Жұма, 26 Сәуір 2024
Жаңалықтар 2978 0 пікір 24 Қазан, 2011 сағат 06:18

Құрышбек Тәңірбергенов: «Бұл үкім заңсыздыққа толып тұр»

- 19-шы қазан күні «сопылар ісі» тәмам болды. Соттың шығарған үкімі туралы не айтасыз?

- Судья Қалмағамбетовтың шығарған үкімі - заңсыз, орынсыз, дәлелсіз. Оған анық көзім жетеді. Тергеу мен сот кезіндегі заңсыздықтардың бәрін бір сұхбат көлемінде айтып жеткізудің өзі мүмкін емес. Сондықтан сізге осы мәселенің шет жағасын ғана айтып берейін. Жалпы судья сотты аяғына жеткізбей, тезірек бітіріп тастағысы келді. Мұның өзі сот істің ақ-қарасына, мән-жайына жетудің амалын жасамады деген сөз. Сот барысында біздің, қорғаушылардың «жәбірленушілердің» барлығы соттың басынан аяғына дейін қатыссын деген талабы қанағаттандырусыз қалдырды. Не себепті? Өйткені қорғау тарапынан келген куәлер олардың арызының негізсіз екенін әшкере ететінін білгендіктен қатыстырмады.

- 19-шы қазан күні «сопылар ісі» тәмам болды. Соттың шығарған үкімі туралы не айтасыз?

- Судья Қалмағамбетовтың шығарған үкімі - заңсыз, орынсыз, дәлелсіз. Оған анық көзім жетеді. Тергеу мен сот кезіндегі заңсыздықтардың бәрін бір сұхбат көлемінде айтып жеткізудің өзі мүмкін емес. Сондықтан сізге осы мәселенің шет жағасын ғана айтып берейін. Жалпы судья сотты аяғына жеткізбей, тезірек бітіріп тастағысы келді. Мұның өзі сот істің ақ-қарасына, мән-жайына жетудің амалын жасамады деген сөз. Сот барысында біздің, қорғаушылардың «жәбірленушілердің» барлығы соттың басынан аяғына дейін қатыссын деген талабы қанағаттандырусыз қалдырды. Не себепті? Өйткені қорғау тарапынан келген куәлер олардың арызының негізсіз екенін әшкере ететінін білгендіктен қатыстырмады.

Қорғауымыздағы 9 адам сотталды. Тағылған айыптардың басым бөлігі қылмыстық заң тұрғысынан ауыр және аса ауыр қылмыстардың қатарына жатқызылған. Негізі менің қорғауымда Ербол Исабеков, Жадыра Сүлейменова, Арнұр Куникин деген үш азамат бар. Ербол Исабековке - 9 жыл, Жадыра Сүлейменоваға - 6 жыл, Арнұр Куникинге 5 жыл бас бастандығынан айыру жазасы кесілді. Жалпы оларға тағылған айыптардың бәрі Исматулла Әбдіғаппарға қатысты. Исматулла ақсақал олардың ақылшысы болған. Ақсақал рухани орталықта жатқан адамдарды ұрып-соққаны, заңсыз ұстағаны туралы бірде-бір мәлімет жоқ. «Жәбірленушінің» көбісі сот барысында ақсақалды «көрген жоқпын» деп жауап берді. Өйткені, Исматулла Әбдіғаппар өзінің жұмысымен бірлестікке анда-санда келіп тұрған. Ол «Сенім.Білім.Өмір» республикалық бірлестігін құрған емес, тек ол ұйымға кеңесші ретінде кеңесін беріп отырған.

Сондай-ақ ақсақалдың біреуді сабап ұрғаны туралы факті жоқ. «Жәбірленуші» Элеонора Махамбетованың айтуы бойынша, аяғынан ұрғанда қаны үйдің қабырғасына шашырап кеткен. Оны қалай ақылға сыйғызуға болады? Сотта айтылған әрбір уәжді дәлел ретінде қабылдау немесе қабылдамау соттың ой елегімен шешіледі. Қабырғадан алған қанның құрамы бар-жоғын дәлелдеу үшін сараптама жүргізілгенде қан құрамы анықталмады. Бұл Махамбетованың жауабын жоққа шығарады. Сондықтан «жәбірленушінің» әрбір берген жауабына сын көзбен қарау керек еді.

Саят Ибраев - шетелге де, Қазақстанға да танымал ғалым. Еліміздің ғылымына, біліміне сіңірген еңбегі зор. Саят Ибраевқа да «маған қол жұмсады», «заңсыз әрекет жасады», «жүріп тұруыма кедергі келтірді» немесе «ар-намысымды қорлады» деп арызданған «жәбірленуші» болған емес. Соның өзінде 12 жыл алды.

Сайпулла Моллақанағатұлы - Ясауи кесенесіндегі жазбалардың құпиясын ашып, оқыған ғалым. Жеті тіл біледі. Оның үстінен бірде-бір адам арыз жазылмаған. Ол өзі не үшін айыпталып жатқанын да білмейді.

Сонда біз 37 жылға қайтып келгеніміз бе? Сол заманда «мынау ұрлық жасады» деген бір адамның сөзімен зиялылар атылып кетті емес пе?!

Сотты болған 9 адамның қылмыс жасағанын дәлелдейтін айғақ табылған жоқ. Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 19-бабында айыпталушының кiнәлiлiгiне сейiлмеген күмән оның пайдасына шешіледі деп көрсетілген. Ал бұл жерде күмән емес, сотталушылардың іс-әрекеттерінде қылмыстың құрамы жоқтығын дәлелдейтін айғақ айдан анық көрініп тұр. Соған қарамастан соттап жіберді. Бұл әділетсіздік! Үкімді құлағымызбен естідік. Үкім мен айыптау қорытындысы екеуінен айырмашылық көріп отырған жоқпын. Олай болмауы керек. Сот екі жақтың қорғау тарапының да, айыптау жағының да дәлелдерін ескеру керек. Содан өзі сараптап, қорытынды шығарады. Ақсақалды сыйламай дөрекі сөйлеуінің өзі үкімнің алдын-ала шығарылып қойғанын білдіреді. Сонда соттың өзі біреуге тәуелді болып отыр ма? Бұл - заңсыз үкім. Келісе алмаймын, келіспеймін де, оны мойындай алмаймын да.

- Қай баптармен келіспейсіз?

- Барлық бап бойынша тағылған айыппен келіспейміз, себебі негізсіз, заңсыз. Сотталушылар алдын-ала тергеу барысында жіберген заңсыз әрекеттерді көргеннен кейін сотта алқа билер қатысса, заңды үкім шығады деп сенген еді. Алқа билерге қысым көрсетіп, шешімнің айыптау жағын шешілуіне ықпал етті ме деп ойлаймын. Себебі, соттағы дәлелдемелер сотталушылардың қылмыс жасамағанын білдіретін айғақтар болатын.

Сот отырысында жүзден аса куә сотталушылардың жазықсыз екенін дәлелдеді және де «жәбірленушілер» жалған, жала жауап бергенін де дәйекті айтып берді. Өз кезегінде айыптау жағы «жәбірленушілердің» берген жауабынан өзге ешқандай дәлелдемелер келтіре алмады. «Жәбірленушілер» тергеу кезінде берген түсініктемелерін де сотта растай алмады. Сонда сот қандай негізге, дәлелге сүйеніп үкім шығарды деген заңды сауал туындайды. Бұған қоса қарама-қайшы дәлелдерді көре отырып, сот куәгерлер мен сотталушылардың дәлелді уәждеріне емес, неге «жәбірленушілердің» ғана сөзіне ерекше сенеді? Сонымен қатар, сот тергеуі барысында «жәбірленушілерді» сатып алу және сотталушыларға қарсы жала, жалған түсінік беру үшін қысым жасау фактілері анықталды. Тергеу органдарының деректерді өздеріне бұрмалап, заңсыз тәсілмен жинағанын растайтын фактілер жетерлік және бұл жайттарды сот назарына да ілмеді. Неге?..

Осы азаматтардың ізіне түскен құқық қорғау органдарының өкілдеріне және сотқа бір нәрсені ескерткім келеді. Осы қиялдан құрастырылған қылмыстық істің артында қандай да бір «заказчик» болсын-болмасын, ресми шешімді сот пен тергеу органы шығарғаны белгілі. Яғни заңсыздықты орындаушылар ресми органның өкілдері. Басқаша айтқанда, мүдделі күштер сопылықты ұстанушыларға қарсы заңсыз шешімді сот пен тергеу органы қызметкерлерінің қолымен шығарып алды. Және де заң алдында жауап беретін де сол орындаушылар болады. Сол себепті, «заказды» орындаушылар ауызша бұйрық алғанда өзінің заң алдындағы құқықтық жауапкершілігі туралы ойланып алғаны дұрыс болар еді, бәрібір көп ұзамай бір орнынан мызғымастай көрінген «заказчигі» ықпалын, беделін жоғалтатын уақыт та келер. Сол кезде осы іске әділ баға беріледі. Осыны ұмытпаған жөн.

Алғашқы сот сараптамасына келіспей, қайталама сараптама жүргізуді талап еттік. Өйткені дін тақырыбы өте күрделі, оған ғылыми дәрежесі бар білікті мамандар керек. Сол себепті, біз дін мәселесін терең білетін алыс-жақын шетелге, Қазақстанға танымал мамандарды ұсындық. Алайда ұсынысымыз қанағаттандырылмай, бұрынғыша, яғни ғылыми дәрежесі жоқ, белгісіз бір мамандармен сараптама жүргізді. Неге? Тағы да сол, мәселенің ақ-қарасы ашылып қалатынынан қорықты деп есептеймін.

Сот тергеуінде сараптама бойынша теолог Досай Кенжетай, профессор Мекемтас Мырзахметұлынан жауап алынды. Олар осы іске қатысты уәж айтқан сарапшылардың біліктілігі, білімі төмен екенін айтты. Д.Кенжетайдың айтуынша, Шымкент қаласынан келген Аддулла Мирзаходжаев деген сарапшы діни экстремистік идея таратқаны үшін заңды түрде жабылған Қазақ-Кувейт университетінің түлегі екен. Қасқырдың өзіне қой бақтырған болып отыр. Сопылық жол туралы салафиттік көзқарастағы маман сараптама жасай ала ма?

Сонымен қатар соттың аяғында біз бірде-бір «жәбірленушінің» осы іс бойынша ой-пікірін біле алмадық. Себебі, олар қатысқан жоқ. Жарыссөзге келіп, ой-пікірлерін айту керек еді. Бірақ мемлекеттік айыптаушылар әдейі «жәбірленушілерге» «сотқа қатыса алмаймыз» деген арызды жаздырып алып, іске тіркеп қоя салды. Менің қорғауымдағы сотталушы Жадыра Сүлейменоваға барлық «жәбірленуші» сот барысында ешқандай талап-арызымыз, наразылығымыз жоқ дегеннің өзінде де қатаң үкім шығарып отыр.

- Жұртшылық Исматулла Әбдіғаппар мен Саят Ибраевты жақсы танып қалғанын білеміз. Сіз қорғауыңыздағы сотталушылар туралы айта кетсеңіз?

- Арнұр Куникин «Сенім.Білім.Өмір» республикалық қоғамдық кеңесін құрған азамат. Заңсыз ұйым құру, оған белсене қатысу айыбы тағылды. Сот тергеуі барысында алдын-ала заңсыз ұйым екені туралы бірде-бір дәлел болған жоқ. Бірлестік Әділет министрлігіне тіркеліп, толығымен тексеруден өткен. Жұмыстарын мемлекеттік органдармен - ұлттық қауіпсіздік комитеті, ішкі істер, ішкі саясат басқармаларымен және т.б. бірігіп жүргізген. «Исматулла Әбдіғаппармен бірігіп, осы ұйымды құрды» дегенді айтады. Шын мәнінде, Исматулла Әбдіғаппармен, Саят Ибраевпен Арнұр Куникин бірлестік құрылғаннан кейін танысқан. Бұл да үкім шығарар алдында есепке алынбады.

Ербол Исабековке Қылмыстық Кодекстің 126-шы бабы (адамды заңсыз бас бостандығынан айыру), 177-бап (алаяқтық), 178-бап (тонау), 337-бап (заңсыз ұйым құру, оған белсене қатысу) бойынша айыптар тағылды. Исабековтың үстінен 11 адам арызданған. Біріншіден, Ербол Исабеков «Сенім.Білім.Өмір» республикалық қоғамдық бірлестігінің Түркістан қаласындағы филиалында заңды түрде қызмет істемеген азамат. Екіншіден, ол маскүнемдікке салынып, анаша қолданып дертке ұшырағандықтан, отбасысы одан әбден безер болғандықтан 2005 жылы «Сенім.Білім.Өмірдің» рухани орталығына келіп емделген. Исматулла ақсақалдың ақыл-кеңесінің, Құран сүрелерінің, Абай мен Шәкәрімнің сөздерінің, Ясауидің хикметтерінің арқасында өзінің бұрынғы іс-әрекеттерінің бұрыс екенін түсініп, емделіп шыққаннан кейін 2009 жылы рухани орталыққа қайта келеді. Себебі, өзі сияқты аяғын шалыс басқан азаматтарға үлгі болу үшін, яғни өзінің ауруларынан қалай айыққанын, арақты қойғанын, намаз оқып, зікірін салып, Алласын аузынан тастамайтынын, жанұясының алдында абыройы артқанын айту үшін келген. Сондай-ақ рухани орталықта бұрын оқып кеткен азаматтар кейінгілерге білгенін, тәжірибесін шама жеткенше үйрету жолға қойылған, ал ұстаздық ететін арнайы азаматтар болмаған. Ербол Исабековты бұйрық шығарып, жұмысқа алған немесе еңбек кітапшасы болған емес. Ол өз еркімен келіп, бірлестікке өз үлесін қосудың амалын жасаған.

Ербол Исабеков біреуді бас бостандығынан айыратындай әрекет істемеген. Себебі, ол рухани орталыққа аптасына екі-үш рет келетін, онда да сонда жатқандардың түсінбеген сұрақтарына жауап беру үшін бір-екі сағат болатын. Қалған уақытында жеке көлігімен бала-шағасына нәпақа табудың қамымен жүрген. Аджи-Ходжаев Анияр деген «жәбірленушіні» (ішімдікке қатты салынған, отбасысы азар да безер болған, ішіп әр жерде құлап жатқан) ағасы Аджи-Ходжаев Айбек маскүнемдіктен арылту мақсатында бірлестіктің жарғысында көрсетілген Ясауидің адамды сауықтыру практикасымен емдеуге Түркістан қаласына алып барады. Аджи-Ходжаев Аниярдың өзінің Түркістан қаласындағы рухани орталықта өз еркімен болғандығын дәлелдейтін факті де бар. Түркістан қаласы Ішкі істер басқармасының тергеушісі рухани орталықты бейне материалға түсірген, онда Аджи-Ходжаев Анияр да көрсетілген. Сонда тергеуші «қайсысың заңсыз ұсталып отырсыңдар» дегенде де ол ешкімге ештеңе демеді. Егер қысым көрсетсе, ұрса, соқса, заңсыз бас бостандығынан айырса, сол жерде айтар еді ғой. Және де ағасы рухани орталыққа алып келген кезде Ербол Исабековке ақша берген дейді. Бірақ бұлар үш жерде үш түрлі жауап береді. «Жәбірленуші» Аджи-Ходжаев Анияр «ағам 150 теңге берген» десе, ағасы Аджиходжаев Айбек «200 мың теңге» дейді, ал кейінгі берген арызында 202 мың теңге деп айтады. Сонда нақты сома қайсы? Бұл алдын-ала тергеу және сот барысында да анықталмады. Егер ақша берген болса, нақты осы сома деп тұрақтап қалар еді. Ербол Исабековке ақша бергенін дәлелдейтін бірде-бір куә да жоқ. Жоғарғы соттың қаулысында тағылған айып тек айыптаушы мен «жәбірленушінің» сөзімен ғана емес, тағы басқа да дәлелдемелердің жиынтығымен расталу керек деп анық көрсетілген. Ал бұлай растайтын дәйектері жоқ.

178-бап бойынша (тонау) Абдрешев Есей деген «жәбірленуші» сұралды. Оның айтуынша, рухани орталыққа келгенде қалтасындағы ұялы телефоны мен 40 мың теңгесін Ербол Исабеков белгісіз бір Ербол есімді азаматпен тонап алған. «Күш көрсетіп немесе ұрып тартып алды ма, қолыңды қайырып алып тонады ма?» деп оған сотта сұрақ қойғанда, кібіртіктеп жауап бере алмады. «Қалтаңдағыңды шығар дегесін үлтелдің үстіне қойдым» дей салды. Ал шын мәнінде, Абдрешов Есей рухани орталыққа келген уақытта Ербол Исабеков болмаған. Себебі, 2009 жылы әйелі 4-ші баласын босанып, перзентханада жатқанда Ербол Исабеков қалған үш баласын қарап, үйінде отырған. Ақиқатында оқиғаның осылай болғанын біле тұра оған тонау бабы бойынша айып таққанына таң қалдым. Ал «жәбірленушінің» айтқан сөзінен басқа ешқандай дәлел жоқ, не оны көрген куә жоқ, не оның Исабековке ақша бергенін, я болмаса Абдершовтің қалтасында ақша, ұялы телефонын болғанын дәлелдейтін де мәлімет жоқ. Негізінде ол істе ескерілу керек болатын.

Ербол Исабеков үстінен арызданған адамның бәрі алқаш, нашақор немесе отбасының берекесін қашырған қиын адамдар болған. Солардың бірі - Рыспаев Білімхан. Ол рухани орталыққа келгенге дейін талай жерді бүлдіріп, кім көрінгеннен қарыз алып, ішімдікке салынып, әркіммен бір төбелесіп, абыройдан жұрдай болған. Соны өзі түсініп, Өсерхан Рыспаев деген ағасына емделу үшін рухани орталыққа апаруын өтінген. Өз еркімен келген Білімхан өз арызында рухани орталыққа «мені алдап әкелді» деп көрсетеді. Ағайындары өзіне қарсы болғаны, өзінің атындағы жер телімін ағасы мен әпкесі тартып алу үшін орталыққа тығып қойғанын және жазады. Сот барысында Б.Рыспаевтың жауабын 4 куәгер жоққа шығарды. 5-сі көзінше: «Білеке, неге өтірік айтасың, мұндай нәрсе болған жоқ қой», деп бетіне басқанда үнсіз қалды. Содан соң қорғаушылар: «Куәлер орталықта заңсыз ұстамағаны, ұрып-соқпағаны жайлы мәлімет берді, туған-туысқаныңыз, өз анаңыз да сіз туралы пікірі жақсы болмады, маскүнем, намысымызды аяққа таптады, бізге көрсетпегені жоқ деп айтып кетті. Қайсысы өтірік айтады?» деген сұрағымызға: «Менікі ғана шын, қалғаныкі өтірік», деген жауап алдық. Бұдан қандай қорытынды шығады? Алқаш, нашақор немесе жеңіл жүрісті қыздар «өзім кінәлімін, ішкен арағымнан, қолданған есірткімнен болды» деп ешқашан мойындамайды. Мұны психологтар да растайды. Соның бір мысалы - Білімхан Рыспаев.

Жасы алпысқа таяп қалған Халилаев Абдумалик деген қажы да арызданған. Білетіндер оны «алқаш қажы» деп атайды екен. Қажылыққа барса да, ішімдікке салынып, дертінен арыла алмаған. Алдын-ала тергеу кезінде берілген жауап біржақты, айыптау жағында болатыны белгілі. Халилаев сот тергеуінде бұрынғы берген жауаптарын жоққа шығарып, қорғау жағына пайдалы ғып түсінік берді. Алайда судья Қалмағамбетов оны шақырып алып: «Сіз тергеуде басқаша жауап беріп едіңіз ғой, сол жауабыңыз рас па?» деп жауапты айыптау жағына шешіп берді. Қылмыстық іс жүргізу кодексінде тергеу барысында берген жауаптарымен байланысты болмайды, сот барысында берген жауаптар дұрыс болатыны жазылған. Қылмыстық кодексте куәгер «жәбірленушінің» берген жауаптарының дұрыс, не бұрыс екендігін айтып кетсе, қылмыстық жауапкершіліктен босатылады деп көрсетілген. Бұл да ескерілмеді. Ал бұл қылмыстық іс тек қаралау, айыптау көзқарасымен жүрді. Сондықтан тағайындалған үкімге толығымен келісе алмаймын.

Жадыра Сүлейменованың кәмелетке толмаған екі баласы бар, біреуі емшектегі бала. Соған қарамастан 6 жыл бас бостандығынан айыру жаза берілді. Бұл қатыгездік емей немене?! Оған 126-бап (заңсыз бас бостандығынан айыру), 337-бап (заңсыз ұйым құру, оған белсене қатысу) бойынша айып тағылды. Арызданған 5 «жәбірленуші» әйелдің арызында да, сот барысында да нақты Сүлейменованың іс-әрекеті қандай болғандығы, бас бостандығынан айырғаны немесе сол рухани орталықта басшы ретінде сырттарынан құлыптап ұстағаны туралы ешқандай мәлімет берген емес. Сот барысында Льянова Фатима деген «жәбірленушінің» арызында Жадыра Сүлейменова өзі сияқты сол рухани орталықта басқалар қатарлы жатқанын айтады. Осыны басқа «жәбірленушілер» де растайды және Сүлейменова ешкімге қысым көрсетпегенін айтты. 337-бап бойынша заңсыз ұйым құрды, оған белсене қатысты деп айып тақты. Қандай ұйым құрыпты? Қандай белсенді қызмет жасапты? Түсініксіз. Соның өзінде де ауыр жаза тағайындады. 6 жыл жаза тағайындау себебі, Қылмыстық кодекстің 72-бабында «Жеке адамға қарсы ауыр және аса ауыр қылмысы үшiн бес жылдан астам мерзiмге бас бостандығынан айыруға сотталған әйелдердi қоспағанда, сотталған жүктi әйелдердi және он төрт жасқа толмаған баласы бар әйелдердi сот тиiсiнше бiр жылға дейiнгi немесе бала он төрт жасқа толғанға дейiнгi мерзiмге жазасын өтеуден босатуы мүмкiн» делінген. 72-бап жүзеге аспасын деп әдейі 6 жыл беріп отыр.

Бұдан басқа Ербол Рахымбаев деген азамат сотты болды. Ол ешкімге қиянат жасамаған, білімді азамат, «Үш арыс» мешітінің имамы болған. Ал Думан Берікбосыновтың үстінен «зардап шегушілер» 5-6 жылдан кейін арызданған. Біреуге күш көрсетпек түгілі ол уақытта Думанның өзі бала болған. Тіпті «жәбірленушілер» қысым көрсе сол кезде, яғни уақытысында арызданар еді ғой. Ол да ескерілмеді.

- Сот тергеуі кезінде «жәбірленушілер» зардап шекпегені туралы айтқаны рас па?

- «Жәбірленушілердің» көбінен «қысым көрген жоқпын», «ұрып-соқпады», керісінше «рухани орталықтың арқасында сәл де болса арақты қойдым» дегендей жауаптар алдық. Арызданған 28 «жәбірленушінің» 4-уінің ғана туған-туысы рухани орталыққа садақа ретінде ақша бердік деген. Бұған қоса зардап шегіп жатса, Льянова Фатима не себепті рухани орталыққа үш мәрте келеді. Біріншісінде күйеуі, екіншісінде енесі, үшіншісінде қайын інісі әкеп тастайды. Сонда неге оларға мені бас бостандығымнан айырды, ұрды, соқты деп айтпады? «Жәбірленуші» Гахтейбиева да екі рет келеді. Біріншісінде шешесіне хабарламай қашып кетеді де көше-көшенің әр бұрышында жатып, сасып, биттеп кеткеннен кейін рухани орталыққа қайтып келеді. Оның үсті басын жуып тазалаған куәлер сотта болған жағдайды айтып берді. Гахтейбиева сотта рухани орталықтан зардап шекпедім деп те айтқан. Қасымбаев деген «жәбірленуші» де үш мәрте келеді және сонда өз қолын кеседі. Қорғаушы Нарынғали Жұмабаев оған: «Түрмеде немесе басқа да жерде болғанда өз өзіңізді кескен кезіңіз болды ма?» дегенде қолын ашып көрсетпей қойды. Өйткені оның қолы қайта-қайта кесіле бергеннен тілім-тілімі шыққан еді. Оны Қасымбаевтың өзі растады.

Сейсенбай Ахмет деген азамат сот кезінде куәлік етті. Оған тергеу барысында қысым көрсетіп, айтпаған сөздерін түсініктемеге жазып қолын қойдырып алған. Бірақ Сейсенбай Ахмет сотта шындықты мәлімдейтінін айтқан. Сөйтіп, сол жайтты сотта жайып салды. Сот барысына қатыстыру үшін полиция қызметкерлері Сейсенбей Ахметті, Түркістан қалалық СЭС маманын, А.Халилаевты, Б.Рыспаевты, А.Аджи-Ходжаевты Алматыда жатақхананың бір бөлмесінде қамап ұстаған. Сейсенбай Ахметті үш күн қамаған, қалғанын одан да көп отырды. Сыртынан құлыптап, тамақтарын беріп кетеді. Сотта мұны да айтып берді. Болған жайды «жәбірленуші» Халилаев та растады. Ол «қамалып жатқанымызға он күн болды, тамағымыз да, жолымыз да тегін» деді. Бұл қайдан келіп жатқан ақша? Бұларды кім қаржыландырып жатыр? Оларды топырлатып Шымкентке апарады, одан Алматыға алып келеді. Және осы сияқты деректер жетерлік. Оның бәрі қаржымен реттелетіні белгілі. Заң жүзінде мемлекеттен бөлінген ақша болса, бізге көрсетсін, білейік! Бірақ ондай нәрсе жоқ. 28 «жәбірленушінің» жүріс-тұрысына қаржы қайдан бөлініп отырды? Мұның бәрі күдік тудырмай ма? Осы күдікке журналист ретінде жауап беріп көріңізші?!.

«Жәбірленуші» Алмағамбетов Алмат 5 млн талап етті, тағы бір «жәбірленуші» бір млн сұрады. Соған қарағанда тергеу кезінде «қанша сұрасаң, сонша олардан өндіріп береміз, қалаған сомаңды жаз» десе керек. Меніңше, «жәбірленушілерді» арнайы дайындаған. Ал біреудің ықпалымен, айдауымен кім жүреді? Әлбетте ішімдікке, нашақорлыққа салынғандар. Оларға құмартып тұрған затын берсең болды, айтқаныңды жасайды.

- «Жәбірленушілердің» ішінде салауатты өмір сүретіні жоқ демекшісіз бе?

- Иә, нашақор, алқаш, ойынқұмар, сотталғандар ғана. Оны куәлер де, туыстары да, құжаттар да растайды. Ал қорғау тарапынан барғандар салауатты, білімді, білікті болды. Мәселен, сотқа қатысқан ең соңғы куәлер профессор Мекемтас ағамыз және теолог Досай Кенжетай сияқты білікті мамандардың сөзіне құлақ аспай, нашақор, маскүнемдердің сөзіне сенгеніне тіпті түсінбей отырмын. Сол себептен бұл іс «заказбен» жасалған деп есептеймін. Ол тапсырысшы билігі қолында бар лауазымды адам деп ойлаймын.

-Бұдан басқа сот процесінде қандай заңсыздықтар болды?

- Исматулла Әбдіғаппар мен басқа да азаматтардың үстінен жүрген сот процесі ашық заң бұзушылықтарға жол берілгені туралы дәйек өте көп. Судья Қасым Қалмағамбетов тарапынан біз де, сотталушылар да қысым көріп, құқықтары бұзылды. Атап айтқанда, 2011 жылы 8-шілдеде сот тергеуі басталғанда біздің аудио, бейне жазба құралдарын қолдану туралы өтінішімізді судья қанағаттандырған болатын. Алайда, белгісіз, әрі негізсіз себептермен екі апта өткеннен кейін судья Қ.Қалмағамбетов қорғаушылардың ашық соттың ақиқатын дәлелдейтін, әділдікке қол жеткізетін аудио жазба құралдарын алып қойып, артынша тыйым салып тастады. Сонымен бірге судья сот процесінің алғашқы күнінен бастап өте дөрекі, жекіп сөйлеп, «ей», «өй», «сен» деген қаратпа сөздерді тұрақты пайдаланып келді. Судья «Судья әдебі Кодексін» өрескел бұзды. ҚР ҚІЖК-нің 102 бабы, 4 тармағының талаптарына қарамастан, судья сот тергеуі басталғалы бері қорғаушылар тарапынан берілген ауызша және жазбаша өтініштерді қарап, заңды шешім шығармаған.

Судья осы сотта өзінің іске көзқарасын және оған мүдделі екенін білдіріп қойды. Мәселен, қорғаушылардың талап-тілектерін ескерусіз қалдыруы, сұрақтарын шектеуі, негізсіз ескерту жариялауы, қорғау жағынан келетін куәлердің санына шектеу қоюы және келіп куәлік етушілерді жан-жақты сұрақтың астына алып, қысым көрсетіп, кейде сот залынан шығарып жіберуі. Атап айтқанда, куә ретінде келген Момбекованы «демократия» деген сөзі үшін негізсіз сот залынан шығарып жіберді. Ал керісінше, «жәбірленушілердің» сот тәртібін бұзуына, сотталушылардың ар-намысын қорлайтын сөздер айтуына жол берілді. Судья оларды тәртіпке шақырмай, сот тергеуіндегі теңдікті сақтамады. Мәселен, «жәбірленуші» А.Мұсабаев: «Бәріңді автоматпен атып тастаймын,... малдар», - десе, А.Аджи-Ходжаев: «Шакалдар,... Если бы я был на войне я бы Вас всех перестрелял», деді. Б.Рыспаев сот залына кірер-кірместен Исматулла Әбдіғаппарға қарап: «Молдасымақ,... жап ауызыңды», - деп дөрекі сөздер, балағаттар айтты. Ал судья бұған шара қолданбай, күліп отыра берді. Осылайша, Судья әдебі Кодексінің 2 бабы, 7 тармағындағы «Судья сот ісін жүргізуге қатысушы барлық тұлғалардан тап осындай тәртіпті талап еткені жөн» деген талапты орындамады. «Бұл қорғау тарапына жасалған қысым емей немене?»

ҚР Конституциясының 77 бабы, 1 тармағында: «судья сот төрелігін іске асыру барысында тәуелсіз және Конституция мен заңға ғана бағынады» делінген. Ал ҚР ҚІЖК-нің 90 бабы, 1 тармағы, 6 тармақшасына сәйкес, «Егер судья жеке, тікелей немесе жанама осы іске мүдделі деп санауға негіз беретін өзге де мән-жайлар болса, ол істі қарауға қатыса алмайды», - деп нақты көрсетілген. Алайда судья бұл заң талаптарын сақтамады. Аталған жайттар соттың істі біржақты, яғни айыптау бағытында жүргенін, оған өзінің мүдделі екенін көрсетті. Судья Қ.Қалмағамбетовты «Сенім. Білім. Өмір» қоғамдық бірлестігі өкілдерінің үстінен қаралған қылмыстық істі қараудан шеттетуді сұраған шағымды екі ай бұрын ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа, ҚР Жоғарғы сотының төрағасы Бектас Бекназаровқа, ҚР Жоғарғы сотының Жоғарғы сот Кеңесіне және басқа да құрылымдарға жолдаған да едік.

- Сот бітті, енді не істемексіздер?

- Үкім заңсыз, сол себепті біз кассациялық жол арқылы шағымданамыз. Болмаса Жоғарғы сотқа барамыз. Бұдан басқа амал қалмады. Мұндай заңсыз әрекеттерді тоқтату керек. Бұл мәселеге Елбасы назарын салады ғой деген үмітіміз бар.

- Сұхбаттасқаныңызға рахмет!

Сұхбаттасқан:

Дәурен СЕЙІТЖАНҰЛЫ

0 пікір