Сенбі, 20 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3120 13 пікір 8 Сәуір, 2020 сағат 11:59

Үкімет отырысы «обаның кезіндегі көкпарға» ұқсайды

6 сәуірдегі бюджеттен құрылысқа бөлінген қаржыны игеру мәселесі қаралған Үкімет отырысы «обаның кезіндегі көкпарға» ұқсайды.

Елдегі қалалардың 60-70 пайызы карантинде. Соңғы екі айда миллиондай адам жұмыссыз қалды. Шағын және орта бизнес құрудың алдында. Тұрмысы нашар 1,5 миллионнан астам адамның жағдайы күннен-күнге төмендеуде. Соңғы екі-үш күнде коронавируспен ауырғандардың саны 200-дей адамға өсті, яғни пандемия өршуде.

Ал, Үкімет болса «бір күн жылды асырайтын кезде» жер өңдеп көкөніс, егін егуге жанармай мен дотацияларын бөлудің орнына, құрылысқа шығыңдар дейді. Бұл, елдегі жағдайдан мүлдем хабарcыздардың сөзі емес пе?
Бұл жиын мемлекеттің мәселесін шешу емес, бюджет есебінен өз тірліктерін түгендеуді заңдастыру үшін жиналған топ. Олар елді ойлап отырған жоқ. Керісінше елді көкпарға салып сатуға дайын отырғандар...

Бұл жиын 2010 жылы Парламент Кеден одағына кіру туралы елге тиімсіз 30-дан астам заңды ешқандай талқылаусыз жарты сағатта қабылдаған немесе 2015 жылы Парламент пен Үкіметтің жерді Қытайға сату туралы шешімдерінің бір түрі?! Бұл, авторитарлық биліктің азғын тірліктері.

Пандемияға қарсы күреске жинаған қаржыны көрші Өзбекстанмен салыстырса, біздікі қайыршының аузына тамызған сумен бірдей. Осы шараға Мирзияев $1,0 млрд бөлген. Ал, «біз көшбасшымыз» деп қалпағын аспанға атып жүргендердің барлығының жинағаны сол сомаға жетпеді.

Осындай жағдайда «Самрұқ-Қазына» қорының төрағасы А. Есімовтың, «...Холдингте жұмыстан қысқарту болмайды, барлығы өз орындарында қалады...», деген мәлімдемесі көңілге қонады. Осыны естігенде мемлекет мүддесін ойлайтын, іскер басшы, дағдарыс менеджерінің болғанына риза боласың.

Осындай кезде қиындықтан шығынсыз шығудың бірден-бір жолы – ол қоғамның бір адамдай тәртіп сақтап, бір жағадан бас шығарып күресуінде.

Президент Қ.Тоқаев осыдан екі апта бұрын, «ұлттық компаниялар өткен жылдың 100% дивидентін бюджетке төлесін десе, Үкімет 50% дейді. Ал, тағы бір министр, «елге ақшалай көмек беру популизм», деп айды аспаннан шығарды.

Білім және ғылым минмстрлігі «онлайн режимде оқыту мүмкін емес», деп одан бас тартты. 2010 жылдан бері «цифрландыруға» бөлінген бір трлн. теңге қайда кетті?

Елде бірліктің болмауы, оның азаматтарының мемлекеттік тілде емес, 130 тілде сөйлеп, соншама ой-ойлап, барлығының Қазақстанды ортақ Отаным деп санамауында. Бұл 30 жылдағы қойыртпақ саясаттың қорытындысы.
Елді біріктіретін ортақ идеология жоқ.

Бұл жердегі трагикомедиялық мәселенің шешілмеуіне бүкіл қоғам, оның ішінде алдымен билік және қазақтар кінәлі. Қазақтың отбасы доңызқораға айналып кеткеніне ғасырдан асты. Оны мойындағымыз келмейді. Жасырамыз. Бұл дерт бізге әулие санап жүрген Шоқан, Абай, Ыбырайлармен келді. Өкініштісі, оны осы уақытқа дейін Мұстафа Шоқайдан басқа ешкім түсінбеді немесе түсінсе де айтпады. Ұлттың рухани көсемі санап жүрген Абайды Қасиетті Құран сүрелерімен қатар жаттайтындар, оның қара сөздеріндегі, «...Қазақтың моральдық деңгейі орыстың мұжығынан (тюремщик деп түсініңіз) төмен» (2-ші қ.с.), «қазақтың қазақтан басқа жауы жоқ...» (12 қ.с.), «тірі қазақтың сөзден аманы жоқ, өлген қазақтың жаманы жоқ...» (13 қ.с.), «қазақ еңбек етуден гөрі, кезіп ел аралағанды жақсы көреді...» т.б. саналық та, сапалық та, тәрбиелік те мәні жоқ сөздерді жаттап өскен буын ұлтының дәстүрін менсінбейтін эгоист, Отанды сүйе алмайтын космополит, ана тілін білмейтін нақұрыс, не қаңғыбас болмағанда кім болып шығады?!

Барлық Қасиетті кітаптарда «Құдайдың бір аты Халық...», дейді. Билік уақытша, мемлекет те өзгереді, ал халық мәңгілік! Ал, халық туралы айтылған жоғарыдағы сөздер оның қасиетін кетіреді. Қасиеті кеткен елде намыс, рух, жігер, бірлік пен береке болмайды. Ондай елге бақ қонбайды!

Кешегі Қордай оқиғасы кезінде Әблязов пен Ерғалиеваның қазаққа қарап айтылған сөздерінен кейін, бұл елге олар барда ешқандай Голошекиннің керегі жоқ екені белгілі болды. «Үй артында дұшпан бар» деген осы болар. Ал, елді көгертеміз деп оларға (келесі Қосановқа) еріп жүргендердің мақсаттары қандай?!

С.Әбділдин ақсақалдың, «елге қандай да болса ұлтжанды басшы керек...» дегені көрегендігі еді.

Болашағын ойлайтын ел, ұлттың қамын ойлайтын ұрпағын тәрбиелейді.
Президент мырза! Ел Сізді тек Қазақстанның емес, әлемдегі барлық қазақтың Президенті санайды және мемлекеттік тілдің дамуына атсалысады деп сенеді! Елге бақа, шаян, аққу емес, бірлік пен тәртіп керек!
Тапсырманы орындамайтын Үкімет, Парламент, не мәңгүрт шенеуніктерді отсавкаға жіберу керек! Бұл істе Ел Президентті қолдайды.

Жанұзақ Әкім

Abai.kz

13 пікір