Бейсенбі, 25 Сәуір 2024
Жөн-ақ 4414 11 пікір 3 Сәуір, 2020 сағат 13:19

«Қазақ Елінің Батыры» атағын тағайындау қажет

Екінші дүниежүзілік соғыста жанқиярлық ерлік көрсетіп, қанды майданда қан төккен қазақтың талай ұл-қыздары кеңестік жүйе кезінде ескерусіз қалды. Жыл сайын Жеңіс күнін барша халық болып тойлап келеміз, ал ажал оғының астында фашистік Германияның ордасында Райхстагтың төбесіне жеңіс туын қадаған Рақымжан Қошқарбаевқа да, басқа да талай өрендерімізге кезінде Кеңес Одағының Батыры атағы берілмегені сол кездегі саяси әділетсіздіктің бір ғана мысалы.

Сол кездері Мәскеу бағаламаған батырларымыздың ерлігін жастарымызға үлгі етіп, есімдерін ұлықтау бүгінгі ұрпақтың қасиетті борышы емес пе? Қазір геосаяси жағдай да, рухани құндылықтарға көзқарас та өзгеріп, тарих беттеріне ұлттық сана тұрғысынан қарайтын болдық. Тәуелсіз елдің дербес ұстанымы, өз бет-бедері болуы заңдылық. Бұл күндері келмеске кеткен отаршылдық жүйенің идеологиялық қазанынан шыққан Кеңес Одағының Батыры деген атақ тәуелсіздік жылдары дүниеге келген ұрпақ үшін түсініксіз, әрі саяси-идеологиялық тұрғыдан екіұшты ойға жетелейтін бұлыңғыр ұғым. Майдан даласында халқымыздың ұл-қыздары жаумен Кеңес Одағының туы астында шайқасқанмен олар алдымен туған жері, қазақ халқы, өз ошағы үшін от кешкені де ақиқат.   

Ендеше өз халқымыздың батыр ұлдарының ерлігін өзге емес өз мемлекетіміз лайықты бағалауы керек. Сондықтан бүгінгі тәуелсіздік жағдайында мағынасы жоғалып, құны төмендеген  Кеңес Одағының Батыры атағының орынына ҚАЗАҚ ЕЛІНІҢ БАТЫРЫ тағы тағайындалып, ол марапат кешегі сұрапыл соғыста қазақ елі үшін құрбан болған батырларға, бейбіт күндері, ел қорғауда ерен ерлік танытқан Отан қорғаушыларына берілсе жақсы болар еді.

Марат Ермұқанов 

Abai.kz

11 пікір