Бейсенбі, 18 Сәуір 2024
Деп жатыр 9485 15 пікір 6 Сәуір, 2020 сағат 12:02

Қытайда не болып жатыр?

Коронавирус

Арғы төркіні қайдан болса да, коронавирустың Қытайдың У хан қаласынан тарағаны белгілі. Оны жарқанаттан басқа жәндіктерге жұғып, сол жәндіктерді азық еткен адамдардан жайылды, Қытайдың У хан қаласындағы вирус сынағымен жұмыс жасайтын институт лабораториясында пайдаланылған жарқанаттардың немесе басқа жәндіктердің ұрлап сатылымға шығып кетуінен тарады, осы институттың биологиялық қару өндіруі кезінде вирустың абайсызда ұшқындап кетуінен пайда болды, Американың Қытайға ептеп енгізіп жіберген вирусы екен деген секілді алуан жорамал айтылды.

Әңгіме қыза келе, Қытай мен Американың арасындағы өндімес дауға мұрындық болды. Трамп оны «Қытай вирусы» деп салып еді, Қытай СІМ баспасөз хатшысы 2019 жылғы У ханға әскерилердің әлемдік олимпиадасына қатысуға келген АҚШ спортшыларынан «қалып қалған» деп жауап қатты;Пампео оны «У хан вирусы» дегенінен жаңылмаса, ҚХР тарапы АҚШ тапқырлаған биологиялық қару екеніне «сенімді». Былтырғы сауда соғысы кезіндегі айтыстар мынаның қасында «жіп есе алмайтын» межеде қалып қойды. Берекесіз дау Трамптың жуықтағы G-20-лықтың онлайн кеңесі тұсындағы ендігары оны «Қытай вирусы» атамайтын уәдесімен саябыр тапқандай болды. 

Қытай індетті өзінің әміршіл жүйесінің әкімшілік ресурстарына қол артып екі ай көлемінде тізгіндей алды және осы жетістігін екі бағдарда нәсихаттауға кірісіп кетті. Оның біріншісі, оны бір орталықтан басқарылатын социалистік түзімнің «әбжілдігі мен өнімділігі сынды артықшылығының» жемісі есебінде әспеттеу. Қытай науқас жұқтырғандардың санының көрнекті азая бастағанында-ақ, әлемге Қытайлық әдісті әйніндей көшіріп пайдалануға жар салды, өзге елдерді дайын асты жей алмастар санатында жазғыра бастады. Корея, Жапония, Сингапурлардың онсыз да, сондай-ақ өзінен қысқа мерзімде індетті шаужайлай алғанынан соң барып қана сабасына түскендей болды.

Екіншісі, індеттің онан ары өршімеуі Қытайдың тоқтап қалған бүкіл тірлігінің қайта жандануына мұрсат берді. Өндірістер қосылды, транспорт қозғалды, адамдар қимылдай бастады. Індет өршіп тұрған мемлекеттерге керекті медбұйымдар жеткізуге мүмкіндік алды. Сонымен, «беттұмша дипломатиясын» бастап жіберді. Қытай билігі қазірге дейін 120 мемлекет пен халықаралық ұйымға беттұмша, қорғаныс киімдері, тесттілеу және жасанды тыныстату аппараттарымен жәрдемдескенін мәлімдеді. Үдерістерді бағамдап отырған сарапшылардың біразы мұны Қытайдың ту баста індетті біле тұра жасырып, оның алдын алудың «алтын мезетін» қапы жіберып алған кінәсін жуып-шаюы деп санаса, біразы Трампт әкімшілігінің Америка мүддесімен әсіре әуестеніп, халықаралық жауапкершіліктен қашқақтап жүрген «өліаралықтан» пайдаланып әлемдік саясатқа өз ықпалын өткізуге ұмтылу деп топшылауда.

Қытай билігінің аталған гуманитарлық әрекеттерді Ши дәріптеп келген «адмзаттың тағдырластығы қауымдастығын» жасақтау идеясымен астастыра нәсихаттауы соңғы пікірлердің жаны барына дәлел болғандай. Ал вирусты жасыру әңгімесіне келгенде, қазірге дейінгі ашыққа шығып жатқан ақпараттар, жүйеден вирусты саясиландырмай таза ғылыми қырынан зерттеуші ғалымдардың зерттеулерінде меңзелген мезгілдер вирустың қарашаның соңғы жарымында-ақ байқалғанын, бірақ коммунистік сірескен жүйенің туабітті бюрократиялық болмысы оны «күнге шығаруға» ерік бермегенін айғақтап жатыр.

Қарашаның соңы У хан емханалырында бөгенайы бөтен вирус байқалған, оның жұғымталдық қасиеті де білінген, ол жергілікті яки қалалық тазалық-денсаулық сақтау комитетіне тіркелген. Алайда қолданыстағы тәртіпке сай, оны Бейжіңдегі инфекциялық індеттерді анықтау мен алдын алудың ұлттық орталығына мәлімдеуге емхананың құзыреттілігі болмаған. Аталмыш орталықтың жергілікті бөлімшесі мен жергілікті тазалық-денсаулық сақтау комитеті осындағы билікке жүгінген. Олар болса, тура сол тұста дағды бойынша «қос жиналыс» аталып кеткен жергілікті Халық өкілдері құрылтайы жиналысы мен Саяси мәслихат жиналысының ашылып жатуына байланысты, «жоғарыны» шамырқандырып, креслосынан айырылып қалмас үшін «жауырды жаба тұруға» шешкен. 

Сорақысы, жалғасты 14 күн бойы жаңа науқас тіркелмегендігін мәлімдеп келген. Шетелдік сарапшылардың ішінара деректерінде мемлекет төрағасының өзінің бері болғанда 7 қаңтар күні, яғни вирустың жұқпалы екендігі ресіми жарияланудан екі апта бұрын жағдаяттан хабарлы болғандығы айтылады. Ендеше, әлемдік қауымдастық алдында жуып-шаюға, жігері жетсе кешірім сұрауға да лайық кінә. Жуықта АҚШ конгресмендерінің Қытай компартиясының ту баста індеттің таралуын жасыру әрекетіне халықаралық тексеру жүргізуге үндеп, зардап шеккен елдерге залалды өтеп беруді талап еткені белгілі.

Дағдарыс

Коронавирустың әлемге әкелген кесепатын көріп отырмыз. Індеттің таралуына тосқауыл қоюдың шарасы есебінде Қытай билігінің жүріс-тұрыс атаулыға шектеу салуды құп көргені белгілі. Бұл енді кезегінде дүйім ел көлеміндегі ұсыныс пен сұраныстың теңдей тұсалуына алып келді. Нәтижесінде, тұтас экономика сола бастады. ҚХР статистика агенттігінің мәліметінше, үстіміздегі жылдың алғашқы екі айында елде тұрақты капиталды инвестициялау былтырғы кезеңдегіден 24.5% төмендеген. Жүйе құраушы өнеркәсіп құнының өсімі тарихта болмаған 13.5%-ке құлдыраған. Қызмет көрсету саласы 13%-ке шегінген. Меншік сыйпатына қарай, жеке сектордың өсімі 20.2%, мемлекеттік меншік 7.9%, аралас меншік 14.2% түсіп кеткен. Осы мезеттегі сұраныстың жағдайы да мәз болмай шықты. Тұтыну тауарларын сату сомасы 20.5%, ең ілкімді саналатын интернет саудасының өзі 3% кері кеткен. Елдің экспорт-импорты тұтасынан 9.6%, жеке-жеке 15.9% және 2.4% кеміген. Халықаралық сарапшылық мекеме Сapital Economics-тің мөлшерінше, аталған екі айда Қытайдың ЖІӨ 13% кері өскен болуы керек. Ақпанның соңындағы көрсеткішпен қала-кенттердегі жұмыссыздық 6.2%-ке жеткен, қолайсыз мәліметке оң қабақ танытып көрмеген статагенттітің өзі мұны осы көрсеткіш есепке алынғаннан бергі ең жоғарғы шама деп отыр.

Әрине, көктем шыға шығандарды шарлап нәпақа іздеп кететін 200млн-ға жуық «шаруа-жалдамалылардың» бұл есепке енбейтінін ескерте кеткен жөн. Жұт жеті ағайынды демекші, аты өшкір Covid-19 тура Қытайдың егістікке даярлық мезгілінде жетті. Қабылданған шектеулер шаруалардың жүрісін матап, егіс жұмыстарының кешеуілдеуіне соқтырса, бұның соңы өнімнің кем алуына саяры сөзсіз. Қырсыққанда, У хан қаласы Қытайдың ең ірі химтыңайтқыш базасы саналады. Сонысымен-ақ 8 көкекте ашылады деп күтілулі қала елдегі тыңайтқыш жетіспеушіліктің «күнәкәрі» болғалы тұр. Осы факторлардың логикалық нәтижесі агроөнімдер көлемінің азаюы мен бағасының көтерілуі болмақ. Азық-түлік бағасының ақпан айында-ақ 21.9%-ке шығандап кеткені мәлім болып қалған. Осылайша, Қытай тышқан жылын ауыр дағдарыспен қарсы алды. 

Беталыс

Қытайдың дағдарысты жағдайын тек коронавирус туындатты деу, бері айтқанда, мәселеге үстірт қарағандық саналуы керек. Онсыз да әлемдік экономика өзінің кезекті құлдырайтын периодына бетекі келіп қалған-ды. Коронавирус тек оның білтесі болды және оның зардаптарын ушықтырды. Қытайдың экономикалық өсімі 40 жылдық екпіннен кейін 2019 жылы 6.1%-ті қанағат тұтқан. Биылғы меже 6%-ті ұстап қалу еді. Қазірше Қытай билігі коронавирустан кейін бұл мақсат жайында жаңаша позициа білдіре қойған жоқ. Ұлттық банктің коммерциялық қаржы ұйымдарына несие мөлшерлемесін төмендетті, бір триллион юандық шағын бізнесті қолдау қаржысын бөлді. Ары қарай әліптің артын бағатын кейіпте. Халықаралық кейбір сарапшылар Қытай бұл көрсеткішті 2-2.8% шамасында ұстай алса шүкір деуі керек десе (Finance Times), ҚХР орталық банкі ақша саясаты комитетінің мүшесі Ma jun ЖІӨ өсімін 1-2%-тік межеде ұстауға ғана мүмкіндік барын айтады.

Қытайдың аузында шын сөзі бар ішінара экономистері «2020 жылы статистиканың үйреншікті жалған құрамын сылып тастап айтар болсақ, экономика минусқа өсуі кәдік» (экономис-профессор Wang xiaolu) дейді. Қазіргі жағдаймен бажайлағанда, сыртқы сұраныстың күрт кемуі соқырға таяқ ұстатқандай анық болғалы тұр. Мұның арты соңғы жылдары жабылып жатқан экспорттық өндірістердің банкротын еселеуге ұласатын түрі бар. Ішкі сұранысты оятудың да машақаты жетерлік. Қытайдың 2008 жылғы қаржылық дағдарыстан 4 трлн. юандық инфрақарылымдық инвестициямен шыққаны мәлім. Қазірдің өзінде онда тура сол тәсілге жүгіну керек пе, жүгінген күнде қаржыны баяғыдай инфрақұрылымға бағыттау керек пе, жоқ денсаулық саласы сияқты әлеуметтік-көпшілік салаға құю керек пе деген тақырыпта талас жүріп жатыр.

Десе де, мұндай тактиканың тәуекелі де жеңіл емесі сезілуде. Өйткені бұл, мәніне келсек, ертеңнің есебінен бүгін қарыздану деген ұғым. Бұл елді мүлдемге қазыналық шырғалаңға душар етуі ықтимал. Халықаралық қаржы ассоциациясының (International Institute of Finfnce) дерегінше, Қытайдың барлық қарыз сомасы оның ЖІӨ-нің 310%-не парапар екен. Мұның үстіне тағы қарыздану құмардың бәсі сықылды тірлік болмақ. Сондай-ақ, онсызда өндіріс қуатын қоярға жер таппай отырған елде, бұл қаржыны далаға шашқанмен бірдей болуы мүмкін. Дағдарыстың салдары әлеуметтік бағытта да қатерлі зардаптарға ұрындыруы ықтимал. Мысалы, жұмыпен қамту мәселесі.

ҚХР даму және реформалау комитетінің ақпаратынша, наурыздың соңына дейін елдің 90% өндірісі жұмысын қалпына келтірген. Алайда энергияның жұмсалу мөлшеріне қарай жүргізілген кейбір дербес зерттеулер бұл мәліметтің боямасыздығына күдік келтірумен бірге, жұмыспен қамтудың жуан басын ұстайтын шағын-микро кәсіпорындардың қайта қосылу салыстырмасының 32.8%-ке әрең жеткенін пайымдап берді. Демек, бұл 100 млн-дармен саналатын жұмыссыздықтан дерек береді және түптің түбінде күрделі әлеуметтік, саяси орнықтылық мәселесіне меңзейді. Сондықтан да, Қытайлық экономистер елде биыл ЖІӨ өсімін (6%) сақтап қалу емес, жұмыс орынын сақтап қалуға барды салу керек деп шыр-пыр болуда. Атын атауды қаламаған Бейжиңдік маманның жұрттың «ет бағасы өссе, шерлерін төгіп-төгіп басылар, ал күріш бағасы өссе партияның жағасына жармасары хақ» деген бағамын осы жұмыссыздық жайында да келтіруге болатындай. Бұл, демек, саяси тәуекелге саятын әңгіме. 

Қысқасы, әлемдік дағдарыс Қытайды да иектеп келеді. Мынау жаһандық  індет неше айлап құрықталмаса, немесе зәудеғалам Трамп сауда соғысының шоқпарын қайта қолына алар болса (оны одан әбден күтуге болады), Қытайда жағдай тіптен мүшкілдеп кетуі ықтимал. Оны түбегейлі еңсеру Covid-19-тің бетінің қаншалық тез қайтуымен, әлемдік сұраныстың хал-ақуалымен, ел билігінің экономикалық құрылымдық реформаларға шындап бетбұруымен, жуық жылдардан бергі мемлекеттік секторға басымдық беру бағытын доғарып, нарықтық экономиканың тірегі саналатын жеке секторға ерік беруімен, халықаралық сауда ережелеріне мойын ұсынып, зияткерлік қағидаттарын құрмет тұтуымен байланысты болмақ.  

Мұхаметхан Қонарбай

Abai.kz

15 пікір