Сенбі, 20 Сәуір 2024
Ақмылтық 5583 39 пікір 4 Сәуір, 2020 сағат 17:35

Ескі биліктің имидждік жобалары һәм интернетсіз оқушы

Сурет 31 арнаның материалынан алынды

Оқушылар енді онлайн сабақ оқымайды. Бұл туралы Білім министрі Асхат Аймағамбетов айтты, кеше. Көктемгі демалыс аяқтала бере, сабақтың барлығын онлайн өткіземіз деп шешкен министрліктің мұржасы қисайып, мұршасы таусылды.

Оқушылар онлайн оқымайды

Рас, карантин кезінде оқушыларды оқшаулап, үйден оқыту, «zoom» жүйесі арқылы онлайн оқыту – балаларды күн сайын күш алып келе жатқан қауіпті індеттен қорғаудың бір амалы еді. Сөйтіп, бір аптаға жуық дайындық жасап көрді. Әлгі «zoom-ға» оқушыларды да, оқытушыларды да, ата-аналарды да отырғызды. Болмады. Техникалық ақаулар көп болды. Ата-аналардың дені әлгі жүйеге қосыла алмады. Ал Құдай оңдап, қосылғандарының өзі дауысы естілмей, бір-бірінің бетіне қарап отырғаннан өзге ештеңе бітірген жоқ. Бұл қаладағы жағдай. Ал шалғай ауылдарда интернет деген атымен жоқ болып шықты.

Сменился глава МОН РК. Что известно об Асхате Аймагамбетове ...

Сөйтіп, Қазақстанның білім жүйесі компютеризациялануға мүлде дайын емес екенін министр мойындады. Міне, өз сөзі:

«Бүкіл елді онлайн-стриминг арқылы қосу мүмкін емес екеніне көзіміз жетті. Интернеттегі шешілмеген мәселелер барда онлайн сабақ өткізу тиімсіз. Көп ата-ана интернетке қосыла алмады. Байланыс үзіліп кетті. Қазақстандағы интернет 2,5 миллион баланы онлайн оқытқанға қауқарсыз екенін көрдік. Сондықтан онлайн сабақ өткізудің қажеті жоқ деп ойлаймыз. Онлайн сабақ болмайды, оның орнына басқа механизмдерді пайдаланамыз», - деді Аймағамбетов.

Цифрландыру: 174 205 мұғалім цифрлы сауаттылықты оқыды

141 миллиард һәм интернетсіз оқушы

Сонымен, не ұқтық? Бүкіл Қазақстанның оқушыларын онлайн оқыту үшін әуелі сол 2,5-3 миллион оқушы интернетпен қамтылуы керек. Ал бізде интернет қала және қала маңындағы елді-мекендерде болғанымен, шалғай жатқан ел-жұртта ол атымен жоқ. Осылайша оқушыларды онлайн оқыту туралы бастама асығыстық болды. Оған, әуелі министрліктің өзі дайын болмай шықты. 2,5-3 миллиондай оқушы мен 1 миллиондай мұғалімді бір мезетте интернетке отырғызу үшін педогогикалық база болғанымен, техникалық ресурс жоқ. Демек, әлгі бүкіл мектептерді компютермен жабдықтап, қуатты интернетпен қамтып жатырмыз деген рапорт та, Қазақстанды адам сенгісіз қарқынмен цифрлық жүйеге өткізіп жатырмыз деген жұтаң есеп те жалған боп шықты. Айтпақшы, 2018-2022 жылдар аралығында осы «Цифрлы Қазақстан» деген мега жобаға бюджеттен 141 миллиард теңге бөлінген екен. Жеме-жемге келгенде бір сыныптың 30 оқушысы бір уақта бір жүйеге кіре алмады. Оны министрдің өзі де мойындады. Осымен тәмам.

Қашықтан оқыту 

Енді тар кезеңде төрт қабырғаға қамалған миллиондаған оқушыны қайтіп оқытпақ керек? Министрлік «қашықтан оқыту» деген тағы бір форматты ұсынды. Енді оқушылар онлайн емес, қашықтан оқитын болды. Бұл дегеніңіз – оқушылар енді тапсырмаларды пошта, теледидар, радио немесе интернет арқылы алып оқитын болады. Яғни, «Күнделік», «Білімленд», «Дарын онлайн» платформалары арқылы оқиды. Бұлар интернеті бар аймақтар үшін. Ал интернеті жоқ елді-мекендерге оқу құралдарын «Қазпошта» жеткізбек. Бейнесабақтар «Балапан», «Ел арна», «Алматы» телеарналары арқылы көрсетіледі. Тіпті, «Қазақ радиосынан» да сабақтар жүреді. Ал оқу жылы әдеттегідей, 25 мамырда бірақ аяқталады.

Мұғалімдердің жалақысы қалай өседі? Есептейік - Informburo.kz

Ауылдағы «еріктілер» - мұғалімдер

Ал ондай сабақтың сапасы қандай болмақ? Онлайн оқу кезінде мұғалім сабақ барысын көзбе-көз бақылауға мүмкіндік болды. Ал қашықтан оқытқанда мұғалімде ондай мүмкіндік болмайды. Бұл бірінші мәселе деңіз. Енді интернетсіз шалғай аймақтарда жаңағы тапсырмаларды оқушыларға кімдер жеткізіп береді? «Қазпошта» ма? Әлде «еріктілер» ме? Алыс ауылдардағы әрбір үйге тапсырма тасып жүретін поштагерлер бар ма? Ал еріктілер атымен жоқ. Ол айтпаса да түсінікті. Ол жақтың еріктілері – мұғалімдер. Демек, мұғалімдер тағы да қосымша жұмысқа жегіледі деген сөз.

Түйіндегенде, айтпағымыз коронавирус пен карантин елдегі білім жүйесінің барлық олқылығын әшкерелеп берді, бізге.

ДЕНЬ ПРЕЗИДЕНТА: ПРЕДСЕДАТЕЛЬСТВО В ОБСЕ И ШАГИ МОДЕРНИЗАЦИИ |

Ескі биліктің имиджі һәм сансыз саммиттер

Осы уақытқа дейін Қазақстанның ескі билігі имидждік жобаларға ерекше мән беріп келді. Қараңызшы, біздегі билік «ЕҚЫҰ» саммитін де өткізді, «ИЫҰ» саммитін де өткізді, «Азиядағы ықпалдастық» саммитін де өткізді, «Қысқы универсиада», «Қызқы Азияда» ойындарын да өткізді, «Әлем дінбасыларының» сьезін де өткізді, тіпті «ЭКСПО» көрмесін де өткізді, жыл сайын «АЭФ» форуымын өткізіп келеді. Несін сұрайсыз, осылардың барлығын Астана мен Алматыға жинап алып, асқан пафоспен ақыл айтты. Ал шынтуайтына келгенде мұның барлығы - бар болғаны пафос, дарақылық һәм имидждік жобалар ғана еді.

Енді міне, қытай вирусы мен қаржылық қиындық қос бүйірден қысқан тар кезеңге тап болғанда оқушыларды онлайн оқытуға қауқарсыз болып отырмыз. Қашықтан оқытамыз дейді. Оқушылардың үйді-үйлеріне тапсырмалар береміз дейді. Айналып келгенде детектейтін тағы сол – мұғалімдер болмасына министрлік те, министр де кепіл бола алмайды. Бұл шындық!

Архивы Мәулен Әшімбаев - Білімді Ел - Образованная страна

Өзгерген құндылық

Рас, тартысатын кез емес. Тар кезеңдеміз. Бүгін ПӘ жетекшісінің орынбасары Мәулен Әшімбаев әлеуметтік желіде жазба жариялап, «осы дағдарыстан кейін медицина, білім беру, цифрландыру салаларына басымдық беріледі», деп сөйлепті. Қош, «ештен кеш жақсы», деген.

Не десек те, баршамызға бетперде кигізіп, бас саулағауға мәжбүрлеген бұл карантин биліктегі біраз былықтың бетпердесін шешті. Әлсіздігін әшкереледі. Батпандай сіресіп, қоғамдық өмірдің ажырамастай бөлшегіне айналып үлгерген біздегі шектен тыс бюрократизмнің көлдей кесірін көзімізге шұқып тұрып көрсетті. Енді осыдан сабақ алсақ, кәне...

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

39 пікір