорапшаның ішіндегі алмас ұстара боп шықты. Манағы екі қызметшінің келісіне енді түсінгендей. Шидүргенің пәлен күннен бері айта алмай жүргенін енді ұққандай. Мұнысы несі? Өзін-өзі өлтірудің керегі қанша? Ертең жендет өзі-ақ жайғамай ма? Әлде азапқа төзе алмас деп қорыққаны ма? Жыл он екі ай мына тамұққа шыдағанда, айбалтаның астындағы қас қағым сәтке неге шыдамасын! Енді жаудан да, өлімнен де қорқатын ештеңе қалған жоқ. Түгел жусап қалған елінен, күйеуінен жаны артық па! Дарға асса - құдай қосқан қосағымен бірге асылады, басын кессе - жендеттің алдына бірге барады. Ақтық демдері біткенше жарық дүниені бірге көреді. Араларына адам түгілі ажал түспейді. Әлде... Жаудың басқа бір ойлағаны бар шығар. Әлгі сызат дұшпанның сондай ниетіне көрінбесін! Біреуі басынан оқ тиген жаралы құлжаның сыңар мүйізіндей соқитып жалғыз қалдырып жүрмесін! Бәсе, мана бұлардың екеуін неге бірге әкетпеді?
- Апырау, Шидүрге неге айналды?
Дұшпанның зымиян ниетіне енді көзі жетті. Терезенің алдына барды. Қара ат мінген қалың нөкер бұрынғысынша самсап тұр. Кенет олар ығысып әлдекімдерге жол берді. Кетік қақпадан қайқы қылыш ұстаған бір топ адам көрінді. Ханым оларды ордаға жеткенше қарап тұрды. Араларында Шидүрге жоқ. Гүрбелжін жалма-жан төрт тағанның үстіндегі күміс табақшаға тұра ұмтылды.

 

VII

 

Қара өзеннің жағасын қиқуға толтырған ұлан-асыр той бір аптаға созылды. Осынша опыр-топырдың неге болып жатқанынан атымен бейхабар арсыз күн қараң қалған шаһардың қақ төбесіне шығып ап, жымың-жымың етеді.
Күлге айналған кесектердің арасына құмырсқа илеу салыпты: ию-қию төмпектердің төбесінде тіршіліктің жемін тасып, әрлі-берлі сабылып жүр. Кешегі қан-қасап болған қабырғалардың астынан ін қазып алған саршұнақтар күн нұрына арқасын төсеп, қит-қит әндетіп қояды.
Дүниеде не болып, не қойып жатқанынан бейтарап уақыт жолынан қалмапты. Қызыл қанның орнына желкілдеп көк масаты шөп өсіпті.
Таңғұт астанасынан қалған тігерге тұяқ азғана тұтқынның бүгінде ішіп-жеп, мәз-мейрам болып жатқан басқыншылардың даурықпасы мен ыза-қиқы, ың-жыңына әбден құлақтары үйренген; жасыл төбелердің бөксесін тесіп, жүздеген жер ошақтар қазып, буын бұрқыратып ас түсіріп, қымыз сапырып, шарап жұтып, шат-шадыман боп жатқан шапқыншылармен шаруасы жоқ. Сонау шыр айнала қоршап мұнартып тұрған көгілдір тауларға, кеше таңғұт қойшылары мал өргізіп шығатын қоңыр қойнаулар мен сылқ-сылқ ағып жатқан Қара өзеннің мөп-мөлдір суына көздері боталап, көп қарай береді.
Бүгін аптаның ақырғы күні. Шыңғыс хан қыран-жапқан той жасағанда әуелі төбе шаштары тік тұрып, іштері жидіп, буындарын діріл жайлап, шет-терінен шамырығып жүрген еді, ырду-дырду күннен-күнге ұласа берген соң, сол бір дарақы опыр-топырға да еттері өліп, селт етпейтін болып алған-ды. Бүгін Шыңғыс хан шатырының қасындағы шаршы топта мәжіліс көбейіп кеткенін байқап, бейшара жүрек әлденеден шам алып, үсті-үстіне сыздай береді. Бесін ауа алпыс тұтқынды кісендерін шылдыратып, сары ала шатыр тұрған қақ ортадағы дөңбек төбеге қарай алып жүрді.
Шыңғыс хан дастарқанының сән-салтанаты әлі тарамапты. Сартаулы мен Кавказдың, Үнді менен Қытайдың не бір зергерлерінің қолынан шыққан алтын, күміс жиһаздар аузы-мұрнынан шыға толыпты. Шыңғыс хан да күндегі күлгін сұсынан айрылып, қызара бөртіп отыр. Алпыс тұтқынды бұзау тіс жеті өрме қамшымен желкелерінен бір-бір тартып, амалсыз жер тізерлетіп, анадай жерге иіріп қойған соң, кісенін шылдыратып Шидүрге әкелінді. Әміршілерін көргенде алпыс тұтқынның көздерінен ағыл-тегіл жас шұбыра бастады. Шыңғыс хан Шидүргеге тіл қатты.

  1. Сен кеше жер бетінде, әйтеуір, жаңғыз таңғұт тірі қалса, менің кегімді жоқтайды дедің бе осы?
  2. Иә, айтқаным айтқан.
  3. Ендеше сенің таңғұтыңнан тірі қалған осы алпыс және өзің. Қалған еркек кіндіктің бәрін лақша бауыздадым. Әйелдерді сұрыптап жүріп, тек сұлуларын ғана аман алып қалдым. Олар бұдан былай Маңғұлдан бала сүйеді. Ал мынау алпыс - қазір сенің көзіңше жаһаннамға жөнелтіледі.

Шыңғыс ханның мына сөзін естігенде анадай жерде бөлек иіріп қойған тұтқын таңғұт әйелдері жендет семсері әрқайсысының ішін жарып бөрінің бөлтірігін тірілей салып жібергендей, оқыс ышқынысып қалды. Арасында мырс-мырс жылап тұрғандары да баршылық.
Шидүрге көк желкеден бір-бір айбалта төнген қандастарына ақырғы рет бір қарап қалғысы келіп, көзін аудара беріп еді, алпыс бас жел ұшырған қаңбақтай жарыса домалап кетті. Қапелімде қалт тұрып қалған құр кеуделер, сәлден кейін етпетінен гүрс-гүрс құлады.
Жау алдында белін бергісі келмей қанша сыздаса да, мынаны көргенде ет-жүрегі езіліп, шыдай алмады: көзінен жастың қалай ыршып кеткенін өзі де байқамай қалды.
Шыңғыс хан даусы қайта шықты.
-   Мухули мусхули угай балған!
Әміршінің даусы шеке шымырлатардай шаңқ-шаңқ етті.
-  Бұдан былай дәл осы күнді, дәл осы сағатты естен
шығармас үшін, алдарыңа ас келген сайын «Мухули
мусхули угай» деп айқайлайтын боласыңдар.
Сол-ақ екен бүкіл алқап:
- Мухули мусхули угай! - деп шаңқ ете қалды.
Шыңғыс хан тағы да Шидүргеге бұрылды.
- Енді жер бетінде таңғұттан өзіңнен басқа еркек
кіндік қалған жоқ. Сеніңде басыңды қазір аламыз. Сосын мынау жарық дүниеге бір де бір таңғұт тумақшы емес. Қарны қампиған әйелдің бәрін жарып тастадық. Сонда сенің кегіңді кім кектейді? - деп сұрады.
Тұтқын өйелдер шоғырынан оқшау бір шетте сегіз жігіт көтерген жібек шатыр ішіндегі Гүрбелжін ханым ернін тістеп сазарған да қалған. Қарсы алдына тұтылған жібек шілтерден бәрін көріп, бәрін естіп отыр.
Шидүрге бойын жиып ала қойды. Шиыршық атқан ызалы дауыспен:
- Ей, Шыңғыс хан, мың асқанға бір тосқан. Саған да зауал бар шығар! - деп шақырлаған қос азуын күшпен тежеп, маңдайына шапшып шыққан ащы терді мойнын
қатты бір жұлқып сілкіп тастады.
Шыңғыс хан оған ләм-мим жауап берген жоқ. Қос жендетке ым қақты. Екі темір көк желкеден шақыр-шұқыр шайнаса қалды. Шидүргенің басы алтын тәждің астынан Шыңғыс ханның алдына домалап түсті.
- Мухули мусхули угай! - деп күркіреді бүкіл алқап.
Ханым көйлегінің жеңін шап беріп асап алды. Өң-сөл
жоқ сұп-сұр жүзін удай ащы көз жасы тілгілеп жатыр.
Шидүргенің кеудесі домалап бара жатқан тәжді шап беріп ұстай алғысы келгендей, етпетінен гүрс етіп құлап түсті.
Шыңғыс хан атып тұрып таңғұт тәжінен аттап өтіп, ханым отырған сары жібек шатырға қарай беттеді. Гүрбелжін өндіршегі сорайған сығырақ көз шалға да, оның қапсағай денесіне де, бір аяғын ұйып қалғандай сүйрете басқанына да таңырқағандай аңырып отыра берді. Оң қолының сұқ саусағындағы жүзіктің көкшіл көзінен күлдей көк ұнтақ төсегіне төгіліп жатты.
...Қара өзеннің қағанағы қарқ, сағанағы сарқ. Аңғар бойы сылдыр-сылдыр, сыңғыр-сыңғыр.
Шыңғыс хан Касар мерген бастаған төрт-бес күтуші еркекті алып, андап-андап тұрған құз жартастардың арасымен, аңғар бойына түсті. Енді сары шатыр маңына көзін сатушылардың көп болатынын біліп, әдейі жұрт көзінен жасырынып, соңында кетті. Андаған тіс-тіс құз жартастардың арасынан аспандағы күн болмаса басқа ешкім бұларды көре алмайды.
Мынандай жарқыраған күнде Гүрбелжіннің қардай аппақ тәніне қапысыз қанығып алмақ. Су бойына жасыл шалғын үстіне ықшам жол шатыр тігілді. Күтушілер Гүрбелжін аруды шатырдың тасасына шешіндіре бастады. Шыңғыс ханның манағы өсиетін орындап, сұлудың тұла бойын түгел тінтіп шықпақшы. Асыл қамқа сыпырылып түскенде, ар жағынан айдай нұрлы аппақ мүсін жарқ етті. Жеті еркек ауыздарын ашып аңырды да қалды. Тіпті сұлудың сусып түскен көйлегінің астынан пыр етіп көгершін ұшқанын да көрмеді. Жалма-жан Гүрбелжін арудын қолына жармасып, шатырдың ішіне жетелей жөнелді.
Шыңғыс хан таңғұт ханшасымен шатыр ішінде екеуден-екеу оңаша қалғанда барып, есін жиды. Сосын тысқа құлақ тұрді. Уәде бойынша күтушілер әміршілері әбден тояттап болғанша, аңғар сыртына шығып, қапияда біреу-міреу үстерінен түспеуіне қам жасауы керек еді. Шамасы, әлдеқашан аңғар сыртына шығып кетсе керек, маңайда сылдыр-сылдыр су үнінен басқа дыбыс естілмеді.
Өне бойында лыпа жоқ, қақпанға түскен еліктей, өз-өзінен үркіп тұрған аруға қарай төне түсті. Сұлудың тұла бойында қару жасырардай қалтарыс атымен жоқ. Шыңғыс хан алма мойын аруды сұғанақ көздерімен тағы бір тінтіп өтті. Күтушілер қолдағы білезік, жүзік, құлақтағы сырға, шаштағы шолпы - бәрін сыпырып алыпты. Тамағынан күн жұтып қойғандай, ерекше бір нұр шашырап тұратын, әлсіз аппақ мойын құс-мамық төсекке шалқалап құлай берді. Ұлы әміршінің көзі қарауытып, үлбіреген еріндер мен жаутаң-жаутаң қарағанда жалынша шарпыған екі нәркес көзден басқа ештеңені көрген жоқ. Сәлден кейін екі тізесін шоқ қарып алғандай болды; ол ұяттан, ызадан, намыстан от болып, өртеніп жатқан Гүрбелжін ханымның ұлпа тақымы еді. Құмарлықтың дүлей желігіне біржолата беріліп, құдды бір жағаға шығып қалған балықтай тынысы тарылып, танауын жас тәннің, асау қанның, елден ерек сұлулықтың хош иістері қосыла аңқыған қос анардың ортасына енді апара бергенде, ұлы әмірші оқыс ышқынып, сылқ етіп, сұлу үстінен ауып түсті.
Гүрбелжін ханым төсектің аяқ жағына түсіп қалған желең көйлегін қолына іле-міле сыртқа сып берді.
Ұлы әмірші екі санын жуып бара жатқан қызыл-жоса қанға шошына қарап отырып қалды. Күтушілерін дауыстап шақыруға мынау қалпынан ұялды. Азу тісін сындырып жіберетіндей, шақыр-шұқыр тістеніп, етпетінен гүрс құлады.

VIII

 

Ұлы әмірші табан астында ауырып қалды. Сол күні түнде ұлы әміршінің Касар мергеннен басқа күтушілерінің бәрінің де басы қырқылды. Әміршіні емдегелі барған емші, балгерлер де сары ала шатырдан тірі шықпады.
Маңғұл қолы адыра қалған таңғұт астанасынан біржола үдере көшті. Ұлы әмірші кеш жөнекей көңілін сұрай барған ешбір жанды қабылдамады. Тіс жарып ешкімге ештеңе демеді. Екі көзі жұмық, әлдебір ойларға батып, жатып алды.
Көш үшінші айдың бірі күні Чжам-Хак өзенінің кең қойнауына келіп құлады. Сонда жасыл шалғын мен айна жалтыр өзенді көріп, Шыңғыс хан ауырғалы жұртқа естіріп алғаш рет тіл қатты.
- Мынау бір кәрі бұғы мал болатын, кәрі кісі дем алатын жайсаң жер екен, - деді.
Сол алқапқа көш кідірді. Дәл өзен жағасындағы жасыл шалғынның қақ ортасына екі үй жалғастыра тігілетін хан ордасы қонды. Шыңғыс хан орда тігілген соң, іргенің алдына төсек салдырып жатты. Жаз күні жайма-шуақ. Шалғын ішінде шегіртке үні, құс үні. Орда төбесінен топ-топ тізіліп, түз құстары суға ұшып өтеді. Көштің түйелері, тақымнан босаған жылқылар кек балаусаны күрт-күрт орады.
Шыңғыс өзі бұрын-соңды назар аударып көрмеген осы бір бейбіт тіршілік көрінісін біраз қызықтап жатты да, бесін ауа, анада Гүрбелжінді алып, Қара өзеннің басына барған кезде, қасында болған Касар мергенді шақырды. Оған Гүрбелжіннің желең көйлегін алғызды. Өткен оқиғадан кейін аңғар бойын түгел шарлатқанда, бір құс тұмсық жартастың ұшар басында қалған осы көйлектен басқа Гүрбелжіннен ешқандай із-түз табылмады. Сосын қайтып жұрт аузында дабырық болып кете ме деп, іздеу салмады. Бірте-бірте әдемі жас дененің әсем иісінен айрылып бара жатқан бір уыс шүберекті бауырына қысып, әрі-бері жатты да Касар мергенге тіл қатты. Мынау көйлек бөлек бір үй тігіліп, сонда сақталмақ. Ол ұлы әміршінің Кіші ордасы саналмақ. Жыл сайын дәл осы күні, дәл осы арада тайлыға жасалмақ, онда құрбандыққа кісі шалынбақ.
Алда-жалда ұлы әмірші көз жұмып кетсе, оның сүйегін жуып, киіндіретін кісілердің үстіне ешкім жіберілмеуге тиісті. Олар ұлы әміршінің сүйегін табытқа салып, табыттың аузына кілт салынған соң, мұрагерлерінің бірі кеп, ұлы әміршінің жалаңаш тәнін көргендердің бәрінің де басын алмақшы.
Касар мерген ұлы әміршінің аманатын айту үшін, мұрагерлермен тілдесті. Кешке ымырт үйіріле, ұлы әмірші жатқан оңаша ордаға қайтып оралды.
Шыңғыс хан әшекейлі қытайы кесеге әлдебір сусын құйып, Касар мергенге ұсынды: «Түгел жұтып салмай, орталап ішіп, қалғанын өзіме қайтар», - деді. Касар мерген бұнысына айран-асыр болса да, ұлы әміршінің бүйрығын орындамауға дәті бармады. Ол қытайы кеседегі жұмбақ сусынды орталап ішіп, кесені мамық төсектің үстіндегі арса-арса бір уыс шалға, ұлы әмірші-сіне қайтып берді. Қытайы кесенің қолынан шығуы мұң екен, төсектің аяғына құлап түсті. Ол өзінің күні кеше арқар қуып, тау мен таста қаңғып жүрген жаман аңшының сарқытын жарты өлемді қасы мен қабағына қаратқан ұлы әміршінің қалай қағып салғанын көріп, таңғалып, ернін бір сылп еткізуге ғана мұршасы келді.
Бұл Касар мергеннің ұлы әміршісіне ең соңғы таңғалуы еді.

kekilbaev.kz сайты

Тұқым-теберін құрттық (маңғұлша).

Маңғұлдардың Шыңғыс хан құрметіне беріліп тұратын ас сияқты жиыны.

0 пікір