Бейсенбі, 18 Сәуір 2024
Бәрекелді! 4291 19 пікір 7 Сәуір, 2020 сағат 10:25

Омарәлі Әділбекұлы: Президенттің үндеуіне үн қосып жатырмыз

Коронавирус күшейіп, қалалардың карантинге жабылғаны ешкімге де оңай тиген жоқ. Төтенше жағдай кезінде билік иелері де, қарапайым халық та қатты абдырап қалғаны рас. Әсіресе, тапқан табысы тамағынан аспайтын ағайынға қиын болды.

Мемлекет табысынан айырылған тұрғындарға 42 500 теңгеден көмек береміз деп уәде етті. Әуелде бұл көмекті 1,5 миллион адам алады деп жоспарланған еді. Кейін Мемлекет басшының шешімімен, аталған көмек 3 миллион адамға берілетін болды. Күні бүгінде 42 мың теңгелік әлеуметтік көмекті алуға 1 миллионнан аса адам өтініш білдіргені, бүгін белгілі болды.

Биліктің берері халықтың қолына жетер. Осы ретте мемлекет тарапынан қолға алынған осынау игі шараға елдегі атымтай жомарт азаматтар да үн қосып жатқанын айта кету керек. Әрқайсысы қолынан келгенше көпшілікке көмек беруде. Жомарт жандардың алды індетпен күреске жүз миллиондап көмек атаса, қалғаны қиналғанның қарнын тойдыруға кіріскен. Әсіресе түрлі қоғамдық бірлестіктер мен қайырымдылық қорлары қолдан келгенінше қызмет атқаруда.

Бұған дейін «Жебеу» Республикалық қоғамдық бірлестігінің Алматыдағы денсаулық сақтау ұйымдарына көмек көрсеткені туралы  БАҚ-та хабарланған еді. 20 наурызда аталған қоғамдық бірлестік Алматы қалалық № 12 емхана мен қалалық денсаулық сақтау басқармасына құны миллион теңгелік бетперделер мен антисептикалық дәрі-дәрмек табыстаған болатын.

Омарәлі Әділбекұлы бастаған «Жебеуліктердің» қайырымдылық шарасы мұнымен шектелген жоқ. Күні кеше ғана Abai.kz ақпараттық порталы жазған, Қапшағай қаласындағы үйі өртенген көпбалалы отбасыға және Алматыдағы Мағжан Жұмабаев атындағы мектепте оқитын қырық баланың отбасына қаржылай көмектесіп отыр екен. Мемлекеттен бір тиын алмайтын, тендерге қатыспайтын қоғамдық бірлестіктің тек өз қалталарынан шыққан қаржымен халыққа көмектесіп жатқаны өзгеге үлгі боларлық іс екені даусыз.

Омарәлі Әділбекұлы, «Жебеу» Республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы

- «Жебеу» қоғамдық бірлестігі Қытайдан келген кәсіпкер азаматтардың атсалысуымен құрылған. 2009 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Негізгі мақсатымыз Қазақстанға көшіп келген қандастарымыздың азаматтық алып, елге бейімделуіне көмектесу. Ол бағытта жасалып жатқан жұмыстар аз емес... 

Ал мынау бүкіл әлемді әуреге салған індет тұсында да елге көмек қолын созудан қашпаймыз. Мемлекет басшысының үндеуіне үн қосып, вирустың бетін қайтару үшін біз де хал-қадірімізше жұмыс жасап жатырмыз. Коронавирус керанаулықты, салғырттықты кешірмейтін, аса қатал індет болып тұр. Мұндайда барлық азаматтар, кәсіпкерлер, мекемелер, қоғамдық ұйымдар жұдырықтай жұмылу керек. Денсаулық сақтау ұйымдарының, құқық қорғау органдарының талабы мен өтінішін орындау маңызды.

Жұт жеті ағайынды дегендей, індет тарап, қалалар карантинге жабылған тұста, Қапшағай қаласында бес баласы бар отбасының үйі өртеніп кетіпті. Оны өздеріңіздің порталдан оқып білдік. Баспанасыз қалған бір үйлі жан қоғамнан көмек сұраған екен. Сол кісілерге бірлестігіміз атынан азық-түлік алсын деген ниетпен 180 мың теңге көмек бердік.

Сонымен қатар, Алматы қаласындағы Мағжан Жұмабаев атындағы № 137 мектепте Қамқорлық кеңесінің төрағасымын. Бұрын да керек кезінде көмектесіп жүрдік. Осы жолы «Жебеудің» атынан 40 отбасына қаржылай көмек бердік. Бұл көмек аталған мектепте оқиын 40 оқушының отбасына беріледі. Көмек қаражат «Нұр Отанның», аудандық білім басқармасының, аудандық әкімшіліктің жауапты адамдарының қатысуымен заңды түрде табысталды. 

Сондай-ақ, өткенде Алматы қалалық № 12 емхана мен қалалық денсаулық сақтау басқармасына құны миллион теңгелік маска мен дәрі-дәрмек жеткізіп бердік. Мұның бәрі «біз біргеміз» акциясына үн қосу мақсатында жасалып жатыр. Ел болып бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып коронавирустың тамырына балта шапсақ деген ниет, біздікі.

Айта кетейік, бүгінде Мемлекет басшысының бастамасымен тағайындалған мемлекеттік жәрдемақымен қаңтар-сәуір айларында еліміз бойынша 384,9 мың көпбалалы отбасылар қамтылған. Ал, тек сәуір айында ғана 396,5 мың отбасы 19 млрд.теңге көлемінде жәрдемақы алған.

Ал, жұмысынан айырылуына байланысты жыл басынан бері Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлемді 30,5 мың адам алған.  Бұл ретте өткен жылдың сәуір айында 3,2 мың азаматқа жәрдемақы тағайындалды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, биыл 15 мамырдағы жағдай бойынша 2,9 млн-нан астам қазақстандық төтенше жағдай режимі кезінде табысынан айырылуына байланысты Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан 42 500 теңге мөлшерінде екінші төлем тағайындалған.

Ал, «42 500 теңге» төлемі енгізілген сәттен бастап оны 4,5 млн адам алды.

Abai.kz

19 пікір