Бейсенбі, 18 Сәуір 2024
Бәрекелді! 3149 0 пікір 31 Наурыз, 2020 сағат 21:57

Төтенше жағдай кезінде Кәсіподақтар федерациясы не істеп жатыр?

Қазақстанның Кәсіподақтар федерациясы – елдегі еңбек адамдарының ең үлкен альянсына айналған. Бүгінде федерация мүшелігінде 1,5 миллионнан астам адам тіркелген. Еңбек адамдарының заңды құқықтарын жан-жақты қорғауда Кәсіподақтар федерациясының атқаратын маңызы орасан зор. Ол әлеуметтік әріптестік жүйесінің бір тарабы. Қоғамдық келісімнің сақталуы, ел экономикасының дамуы, әлеуметтік-экономикалық һәм еңбек қатынастарында еңбеккерлердің заңды құқықтарын қорғайтын бірден бір ұйым.

Бүгінде әлемде Кәсіподақтар құрамында 176 миллионнан аса адам мүше екен. Федерация 171 мемлекетте жүйелі жұмыс жасап жатыр. Осыны ескерсек, қоғамдық көңіл-күй мен өмірді тұрақтандыруда Кәсіподақтар жұмысының алатын орны ерекше.

Қазір қауіпті інден (коронавирус) пен қаржылық қиындық қос бүйірден қысқан алағай да бұлағай кезеңде Мемлекет тарапынан бірқатар төтенше шешімдер қабылданғаны белгілі. Ел аумағында жарияланған Төтенше жағдай режимі мен халықтың әлеуметтік аз қамтылған топтарына, соның ішінде Төтенше жағдай кезінде тұрақты табысынан уақытша айырылған азаматтарға әлеуметтік қолдау т.б. бастамаларға қоғамдық ұйымдар да үн қосып жатыр.

Бұл орайда елдегі 1,5 миллионнан аса еңбеккердің басын біріктіріп отырған Қазақстанның Кәсіподақтар федерациясы қандай шаруалар атқаруда? Біз шолу жасап көрген едік.

Кәсіподақтар Төтенше жағдай кезінде не істеп жатыр?

16 наурыз күні Қазақстанның Кәсіподақтар федерациясы Қазақстан халқына және елдегі жұмыс берушілерге аранйы Үндеу жариялапты.

Мемлекет басшысы мен Үкімет тарапынан қолға алынған бірқатар шаралардың маңыздылығына тоқтала келе, бюджет шығыстарын азайту, аймақтардағы жұмыспен қамтуды реттеу, елдің ақша-қаржы нарығын тұрақтандыру секілді бастамаларды қолдайтындықтарын білдіріпті.

«Азаматтық қоғамның ең үлкен бөлігі ретінде өз мүшелерімізді және әріптестерімізді қоғамдағы жағдайды тұрақтандыру үшін күш біріктіруге шақырамыз», - депті Үндеуде.

Жұмыс берушілер мен бактерді:

Еңбек адамын себепсіз жұмыстан босатпауға, барлық әлеуметтік аударымдарды төлеуге, жалақыны азайтпауға, еңбек жағдайының негізсіз нашарлауына жол бермеуге, қызметкерлерге қашықтан жұмыс жасау үшін жағдай жасауға, еңбек заңнамасы мен ұжымдық шарттардың сақталуын қамтамасыз етуге ТЖ кезінде несиелік төлемдер мен пайыздық өсімдерді уақытша тоқтатуға шақырыпты.

Еңбек адамының құқығы басты назарда

Жоғарыдағы Үндеуге байланысты Ақтөбе облысында Кәсіподақтар орталығы жанынан жедел штаб құрылып, сенім телефоны іске қосылған екен. Онда мамандар өңірдегі еңбек адамдарының еңбек заңнамасының сақталуына байланысты сауалдарына жауап беріп, заңды құқықтарын қорғауға көмектеседі. Құқықтық-консультативтік жұмыс атқарады.

«Бұл бастамалар – елдегі коронавирусқа қарсы шараларды іске асыру мен төтенше жағдай кезінде Кəсіподақ мүшелерінің құқығын қорғауға бағытталған нақты қадамдар. Бастысы қиын кезде жұмыс орындарын сақтау, қарапайым еңбеккерлердің мүдделерін қорғауға атсалысу», – дейді өңірлік жедел штаб өкілдері.

Ақтөбеде «SENIM» Кәсіподағы медицина қызметкерлеріне қолдау көрсеткен. Облыстық жұқпалы аурулар ауруханасы, карантиндік госпиталь мен уақытша аурухананың дәрігерлері мен медициналық қызметкерлеріне азық-түлік және гигиеналық құралдар жеткізіп берген. Сондай-ақ, 132 жедел жәрдем қызметкеріне аз-кем ақшалай сыйақы тағайындаған.

Ақтөбеде мың жарымға тарта Кәсіподақ мүшесі бар «Ақбұлақ» АҚ төтенше жағдай кезінде тұрғындарды сәуірдің соңына дейін жылумен қамтамасыз ететінін айтты.  Ал Тахауи Ахтанов атындағы драма театры мен «Алақай» қуыршақ театры өздерінің тігін цехында медициналық бетперделер тіккен.

Қарт кісілерге көмек

Ал «SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлерінің Кәсіподағы коронавирустық пандемия кезінде қозғалысы шектелген қарт кісілер мен зейнеткерлерге қажетті азық-түлік пен дәрі-дәрмек заттарын жеткізіп берген. Маңғыстаудағы Кәсіподақ жастарының еріктілері қолға алған аталмыш шара республиканың өзге де өңірлерінде жалғасын тапқан.

Ал Қарағандылық Кәсіподақтар федерациясының жедел штабы төтенше жағдай кезінде қызметтің шектелуіне байланысты табысынан айырылған немесе ақысыз демалысқа жіберілген кәсіпорын қызметкерлеріне әлеуметтік төлемдер түрінде қолдау көрсету мәселесін қарастырған.

Қарағанды облыстық Кәсіподақ кеңесінің мүшесі, Қанат Наурызбаев жетекшілік ететін «Мерей» ЖШС көпсалалы медициналық маскалар өндірісін ұйымдастырған. Тәулігіне 25-30 мың дана әзірлеуге қабілетті цех Қарағанды облысының әлеуметтік дәрігерлеріне 60 мың маска жеткізіп берген.

Батыс Қазақстан облысында Кәсіподақтар жанындағы «Келешек» жастар кеңесі «Дәрігерлерге алғыс» челленджін бастап, қауіпті індетпен күрестің алдыңғы шебінде жүрген медицина қызметкерлерін қолдау білдірген.

Шымкентте «YNTYMAQ» орта және шағын бизнес саласы жұмыскерлерінің салалық Кәсіподағы қаладағы қоғамдық көліктерге жасалатын санитарлық шараларды бақылауға алған. Одан бөлек, еңбек адамдарының құқықтарын сақтау үшін Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша жедел штаб құрылған.

Қызылорда обылысында Кәсіподақтар ұйымы 362 отбасына азық-түлік жеткізіп берген.

Түйін. Қазақстанның Кәсіподақтары ұйымдары еліміздің аймақтарында бірқатар шараларды атқаруда белсенділік танытып отыр. Атап айтқанда, жедел жұмыс штабы құрылып, Кәсіподақ ұйымдары халықтың әлеуметтік аз қамтылған бөлігіне тегін азық-түлік, медициналық бұйымдар жеткізіп беріп жатыр. Бұл де өз кезегінде «жұмыла көтерген жүк жеңіл» екендігін делелдейді.

Abai.kz

0 пікір