Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Ақмылтық 4486 19 пікір 13 Сәуір, 2020 сағат 13:52

Абай Мауқараұлы. Тырақылық

(әншейін әңгіме)

«Тырақы» қазақта осындай да сөз бар екен. Бәлкім, бала кезімде естіп жүрсем де кейін есімнен шыққан шығар. Бұл сөзді жуықта өзім Бөке деп атайтын немере ағамнан қайта есітіп бір жаңғыртып қояйын деген едім.

Алматының бір түкпіріндегі ағамның үйіне анда-санда болса да амандық біліп, сәлем беру үшін барып тұратыным бар еді. Бөке ағам менің есіктен кіріп келе жатқанымды көре сала, әлі кәрілік келе қоймаған қуақы көзі қуанғанын білдіре жылт етіп, кімге айтарын білмей бөгеліп тұрған әңгімесін пропкіден шыққан мәшинелердей ағылып жіберді.

Соңғы барғанда осы «Тырақыны» бастап кетті. Алғашында бұл тырақысы несі тағы деп, таңданыңқырап отыр едім. Апаш-құпаш төгіліп шыққан сөздерінен тырақының не екені белгілі бола бастады. 

Ауылда қой жаюға ғана жарайтын бір аттар болады. Қысы-жазы өмірі үстінен ер түспейді. Жүген-ауыздық салынбайды, үнемі ноқтамен жүретіндіктен қайда тоқтаса сонда не шөп болса соны жұлып тұра береді. Арнаулы отқа қойып, жайлымға шығармайтындықтан сөйтіп күнін көреді. 

Арқасы қырдай, құйысқандығы шөмейіп тұрса да арықтығы өзіне жарасады,  саны мен сауырында бордақтан түскен қамшының ізі айқұш-ұйқыш. Үй маңында кібіртіктеп жүрген әлгі «қойторыны» бала-шаға, кемпір-шал, жігіт-келіншек демей міне салып бортылдатып жүре береді. 

Жүре береді деген айтқан сөз, ол оңай жүре қоймайды, үстіне мінген адам оны мынау ат-ау, деп те елемей жансыз ағашатқа міне салғандай қалай елеусіз қылса, қойторы да үстіме біреу мінді-ау, демейді, жәйша жайылып жүргендей қора маңынан жиырма-отыз қадамдай ілбіп барады да жайыла бастайды. 

Үстіне мінген қай пенде болса да, оның мына қылығына күйіп-пісіп, шылбырды сілкіп, тебініп-текпіленіп, қамшылап жатса «бырт» демей тағы біраз жайылып алады. Содан сүйектері шодырайып кеткен ауыр басын әрең көтеріп, қара шыбын үймелеген көзінің алдын алдыңғы аяғына бір үйкеп алып, тағы ілбиді. 

Сөйтіп, үстіне мінген пенде баласы көздеген жеріне жеткенше қой торының қылығынан шөлдеп, сілесі қатып бітеді. Дегенмен, көліктің аты көлік қой, әйтеу мінген адам аяғы жерге тимей бөктерде қаңғып жүрген сиырын тауып алады, әй дейтін жерге келіп үйездеп жатып алған қойды қайырып келуге барады, анда-мұнда қалған отын-потын, ол-пұлды теңдеп келуге жарап жатады...

Сөйтсе, осындай қойторысын Сейпіл деген «сал-сері» қай ауылда бәйге десе қоймай алып барады екен. Түте-түте кекілін буып, оның ортасына шоқпардай ғып үкі тағады, құйрығын екеу қылып өріп, ұшын қызыл лентамен түйіндеп тастайды. Үстіне алқызыл түсті кежім жауып алып жиылған топты жағалай ойқастап жүреді. Танымайтындар оған «мынау қандай жүйрік?!» дегендей үдірейе қарайды. Таныйтындар «Ойпыр-ай, Секеңнің тырақылығына дауа жоқ...» деп, кіжінеді.  

Өйтетіні, шабандоз баланы алдап-сулап әрең тауып, бәйгеге қосып жіберген әлгі «жирен жүйрік» бәйге аттары шаңды бұрқыратып дүркіреп жөнелген кезде, қанша дегенмен жылқы емес пе, елігіп біраз жерге дейін тапырақтайды да, аттардың қарасы үзілген кезде үстіндегі адамның мойынын үзіп жіберердей тағы біраз дүңкілете желіп алады, содан кібіртік аяң... ақырында шаңдақ жолдың шетіне шығып тас түбіндегі өскен жусанды жұла бастайды. 

«Бәйгеторы» үстінде шабандоз баланың бар екенін ұмытып кеткен секілді... Шайқайнатым уақыттан кейін Секеңнің де қарасы көрінеді, жүзі қуанышты, түк те реніші жоқ «жүйрік жиреннің» үстінде жылап отырған балаға бір дорба кәмпит ұстата салады: «Ибай-ау, қарғам өзің аман болсаң болды ғой! Талай жер шауып тастапсыңдар ғой... Еті ояз, әмбе кеше қатты ашықтырып жібергендей болдым... Әйтпесе, ұзаққа шабады бұл...»  

Бірақ, Секең «жирен жүйріктен» ешқашан көңілі қалған емес, өзімен бірге жасасып келеді, кәрліктен жал-құйрықтан түбіртек қалса да, ат кейіпі әлі бар. Ал сондағы шабандоз балалардың жасы қырықтан асып самайларын қырау шалған. Секең сексеннің сеңгіріне шығып, сақал-шашы аппақ қудай болса да, «бапкерлік» талабы сол баяғыдай...

Бөкең көкемнің «тырақы» атты осы әңгімесінің астарынан біздің қазақ қоғамындағы «тырақылықты» айтып отырғанын аңдадым. 

«Осының бәрін қайдан біліп алғансыз?», дегенді білдіргендей басымды шайқаңқырап, қолындағы соткісін құлағына қайта-қайта апарып алыстағы біреулерге риза болғандай ақ маржандай жасанды тістерін жылт-жылт еткізіп жымиып қойып отырған кәрі жеңешеме қарай иек көтеріп қоям. Бөкең көкем менің бұл ишаратымды қыран бүркіттей «қағып» түседі. 

Кемпірі отырған жаққа көз қиығын бір тасап жіберіп, қыжыртқаны я қолпаштағанын айыру қиын бір тырқ-тырқ күліп алып: «Өй, бұ жеңешеңіз бір жылдан бері соткі сауатын боп кеткен. Былтыр қыздары жетпіс жастығыңның сыйлығы деп, самсунг деген алақандай соткі әкеліп беріп еді, бітті... баяғыда бастауышта бірге оқығандар дей ме, групаға кіріп алған...бір-бірінің өткен-кеткенін түгендеп ұйқы-күлкі жоқ жүр ғой!» 

Бір құлағы соткіде болса да, бір құлағы бізде екен, қайынының алдында қарап отырып қалай тегін ұпай бере қойсын, жеңешем кемпір әуенге салып сөзді бұрқыратып жіберді:

«Е, ағаң жұмысы да қиын ауыр боп жүр... Елдің шалы құсап тым болмаса намаз оқысаңшы, десе тізе келмейді, дейді. Отырып оқи берсе де болады, дейді ғой десең, тіс жоқ дұғаны дұрыс айтуға тіл келмейді, дейді. Е, онда пенсияңды жиып тіс салдырып алсаңшы деп жүрсем, сол ақшаға табақтай ғып ананы алдырып алыпты ғой, келінге... Ағаңның сәждесі жайнамаз емес, сол айпат болып кеткен!» 

Жеңешем кәріліктен әлсіреген оң көзін қысыңқырап, «ал, ендеше мен жеңбегенде, кім жеңді?» дегендей сол көзін өткірлендіріп маған шақшия қарай қалды. Мен де «жеңдің» дегенді білдіргендей жүзіме күлкі үйіріп басымды изеп-изеп қойдым да, қайта ақырын шайқадым. Көкем ұпай алдырғанын қалт жіберген жоқ, дереу қарсы шабулға көшті, бірақ тәсілі күшті екен, намаз бен соткіден алыстау бұрышқа «допты теуіп жіберіді»:

«Өй, құдайдың берген тісі кеткеннен кейін, өкіметтің тісін не қылам! Өзі удай қымбат дейді, бір сиырдың бағасы шығады екен... Сол ақшаға соғым сойып алып, тураған етін бітеу жұта берем, түгім кетіп жатқан жоқ...» 

Жеңешем артық ұпай алғанын білді де, шалының алғашқы шабуыл-жауабын керексіз қылғандай соткісін құлағына төсеп үнсіз қалды. Көкем кемпірінің өзіне қатты тигізіп жіберген «намаз, айпат» деген соққысын менің алдымда аздап болса да жеңілдетіп қойғысы келгендей:

«Мен бұл кемпірлер құсап бос кеңес қуып групада жүргем жоқ. Ютіптен не сияқты хабар көрем. Абай-кезеттен талай қызықты оқып алам...» 

Содан, көкем бағана мен келгенде бастаған «тырақы» тақырыбына қайта ауысты. Ағамыз «айпаттан» алған ұшан-теңіз ақпараттарындағы «билік»  тақырыбына басқаша көзбен қарайды екен. Қашан да «Біздің өкіметіміз» дейді, басқалар құсап «анау биліктегілер» демейді. Сөйтіп отырып, өзінің өкіметіндегілерін байқамай «сойып салғанын» да білмей қалатын сияқты. Мына қозғап отырған «тырақыда» дәл солай болып қалды. 

Біздің өкімет жарыспайтын жерге жарысып жүреді, тырақыланып... Діндарлар сәмиті деп бір шашылды, балаларға мектеп жетпей жатқанда, ерігіп жүрген поптар мен равиндерді, қызыл шапандары желбіреп жайында жүрген бізге бес тиын қатысы жоқ ламаларды тағы неше түрлі біз естімеген ат тағынған дінбасыларына қайта-қайта шақырып қанша ақшаны шығын қылды.  

Баяғыда автобусқа ақша таппай көшеде жаяулап жүрген кезде Азия дауысы деген, қазаққа үш қайнаса сорпасы қосылмайтын қайдағы-жайдағыны Алматының төрінде бір тайраңдатты, қазақша бір ауыз әнді әу демейтіндер қымат сыйлықты алды да, іс бітті, қу кетті боп о да өтті. 

Бәлкім, өздері қайда келіп жүргенін де жақсы ұқпайтын, біз де қай елден не үшін келгенін білмейтін бәленбай деген форум өткіземіз, деген журналист дейтін топ-топ біреулер тағы кеп ойнап-тойлап, тойып алды да олар да кетті, маңғыт аузыңа саңғыт деп... 

Ой, одан бері де ел естен шығарған қанша тырақы бәйгеге қатыспадық деші! Ең соңғысы анау экспо, дүнежүзінің бүкіл елі шұбырып келіп бұл көрмені көргенде өз шығынын өзі екі-үш есе өтейді, деп еліріп еді. Жеме-жемге келгенде қайдағы ағылған көрмеші, көретіндердің санын көбейту үшін біздің анау мұғалім екі қыздың да жалақысынан тартып күшпен апарып көрме көрсетті ғой... Сол экспо көрмесінің өзін түтінсіз, жасыл энергя, деп жалаулатып еді, Астанасында газ жоқ, әлі көмір жағып түтін иіскеп отырған жоқ па?! Тырақыланған деген осы, Франция болмақшы! Сол көрмеге кеткен ақшаға газ тартып алмады ма! 

Көкем осы сөзді айтқанда, «мен қалай екем?» дегендей кемпірі жаққа көз тастап біраз қоқиланып қойды. Жо, жеңешем қанша групаға кіріп отырса да бір құлағы біз жақта екен. Аппақ маржандай жасанды тістерін шүріше бастаған кемпір еріндерінің арасынан жылтырата отырып, тағы бір нокаут жолдап жіберді:

«О, бұ кісінің экономикалық білімі деген ана жақта күнде зарлап жатқан саясаткерлерді жолға қалдырады!». Көкем кемпірінің мақтап отырғаны не даттап отырғанын түсіне алмай қалғандай «мына кемпір не дейт?» дегендей маған қарап қалды. Мен де ағама көпшік тастап: 

«Пө, осының бәрін қайдан біліп алғансыз?» деймін ғой. Сөйтсем, ағамның көп «білімі» абай-кезеттен қайнақтанған секілді. Сол порталдағы біреуді көпіртіп кетті. Антиколардостың айтпайтыны жоқ, тілі деген мырдың оғындай. Өзінің айтысына қарағанда Өзбекстаннан ба, қарақалпақтан ба келген сияқты. Дүниежүзінде білмейтін жері, айтпайтын елі жоқ. Орыссияның шек-қарынын бірақ ақтарады, баяғыда өткен Сталиннен тартып берідегі Брежнев, біздің көреген көсем... қойшы өзі осылардың не істеп, не қойғанын түк қалдырмайды ғой, сөзі қызық өзінің. Біреулер оның осы білімділігін қызғанады ғой деймін, қыжыртып неше сақаға жүгіртіп күнкөрсетпей жатса да, өзі де бір ер екен, тілін тартпайды. Өз атын өзі төрт рет өзгертті, ана бақталастарының тілі жанына батып кеткенде ғана сәусәлім, форумгүлдер мен сәммитхандар, опшорбикелерден саған бірдеңе сыйлық кеп жатса көреміз, дейді. 

«Көке, сіздің таңғалып отырған кісіңіздің айтатын сөзі мынандай болағанда опозиця ғой бұл? Ал, сіз өкіметті жақтайтын адамсыз, бұл сонда қалай?» десем, ағамыз оның парқына басын қатырмайтын сияқты: 

«Ой, ол антиколарадос сынап жатқан жоқ қой, көргенін айтып жатыр ғой әшейін» деп ақтай салады. Енді, айтып жатқаны шын емес пе? Ақ ордадағы салтанатты жиналыстармен отыз жылымыз өте шықты, ауылда интернет жоқ екенін айтасың, қалаңда түкке тұрмайтын көк темір құрлы ине жасайтын зауытың қайда, дамбалыңды да тіге алмай қырғыздан алып отырсың, деп бетбақтырмайды ғой.

Енді, антидың айтып жатқаны шын ғой, мына Алматыңыз толған тойхана. Ертеде бір жас жігіт осыны қатырып айтты. Егер, қазақтар бес жыл тойды тоқтатса тойға кететін қаржыны есептегенде, осы тойханаларды түгелдей кіші өндіріске айналдыратын қаржы өзінен-өзі шығады екен, дейді. Мына үй-тұрмысындағы бүкіл қажеттіліктерді паста, сабын, шөткі, ыдысжуғыш дейсің бе, бүкіл ақша соған кетеді ғой, сондайларды шығаратын өндірісті іске қоссақ, қияли жоспарсыз-ақ алдыңғы он елге кіретін экспорттық тауар өндіре бастаймыз, бүкіл адам жұмысты болады, дейді. Жеңешемнің шытынан шығып тұрған құлағы елең етіп:

«Мырзабала, осы ағаңды премірмінстірдің кеңесшісі болдыратын адам ғой...» деп, тағы бір «допты» жіберіп қалды. Ағам бұл жолы нокаутқа түсті. Тырақылық әңгімесінен жаңылып қалды, шарт кетті:

«Әй, ақ шай ішкізіп, езуіңнен айран ағызып отырған кім? Пароданың төрт ешкісін мен бақпасам, көрер ем сені!» Жеңешем толық жеңіске жеткенін білді, енді менің о кісінің оң қолын жоғары көтеруім ғана қалып тұрғандай. Жеңешем жұмсарып, шалының тікрейген мұртын жығатындай сөзді жұмсақтап жіберді:

«Е, шын-шын піремір болмасаң да фермер екеніңді мойындаймыз... Мен де қарап отырмын ба, баланы табушы келін, бағушы мен ғой...» дей бергенде, есіктен кенже келін де кіріп келе жатты. 

Мені көре салып иіліп сәлем етті. Мектепте істейді екен, кешкі жұмыстан келген беті. Жуынып-шәйына сала, үй халатын үстіне іліп шай қамына кірісіп кетті. Жеңешем риза көзбен келінін ымдап:

«Айналайын, құдайдың маған бере салғаны, өзімнің жас кезімдегі сияқты, келін есігінен деген қазақтың сөзі рас шығар. Таң сөгіле тұрып, үйді тазалап, асты қамдап бірақ кетеді. Міне, келе сала қолды аяққа тұрмай жүгіріп жүр» деп, мақтап қойды. Келінін көтермелген жеңешеме мен де жақтасқандай: 

«А, келген жері тәуір шығар. Бұ келінен неше немере болды, өзі?» деп, қойдым. Осы кезде дастархан да дайын болып, үстел басына жиналдық. Қызыл сәбіз араласқан палаудың буы бұрқырап ортаға қойылып, айналасында қызылірімшік, ақірімшік, кілегей, сарымай, торисған майлы бауырсақ, таңқурай мен бүлдіргеннің варенесі... сүт қатқан саршай кенже келіннің ыспар қолтаңбасы тәбетімізді ашып жіберді. Ықылас айтып шайды қолға ала бергенімізде, асүйге ұзын арық ұл кіріп кеп маған «ассалау» деді. Жеңешем:

«Сүгір ей, қолыңды жуып келіп шайыңды іш! Міне, мынау үлкені жетінші сыныпқа барып қойды, ылғи бір түсті ғой, төртеуі сабақта, екеуі міне, мына етегіме жабысып жүргендер, төртте,  екіде менің жандорбаларым...»  

«А, ұрпақ аман болсын, өссін... Нағашылары қай жақ ед?» Көкем киіп кетті: «Ой, Түркістан жақтағы бірдеңе деген ауылдан». 

«Е, ол жақ болса дін тараған қазақы ел ғой, құдалардың аты кім өзі?»  Көкем кемпіріне қарап жапақтап қалды, «сен айтшы» дегені секілді. Жеңешем де қипақтап барып: «Құдалардың аттары қиындау өзі Пахраддин бе еді, немене еді...» деп, күмілжи келінге қарады. Келін жымия күліп басын изеді. 

Көкем өзін ақтап сөзге жақауырата бастады: «Жиырма шақты құданың қайсысының аты есте тұрады, жеме жемге келгенде... Е, мына кісі тауып тастаған он үш, он төрт ұл-қыздың құдалары деген... аз емес қой!» 

Жеңешем шыңқ ете түсті: «Тауып тастады, деуін, мен күлге аунап тапқандай, таптырдық демедің бе, әйтеу айтқан соң...» Көкем мекірене күлді. Шай құйып отырған келін ұяла жымиып қойды. Ата-апасының емін-еркін сөзіне еті үйренген, айып көрмейтін сияқты. 

Көкем осындайда сонау қызулы жастық шағы есіне түсіп кететін әдетімен, мен тыңдай-тыңдай санынан жаңылған «өзінің аткорымның завхозы боп жүрген кезі мен жеңешемнің бас сауыншы шағындағы» әңгімесіне кірісіп кетті, менің көкейімде қанша жатталып қалса да, мені мезі етсе де қырық жылғы бұрынғы хикаяны қайта тірілткендей әңгіме ғой. Қасымдағы арық ұлға көз тастап, осы бәлкім қызығып тыңдап отырған шығар дегендей: 

«Сүгір, атаң әңгімесі қызықты шығар, ә? Айтқан сөздерінің өзі...» дедім. Сүгір бетіме таңдана қарады: «Ұйғырша ма, мұңғылша ма, шото біртүрлі!» деді. Мәссаған! 

Атасы қызарақтап қалды: «Үй, бұлар үш тіл деп өз тілін өзі айырмай қалғандар ғой!» деп, салды. Осы кезде көзі жылт-жылт еткен тағы бір ұл кіріп келді. Көкем: 

«Мынау төртіншіде оқитыны» деді де, маған қарады: 

«Бұл соткіңді сұрайды, берме! Сенің кім екенің керек емес, отыз минет берші, ата деп жаныңды қоймайды. Неше түрлі ойын ойнайды, сондай бәлесі бар...».  Бірақ, жылтылдақ көз ұл маған жылыұшырай қарап, қол берді: «Ассалау!» Сұраса берейін деп отыр едім, апасына қарай кетті. Көкем оны қатырдым, дегендей маған бет бұрып:

«Осы үйде он кісі бармыз, бес соткі, айына он мың теңге кететін шығар осыған... Әлгі кенже ұлда екеу, күні-түні дастапкі деп үй бетін көрмейді». 

«А, портермен мебіл тасыйды ғой, кәсіп деген сол әнеки!» деп, қойдым. Осы кезде мен келгеннен бері залдағы теледидардың алдында жатқан жапалақ көз сарыны ымдап көрсеттім: «Анау жатқан нешіншіде оқиды?» Көкем бойын балқытып отырған әңгімесінің үзілгеніне өкінгендей, көңілсіздеу:

«Ой, оның шатағы көп, сабақтан келгеннен жатар-жатқанша сол теледидардың алдында жатады. Әй, сабақ оқымайсың ба, десе, мектепке барып оқып келдік емес пе, дейді. Келін тексеріп көрсе, алған бағасы өңкей бес дейді. Өзінің оқу құралдарының бәрін роман құсап оқып бітіріп тастаған, ағаларының ботаника, биологиясын сұраса кез-келген жерінен айта береді дейді, ғой.   Ішкәптің бұрышында үйліп жатқан мақтау куәліктің бәрі осы телевизор көргіштікі екен. Әнекүні осы көріп жүрген телевизордан бірдеңе түсіне ме, екен деп сұрастырсам, орыс, әмерика, кәріс, үндіс... осыдан шығатын әртістің бәрін өз туысындай айта береді...» Көкем немересіне разы ма, наразы ма дыбыс ауаны белгісіз.

Кетуге қамдандым, Бөке көкемнің «тырақы» әңгімесінің әсері әлі көкейімнен айықпаған екен, осы немерелердің қаншасы тырақы, қаншасы жүйрік болар екен, деп ойға қалдым. 

Абай Мауқараұлы

Abai.kz

19 пікір