Сенбі, 20 Сәуір 2024
46 - сөз 3228 10 пікір 7 Сәуір, 2020 сағат 15:35

Уақыт сынынан өткен саяси жүйе

Бүгін әлемде коронавирус пандемиясы жайлап, 1,3 млн азамат дертке шалдығып, Қазақстан тарихында алғаш рет төтенше жағдай жарияланып, қалалар карантинге жабылып жатқанда еліміздің барлық билік тармақтары, мемлекеттік органдары бекітілген механизм бойынша жұмыс істеп тұр. Қоғам Үкімет бекіткен ережелерді сақтап жүр. Яғни, қысылтаяң уақытта халық заңға бағынатын азаматтар екенін көрсетіп, бассыздыққа жол берілмеді. Мұның себебі не? Қазақстан мемлекет ретінде толық қалыптасып, саяси жүйесі «ақаусыз» қызмет етуінде.

Саяси жүйенің негізін қалаушы ретінде Елбасы Н.Назарбаев коронавируспен күресу мақсатында BizBirgemiz қорын құрып, оған елдегі ауқатты азаматтар қаржысын құйып, вируспен күресуге үлесін қосу бастамасын көтерді. Отандық кәсіпкерлер шама-шарқы келгенше көмек қолын ұсынып жатыр. Бүгін 41 млн доллар қаражат жиналды. Бұл пандемия кезінде қажетті қорғаныс заттарын, медициналық аппарат, тесттерді сатып алуда үлкен көмек. Яғни, төтенше жағдай кезінде де мемлекеттік қызмет те, бизнес те, қоғам да ортақ мақсат үшін жұмыла білді. Бұл Елбасы қалыптастырған саяси жүйенің түрлі жағдаяттарда сағат механизмі секілді мүлтіксіз қызмет ете алатынын тағы бір рет дәлелдеді.

Алайда аталған нәтижеге еліміз бір күнде қол жеткізген жоқ. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан соң ел басшылығы алдында тұрған ең маңызды сұрақтың бірі саяси жүйенің, мемлекеттік құрылымның формасын таңдау еді. Келмеске кеткен КСРО құрамында болған көршілердің бірі парламенттік республиканы таңдаса, басқасы федерацияны қалап жатты. Көпэтносты, коммунистік жүйенің сарқыншағы сақталған, экономикасы құлдару алдында тұрған мемлекетте реформаларды жылдам жүргізуге мүмкіндік беретін әрі қоғамның талабын естіп, оған жауап қайыра алатын саяси жүйе қажет еді. Осы себепті таңдау демократиялық жүйедегі президенттік республикаға түсті.

Сонау 2000-шы жылы Елбасы Н.Назарбаев өзінің халыққа Жолдауында: «ХХ ғасырдың басты саяси сабағы – демократизация формуласының әмбебаптығында. Сондықтан біз демократизация принциптерінен алыстауымыз әлемдік тенденциядан ауытқу екенін, яғни бұрыс жолға бет бұратынымызды түсінуіміз керек» деген еді. Бұл сөзінде Елбасы демократиялық процестің қаншалықты маңызды екенін айрықша айқындап отыр. Аталған саяси жүйеде халықтың талап-тілегін билікке жеткізетін Парламенттің орны ерекше. Үкімет халық қалаулыларының сын-мінін ескеріп, экономиканы алға жетелейді. Сот жүйесі даулы жайттарға төрелік айтады. Ал Президент аталған процестердің мінсіз жүруіне кепілдік беруші тұлға.

Бұл саяси жүйе 1990 жылдардағы жаппай жұмыссыздықты, 1998 жылғы Азия дағдарысын, 2000-шы жылдардың басындағы экономиканың дүмпуін, 2008 жылғы қаржы дағдарысын, 2010 жылдан кейін өткен ірі халықаралық шараларды, сан түрлі сайлауларды, 2019 жылғы билік транзитін «бастан өткізді». Ал енді төтенше жағдайдағы карантинді де тәртіппен ұйымдастырып отыр.

Осыншама сынақ болса да, мемлекеттік органдардың жұмысында қақтығыс немесе билік тармақтарының өзара түсініспеушілігі секілді олқылықтар орын алмады. Басқаша айтқанда, тәуелсіздік жылдарында жүйеде саяси дағдарыс болған жоқ. Конституция талаптары орындалды. Бұл саяси жүйенің құқықтық принциптерге негізделгенін көрсетті. Ал осы жылдары ТМД кеңістігінде түрлі саяси процестер жүрді. Іргедегі көрші Қырғыз Республикасы екі революцияны бастан кешіріп, ел қақ бөлінудің алдында болды. Грузия да саяси төңкерістен соң Оңтүстік Осетия мен Абхазиядан айрылды. Украина қос төңкерістен соң территориялды тұтастығын жоғалтты. Бүгінде Украина президенті В.Зеленскийдың тың реформалар жүргізу ниеті болғанымен, саяси жүйенің күрделілігі оған тұсау болуда. Тіпті, коронавирусқа қарсы нақты шаралар қабылдауына да парламентпен болған алауыздық кедергі. Оған қоса, көп жағдайда бұл елдерде саяси дағдарыс экономикалық қиыншылықтарға ұласып жатты. Өз кезегінде төңкеріспен билікке келген саяси күштер жағдайды түзеу үшін елін шетелдік қарыздарға одан әрі батыра түсті. Бұл оқиғалар саяси жүйе тұрақтылығы мемлекеттің стратегиялық қауіпсіздігі мен дамуында қаншалықты маңызды екенін айшықтады.

Соңғы жылдары саяси жүйедегі дағдарыс тек ТМД елдерінде ғана емес, Батыс Еуропада да жиі көрініс таба бастады. Айталық, Британияның Еуропадан шығу процесі – Брексит 3,5 жылға созылды. Бірден-бір себеп – үкімет пен парламенттің тіл табыса алмауы. Бельгия да былтыр саяси партиялардың келісімге келе алмауынан үкіметін жылға жуық жасақтауға мұршасы келмеді. Ал Қазақстан тәуелсіздік жылдары мұндай саяси дағдарыстарды бастан кешірген жоқ. Өйткені саяси жүйе о бастан азаматтардың, саяси топтардың және билік тармақтарының мүддесін сәтті түйістіре білді. Оған қоса, саяси жүйедегі тежемелер мен теңестірмелер жүйесі өз міндетін атқара білді.

Саяси жүйе тірі организм секілді үнемі жетіліп отырады. Президент Қ.Тоқаев Елбасы бағдарының жалғасы ретінде «естуші мемлекет» концепциясын жариялады. Бұл азаматтардың мұң-мұқтажына құлақ түріп, оған мемлекеттік органдардың жедел жауап қайырып, мәселесін шешетін саяси жүйенің үлгісі. Өткен бір жылда аталған концепция іске асуын бастады әрі Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі ретінде алғаш көрініс тапты. Себебі онда қоғамда қордаланған түйіткілдер ашық талқыланды.

Амангелді Құрметұлының әлеуметтік желідегі жазбасы

Abai.kz

10 пікір