Сейсенбі, 23 Сәуір 2024
2628 3 пікір 2 Сәуір, 2020 сағат 13:22

Дүниежүзінде COVID-19 вирусын жұқтырғандар миллионға жуықтады

Әлемде COVID-19 коронавирусын жұқтырғандар бір миллионға жуықтады. Дүниежүзі денсаулық сақтау ұйымының басшысы Тедрос Гебрейесус сәрсенбі күні осылай деп мәлімдеді.

Ұйым басшысы "вирустың әлемге жылдап тарап бара жатқанына" алаңдап отыр. Бір жетіде жұқпалы вирустан қаза тапқандар екі есе артқан дейді Гебрейесус.

1 сәуірде жаңа коронавирусты 912 мыңнан астам адам жұқтырғаны мәлім болды. 45 мың адам осы кеселден қаза тапты. Шамамен 192 мың адам коронавирус дертінен айықты.

Ұлыбритания билігі елде кеселден қаза тапқандар күрт атқанын хабарлады. Мұнда сәрсенбі күні ғана 563 адам жұқпалы дерт құрбаны болды. 4 мың 300-ден астам адамда COVID-19 вирусы бары анықталды. Қазір Британияда 29 мың адам осы кеселге шалдыққан, 2 мың 300-ден астам адам қаза тапқан.

Еуропада коронавирустан әсіресе Италия қатты зардап шекті. Дәрігерлер 110 мыңнан астам адам вирус жұқтырғанын хабарлап отыр. Коронавирус бір тәулікте ғана 4 мың 800 адамнан табылды. Сәрсенбі күні мұнда 727 адам қаза тапты. Эпидемия басталғалы бері Италияда 13 мың 155 адам көз жұмды.

АҚШ-та коронавирустан шамамен 4 жарым мың адам қаза тапты. Олардың жарымы соңғы үш күнде көз жұмған. 200 мыңнан астам адам вирус жұқтырды.

Коронавирус өткен жылы желтоқсан айында Қытайдың Ухань қаласынан тарай бастады. Қытай билігі қазір вирус жұқтырғандар әлдеқайда азайғанын айтып отыр. Пекиннің мәлімдеуінше, мұнда бір тәулікте 36 адамнан ғана вирус табылған, олардың 35-і шетелден келген.

Abai.kz

3 пікір