Сенбі, 20 Сәуір 2024
Қоғам 5239 16 пікір 13 Сәуір, 2020 сағат 16:19

«Радлов пен Левшин жазған тарихты әлі жұбаныш көріп жүрміз»

Коронавирус

Бұл тек біздің елде емес, төрткүл дүниені жайлаған өте қауіпті індет болғандықтан, аса сақтықпен байбалам салмай, тек үйден шықпауға тырысып, баяғы Күнқожа жырау жырлағандай, «Біріншіден не жаман қасарысқан қыз жаман» дегендей билікпен қасарыспай, заңға бағынып, үйден шықпай уақыт оздырып, вирустың одан әрі таралуына жол бермей, сақтық шараларына бойұсынған абзал. Сонда ғана Қытайдағы немесе Италиядағыдай зардап шекпейміз. 

Қазақ халқының тарихы

Керей мен Жәнібек хандар Қазақ хандығын 1465 жылы құрған деген нақты деректер бар екенін тарихшылардың көпшілігі біледі. Бірақ, 2012 жылы Ресей президенті В. Путин мырза «Қазақтарда бұрын-соңды мемлекет болған емес, оны 1991 жылы сіздердің тұңғыш президентіңіз Н. Назарбаев құрды» - деп айды аспаннан бірақ шығарып еді. Сол В. Путиннің сөзіне қарсы жауап ретінде, біздің билік Қазақ Хандығының құрылғанына 550 жыл болған деп 2015 жылы Таразда дүркіретіп атап өтті.

Қазақ ел мен жерді қорғау, сақтау дәстүрлері хандықтың негізін қалаған сұлтандардың арғы бабасының тарихымен біте қайнасып жатыр. Өйткендегі және бүгінгі тарихқа зер салып үңілсек, Қазақ елінің азаттығы үшін арпалысқан ұлы тұлғалардың бар арман-мақсаты – ұлттық мемлекетімізді құру болғанын көреміз. Сонау көне дәуірдегі ел бірлігін ойлаған көк түріктің даңқты қолбасшысы Білге қағанның «Түркі халқы үшін түнде ұйықтамадым, күндіз отырмадым, жалаңаш халықты киімді, жарлы халықты бай қылдым, аз халықты көп қылдым» деген өз өсиетін мәңгілік тасқа қашатып қалдыруы тегін болмаса керек. Білге қағанның өсиеті болып тасқа қашалды, Махамбет Өтемісұлының отты өлеңдері болып өрілді, кешегі Әлихан, Ахмет, Міржақыптың хаттары болып тарихқа қатталды.   

Ресейдің біздің елге көзқарасы

Тоталитарлық кеңес дәуірінде қазақ тарихын зерттеуге қиянат жасалып, тарихи шындық көпе-көрінеу бұрмаланып, осындай біржақты тарихтың өзін де өз дәрежесінде оқытуға шынайы көңіл бөлінбей келгендігі бесенеден белгілі. Тек орыстың екі шалы Радлов пен Левшин жазып берген тарихын әлі күні жұбаныш көріп жүрміз. Оның зымиян саяси астары, екіжүзді мәні –мемлекеттілігімізді шалажансар күйде, мүлде күңгірт қалдырып, әртүрлі қитұрқы амалдармен түбінде ұлттық салт-сана, әдет-ғұрыптарымызды мүлде жойып, тіліміз бен дінімізден айырып, ғасырлар бойғы рухани байлығымыздан бездіріп, «кеңес халқы» деген идеологиялық бояумен әшекейленген, «жоғарыға» бас шұлғыған қалың тобырдың қатарына қосу болатын. 

Тарихшылар тарапынан шындық ұшқыны көрініс беріп, айтыла қалса, оны марксизмнің интернационализмді дәріптейтін тармақтары арқылы дер кезінде «ошағында» өшіріп, тіпті күшпен басып тастау орын алып келді. 1952 жылғы Қазақстандағы «Бекмаханов ісі» де осының анық айғағы... 

Оның үстіне, біз – біреулерге таныс, біреулерге бейтаныс қауымбыз. Ежелгі тағдырымыз табиғаттан іргесін ажыратпаған анайылық, кейінгі тағдырымыз басқаның жарылқаушылығына иек артқан мүжәлсіздік кейпінде сипатталып баққаны баршаға аян. Бұл арқылы бізді әлі күні өз бетімен ел болып кете алмайтын дәрменсіз жұрт ретінде негізгі адамзат көшінен бөліп алып, жеке дара жетектеп әкетуге құштар үстемдік жүргізуде. Олар өз қағымыздан өзімізді жерінтіп, өзге қылып жіберуді көздейді. Бұл дәмелерінен әлі күдер үзе қойған жоқ. Жан-жағымыздан жалаңдап гегемонизм бас көтере бастағанын көрмей, білмей отырған жоқпыз. Бұндай жағдайда өзімізді өзіміз жете танып, өзгелерге де жеткізе таныта алсақ қана қолымыз әзер жетіп отырған дербестігімізді одан әрі орнықтыра аламыз. Кремлдің арандатушылары В. Жириновский мен Лимонов секілділер әлі күні Солтүстік Қазақстан біздің ата қонысымыз деп анда-санда байбалам салатыны соның көрінісі.

Қазіргі қазақ қоғамы

Кеңес одағында мектепте дәріс алдық, қайсы кітаптың бірінші бетін ашсаңыз, «Күн көсемнің» яғни, В. Ленин таздың басын көретін едік. Бүгінде сол Ленин мен Сталиндер далада қалды. Телеарналардан таңертеңнен қара кешке дейін арзанқол әзіл-қалжыңдар мен ән шырқау одан қала берді түрік пен кәрістің телесериалдары жаулап алған. Басқаны былай қойғанда, әлемді жайлаған Коронавирус деп үйден шыға алмай қалған соң, не айтуға болады. Онсыз да жермен көктің арасына белшеден қарызбыз. Осылай жаңалық құмар, жасампаз қазақтың мінезі жағымпаздыққа ұласып жеке басқа табыну жүйесі мықтап қалыптасқаны ешкімге жасырын емес. 

2019 жылы АҚШ-ты су басқанда Президенті Дональд Трамп су кешіп, басқарып жүрді. Ал, биыл көктемде Қазақстанның көптеген елді мекендерді су басты. Өкінішке қарай, біздің атқа мінерлер жылы кабинетінен шықпады. Осындай да шенеуніктер кімге керек, өз халқына жаны ашымайтын. Теледидардан шалғай ауылда біреу тауығына күрке салса да «Елбасының арқасында» дейтін болды. Онымен Елбасын мақтаған емес, керісінше жинаған абырой-атағына нұқсан келтіріп тұрғанымен шаруасы жоқ.   

Тарих пәнінен бізге «байлар жаман адамдар, олар кедейлерге қойын баққызып, оған ақы төлемей, оның орнына ұрып-соғып, не ойына келсе соны істеткен. Ал кедей сорлы өмір бақи байдың айтқанын қылып жүруге мәжбүр болған» деп оқытатын біз соған құдайдай сенетінбіз.

Содан уақыт өте біздер ер жеттік, қыздар бой жетті. Айға атылған арыстандай Кеңес Одағы ыдырап, тәуелсіз ел атандық. Ел бүгіннен ертең жақсы болады деген үмітпен жүреді. Адам баласында еш уақытта тойым болмаған. Баяғыдай бір айлыққа қараған заман келмеске кетті. Батыстан келген салт-сананы еш өзгертпей қабылдадық. Кеше дымы жоқ тақыр кедейдің ұрпағы билікке шығып, қалтасын ақшаға қампитып «элита» атанып шыға келді. Кезінде Үнділерді басқарған Махатми Ганди «Элита – воспитанный колонизаторами главный враг своего народа» деп дұрыс айтыпты жарықтық.

Олар тас қабырғадан екі-үш қабатты зәулім сарайларға көшті. «Волга» көлігін менсінбей, орнына атынан ат үркетін Джиптің жеті атасын мінетін болды. Яғни өлшем өзгерді. Арзан киім кимеді, арзан қызды сүймеді. Бәрінің бағасы өзгерді. Егемен ел болғанда етек-жеңімізді жинап, аузымыздан ақ май ағады деген ел үмітінің күлі көкке ұшты.

30 жылда қазақ қоғамы тағы да бай мен кедейге бөлініп, екіге жарылып шыға келді. Мұны кейбіреулер мойындамауы мүмкін, бірақ күнделікті өмір оны дәлелдеуде. Баяғы таз қалпымызға, ұлы Абай заманына қайтып келдік. «Бай байға құяды, сай сайға құяды» дейді халық даналығы, бай байыған үстіне байып жатыр, кедей сорлы күн санап кедейленіп барады. 

Бүгінгі қалталылар мен қалтасы қағылғандардың арасындағы айырмашылық тым алшақ. Бұл айырма одан әрі алшақтай беретін болса, қоғамды шиеленісті жағдайларға ұрындыруы ықтимал. Қазіргі миллиондарды суша сапырып жүрген ауқаттыларға байлық бір жақтан келген жоқ. Оның бәрі осы Қазақстанның байлығы. Ұлттық банктың бұрынғы төрағасы Данияр Ақышев мырза доллардың бағасын аспандатып 500-ге көтерді, осылай халықты ақымақ санап отырғанына не күлеріңді, не жыларыңды білмейсің. «Ораза, намаз – тоқтықта» дегендей, шынында төрағаның мұнысы буынсыз жерге пышақ ұрғанмен бірдей болды. Валюта бағамының мың құбылуынан-ақ қыруар қаржы тауып жатқан бұл банктер мен Үкіметтің бұл бастамасы немен аяқталатыны бір Аллаға аян. 

Байға, барға, зорға табыну, алдында құрдай жорғалау, жүйрік көлік, қымбат киім, зәулім сарай, ұшақпен жер-жаһанның бірін қалдырмай аралап көру, жылтырақ сыйлық сатып алу мәртебеге айналғаны қашан. Ал ауылдағы ағайынның өңі түгіл бұның біреуі де түсіне кірмеген. Өйткені, байлық бәрін шешеді. Тіпті, тәуелсіздігіңді де. Байлықты кім иеленсе, соның мерейі үстем---билік соның қолында. Бұл тарихи мың рет дәлелденген шындық...

Шығармашылық орта 

Жалпы, өркениетті елдердің бәрінде делік, шығармалық адамдар бір-бірінсіз өмір сүре алмайтындай көрінеді маған. Ал біздің елде құдайым-ау жазушылар болсын, журналистер болсын бірін-бірі мойындамайды немесе менсінбейді. Әрі кетсе жерге, руға, жүзге бөлініп шыға келеді. Бірақ, бәрі бір қазақтың баласы. Неге екені белгісіз, Астанада 15 жылдан бері тұрамын, бірақ бірде-бір рет шығармашылық адамдар жиылып, қазақ тілі әдебиетінің жәй-күйін талқылаған жоқ. 2007-2010 жылдар аралығында «Ақжол» партиясының төрағасы Әлихан Байменов «Темірқазық» деген пікір-талас клубы ғана жұмыс істеген еді. Әлекең ауысып кеткен соң, ол жиын тоқтады.  

Ғаламтордағы қазақ тілі

2018 жылы Астана экономикалық форумына Ресейдің тележүргізушісі Владимир Познер маған «Сіз маған ренжімеңіз, ақпараттық технологиялық сауаттылыққа келгенде Қазақстан Африка елдерінің қатарында тұр» деп мұрнын шүйірді. Мектептер мен ЖОО ғаламтордың компьютердің құрылысын үйреткенімен, оның бейімделген контент әзірлеу мен ақпарат тұтынудың сауатты жұмыс жасау және қауіпсіздік сияқты тақырыптарды дым үйретпейді.

Сондықтан барып, ол ғаламтормен өз бетінше, қолдануға үйреніп алады. Әр түрлі өз-өзіне қол жұмсау, зорлық-зомбылықтың түр-түрін көріп алып, сондай болғым келеді деген шолақ ойларын жүзеге асырғысы келіп талпынады. Ғаламтордағы дайын тұрған рефераттар мен шығармаларды көшіріп жазуға тым әуес. Ғаламтордағы жобалар өміршең болуы үшін нарықтық сұранысына жауап беруі қажет. Біздің елде әлі күні құжат алмасу орыс тілінде жүргендіктен қазақша өнімге инвесторлар қолында қомақты қаржысы бар  бизнесмендер, мұрнын шүйіріп қарайды ақша бөлмейді.  

Сондықтан бүкіл Азия елдері google іздеу жүйесіне тәуелді болмауы үшін өзінің жеке іздеу жүйелерін дамытуда. Қытайдың baibu іздеу жүйесі – әлемдік деңгейдегі ірі ресурс, әрі нарықтық құны өте жоғары. Wikipedia-да қазақша контенттің аз болуы, сауатты тұтынушыларға тікелей байланысты болмақ.

Мемлекеттік тіл 

2005 жылдан бастап, Мемлекеттік тіл қозғалысының төрағасы белгілі ақын Мұхтар Шаханов ағамызбен тығыз байланыстамын. Әр жылы 22 қыркүйек Алматы қаласындағы Сарыарқа кинотеатрының артында Мемлекеттік тілге байланысты бейбіт шеру өткізіп тұрамыз. Одан тыс Астана қаласындағы бала-бақшалар мен мектептер, жоғарғы оқу орындарының қазақ тіліне байланысты іс-шараларға Астана қаласы бойынша мемлекеттік тіл қозғалысының төрағасы, белгілі дипломат Сайлау Батыршаұлымен бірге қатысып жүрмін. 

Сонда байқағаным; Біздің қоғамда ащы болса да айтайын, екі түрлі қазақ өмір сүріп жатқанына көзім анық жетті. Біріншісі, өзінің ана тілін  меңгергендер, екіншісі, ана тілінен мүлдем мақұрым, туған тілінде бір ауыз сөз білмейтіндер немесе білмесе де білгісі келмейтіндер. Оларды орысша сөйлегені үшін жазғырып, кеудеден итере бермегеніміз абзал. Керісінше, оларды ортамызға тартып, қазақ тілінің қадір-қасиетін сезіндіруге тырысқан жөн. 

Орыс пен аралас мектептердің мүлдем жауып тастамаса, бұлар арам шөп секілді қаулап өсе береді. Кеңес одағы ыдырағанда бізден басқа 14 республикалар орыс мектептері мен жоғарғы оқу орындарын жауып тастады. Соның нәтижесінде Ашхабатта немесе Душанбеде, Ташкентте орыс мектептері жоқтың қасы, барлығы дерлік өзбек, тәжік немесе түркімен тілдерінде дәріс алады. Ал бізде болса, кім көрінген көк аттыға мектеп ашып бере беретін жалпақшешейлік жаман әдетіміз тағы бар.  Оларға тіл үйретудің ең оңай түрі біреу-ақ. Ол мемлекеттік қызметке мемлекеттік тілді меңгермесе жұмысқа алмау керек. Бір айдан кейін олар өзі үшін, бала-шағасының қамы үшін тілді үйреніп кетеді. Кезінде орыстар осы әдісті тиімді бізге пайдаланды. Өркениетті елдердің бәрінде осы салт-дәстүр қалыптасқан. Кім болсаң, ол бол мемлекеттік тілде сөйле, егер сөйлей алмасаң, нан таба алмай аштан өлесің. 

Жуырда Ұлттық Кеңестың мүшесі Қазыбек Иса ағамыз Конституциядағы қазақ тілі орыс тілімен тең жүреді деген, 7-ші баптың 2-тармағын алып тастамай көсегеміз көгермейтінін айтып, бастама көтергенін білеміз. Бірақ, ол әрі қарай қоғам талқысында қолдау таппай  қалатыны бесенеден белгілі. Өйткені, биліктің әр түрлі сатысында Ресейдің тілін қолдайтындар басым екендігі айдан анық, күннен жарық. 

Жұмамұрат Кеңесұлы Шәмші

тарих ғылымдарының кандидаты

Abai.kz

16 пікір