Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Жаңалықтар 7567 0 пікір 23 Қазан, 2011 сағат 11:11

Есмұхан ОБАЕВ: «Театр – ұлт рухының жаршысы»

Қазақтың театр өнері дара тұл­ға­ларға бай. Талантына табындырған да тамсан­дыр­ған небір саңлақтар, ұлы суреткерлер ұлттық сахнаға ұла­ғатты мол сыйлапты. Әл­бетте, сон­дайлық тәңір сы­йына мың да бір рахмет. Ал, осы театрдың ағзасына тіршілік отын тұтататын, та­мыр­ла­ры­на ыстық қан тара­та­тын жаны, жүрегі дейтіндей ұстыны - режиссер десек, қазақ топырағында тұтас дәуір жасаған, қол бастап көсемдік еткен кәсіби режиссер санаулы сияқты. Нақ осы санаулы сиректер қата­рында Қазақстанның халық әртісі, профессор, Қазақтың М.Әуезов атындағы академиялық  драма театрының көр­кемдік жетекшісі әрі директоры Есмұхан Обаевтың аталуы әлдебір заң­дылыққа, нысанды құбылысқа саятындай.

Қазақтың театр өнері дара тұл­ға­ларға бай. Талантына табындырған да тамсан­дыр­ған небір саңлақтар, ұлы суреткерлер ұлттық сахнаға ұла­ғатты мол сыйлапты. Әл­бетте, сон­дайлық тәңір сы­йына мың да бір рахмет. Ал, осы театрдың ағзасына тіршілік отын тұтататын, та­мыр­ла­ры­на ыстық қан тара­та­тын жаны, жүрегі дейтіндей ұстыны - режиссер десек, қазақ топырағында тұтас дәуір жасаған, қол бастап көсемдік еткен кәсіби режиссер санаулы сияқты. Нақ осы санаулы сиректер қата­рында Қазақстанның халық әртісі, профессор, Қазақтың М.Әуезов атындағы академиялық  драма театрының көр­кемдік жетекшісі әрі директоры Есмұхан Обаевтың аталуы әлдебір заң­дылыққа, нысанды құбылысқа саятындай.

Қысқа қайырымдармен айтар болсақ, Е.Обаевты өнерге, ұлт­тық режис­сураға кіндігін кесіп, тоқпақтай сомдап алып келген өкіл әкесі қазақтың тұңғыш кәсіби режиссері Асқар Тоқпанов еді. Еңбек жолын Әуезов теа­трында, даңқты режиссер Әзірбайжан Мәмбе­товтің қасында бастауы бал­ғын таланттың балақбауын ерте ағытты. Құрманғазы консерва­тория­сында, ұлттық топырақта дайындалған алпысыншы жылдардағы алғашқы  кәсіби режиссер­лері­міздің дарын­ды шоғырының ара­сында да Обаевтың орны бөлек дараланды. Қазақы философияны, ұлттық болмысты терең ұғынған ол өзі қойған спектакльдерде эпикалық кең тынысқа, байтақ кеңістікке құлаш ұрды, сахнада өз ойын жарқын суретпен өрнектеп, өзінің жаңа сөзін айта білді. Олай болса, болашақта қазақ театр өнерінің көшін бастауға, ұлттық сахна өнерінің керегесін кеңейтуге, ұлттық режиссура туын желбіретуге, өзіне дейінгі ұлылар ұлағатын жалғастыруға жетелейтін ақ жолды баспал­дақтардың көбіне-көп өндір жас Есмұханның еншісіне бұйырып, маңдайына жазылып отыруы тегін емес-ті. Ол баспал­дақтар - Мәскеудің М.Горький атындағы академия­лық театрында үш жылдай тағылымдамадан өтіп шыңдалуы, Ғ.Мү­сірепов атындағы Балалар мен жасөспірімдер театрында қоюшы-режиссер ретінде бағының сыналуы, Семейдің Абай атындағы музыкалық драма театрының көркемдік жетекшілігіндегі жиырма жылдық тұтас  кезеңде толысып кемелденуі, одан соң төрт жыл бедерінде Т.Жүргенов атындағы Театр және кино инсти­тутының (қазіргі Өнер академиясы) ректоры қызметінде осы оқу орнының  тәуел­сіздік талаптарына сай қайта жаңғыруына үлес қосуы, одан алты жыл бойы Мәдениет министрлігіндегі биік лауазымдарда шығар­машылық һәм ұйымдастырушылық зор қабілетімен кәсіби қазақ өнерінің өркендеуіне мұрындық болуы еді. Соңғы он жыл көлемінде, аға досы Асанәлі Әшімов айтқандай, қазақ театрлары қарашаңырағының кемел қолбасшысы болып, шын мәнісіндегі қайрат­керлік санаттан көрінуде.

Шығармашылық жолында 100-ден аса спектакль қойған, алыс-жақынды мойындатқан, көркемдік ізденістерімен және шығармашыл жанкештілігімен қазақ театрының бүгінгі даму белестерін айқындаушы тұлғаға айналған Есағаңның қашанда есіл-дерті, әңгімесінің арқауы - тек театр.

- Есмұхан Несіпбайұлы, өзіңізді өнер жолына бастаған себеп-сырлар қандай еді? Жас дәуреннің қимас елесіндей сол жайды  бір еске түсіріңізші.

- Өнерге адам тегін келмейді ғой. «Біз жауды  жеңеміз» деген Сталиннің сөзіне орай әке-шешем  атымды Жеңіс­хан қойыпты. Кейін Есмұхан боп кетіппін. Сол жылдарда дүниеге келген біздің ұрпақ - тағдыры өте қиын ұрпақ. Бала­лық шағымыз соғыстан кейінгі ашқұрсақ, жоқшылықта өтті. Сон­дағы жас уақыты­мызда ауылда бір қалпақ радиомыз бар, далада сұңқылдап сөйлейді де тұрады. Содан Серкебаевтар, Жылысбаевтар, Роза Бағлановалар, болмаса осы Бибігүлдер концерт беріп, тау-тасты жаңғыртып ән салады. Біздің дүниетануымыз, өнер тануымыз осы әлемге байланысты.

Сол кезде ауылдағы қазақ баласы атқа мінсе де, жаяу жүрсе де өлең айтады. Мен - тау баласымын. Алатау­дың бір бөктері, Кеген деген жерденмін. «Тау баласы тауға қарап өседі» дегендей,  туған жерімдегі Тәңіртауларға қа­ра­сам, ар жағынан бір арман сиқырлап арбайтын сияқты. Ылғи ар жағында бір үміт күтіп тұрғандай. Соған қашан жетеммен өмір кешесің. Бала күнімізде өмірден ертерек кеткен қоғам қайрат­кері, менен бір-екі жас кіші Заманбек Нұрқаділовпен іргелес үйде көрші тұр­дық. Сол екеуміз мойнымызға кішкентай гармонымызды асып алып, тамның тасасында әндетеміз. Сол кезде біздің ауылда айтылатын әндер адамды бір мұңға бөлеп, арманға жетелейтін, аң­сар-іңкәрға тәрбиелейтін.  Экспеди­ция­лар­дың арнайы шығып, ел аузынан жинайтын әндері дәл осылар еді. Әке-шешелеріміз ыңылдап, ән салмайтын күні болмайды. Солардың әндерін қағып алып біз айтамыз. Бойымызда өнерге деген, әнге деген бір құштарлық болса, солардан жұққан шығар. Мені өнерге, театр әлеміне әкеліп тынған да туған жердің тұнық бұлағымен оянған осы құштарлық.

- Сонымен, мектепті бітіргесін Алматыға келіп, консерваторияға түстіңіз ғой?

- Консерваторияға түскенде, соның өзі қызық болды. Алдында дауысым қырылдап, вокал факультетіне түсе алмай кеткем. Сөйтіп, ауылда қыстыгүні мал қорада қи күреп жүрсем, қашаның ар жағынан қара жағалы, сұр киімді, үлкен сусар бөрікті бір адам: «Әй, Обаев деген сенбісің?» деп айқай салды. «Иә, менмін, аға» дедім. «Онда бері кел!». Осы өктем дауыстың иесі Тоқпа­нов деген профессор: «Сен, давай, сағат екіде селсоветке кел, тыңдап, әуселеңді көремін», деп кетіп қалды. Содан әке-шешем «барсайшы» дегесін, барып, айтқанының бәрін істедім. Ит бол десе, ит болдым. Қарғы деді қарғыдым. Жүгір деді, жүгірдім. Ентік деді ентіктім. Содан кейін тақпақ айтқызды. Әйтті-бүйтті, ақыры мені ұнатты. «Ор­га­­никаң жақсы екен» деді ақыр соңын­да. Ол кезде ол сөзді ұғатын шамамыз жоқ. «Бейімің жақсы» дегені екен. Содан кейін: «Сен алдағы шілденің ба­сында консерваторияға кел. Актерлік бөлімге түсесің» деп бұйырды.

Ауылдағы мың сан науқаннан шыға алмай, қыркүйекте бір-ақ бардым. «Әй, қайда жүрсің, атаңа нәлет! Ой, қу қырт», деп Асқар Тоқпанов ағамыз жау­дыртып ала жөнелді. «Уақыт өтіп кетті. Енді қабылдамайды. Емтиханнан қалып қой­дың. Енді стипендиясыз оқисың, вольнослушатель деген болады. Соған түсе­сің. Ар жағын көреміз» деді. Сол арада ректор Қожамияров келіп қалып, ол кісі «Бұл заңсыз» дегесін, енді екеуі бір-бірімен шақ-шұқ айқайлассын. «Бұл талантливый бала, мен өзім жауап беремін» деп Асекең бой берер емес. Ақы­ры, «Оттамасын, оқисың, бірақ саған ештеңе төлемейді» деп соңғы сөзін айтты. «Жарайды» деп оқуға мен де кірістім. Бес айдан кейін  емтиханның бәрін беске тапсырып, оқуға заңды түрде қабылдандым. Бес жыл бойы староста болдым.

-  Сіз сонда кімдермен бірге оқы­дыңыз?

- Ол кезде Асанәлі, Сәбиттер кон­серваторияның актерлік бөлімінде оқи­тын. Біз болсақ, 24 бала қазақтың тұңғыш кәсіби режиссерлерін дайын­дайтын жаңадан ашылған режиссерлік бөлімге оқуға түстік. Содан он бір адам бітіргенбіз, көзі тірі үшеуіміз ғана қалыппыз. Мынау қарсы алдыңда отыр­ған Обаев пен Өнер академиясының профессоры Маман Байсеркенов. Ақ­таудағы жастар театрында Зәуреш Есбергенова деген қызымыз және бар. Бізбен бірге оқығандардың ішінде Вик­тор Пұсырманов, Қадыр Жетпісбаев, Жақып Омаров, Халиолда Мерғазиев сияқты марқұм болып кеткен талантты режиссерлер елдің есінде.

- Шығармашылық жолыңыздың жиырма жылы, тұтас бір кезеңі Семейде, Абай театрында өткен екен...

- Мәскеуде режиссерліктің қыр-сы­рына үйреніп, аман-есен келіп, ТЮЗ-де жұмыс істеп жатыр едім, Ләйлә Ғалым­жанова дейтін министріміз: «Сен бір жылға Семейге бара тұр. Бәйкен Омаров кетті. Семей театры құрыды. Ондай театрды мұндай жағдайда қалдыру сұм­дық», деп мені Семейге аттандырды. Бұл - 1972 жыл. Сол кеткеннен мол кеттім. Бір жыл қайда, Семейде бас режиссер болып 20 жыл және 6 күн қызмет атқар­дым. Менің режиссурадағы қалып­тасуым, шық­қан биігімнің бәрі осы айна­лайын Абай атындағы Семей театрымен бай­ланысты. Театрды гастрольмен Мәс­кеуге де алып бардым, сонау Каирге дейін барып өнер көрсеттік. Театр өсіп-толыс­қан жақсы бір кездер еді. Жақсы әртістер бар еді. Осы жиырма жыл маған қанша қиын,  күрделі болса да тек жақсылығы­мен есте қалыпты. Бұған дейін Қазақ­станның бірде-бір театры ЦК-ның бюро­сында қаралмаған. Біз, Семей театры Қонаевтың кабинетінде, Орталық Комитет Бюросында жақсы жағымыздан танылып, жұмысымыздың озық тәжірибесі күллі елге, Қазақстанның барлық театрларына арнайы қаулымен таратылды. Көрермен ұйымдастырудағы, репертуар таңдаудағы, шығармашылық тұрғыдағы жетістіктеріміз мадақталып, насихатталды.

- Ол қай кез?

- Әлі есімде, 1986 жыл, 14 тамыз.

- О, Желтоқсан оқиғасының дәл қарсаңы екен ғой.

- Димекеңді күтіп, Алматыда бір апта жаттық. Ол кісі ел аралап, астықты көріп, жақсы көңіл күймен келген беті екен. Бұған дейін облыстық театрды қойып, Бюроға Әуезов театры да шығарылмаған, тарихта болмаған жағдай. Сол мәртебеге ие болған біз әрі мерейленіп, әрі тол­қулымыз, әрі қорқулымыз. Онымызда ша­руасы жоқ Димекең қарапайым қалыппен алдындағы қағаздарға қарап: «Я, кім сөй­лейтін еді? Есмұхан, сен сөйлейсің бе?» деді. Бұл кісі менің атымды қайдан біледі деп таңғалып мен отырмын. Өзім дір-дір етемін. Айтатын сөзімнің бәрін жаттап алғанмын. Соны байыппен тың­дағасын Димекең айтты: «Жақсы дүние­лер жасап жатыр екенсіңдер. Тәжіри­белеріңді таратамыз театрларға. Ал енді өздеріңнің қандай бұйымтайларың бар?» деді. «Бізге театр салып берді. Ашылғанда өзіңіз болдыңыз. Бірақ сол әлі толық бітпей жатыр. Алдында фонтаны, төбесінде арна­улы құрылғылары болуы керек. Солар бітпей қалды. Соны бітірткізіп бер­сеңіз. Содан кейін мына әртістер көбіне түзде жүреді, үйге, бала-шағасына қарауға шамасы келе бермейді. Үй мәселесі нашар» деп едім, Димекең сол арада Гукасов деген министрге: «Эрик Христофорович, Семейдің театры әзер­бай­жанның  «Ар­шын мал - Алан» пьеса­сын қояды екен. Жаңа естідіңіз. Қандай керемет. Сіз, немене, сөйтіп отырған театрға бір қамқорлық жасай алмайсыз ба? Театрдың алдында фонтан болуы керек. Ел соны қызықтап демалуы керек, бұған қалай қарайсыз?» деді. Ол кезде бірінші хатшыға жоқ деп айта алмайды екен ғой. «Құп болады, Димаш Ахметович, айтқаныңыз орында­лады» деді. Сосын Димекең Мирошхин деген екінші хат­шысына қарады. «Театр­ды қабылдап алғансыздар. Құры­лыс­шы­лар тапсырған. Соны неге қада­ғала­майсыздар? Қане, маусым ашылғанға дейін бәрін бітіріп беретін болыңдар», деді.

Димекеңнің сондағы театрға деген ықыласына әлі күнге дейін тәнтімін.

- Есаға, сіз бүкіл жан-тәніңізбен, қаны­ңызбен қазақы топырақтан шық­қан кәнігі кәсіби режиссерсіз. Режиссер мамандығының рөлін, мән-маңызын қалай бағалайсыз?

- Театрдың ұстыны - режиссер. Мы­салы, Семей театрының  70 жылдық тари­хында әрқайсымыз жиырма жылдан үш режиссер ғана істеген екенбіз. Украинадан келген Леонтис деген кісі. Бәйтен Омаров. Сосын мен. Режиссер тұрақта­мағандықтан, осы театрдың халі мүшкіл­деу. Театрдың өсуі де, өшуі де режиссерге байланысты дейтінім сондықтан. Жас кезімізде: «Партия - ум, честь, совесть наши эпохи»  деген ұран болатын. Мен соның өңін айналдырып: «Режиссер - театрдың ақыл-ойы, абыройы және ар-ожданы» деймін.

- Режиссерлік төл кәсібіңізден қол үзіңкіреп кеткен жылдарыңыз да болды емес пе?

- Соншалықты қол үздім деп айта алмаймын. Министрлікте жүргенімде, Жүр­генов институтының ректоры кезінде де театр мәселесімен тікелей шұғылда­нып отыр­дым. Бар өмірім қазақ теа­трының гүл­де­нуіне, қазақ театрының кадрын дайындауға, қазақ театрының кәсі­би дәрежеде өсуіне арналды десем, ешкім дау айтпас. 23 жасымда консер­ваторияны бітіре сала мені осында мұға­лім етіп қалдырды. Әрі Әуезов театрында істеймін, әрі мұғаліммін. Сол 1964 жыл­дан бері қарай осы педагогтік жұмы­сымды үзген емеспін. Консерваторияда Асқар Тоқпановтың ассистенті, екінші оқытушы болдым. Ал, Семей кезеңінде сондағы аграрлық институтта ФОП деген факультет болды - факультет обществен­ных профессии. Мұнда болашақ зоотехниктерді, веттехниктерді, ауыл көркем­өнерпаздарын басқаратын режиссерлікке оқытатын. Мен соларға сабақ бердім. Одан кейін ректор болдым. Өнер акаде­миясында әлі күнге дейін ұстаздық етемін. Бүгінде студенттерімнің алды шетінен халық әртістері: Тілектес Мейрамов, Досхан Жолжақсынов, Ғазиза Әбдінә­биева, еңбек сіңірген қайраткер Нұрқанат Жақыпбаев, толып жатыр, көп. Әуезов театры әртістерінің қырық пайызына жуығы өз шәкірттерім. Осыншама жылда біздің оқушыларымыз республиканың барлық театрларына тарап кетті. Қазақ­станда қазір 52 театр болса, қайсысына барсам да шәкірттерім алдымнан шығады. Бұл да бір бақытым.

- Тәуелсіздік жылдарында ашылған театрлар саны қанша?

- Тәуелсіздік жылдарында елімізде жаңадан жеті театр ашылды. Петропавлда, Қостанайда, Өскеменде, Ақтауда, Жетісай мен Түркістанда. Бұларға өзбек театрын қоссақ - жетеу. Осының өзі жат­қан бір әлем ғой. Менің тағы бір бақытым, осы театр­лардың барлығының ашылуы кезінде өне­бойы ел Президен­тінің қа­сында жүрдім. Сол­түстік Қазақ­стан облы­сында Сәбит Мұ­қанов атындағы театр ашылғанда менің бір жылғы түлектерім түгел сонда барды.

- Осынау театрлардың бүгінгі жай-күйі қалай?

- Олардың бәріне мемлекет тарапынан қаражат бөлінуде. Ғимарат - мемлекеттен. Қазір Қостанайдың қақ ортасында қазақ театрының үйі салынып жатыр. Ақтау мен Түркістандағы театр ғимараттары да жаңа. Осының бәрі Елбасының тікелей тап­сырмасымен атқарылуда. Осылай кө­ңіл бөлініп тұрған кезде іс қалай өрге баспасын. Бір ғажабы, дүние жүзінде Қазақстаннан басқа ешбір мемлекеттің театрлары алты тілде сөйлемейді. Амери­каңызда болсын, Ресейіңізде болсын. Біз алты тілде өнер жасайтын театры бар халықпыз. Қазақ театры. Орыс театры. Ұйғыр театры. Корей театры. Неміс пен өзбек. Алтындай алты театр. Алты ұлттың тілінде. Көп ұлттылығымыздың, қой үстіне бозторғай жұмыртқалағанның бір көрініс-көрсеткіші осы емес пе. Біз осындай елміз деп мақтансақ орайы бар.

- Сол мақтаныштың материалдық жағына  үңілсек ше?

- Осы театрға мен келген кезде Асанәлі Әшімовтер 8 мың теңге алатын. Асанәлі маған: «Туһ, Есмұхан, сегіз мың еңбекақы бересің де сексен сағат ұрса­сың», деп ойын-шынды  қалжыңдау­шы еді. Қазір сол кісілеріміздің жалақысы 140 мыңға дейін көтерілді. Облыстық театр­ларда, әрине, төменірек. Өйткені, біздің театр ай сайын 30 ойыннан ойнайды. Тапқан ақшаны пайыздап, түгел әртіс­терге жалақысының үстіне үстемелеп береміз. 50 пайызға дейін. Өйтпесек бол­майды. Театр осыншама спектакльді игеру жолында күндіз-түні жұмыс істейді. Сол еңбектің қайтарымы болу керек қой.

- Ана бір жылдарда театрларды тұралатып тастаған қиыншылықтар да болғаны жадыңызда шығар?

- Нарықтың алғашқы жылдарында еңбекақыны дер кезінде ала алмай, үш-төрт айға дейін созған қиыншылықтар болғаны рас. Ол бір көппен көрген ұлы той. Қиыншылық жағдай мемлекеттің эко­номикасы бәсеңдеген өтпелі, өлара тұста туындады. Осы театрымыздың өзінде 80-ші жылдардың аяғынан 2000 жылға дейін көрермен саны күрт азайып кетті. Оның себебі, ел экономикасының, халықтың тұрмыс дәрежесінің төмендеуі еді. Қалта­сында тиыны жоқ адам театрға қайтіп келеді? Енді, міне, экономика көтерілді, қоғам өрледі, мемлекет өркендеді. Елдің қалтасында ақша пайда болды. Осы кезде адам рухани қажетін ойлап, театрға бет бұра бастады. Елбасының: «Ең әуелі экономика» дейтіні де содан ғой.

Қазір қазақтың ақсақал қарттары немерелерін ертіп кассадан билет алып тұрғанын көреміз. Қымбат емес. 300-400 теңгеден. Сол қария залда отырып: «Қара­ғым, Абылай хан деген бабаң мына кісі. Абай  деген абыз атаң ана кісі», деп жа­­ңа­ғы немересіне тарих тағылымын ай­тады. Қазіргі балалардың бәрі бірдей Абайды оқып жүргеніне күмәндімін. Ал енді сол бала театрға келіп, үш сағат ойынды тамашаласа, Абай әлемін танып шығады. Абайдың ұлы парасатын, Мұқаң­ның ұлы сөздерін санасына сіңіреді. Бүгінгі күннің драматургиясы қақтығысқа құрылады. Сахнада халыққа ой салатын, неғұрлым ұлттық рухымызға жақын, өтімді дүниелер ғана қойылады.

- Қазір қойып жатқан сондай дүниелердің бірін атай кетсеңіз.

- Серік Асылбековтің «Империядағы той» деген пьесасы жүріп жатыр. Мұнда байлыққа бөгіп, азғындағандар мен өзінің ұятын, ар-намысын сақтаған, Отанын сүйетін адамдар арасындағы қақтығыс, шиеленіс желі тартқан. Бүгін кішкентай ғана «Империя» деген ресторан салып алған адам ертең күллі ел тұтқасын иемденуге аранын ашпай ма? Ондайлар көп қой. Президентіміз қаншама адамға үміт артып, қанша жасты оқытып, жолын ашты. Солардың арасынан өз халқына өзі қарсы шығып, өз елін жұлып жеуге көз алартқандар да бар емес пе. Сондықтан, театр бүгінгі күн тақырыбын, қоғамымыз­дың толғақты жағдайларына үн қосатын, өз жұртымыздың намысын жыртатын тақырыптарды көбірек қаузайды. Театр өзінің барлық болмысымен қоғам үшін, мемлекет үшін, халық үшін, халқы­мыз­дың биік кеуделі рухы үшін қызмет етеді. Соның себебінен болар, театрда шетінен отансүйгіш, елім деп елжіреп тұратын, тілін сүйетін, өткен тарихты, қазақ деген халықты қадірлейтін адамдар ғана жұмыс істейді. Сахнаның патшасы - әртіс. «Саф таза өнер бықсық ойдан тумайды» деген нақыл бар ғой. Театрдағы өнер иелері бықсық атаулы­дан аулақ, өздерінше бір таза әлем. Міне, осы ұжымның көңілін табу, әрқайсысына сай рөл үлестіру көр­кемдік жетекші үшін оңай шаруа емес. Пьесаға қатысып отырмаса, қарайып қалады. Бұлардың тілеуін де үйдегі өз балаңның тілеуін тілегендей тілейсің. Әртісімнің табанына кірген шөгір менің маңдайыма кірсін деп жұмыс істемесең, ол жұмыстың құны көк тиын.

- Театр мен тәу етер Тәуелсіз­дігіміздің арасына қандай параллельдер тартар едіңіз?

- Қазақ театры үшін айналып кетейін Тәуелсіздіктің бергені көп. Жалпы қазақ өнерін, қазақ рухын өрлетті. Мұны соқыр ғана көрмес. Қазіргі бар әлемге танылып жатқанымыз тек байлықтың арқасы десек, қателесеміз. Биікке шырқағанымыз ең алды­мен рухтың арқасы. Біз тек мұнай­мен, газбен ғана ел болмаймыз. Рухани әлемімізбен, рух байлығымен ел боламыз. Сол рухани әлемді дүниеге таратушы - театр. Мысалы, қазірде Құрманғазы оркестрі мұхиттың арғы бетіндегі Карнеги-холлда концерт беріп жатыр. Қазақ домбырасының үнін естіген шетелдіктер тәнті болуда. Ал, домбыра қазақтың жаны емес пе? Қобыз қазақтың қаны емес пе? Ұлтты мойындататын, ұлттың бітім-болмысын танытатын - өнер. Адамның жанын тәрбиелейтін, қуа­нышқа бөлейтін осы театр өнері, музыка өнері, әдебиет өнері. Ендеше, қазіргі таңда қазақ өнері мен мәдениеті, театры тәуелсіздігімізге қызмет етуде.

Осындай театр өнерін, кино өнерін, жалпы музыка әлемін тиісінше бағаламай жатамыз. Мысалы, біздің қарашаңырақта қызмет істейтіндер тек жалғыз Әуезов театрының ғана әртістері емес. Соны­мен бірге олар қазақ киносының, қазақ радио­сының, қазақ теледидарының, қа­зақ дубля­жының де әртістері. Театр жалғыз Алматының ғана театры емес, күллі Қазақстанның театры. Жыл сайын екі-үш қалаға гастрольге барамыз. Бүкіл елдің облыстарынан бастап, ауданда­рына дейін аралаймыз. Жақында ғана Жамбыл облысының үш ауданында бо­лып, спектакльдерімізді қойдық. Сайып келгенде, біз Тәуелсіздіктің қызметші­сіміз. Біз дегеніміз, яғни театр.

- Олай болса, театрдың тәуел­сіздік кезеңіндегі табыстарын тара­тың­қырап айтсаңыз қайтеді.

- Әуезов театры өзінің 86 жылдық ғұмырында халқымен бірге жасасып келеді. Тәуелсіздік жылдарында біз он шет мемлекетке бардық. Ол сапарларда 80 қойылым қойдық. Қазақ театры ту­ралы сол кездерде төрткүл дүние баспа­сөзі жабыла жазды. Қазақтың кәсіби режис­сурасын, кәсіби актерлік мектебін, қазақ­тың сценографиясын жер-жа­һанға таныт­тық. Әлемнің басқа театр­ларымен бірге Кореяның Сеул қала­сында, Түр­кияның Конья қаласында гастрольде болып қайттық. Түріктер мар­құм боп кет­кен жас режиссер Сүгір­бековтің қойы­лымында «Қозы Көрпеш - Баян сұлуды» көргенде таң-тамаша қалды. Мына тарих бізде де бар ғой. Біз қалай бұған назар аудармағанбыз, дейді. Мар­құм Талаптан Ахметжанның «Сұлу мен суретшісін» Коньяда көрсеткенде: «Ақын­жанды театр екенсіздер. Махаб­батқа қазақ халқы қандай жақын. Қандай биязы, нәзік, дархан жанды халық­сыздар!» дейді. Міне, көрдіңіз бе? Осы­лай ұлтты танытып отырған жоқпыз ба, біз.

1926 жылы осы театр ашылғанда «Театр неге керек» дегендей сөздер де болыпты. Сонда Сәкен Сейфуллин: «Егер театрға көзі көрмейтін адам келсе, сахнада өтіп жатқан әрекетті құла­ғымен тыңдап, ләззат алады. Егер көзі көріп, құлағы естімейтін адам келсе, көзімен көріп отырып ләззат алады. Театрдың қасиеті де, құдіреті де осын­да», деген екен.

Сонау 1926 жылы театр керек болған Қазақстанға қазіргі тәуелсіздік заманында театр тіптен ауадай қажет. Еліміздегі қалған 52 театр Әуезов теа­трының балалары, немерелері, шөбере­лері десек болады. Әкемтеатрды қазақ өнерінің қарашаңырағы дейтініміз содан. Опера театры да бізден енші алып ашылған. Қаздың балапанындай соңы­мыз­дан шұбырған сол іні театрлармен тығыз байланыстамыз. Сахнамызды береміз. Әнеугүні ғана Астананың жастар театры келіп, өнер көрсетіп кетті. Қазір Қарағандының театры келіп жатыр. Биік мәртебелі қазақ театрлары жыл сайын фестиваль өткізуді дәстүрге айнал­дырған. Облыстағы актерлік мек­тептің халі қалай?  Не істеп, не қойып жатыр? Осының бәрін саралаймыз. Сөйтіп, театрдың өсіп-өркендеуіне хал-қадерімізше септесеміз. Мүсірепов театрында биыл он тоғызыншы рет өткен сол фестивальдің жюри төрағасы мына алдыңызда отырған пақырыңыз.

- Қазақ театрын Қаллеки, Серке, Елубай сияқты корифейлер шырқау биікке көтергені белгілі. Театрдың қазіргі кәсіби деңгейін қай өреден бағалайсыз?

- Кәсіби деңгейі сол бұрынғы кездегіден жоғары болмаса, төмен емес. Неге? Ол кездерде сахна жұтаң, пьеса жазатын драматургтер аз еді. Сол себепті репертуар тапшы болды. Қазір қырық жазушы пьеса жазады. Тәуелсіздіктің арқасында жыл сайын конкурс жария­ла­нып, он мың доллардан грант бө­лінуде. Сұлтанәлі, Дулаттар өмірбақи алып келеді. Иран-Ғайып та қалыптас­пайды. Дүниені шыр айналдыратын пьесалар бар. Бір қуаныштысы, жас драматургтер көптеп көріне бастады. Демек, әдеби материал жеткілікті. Бұл, біле білсек, ұлттың өскендігінің белгісі. Әдебиеттің өсуі ұлт өсуінің көрсеткіші. Ал, драматургия болмаса, театр бол­майды. Құдайға шүкір, бізде драмаға толы драматургия да, тартымды театр да бар.

Қазақ театрларының қазіргі шығар­ма­шылық та, тұрмыстық жағдайы да жақсы дей аламын. Құрып, құрдымға кетіп бара жатқан, спектакль қоя алмай суалып отырған театрды көрген жоқпын. Мен бір спектакльді қою үшін кейде 15 миллион теңгеге дейін қаражат шығарамын. Киімі, музыкасы, суреті бар. Авторы бар, басқасы бар дегендей. Сол қойылым 15-20 рет жүргеннен кейін өзін-өзі ақтайды. Ана бір жылдары гастрольге де шыға алмай қалған кездеріміз болса, қазір көрерменмен қайта қауышқанбыз. Іссапарға шықсақ та қаржы бар. Жаңа қойылым үшін де үкімет төлейді. Басқа тіршілігімізге ақшаны өзіміз табамыз.

- Алдағы ұлттың ұлық мерекесіне қандай тарту-таралғымен келе жатырсыздар?

- Тәуелсіздіктің 20 жылдығы ая­сында Астана жұртшылығына есеп беріп қайттық. Басқа да театрлар есеп берді. Біз бастадық. Маусым айында Кү­ләш Байсейітова атындағы опера теа­трында сүбелі-сүбелі бес қойылым­ды сахнаға шығардық. Әуезовтің «Абайы», Қалихан Ысқақовтың тәуел­сіз­дік тақы­рыбын қаузаған «Қазақтар» атты спектаклі, қырғыз тілінен аударылған «Жүрейік жүрек ауыртпай» деген қойылым және басқалар. Екі апта бойы аншлаг! Одан соң Таразға бардық. Осы­ның бәрі ұлы мәртебелі Тәуелсіз­дікке тағзымымыз.

Осы күндерде Тәуелсіздік құрметіне жаңа спектакльдер қоюдамыз. Мұхтар Әуезовтің «Қилы заманын» сахнаға шығармақпыз. Тәуелсіздік заманында театрдың басты тақырыбы - адам, жаңа адам. Театр сахнасында адамның мұңы, адамның құқы, адамның бостандығы, тағдыры мен тәуелсіздігі, адамның жаны мен болмысы, қайғысы мен қуанышы сөз болады. Егер сахнада адам тағдыры болмаса спектакльді ешкім көрмес еді, театрға көрермен келмес еді. Бізге көрермен келеді.

- Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен Қорғанбек АМАНЖОЛ.

http://www.egemen.kz/316592.html

0 пікір