Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Жазылған жайдың жалғасы... 4854 5 пікір 6 Сәуір, 2020 сағат 15:17

Қапшағайдың әкімі жоқ болса, әкімдігі жұмыс істемей ме, Амандық мырза?

Осыдан бір апта бұрын, Алматы облысына қарасты Қапшағай қаласында бес балалы отбасының үйі өртеніп, 8 айлық сәбиден 80-дегі кейуанаға дейін 8 адамның баспанасыз қалғанын жаздық.

Қапшағай қалалық кітапханасы Instagram-дағы ресми парақшасында бес баланың анасы, кітапхана қызметкері Майгүл Сахаридің жағдайын жеткізіп, бейнежазба жариялаған екен. Ел-жұрттан көмек сұрап, Майгүлдің банк картасын көрсетіп, қайырымды жандардан көмек сұрапты.

Майгүл Сахари Қапшағай қалалық кітапханасында еден жуушы болып жұмыс істейді. Бес баласы бар. Ең кенжесі 8 айлық. 80-дегі енесі де қолында көрінеді. Бір үйде (үш бөлмеде) 8 адам тұрып жатқан. Ал 30 наурыз күні олар тұрып жатқан үй түгелдей өртеніп кеткен. Төтеннен төнген тілсіз жаудан бір отбасы, бір отбасының бес бірдей баласы баспанасыз қалды. Құдайға тәубе, балалардың бәрі дін аман. Ал олар тұрып жатқан үй енді жоқ.

Осыдан соң, біз де көп балалы отбасының жағдайын «Abai.kz» порталында жариялап, Алматы облысының әкімі Амандық Ғаббасұлы мен Қапшағай әкімі Талғат Қанатұлына қарата сөйледік. Жапа шегіп қалған шаңыраққа құзырлы органдар тарапынан қандай да бір көмек көрсетілер дедік.

Арада апта өтті. Бес баласымен далада қалған отбасына жергілікті құзырлы органдар барды ма? Қандай да бір көмек көрсетілді ме? Сегіз айлық баласы мен сексендегі анасын жетектеген бұл отбасы қазір қайда тұрып жатыр? Біз Майгүлге хабарласып, жағдайды білдік.

Майгүл Сахари, көп балалы ана:

- Қапшағайдың әкімі әлі келген жоқ. Алдында анасы қайтыс болғанын естідік. Көңіл айтамыз, әрине. Бірақ, әкім жоқ болса, әкімдікте адам бар шығар?..

Бүгін ең болмаса, әкімнің орынбасарына кірейін деп, әкімдікке бардым. Жағдайымды түсіндірейін дедім. Әкімнің орынбасарларына жазылып, қабылдауына кірейін деген ем. «Төтенше жағдайға байланысты, мына карантинде ешкімді қабылдамай жатыр», деді. Менің басымдағы жағдай да – төтенше жағдай ғой.

Осымен әкімдікке екінші рет барып отырмын. Алдында өтінішімді қалдырып кеткенмін. Ол кезде әкім жоқ болған. Бүгін тағы бардым. Әкім орынбасарларының барлығы жиналыста отыр екен. Сондағы бір қыз маған: «Сіздің телефон номеріңіз бар. Әкімнің орынбасарына айтамын. Хабар күтіңіз», деді. Содан күтіп отырмын. Телефон номерімді де алып қалды.

Міне, бір аптадан асты. Әкімдіктен ешкім келген жоқ. Сол үй өртенген кезде, 31 наурызда әлеуметтік көмек бөлімінен Ажар, Нұрлан деген кісілер кетіп кеткен. Басқа ешкім келген жоқ. Ешкім хабарласқан жоқ.

Үй өртенген кезде анамның үйін барып паналағанбыз. Ол өзі 2 бөлмелі үй. Сол 2 бөлмеде 10 адам 3-4 күн тұрдық. Қазір Қапшағайда пәтер жалдап тұрып жатырмыз. Достарымыз 3 бөлмелі пәтерді жалдап берді. 2 айының ақшасын төлеп қойды. 70-75 мың. Ал 2 айдан соң қайтеміз, білмеймін...

Анау өртенген үйді барып, заттарын тазалайық десек, ол үйді әлі ешкім келіп тексерген де жоқ. Өрт сөндірушілеп келіп, өртті өшіріп, бір жапырақ протокол толтырып кеткен. Сол қалпы тұр...

Түйін. Қапшағай қалалық кітапханасы Майгүлдің банк картасы әлеуметтік желіде жариялап, жұрттан көмек сұрағанын жоғарыда айттық. Ашық қол азаматтардан аз-кем ақша беріпті, рас. Бірақ, ол ақша үй алуға немесе үй салуға жетпейтіні және рас.

Айтпағымыз ол да емес. Апта өтті. Сегіз айлық сәби мен сексендегі кейуана «квартира» кезіп жүр. Ал жергілікті әкімдіктен бірде-бір адам барып, жапа шегіп қалған отбасының жағдайын сұрамаған. Көмек көрсетілмеген.

Әкімнің анасы қайтыс болуына байланысты жұмыста емес көрінеді. Қайғы көріп, қара жамылып отырған адамды жұдырықтамақ және адамдыққа жатпайды. Бірақ, әкім жоқ болса, әкімдікте адам бар шығар?.. Әлде Қапшағайдың әкімі жоқ болса, әкімдігі де жұмыс істемей ме, Амандық мырза?

Abai.kz

5 пікір