Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Қоғам 4286 5 пікір 10 Сәуір, 2020 сағат 11:39

Коронавируспен челлендж арқылы күресіп жатырмыз

Коронавируспен күрес бүкіл әлемде жүріп жатыр. Әр мемлекет өз халқының амандығы үшін амалдап, қолда барды қысып-қымтырмай қорғануға көшкен. Сол қатарда біз де бармыз. Қауіпті індеттің бетін қайтару үшін құзырлылар қандай шара қабылдағанын бұған дейін де жаздық.

Рас, қазір тартысатын емес, тар кезеңдеміз. Алайда, қазақ билігі, билігі ғана емес, түгел қоғамы нақты істен гөрі құр мақтанға құмар көне әдетін төтенше жағдай кезінде де қоя алмай отырғандай ой қалдырады. Бейбіт күнде «Алга Казакстан», деп ұрандап сөйлеп, күн сайын флешмоб ұйымдастыратын шенділер енді коронавируспен челлендж арқылы күресуге кіріскен бе дейсің, еріксіз...

Жо-жоқ, жаптым жала, жақтым күйе емес. Үкімет қиын-қыстау кезеңде қол қусырып қарап отыр десек және өтірік болар. Наурыздан бері жарияланған төтенше режим, қалаларды карантинге жабу, азық-түліктен тарлыған кейбір отбасыларға көмектесу - осының бәрі ел үшін істелген игілікті шаруалар. Оның үстіне қазіргі қоғамның қас жауы осы челлендж боп тұр демейміз, және. Ел еңсегі пәсейген осындай кезде бірлі-жарым рухты сөз керек те шығар. Бірақ, ол есеппен болса, кәні...

«Әдемі басталған істі әдемі аяқтай алмайтын» әдетіміз шығар, бәлкім. Соңғы кездері қолға алынған нақты шаралардың орнын көз алдайтын қызылды-жасылды әлемжелілік эстафеталар басып барады. Жаны қалмай жалпы атсалысып жатқан челлендж де соның бірі. Ең өкініштісі, құзырлы министрліктер мен әкімдіктер сол челлендждердің шоғын үрлеп жатыр екен.

Денсаулық министрлігінің әлеуметтік желідегі бейне ұрандары. Міне қараңыз:

Бұл - бір,

бұл - екі,

бұл - үш,

бұл - төрт, т.б.

Бұлай деуімізге, әлеуметтік желіде қаптап жүрген #үйденшықпаелдісақта #оставайсядомасохранижизни, #Birgemiz секілді челлендждер себеп болып отыр. Әрине, мұның бәрін министрлік жариялап отырған жоқ. Бірақ басты назарда ұстап қолдау көрсетіп отырғаны шындық.

Министрлік қана емес, қоғамның барлық саласы қазір челленджденіп жатқандай, құдды. «Табиғат құшағында», «Атпен сурет», «Балықпен сурет», «Бірге әндет», «Терезеде ән сал», «Шаш алу» т.б. көп. Тіпті өте көп. Әлеуметтік желілерде әншілер де, әртістер де, ақын-жазушылар да, кәсіпкерлер де, ауылдағылар да түрлі челленджердің, эстафеталардың бір-бір кейіпкері болған.

Коронавирус дерті дендеп барады. Елде қазір 800-ден аса науқас тіркелді. Осыдан-ақ, індеттің беті қатты екенін байқауға болады. Қазір билік иелерінің берген ақпараттары жеткіліксіз. Күнделікті естіп-көріп жүргеніміз: қай өңірден, қанша адам вирус жұқтырды, оның қаншасы жазылды деген ақпарат қана. Бітті. Тіпті пәлен облыстан бір адам вирус жұқтырды дегенімен, науқас адам ол облыстың қай қаласы, қай ауылында екені де айтылмайды. Науқастың кім екенін, кіммен байланыста болғанын айту этикаға жат дегендері жөн шығар, тым құрығанда ол науқастардың қалай ауырып, қалай жазылғаны туралы ақпарат таратылуы керек қой.

Түйін. Мемлекеттік органдар мән-мағынасыз жылтыраққа қызықпай нақты жұмыстар істесе дейміз. Туризмді дамытамыз деп ұсақ-түйек вайнерлерге миллиондап қаржы бөлетін шенділер, тілсіз жауды ұран тастап, флешмоб жасап жеңе алмайтынын түсіну керек. Қоғам төтенше жағдай кезінде ресми ақпараттардың аздығын, жедел жаңалықтардың мемлекеттік тілде кешігіп жатқанына назар аударып отыр. Біз біргеміз деп бос ұрандағанша ғалым, дәрігерлердің, вирусологтар ұсынған нақты, ғылыми ақпараттарды жариялғаны жөн...

Індетпен күрестің алдыңғы шебінде жүрген дәрігерлердің қазіргі хал-ахуалы қалай? Олар не киініп, не ішіп жүр? Кеше ғана 120 дәрігердің вирус жұқтырғаны айтылды. Оларды қазір қандай тәсілдермен емдеп жатыр? Қандай дәрі-дәрмектер пайдаланылуда? Сұрақ көп. Жауап жоқ. Есесіне біз Birgemiz деп жатырмыз...

Abai.kz

5 пікір