Жұма, 19 Сәуір 2024
Ел іші... 4825 4 пікір 3 Сәуір, 2020 сағат 17:55

Әскери жиынға кімдер шақырылады?

2 сәуірде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әскери міндеттілерді арнаулы жиындарға шақыру туралы Жарлыққа қол қойған еді.

Осыған орай, Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев ҚР Қарулы Күштерінің аумақтық әскерлерін жасақтау үшін арнаулы жиындарға кімдердің және қалай шақырылатынын айтыпты.

Әскерге кімдер шақырылады?

Министрдің сөзінше, арнаулы жиындарға әскери есепте тұрған және денсаулығы жарамды деп танылған азаматтар шақырылады.

«Азаматтар арнаулы жиынға тұрғылықты жері бойынша шақырылатындықтан, күнделікті жұмыс ретінде барып, қызмет аяқталғаннан кейін үйлеріне қайтады.

Егде жастағы, отбасылық жағдайы қиын немесе созылмалы ауруы бар азаматтарды шақырудың қажеті жоқ. Себебі бізде адам ресурсы жеткілікті», - деді ол.

Әскерге кімдер шақырылмайды?

Министрдің айтуынша, қолданыстағы Заңға сәйкес арнаулы жиындардан:

- қорғаныс,

- құқық қорғау,

- қауіпсіздікке қатысты мемлекеттік органда жұмыс істейтіндер,

- авиациялық персонал,

- көктемгі егіс жұмыстары кезінде ауыл шаруашылығы саласында еңбек ететіндер,

- педагогикалық кадрлар,

- білім беру ұйымдары мен органдарда іштей оқып жатқан азаматтар,

- әйелдер,

- 18 жасқа дейінгі үш баласы бар азаматтар,

- тергеудегі немесе процессуалдық іске тартылған азаматтар,

- жергілікті атқарушы органдардың депутаттары арнаулы жиынға шақырылмайды.

Министр Нұрлан Ермекбаевтың айтуынша, бірінші кезекте еріктілер қызмет етеді. Әскерге шақырылушылардың мерзімі мен санын жергілікті жердегі әкімдер анықтайды. Ал жиын 10 күннен үш айға дейін созылуы мүмкін.

«Қарулы күштердің өңірлік әскерлері аймақтық қорғанысты сақтауға, сонымен қатар төтенше жағдай тәртібінің сақталуына жауапты. Яғни әскери міндеттілер басқа аймақтарға жіберілмейді. Өңірлік әскерлердің бөлімшелері ішкі істер органдарымен бірлесіп, блок-посттарда міндетін атқарып, патрульге шығып, нысандарды күзетіп, су тасқынына қарсы шараларға атсалысып, дезинфекция жұмыстарын жүргізе алады. Арнаулы жиындардың мерзімі мен әскери міндеттілердің керекті санын жергілікті атқарушы органдардың өздері айқындайды», - деді Қорғаныс министрі.

Ермекбаев жиын кезінде әскери міндеттілер әскери қызметкер мәртебесіне ие болатынын атап өтті. Оларға тамақ, киім-кешек, медициналық көмек сияқты әлеуметтік сипаттағы барлық жеңілдіктер жасалады.

Бұдан өзге, әскери жиын кезеңінде олардың жұмыс орны мен атқаратын қызметі сақталады. Әскери міндеттілер мемлекеттен орташа жалақы, ал бұрын жұмыс істемеген адамдар – 42 500 теңге мөлшерінде ең төменгі жалақы алады.

Әзірлеген Рамина Чакирбаева

Abai.kz

4 пікір