Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Көршінің көлеңкесі 8176 39 пікір 15 Сәуір, 2020 сағат 15:01

Қытай «Композиторының» көздегені не?

Кеше «Qazaqstan» Ұлттық арнасында ұзақ уақыт жыр болған «Композитор» фильмі қойылды. «Жыр болған» деп бекер айтып отырған жоқпыз. «Қазақстан мен Қытай бірлесіп фильм түсіреді екен, түрсіліп жатыр екен, жарыққа шығыпты, екі елдің мемлекет басшысы көріпті, прокатқа шығады екен, прокатқа шығыпты...» деген әңгімені естіп жүргелі бес жылға жуықтады.

Фильм түсірушілердің айтуынша, мұндағы басты оқиға екі композитор - қытайлық Сянь Синхай мен қазақстандық Бақытжан Байқадамовтың достығын суреттейді. Олардың ойынша «Композитор» – достық туралы фильм. Бірақ бұл уәжбен келісуге болмайтын секілді. Екі елдің президенті бастап, он жылға жуық уақыт «жырдай қылып», аттары ұмытыла бастаған музканттардың 80 жыл бұрынғы өмірінен фильм түсірілсе, бұған қалай жай қарауға болады?!

Мақаланы бастамас бұрын екі мәселенің басын ашып алайық. Біріншіден, біздің оқып білуімізше Сянь Синхай - бір фильмге жүк болатындай тағдыры бар композитор екен. Еліне қайта алмай, жырақта қайтыс болған. Бірақ оның өмірі, тағдыры Қытайға ғана керек. Бүгінгі қазақ айдаладағы Сянь Синхай түгілі, Байқадамовтың өзін біле бермейді. Ендеше Қазақстанның 50% қаржы шығарып, бұл фильмді түсіргені бос әурешілік.

Екіншіден, біз фильмге өнер тұрғысынан баға бергелі отырған жоқпыз. Оның көркемдік деңгейі, режиссерлердің, актерлердің шеберлігі жайлы бір ауыз пікір айтпаймыз. Бізді қызықтыратыны киноның идеясы және көздеген мақсаты.

Біз екі жыл бұрын «Кино-саясат. Қазақ тарихына тағы да озбырлық жасалмай ма?» атты мақаламызда киноның көздеген мақсатына күмәнмен қараған едік.

Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев 2018 жылы маусым айында Қытайға барған сапарында сол елдің басшысы Си Цзиньпинмен бірге осы фильмді көрген болатын. «Композитор» сол жылдың қыркүйек айында прокатқа шығады деп жарияланған. Алайда бізге белгісіз себептермен тұсаукесер өткен жылы мамыр айында өтті. Ал жалпы көрермен назарына 2020 жылы ұсынылып отыр.

Бұл фильмді түсіру идеясын Қытай тарапы ұсынған көрінеді. Сонау 2013 жылы 7 қыкүйекте Астанадағы Назарбаев университетінде студенттермен кездескен Си Цзиньпин екі композитордың достығы жайлы сөз қозғаған. Осыдан-ақ, «Композитордың» түсірілуіне мемлекет басшыларының құндылы болғанын, тіпті тапсырма бергенін аңғаруға болады.

Сянь Синхай Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде (1941 жыл) тағдыр айдап Алматыға келген. Өзіне мүлде бейтаныс шаһарға тап болған оны сол кезде қазақ радиосында қызмет істейтін белгілі композитор Бақытжан Байқадамов қамқорлығына алып, қонақжайлылық танытқан көрінеді. Ашық дереккөздерде жазылуынша, Сянь Синхай Қазақстанда 1944 жылға дейін тұрған.

Ал Байқадамов оны екі-үш жыл үйіне тұрғызып, (кинода тіпті жесір қарындасының үйіне тұрғызады) бағып-қаққаны жайлы ешқандай нақты ақпарат жоқ. Тіпті Сянь Синхайдың өмірі жайлы Қытай деректерінде оның Алматыға келгені айтылғанымен, Байқадамовтың аты аталмайды да.

Сянь Синхай мен Байқадамовтың таныс болғаны (жарайды дос болғаны) өтірік емес. Бірақ бұл екінің бірі білмейтін, ұмытыла бастаған дерек. Соны қытайлар қазып алып, қазақты арқаға қағып фильм түсірді. Өз ойлары, өз идеяларымен. Кинода не айтқысы келді, соны айтты (бұл жайлы төменде жазамыз).

Сянь Синхай өз елінде ұлықталмай жүрген композитор емес. Мына фильм ол жайлы алғашқы кинокартина да емес. Сянь Синхайдың өмірі жайлы өз елінде 20 бөлімді телесериял түсірілген. Ендеше Қытайларға «Композитор» не үшін керек болды? Бұл тіпті мүлде қытайлық көрермен үшін түсірілмеген дүние. Қазақстандықтарға арналған, қазақстандықтарды қытаймен «ұлы достыққа» сендіру үшін.

Фильмді Ш.Айманов атындағы «Қа­зақ­­фильм» киностудиясы мен қы­тайлық «Shineworks Pictures» компаниясы бірлесіп түсірді. Фильмге жұмсалатын қаржыны қос тарап елу-елу пайыздан шығарды. Монтаждау, компьютерлік графика жағымен қытай тарапы айналысқан. Режиссері – Шеризат Яқұб, тең режиссері – Сәбит Құрманбеков.

Сәбит Құрманбеков тең режиссер деп көрсетілгенімен, негізгі шешім қытайлық режиссердің қолында болған секілді. Мұны Құрманбековтің «Егемен Қазақстанға» берген сұхбатынан аңғаруға болады. Оның айтуынша, қытайлық режис­сер біздің актерлерден Қытай киносына тән әсіре эмоциямен ойнауды талап еткен, әрі дегенін істеткен. Оның үстіне, киноға түсетін актерлерді, тіпті қазақстандық актерлерді де қытайлық режиссер таңдап алған. Музыка, компьютерлік өңдеу, графикасымен толықтай қытайлар айналысқан. Сол үшін де жоғарыда қытайлар фильмді өз идеясымен түсірді, не айтқысы келсе соны айтты деп жаздық.

Енді «Ұлттық арнадағы» «Композитор» жайлы

Фильм екі композитордың достығы жайлы дегенімен, бастан-аяқ басты адамның Сянь Синхай екені көзге ұрып тұрды. Бөтен елде мүсәпір болып жүрген жоқ, қолдан келгенше баса билеп жүр. Тіпті жүрген жерінде қытай тілін үйретуге тырысады, кішкентай қызға, Байқадамовқа, концертін көруге келген халыққа (Қостанайда).

Сянь Синхайдың екі-үш жыл бойы Байқадамов отбасында тұрғаны жайлы нақты ақпарат жоқ дедік. Бірақ фильмде Байқадамов оны күйеуі халық жауы ретінде атылып кеткен, жесір қарындасының үйне тұрғызады. Ақылға қона ма? Алты-жеті жастағы кішкентай қызы бар жас қарындасының үйіне керіскедей қытайды жетелеп апарады.

Ол қытай жай жүрмейді. Отағасы жоқ отбасыға әбден сіңіседі. Тамақ істейді, ақша береді. Кішкентай қыз оны «көке» дейді, жақсы көреді, қытай тілінде ән үйренеді. Байқадамовтың қарындасы да оған бауыр басады, кетерде қимай көзіне жас алады, күйеуінен қалған киімді береді. Фильмде жақындық осымен шектеледі. Бірақ қытай режиссері талап еткен әсіре эмоция ер мен әйел арасындағы бір жақындықты сездіреді.

Бұл туралы Байқадамовтың фильмде сөз болатын қарындасы Данаштың қызы Қаламқас та ескерту жасаған көрінеді. Бұл сөзді қазақстандық режиссер Сәбит Құрманбеков те айтады. Жоғарыда аталған сұхбатында:

- Фильмдегі басты кейіпкер Сянь Синхай мен Бақытжан Байқадамовтың қарындасы Данаштың қоштасатын тұсына қатысты «Композитор мен анамның арасында сүйіспеншілік сезімі болған емес» деп Қаламқас апамыз өзінің ескертуін жасады. Бірақ біз ол эпизодта тіпті де махаббатты емес, сұрапыл соғыстың қиын-қыстау кезеңінде бір шаңырақ астында бірге тұрып, бір-біріне бауыр басып, туысқанға айналған жандардың адами аяулы сезімдерін көрсеткіміз келген еді, - дейді Құрманбеков.

Қазір ел арасында Қытайдың жымысқы саясаты жайлы әңгіме көп. Олардың Қазақстанда көбейіп келе жатқаны айтылады. Тіпті Қазақстанға келген соң жергілікті қыз-қырқынды жағалайтыны жайлы да сөз бар. Бұл тіпті парламент сенатында көтерілген мәселе. Сонда жоғардағы көрініспен не айтқыларыңыз келді, кино түсіргіштер?

Екіншіден, фильм «Ұлттық арнадан» көрсетіліп жатқанына қарамастан қытай кейіпкерлер тек қытайша сөйлейді. Не масқара! Қазақша кинода орыстар орысша, қытайлар қытайша сөйлеп жүреді. Әлде орыс пен қытай ешқашан қазақша сөйлемеуі керек деген заң бар ма? Қазақ тіліндегі кино болған соң, олардың сөзін де аударып, қазақша сөйлетсе болады ғой. Әлде бүкіл Қазақстан көретін «Ұлттық арна» арқылы қытай тіліне құлақ үйретіп жатыр ма? Сенат спикері үнемі талап етіп жүретін тіл болғандықтан, бұл болжамды да жоққа шығаруға болмайтын шығар.

Сөз соңында айтарымыз, бүгінгі адамзат санасын өзгертудің немесе қалыптастырудың негізі әрі ең тиімді құралы кино болып отыр. Бүкіл сананы кино арқылы жаулауға болады. Осыны түсінген көршілеріміз қазақ қоғамын иедеясы күмәнді киноларымен өзіне баурауда. Телевизорды қосып қалсаңыз, ресейлік фильмдер, сериялдар қаптап тұр. Аударып, әре болмайтынына қызыққан біздің телеарналар орыс киноларын талғамай көрермен назарына ұсынып отыр.

Енді оған қазаққа берері аз қытайлық «Композитор» фильмі қосылды. Ресей түсірген, орысша киноларды күнде көргеніміз аздай, енді Қытай түсірген, қытайша сөйлейтін, «Қытай киносына тән әсіре эмоцияға» толы фильмдерді көреміз бе? Жауапты шенділер шетелмен бірлескен жоба дегенді малданып, елге берері жоқ дүниені назарға ұсынып отыр. Кино арқылы айтқысы келген екі ел арасындағы «ұлы досыққа» халықты сендіргісі келетін секілді...

Қуаныш Қаппас

Abai.kz

39 пікір