Жұма, 19 Сәуір 2024
«Цифрлы Қазақстан» 7032 11 пікір 10 Сәуір, 2020 сағат 12:51

Бюджеттің 258 миллиард теңгесі

Осыдан үш жыл бұрын елдің экс президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» деген тақырыпта халыққа кезекті рет жолдау жолдаған. Міне, сол кезден бастап «Цифрлы Қазақстан» дейтін ұғым пайда болды.

«Цифрлы Қазақстанның» 4 негізгі міндеті

Әуелден бері аталған бағдарламаның 4 негізгі міндеті болған. Қазір де солай... Олар:

бірінші – ауыл-аймақты кең жолақты интернетпен қамтамасыз ету,

екінші – экономиканың салаларына (білім беру, денсаулық сақтау, көлік және логистика, ауыл шаруашылығы және электронды сауда) цифрлы технологияны енгізу,

үшінші – мемлекеттік органдар жұмысын арттыру,

төртінші – IT мамандарды даярлау.

Сонымен қатар, 2020 жылға дейін ғаламтор пайдаланушылардың санын 80 пайызға арттыру, ел тұрғындарының 95 пайызын цифрлық хабар таратумен қамтамасыз ету, азаматтардың цифрлық сауаттылығын 80 пайызға жеткізу мақсаты болды.

2017 жылы Ақпарат министрі Дәурен Абаев «Цифрлы Қазақстан» жобасына алдағы 4 жылға 310 миллиард теңге бөлінетінін айтқан.

Оның 169 миллиард теңгесі квазимемлекеттік субьектілердің қалтасынан, ал 141 миллиард теңгесі республикалық бюджеттен деген.

2019 жылдың есебі. Мектептердің 90 пайызында интернет бар

Аскар Мамин - биография

Үкімет басшысы Асқар Мамин 2019 жылы мектептердің 90%-ы (6336 мектеп) жылдамдығы 4 Мбит/сек және одан жоғары интернетпен қамтылған. Ал, мектептердің 70,3%-ы оқушыларды онлайн қабылдайды деп есеп берген.

Қауіпті вирустың жылдам таралуына байланысты ел аумағында карантин жарияланып, оқушылар онлайн оқуға нақ көше бастағанда, Маминнің де, басқаның ба әлгі жылтыр өтірігі әшкере болды. Үкімет те, министрлік те, «Цифрлы Қазақстан» дейтін бағдарлама да айналасы 2,5 миллион оқушыны онлайн оқыта алған жоқ. Шалғай жатқан ауылдарды айтпағанда, Алматының іргесіндегі шағын елді-мекен тұрғындары интернет таппай итшілеп кете жаздады.

(Сурет 31 арнаның материалынан алынды. Алматы облысы, Панфилов ауданына қарасты ауылдарда карантинге байланысты үйлеріне барған студенттердің байланыс іздеп тау-тасты кезіп жүрген фотосы.)

Не көріп жүрміз?

Бүгінде интернеттің жоқтығынан елімізде 20 мыңнан астам оқушы пошта арқылы оқып жатыр. Ал, ЖОО-лардың 30 пайызы ғана қашықтан оқуға дайын болып шықты.

Алайда, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі Министрі Асқар Жұмағалиев тұрғындарының саны 250-ден асатын 880 ауыл, тұрғындарының саны 50-ден жоғары 885 ауыл интернетке жаңадан қосылатынын айтыпты. Жұмағалиевтің сөзінше, биыл жалпы 509 ауыл интернетке қол жекізбек.

Тағы 258,8 миллиард теңге

Цифрлы Қазақстан": Ақтөбе темір жолдарында қондырғылар заманауи ...

LS сайты бұл жобаның алдағы үш жылына республикалық бюджеттен тағы да 258,8 миллиард теңге бөлінетінін жазды. Ал, 2020 жылы 88,3 миллиард теңге қарасырылған көрінеді. Сайт мәліметінше, қаржыландыру үш жобаға бөлінген. Олар:

- Электронды үкімет, ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым және ақпараттық қауіпсіздікті дамыту. Оған 201,2 млрд. жұмсалмақ. Биыл 71,5 млрд. теңге бөлінген.

- Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік жобалар бойынша мемлекеттік міндеттемелерді орындау. Ол үшін 47,6 млрд. теңге жұмсалады. 2020 жылы 13,1 млрд. бөлінген.

- Инновациялық даму жобалары. Оған 10 млрд. теңге қарастырылған. Ал, биыл бұл мақсатқа бөлінген қаржы 3,4 миллиард теңгені құрайды.

Сонымен қатар, өткен 2019 жылы бұл жобаларға 75,8 миллиард теңге бөлінген. Оның 71,5 млрд теңгесі электрондық үкіметті, коммуникациялық инфрақұрылымды және қауіпсіздікті дамытуға жұмсалған. Бұл да министрліктің өз мәліметі.

Түйін. Біз бұл сандарды айдан алған жоқпыз. Үкіметтің өз есебі. Бүгін айтқан, былтыр айтқан, бұрын айтқан ақпараттар. Әлгінде ғана осы «Цифрлы Қазақстан» жобасына бөлінген 141 миллиард бюджет ақшасының есебін сұраған жұрт әлеуметтік желіде аз сын айтқан жоқ. Әуелі, Сенат спикерінің өзі сындап сөйлеп жатты. «Сынақтан өтпеді. Интернет әлсіз», деді. Тіпті, Білім министрі Асхат Аймағамбетов: «елімізде интернеттің нашарлығынан оқушыларды онлайн оқыта алмадық», деп сөйледі. Ал саясаттанушылар министр Жұмағалиевтен 141 миллиардтың есебін сұрап жатты. Мұның бәрі болған әңгіме. Көрдік, айттық, жаздық.

Енді міне, бюджет қалтасынан тағы 258 миллиард теңге бөлінетіні айтылып жатыр. Кешегі 141 миллиардтың есебін ести алмағанымыз секілді, ертең де осы 258 миллиардтың қайда жұмсалғанын ұқпай отырмаймыз ба? Бұл көптің көңіліндегі сауал...

Нұрбике Бексұлтанқызы

Abai.kz

11 пікір