Жұма, 19 Сәуір 2024
Қайнайды қаның... 7563 28 пікір 3 Сәуір, 2020 сағат 20:57

42 500 теңгелік «карантин»

42 500 теңге. Қазір ел-халықтың бас қатырған басты проблемасы - осы 42 500 теңге болды. Ауылдағы қазақтың да, қаладағы қазақтың да кешелі-бері сапырылысып сабылып жүргені - осы 42 мыңның «қайғысы».

Президент пәрмен бергеннен соң, Үкімет өйтіп-бүйтіп 3 миллионға жуық адамға 42 500 теңгеден үлестіретін болды деген әңгіме әлемжеліні әп-сәтте шарлап кетті. Төтенше режим төрт қабырғаға қамаған тар кезеңде тұрақты табысынан айрылып, ас-ауқатқа ақша таппай жатқан ағайынға аз да болса көмек еді, бұл. Шындығында, әлеуметтік көмек ретінде 42 мыңнан беру туралы шешім - «аузыңа әкеп, ақ майды салмаса да, Үкімет өзегіңді талдырмайды» дегеннің төтенше реализациялануы сияқты еді.

Президент - тапсырды. Үкімет: «мақұл», - деді. Бюджеттен қаражат қарастырылды. Енді кезек - атқарушы органдарда.

Әуелде, «egov», деді. Кейін «кілт» сұрады. «2 мың теңге төлеу» туралы талап тағы шықты. Қысқасы, былтырғы жылғы 21 мыңның жыры қайталана бастады. Тек, бұ жолы берілетін сомасы секілді, соңындағы шуы да екі есе көп болып шықты. Содан, кеше министр Нұрымбетов арнайы сайт ашылатынын айтып, ұялы телефонға хабарлама жіберу арқылы алудың жолын ұсынды. Бүгін «42500.enbek.kz» дейтін сайт ашылды. Сайт. Қаладағы қазаққа сайт арқылы құжат рәсімдеген тиімді-ақ. Ал ауылдағы жұрт ше? Жаңағы жәрдемпұлға жәутеңдеп отырғандардың дені ауылдағы жұрт қой. Ал олар кешелі-бері пошта мен банктерге ағылып жатыр. Жалғыз олар емес. Алматының іргесіндегі ірілі-ұсақты қалалардың да жағдайы оңып тұрған жоқ. Сенбесеңіз, әлеуметтік желіде әйдік болған әлгі бейнежазбаларды, әне қараңыз.

;feature=emb_title

Жоғарыдағы бейнежазбадағы оқиға Алматы облысына қарасты Шамалған стансасында болған. Тағы бірі Қаскелеңдегі жағдай. Ал сол Алматы облысында коронавирус жұқтырған 9 адам бар. Халық топтасып жиналған Қаскелеңде 8 адам коронавирус жұқтырып, ауырып жатыр.

Рас, қарақан бастың емес, бала-шағаның қамы үшін 42 мыңнан үміттеніп жүрген жұртты және кінәлай алмайсың. Қауіпті вирустың жылдам таралуы мен теңгенің тұрақсыздығы «мырзақамақта»  жатқан көп шаңырақтың күй-тұрмысына теріс әсер етпей қоймайтыны түсінікті.

Үкіметтен келетін көмекке көз телмірткен көп жұрт «42 мыңның аяғы әлгі 21 мыңның жырындай болып кетпей ме», деп те күдіктенеді. Өйткені, шолақбелсенді шабармандардың жұмыртқа санап, тауық түгендеп жүріп ақыр аяғында әлгі 21 мыңды берместің жағына жеткізгені ел-жұрттың есінен  ұмыт бола қойған жоқ-ты.

Екінші жағынан сапырылысып, қаранөпір болып, әкімдіктерді басып кіріп жатқан жұрт - 42 500 теңге үшін өзінің, өзімен қоса мыңдаған адамның өміріне төтелей қауіп төндіріп жатқаны да шындық.

Ал бұл нөпір қайдан шықты? Қалай жиналды? Олардың осылай жиналуына не себеп болды? Енді мынаны қараңыз:

Бұл жаңа ашылған 42500.enbek.kz сайты:

Ал бұл баяғы Электронды үкіметтің сайты:

Ал бұл өтініштерін өткізе алмаған ағайынның көп сауалы:

Өткен жолғы 21 мыңның жайын айттық қой. Бұл жолы бір емес, бірнеше министр әлеуметтік көмекті алудың жолын түсіндіріп, арнайы сайттың сызбасын таратып жатты. Не дейсіз, ақырында тіпті «телеграмм» желісінде «боттар» арқылы өтініш қабылдайтынын да айтты. Тек, сол айтылғандар әлі іс жүзінде жүзеге асып жатқан жоқ. «Сайт» сызылып-созылып ол тұр. «Электронды үкімет» «кілт» түгендеп ол тұр. «Телеграмм-боттардан» мүлде хабар жоқ.

Ал 42 мың теңгеге алу үшін жұрт әкімдіктер алдында тұр. Кезекке таласқан халық жәй тұрған жоқ. Итерісіп-қақтығысып тұр. Тіпті, кейбір жерлерде төбелес шыққан. Оның бәрі жаңағы әлеуметтік желілердегі бейнежазбаларда тарап жатыр.

Қауіпті вирус Қазақстанның барлық облысына жетті. Елде ұзын-ырғасы 460 адам індет жұқтырған және бұл көрсеткіш күн сайын, тіпті сағат сайын өзгеріп отыр. 10-нан астамы ауыр хәлде. Реанимация төсегіне таңылған. 3 адам қайтыс болды. 13 мыңнан астам адам жаңағы вирус жұқтырғандармен қарым-қатынаста болған екен. Олар да ортақ қоғамнан оқшауланып жатыр. Ол аз десеңіз, тағы 28 медицина қызметкері коронавирус жұқтырған. Мұның бәрі министр Біртановтың аузындағы ақпар.

Рас, 42 мың теңге бір отбасының бір айлық ас-ауқатына жетер-жетпес ақша. Ал сол үшін мыңдаған адамның өмірін бәйгеге тігу кімге керек? Не үшін керек?

Бүгінде әркімнің жанқалтасында кез келген банктің төлем жасауға, ақша аударуға арналған карталарын табуға болады. Шоты бар, банк картасы қалтасында жүрген адамға жаңадан шот ашқызу - басы артық бюрократизм емес пе?

Біз жоғарыда қара халықтың нөпірге айналуының бірлі-жарым себебін атап көрсеттік. Ол министрлік ұсынған механизмдердің - техникалық жағынан қауқарсыздығы. Дәлірек айтсақ, дайын еместігі. Ол - басы артық бюрократизм. Ол - ас-ауқаты таусылған жұрттың карантин ережелерін ескермегендігі.

Сондықтан, астана жақтағы ақ жағалылар, қала берді жергілікті әкімдіктегілер осы бір кемшілікті бүгін реттеуі керек. Әйтпесе, ертең індет жұқтырғандар саны екі, тіпті үш еселеніп кетуі мүмкін-ақ. Қауіп еткеннен айтамыз...

Abai.kz

28 пікір